• Тарих
  • 17 Қараша, 2022

СЕРАЛИННІҢ «АУЫЛЫ»

Тарихқа жүгінсек, тәуелсіз ел мемлекет болу деген ұлы ұғымдарды халықтың жүрегіне, ой-санасына ұялатуда баспасөздің орыны орасан зор болған екен. Бұл орайда қазақ журналистикасының атасы, қазақтың тұңғыш кәсіпқой журналисі Мұхамеджан Сералиннің сіңірген еңбегі орасан зор. Атамыздың ұлт баспасөзінің іргестасын қалап, қалыптастырып, оны дамытудағы ұшан-теңіз қызметінің бір парсын ғана сөз еткелі отырмыз. Ол осыдан тура 100 жыл бұрын шыққан «Ауыл» деген атпен қазіргі «Қостанай таңы» газетінің бастауында тұрған басылымның сарғайған беттері.

Қостанай өңіріне қазақ баспасөзі неліктен керек болды? Тарихқа жүгінсек, Қостанай облысы өткен ғасырдың 1919 жылынан бастап,  шамалы уақыт Қостанай уезі  болған, кейіннен Ресейдің Челябі губерниясы құрамынан шығарылып, Қазақ автономиялы Республикасына кірді. Бірақ бұл үдеріс 1922 жылға дейін жалғасты. Қостанай уезі Қазақ Республикасына тұтастай кірген тұста өңірдегі халықтың басым көпшілігі – қазақтар болатын. Деректерге қарағанда, шамамен 150 -160 мыңдай болған. Сол кездегі биліктің алдында тұрған ең басты міндет – ұлт-азаттық күрестен, ақ пен қызыл алма-кезек билікке келген аласапыран азамат соғысынан, әсіресе, ашаршылық пен қуаңшылықтан күйзелген жұрттың еңсесін көтеру, жаппай ортақ іске ұйымдастырып, жұмылдыру керек болды. Ол үшін аса қажетті шара – қазақша газет шығару. Сондықтан бұл жауапты жұмысқа – газет шығаруға, баспасөз ісінің қыры-сырын жақсы білетін әрі жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігінің қайнаған ортасында жүрген кісі керек болды. Биліктің назары бірден Мұхамеджан Сералинге түсті. Бұл түсінікті еді. Себебі сол кезде Сералин өңірге ғана емес, бүкіл қазақ жұртына танымал жорналшы, көкірек көзі ояу, зиялы әрі іскер де белсенді қоғам қайраткері еді. Жергілікті билік қалың алаш жұртының жүрегіне жол тапқан атақты «Айқап» журналының иесінің беделі мен іскерлігін пайдаланып, көздеген мақсатқа тез жетіп алуға ұмтылған болатын. Бұл бір жағынан Сералиннің өзінің ұлты үшін бастаған, күрескерлік жолға түскен мүддесімен үндесе кетті.

Ал аздаған шегініс жасасақ, өздеріңізге мәлім, Мұхамеджан Сералиннің азаматтық ұстанымы мен мақсаты – өз ұлтын ұйқысынан оятып, қазақ халқын дамытып, өркениет көшіне ілестіру. Бұл үшін асқаралы міндеттер алға қойылды. Оларды жүзеге асырудың тиімді де ұтымды жолының бірі – баспасөздің қызметін мейлінше тиімді пайдалану керегін әлемдік тәжірибе көрсеткен болатын. Сондықтан Сералин мерзімді басылым арқылы қазақ жұртын жарқын келешекке бастау, ұлттың тағдыр-талайы үшін күресуді бастап кеткен еді. Қайраткердің бұл ұмтылысы зая кеткен жоқ. Алдымен 1911 жылы «Айқап» журналы дүниеге келді. Мұхамеджан Сералиннің қоғамдық қызметі міне, осы Троицкіде шыққан демократтық бағыттағы «Айқап» журналымен тығыз байланысты. Ол журналды алғаш жұрттан қарызға ақша алып, пай жинай жүріп шығарды. Біраз уақыттан соң журнал өз қаржысымен шыға бастады, оған жәрдемдесуші жанашырлар табылды. Алғашқыда айына шағын көлеммен бір рет шықса, 1912 жылдан бастап, журнал айына екі реттен, 12-14 бет көлемде шықты, тиражы 1000 дана болған. Жалпы журналдың бес жыл ішінде 89 саны жарық көрген. «Айқаптың» «Өлең-жыр», «Фельетон», «Хабаршыларымыздан», «Ашық хат», «Басқармадан жауап» деген айдарларынан-ақ халық үніне құлақ асқан, ел-жұрттың мұң-мұқтажын қалт жібермеуге талпынғанын анық байқаймыз. Сондай-ақ редакцияның өз сөзіне жауапкершілікпен қарап, ұшқырлықпен қызмет еткені көрінеді. «Айқап» журналында сол заманның маңызды деген мәселелері талқыланды. «Айқап» өз заманының үздік басылымы болды. Оның әр санын жұрт асыға күтті. Оған Қазақстанның барлық облысынан және Астрахань губер­ниясына қосылған Бөкей ордасы, Маңғыстау, Атырау, Оралдан үзбей хат келіп тұрды. Әсіресе Ақтөбеден, Қостанайдан, Семейден және тағы басқа жерлерден келген мақалалар жиі жарияланды. Басылым мұң-мұқтаж, ағарту жұмыстары ғана емес, ұлттың саяси аренада да бой көрсетуіне үн қосты. «Айқап» мемлекеттік Думаларға, Дума сайлауларына байланысты мақалалар жариялады. Қазақтарға да сайлау құқығы берілуін, Думаға қазақтан да депутаттар сайлануын, онда халқымыздың көкейкесті мәселелерінің қаралып, шешімін табуын талап етті. Сол сияқты думадағы қазақ өкілдеріне тапсырмалар жүктеді. Онда патша билігінен қазақ жеріне енді шеттен көшпенділер келтіруді тоқтату, бос жерді қазаққа беру, мал шаруашылығын жаңаша өркендету, Дін туралы, мектеп, медресе ашу хақында сұрау атап көрсетілген еді. Осындай мәселелерді көтере білген Мұхамеджан Сералин қиындықтарға қарамастан, 1915 жылға дейін журналды табандылықпен шығарып тұрды.

Қазақстанның сол кездегі түзіле бастаған зиялыларына «Айқап» қазақша ойлауды, ойлағанын қазақша жазуды үйретті, газет-журнал шығару қазақ оқығандарының да қолынан келетін жұмыс екенін дәлелдеді. Мұхамеджан Сералин «Айқап» арқылы, өз шығармалары арқылы қазақ халқының Абай мен Ыбырай негізін салған сара жолдың одан әрі дамуына өз үлесін қосты. 1915 жылы «Айқап» журналы жабылған соң, Мұхамеджан Сералин Троицкіде біраз уақыт орыс тілінде шығып тұратын «Степь» газетінің редакциясында қызмет істейді. 1916 жылы өз ауылына қоныс аударады.

 1919 жылы Орынбор қаласына барып, алғаш рет кеңес өкіметінің қызметіне кіреді. Сонда губерниялық жер-су бөлімінде істейді. Сонымен бірге Орынбор қазақ өлкесін басқаратын соғыс-төңкеріс комитетінің қазақ тілінде тұңғыш рет шыққан «Ұшқын» газеті редакциясының алқа мүшесі болады. 1920 жылдың соңында елге қайтады. 1920–1921 жылдары М.Сералин Шұбар болыстық атқару комитетінің төрағасы және партия ұйымының хатшысы болған.1922 жылы Қостанай өз алдына губерния болып құрылды. Осы жылы Мұхамеджан Сералин губерниялық қызметке шақырылды, онда әуелі губерниялық жер бөлімінің бастығы әрі губерния атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланады. Міне, осы тұста өзінің бастаған ісімен үндесе кеткендіктен қазақша газет шығару ұсынысын Сералин шынайы ықыласымен қабылдады. Сондықтан ол білек сыбанып, газет шығару ісін мықтап қолға алады. Челябі қаласындағы татар басылымдарын шығарушы баспаханамен байланыс орнатады. Оқыған қазақ жастарын газет ісіне тартты. Сөйтіп, 1922 жылы 25-маусымда «Ауыл» газетінің тұңғыш нөмірі Челябі қаласында басылып шығады. Бірақ қаражат тапшылығы мен баспахананың болмауының салдарынан 2-3 нөмірі шыққаннан кейін шамалы тоқтайды. Өйткені өзіңде болмаса, өзгеге қараған күннің күн емесіне көзі жетеді. Атап айтқанда, Қостанайдың өз баспаханасын құрып, газетті өз елінде шығару міндеті қойылады. ­Троицк қаласының тұрғыны М.Ибрагимов өз естелігінде «Қостанайдан шығатын қазақша газетке бізді Сералин шақыртты. Ол кезде әріптер арапша еді. Алғашқыда оны салатын касса болмады да, сол кісінің айтуымен үлгісін өзіміз сызып беріп, қолдан жасаттық» дейді. Мұхамеджан Сералиннің жанкештілігінің арқасында Орынбор, Қазан, Уфа қалаларынан 20 пұттай әріп және басқа баспасөз жабдықтары әкелініп, баспахана ашып, «Ауыл» газеті Қостанай қаласынан қайтып шыға бастайды. Сол жылдары ауыл тілшісі болған Әулиекөлдік Нұршатай Исабекұлы: «Бірінші нөмірі бұлт арасынан шыққан күндей жарқ етіп, елге тарады. Жұрттың бәрі ынтыға оқыды, үйді-үйіне жаздырып алды» – деп есіне алады.

Сол кездегі газеттің сарғайған беттерін оқып отырсаңыз, Мұхамеджан Сералиннің «Айқапта» бастаған қазақтың ұлт болып қалыптасудағы алғы шарттарды одан әрі дамытып, осы орайда газетті елдің көзі мен құлағына айналдыруға ұмтылғанын сезесіз. Басылымда тұрмыс тауқыметімен қатар, ел ішіндегі көп әйел алу, жас қыздарды шалға беру, әмеңгерлік, дүмше молдалардың сауат­сыз жұртты алдап-арбау, қорғансыздарға зорлық-зомбылық істеген келеңсіз құбылыстар хақында көп жазылған екен. «Ауыл» газеті және оның тілшілер активі осындай көріністерге қарсы күрес ашып белсене кіріседі. Сол сияқты алғашқы санынан-ақ басылым ел мен жер, тіл мен діл, ұлттық құндылықтар хақында түрлі мәселелер көтереді. Байыптасақ, газет халықтың сөзін сөйлеген, ел-жұрттың мұңын жоқтай білген.

Б.Майлин ағамыз былай депті: «Ауылдың» жылдық тойын тойлағанда оның жауапкер басқарушысы болып келген Мұхамеджан Сералыұлы туралы сөз жазып өтуді тиісті деп білемін. Мұқаң қалам қайраткерлерінің ішіндегі көзге көрініктінің бірі, қаламы сұлу, түсінікті. Мұқаң белгілі жазушыларымыздан саналады. Соңғы кезде Мұқаңның денсаулығы нашарлап, іс істей алмай қалған күндері болды. Нақ сондай кездерде де, есіл-дерті «Ауылдың» көркеюі болып, халық тұрмысына керекті мәселелер туралы өз пікірін газетке беріп отырды.

Ресми губернияның органы болуына қарамастан басылымның мұндай ұстанымға ие болуы – қазақ журналистикасының атасы Мұхамеджан Сералин мен қазақ әдебиетінің классигі Бейімбет Майлинге тікелей байланысты еді. Сералин газетті ұйымдастырушы редактор болса, Майлин материалдардың жазылуын талғап-таңдап, түрлендіріп, мән-мазмұнын арттырып отырды. Ол кезде тасқа басылған баспа сөзінің беделі зор, тұрғындар жылқы беріп сатып алған, жаздырған деген естеліктер бар.

Бұл халықтың мәдени-әдеби, қоғамдық-әлеуметтік дүниетанымын жетілдіруге, олардың саяси сауаты мен көзқарасына зор ықпал етті. Қоғамдық санаға қозғау салуда жазу өнерінің айрықша күш екеніне көз жеткізді. «Ауыл» газеті қоғамдық-әлеуметтік ой-пікір орталығына айнала бастаған еді. Міне, осылайша бағыт-бағдарын айқындап, халыққа қызмет көрсетудің газеттік үлгісінің іргетасы қаланды. Сондықтан сол заманның ­өзінде-ақ Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы, һәм тілі» десе, Міржақып Дулатұлы «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор» деді.Осыдан-ақ баспасөздің маңызын түсіне беріңіз. «Қостанай таңының» жүз жылдық жылнамасына және бейімбеттанушы Т.Бейісқұлов, қаламгер Ғ.Мәулетов және басқалардың зерттеулеріне қарағанда елдің бастан кешкен қилы-қилы кезеңдерінде Мұхамеджан Сералиннің басты ұстанымы – халықтың мұңын мұңдау, жоғын жоқтау болған. Ол уақытта жергілікті бай, молда, қажылардың үкімі әлі де ел арасында қалмаған кезі еді. Қалың мал, көп әйел алу, жас қыздарды шалға беру, әмеңгерлік – міне, соның бәріне қарсы «Ауыл» газеті мен оның тілшілер активі үлкен күрес ашты. Бірде газет дабыл қаққаны бойынша, Аманқарағай болысының 10-шы ауылында Қаратүбек дейтін жерде қалың мал алушыларға сот болады. Оған сот, прокурор, қорғаушы қатысып, үш күндей мәжіліс жүргізді. Ақырында, қалың мал алушы мен берушілер айыпталып, тиісті жазасын тартты. Ауылдағы тілшілердің күшімен «Ауыл» газетінде «Жедел қарт» деген бөлім ашылды. Оны журналистерінің бірі – Меңетай Жақсылықов басқарды. Әр тілші ұсынған ­материал «Жекеңнің» атымен шықты. «Мынау тұрған жедел қарт, желіп жерді келеді», – деп басталды. Ол кезде жұрт көлікпен көп жүреді, ауылға бір қарт адам келіп қонса, «Жедел қарт» шығар деп сақтанып, ел ішіндегі шайпау жеңгейлер аузын ашпайтын болды. «Жедел қарт» бүгін Жітіқарада, сол күні Карабалықта. Патшағар, калай тез жүреді? Диуана ма, пері ме? – деп аңыз етті. Шынында да, ескіні  жойып, жаңа өмір орнату үшін «Жекең» көп жұмыс атқарды.

Ол шақта мақала көбіне бүркеніш атпен жазылатын. Тілшінің аты-жөнін, мекен-жайын редакция мен прокурор мекемесі ғана білетін. Бай-молдалар тілшілерге жала жауып, қудаламай да қалған жоқ. Өздерінің құйыршық-атқа мінерлерін арыз иесі қылып, тілшілерге талай рет жала жапты. Заң орындары, прокурорлар ондайда газеттің тілшілерін қорғап отырды. Сондықтан олардың жігері жасып, қаламы мұқалмады!

«Ауыл» газетінің бір жылдық тойы  Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп пен облыстық емхананың бұрынғы үйлерінде болды. Оған губернияның басшы қызметкерлері түгел қатысты. Барлық болыстық атқару комитеттерінің төрағалары жиналды» –деп жазды қарт қаламгер Нұршатай Рақымбаев.

Сұлтанмахмұт Торайғыров Мұхамеджан Сералинді қарапайым, кішіпейіл, адамды алаламай, іші-бауырына тартып сөйлесетін, ешкімді шеттетіп, көңілін қаққысы келмейтін, әрі жайдары кісі деп бағалаған. Атақты жерлес ғалымымыз академик Манаш Қозыбаев туралы: «1957 жылы мен Челябі облыстық мұрағаттарында істедім. Сонда М.Сералин мен А.Байтұрсынұлының Қостанай өлкесінің тарихи-этнографиялық, экономикалық жағынан қазақ жері екендігін дәлелдеген бір хатымен танысып қалдым. Осылай бірте-бірте арыстардың өміріне басқаша қарап, зерттеу керектігіне көзім жете бастады...» деп жазады.

М.Сералин бірнеше қызметті қатар алып жүріп, газет редакциясының құрылымын жетілдіру, осы арқылы басылымның жанрлық түрленуі мен әлеуетін арттыруға уақыт таба білді. Айталық, газеттің ел ішіндегі қоғамдық тілшілермен үзбей байланыс жасап отыру, редакция поштасына келіп түскен хабар-ошарларға жіті қарап, саралап-сұрыптау, түзету-жетілдіру күнделікті дағдыға айналады. Әлгінде айтқан қарапайым шаруаның ой-пікірі, тіпті, басылуға реті келмесе де, олардың хаттарына міндетті түрде жауап жазу – айнымас ережеге айналады.

 «Ауыл» газеті жыл сайын тілшілер съезін шақырып, түрлі түсінік-нұсқаулар беріп отырды. Және қара сөз жазатын тілшілердің жарысы да болды. Кімнің қанша мақала жібергені әр айдың аяғында көрсетіліп тұрды. Арасынан талай тарландар шығып, кейіннен біреулері аудандық, екіншілері округтік газеттерді басқарды.

Соның жарқын куәсі – ауыл тілшілерінің бірінші съезін Қостанайда өткізіп, оған ауыл-ауылдардан жүзден астам адамның қатысқаны. Сондағы ұстаным – өтірікке жол бермеу, көзбен көргенді, көңілге түйгенді,шындықты жазу.. Сонымен қатар өткір, сын мақалар жазу және жазғаныңа жауап бере білу. Көптеген штаттағы тілшілердің бүркеншік аттары болды. Себебі тілшілерді сынағаны үшін қудалаушылар, жала жабушылар,қоқан-лоқы көрсетушілер табылды. Әділдік үшін сотқа да жүгінген кездері болды. – Міне, бүгінгі күнге дейін мән-маңызын жоғалтпаған ереже-дағдылардың бір парасы осындай болатын.

«Мұқаңның денсаулығы нашарлап, іс істей алмай қалған күндері болды. Нақ сондай кездерде де, есіл-дерті «Ауылдың» көркеюі болып, халық тұрмысына керекті мәселелер туралы өз пікірін газетке беріп отырды» дейді көзкөргендер

Сералиннің «Ауылынан» бастап, 100 жылдың ішінде «Қостанай таңының» атауы 8 рет өзгеріпті. Алдымен, «Социалды еңбек», «Сталин жолы», «Большевиктік жол», «Коммунизм жолы», «Коммунизм таңы» атаулардан-ақ басылымның саяси келбеті көз алдына елестері анық. Айталық, қазақтың тағдырын тәлкекке ұшыратып, орны толмас қасірет шектірген – ашаршылық. Әсіресе Қостанай губерниясындағы нәубет халықты қынадай қырылуына әкеп соқты. Мұны Бейімбет Майлин «Ауыл» газет бетінде ашық жазып, көркем шығарманың арқауы етті.. Баспасөздің мұндай дабылына, мақала авторлары – зиялы қауым өкілдеріне коммунистік партияның жандайшаптары: «бұл ұлтшылдардың босқа даурығуы, кеңес үкіметіне қарсы іс-әрекеті, сондықтан ұлтшылдарға қарсы күресті күшейту керек» деп оларға жала жауып, қуғын-сүргінге ұшыратты. Бір ғана «Қостанай таңы» газетінің қызметкерлері арасынан 12 адам ит жеккенге айдалды, дарға асты, атты.

Қазақ баспасөзінің тарихындағы еңбір жарқын беттер, сөз жоқ Тәуелсіздік алған жылдар. Өлгені тіріліп, өшкені жанған қазақ жұртынан алақайлап сүйінші сұрап, ақжолтай хабарды толғана, тебірене жазды. Еліміз осы жылдары ілгері даму жолына түсті. Ұлтымыздың тілі, діні, ділі, салт-дәстүрі дербес қайта жаңғыруды бастады. Осының бәрі де ұлттық баспасөздің бітісе қайнауымен, табанды қатысуымен жүзеге асырылды. Тәуелсіздіктің шырғалаң жылдарында «Қостанай таңы» қысылған талай жанға көмектесті, олқылықтарды сынады, тұрлаусыз тағдырларға араша түсті. Әлеуметтік әділдік туын көтерді, ұлттық мүддені ұран етті. Семсердей өткір сөзімен мүлгіген шенеуіктерді мүйіздеді, енжарларын шырт ұйқысынан түртіп оятты.

Қазіргі таңда талай кезеңдер тарих қойнауына кетті. Басылымның бүгінгі қоғамдағы қызметі өзгерді, жаңғырды. Бүгінгі «Қостанай таңы» тәуелсіз елдің даму жолымен біте қайнасып, ілгерілеп келеді. Газетіміз заманауи сипатқа ие. Оқырманы көп сайтында басылымның барлық дерек-дәйегі, жыл басынан бергі жарық көрген басылымның барлық нөмірінің PDF нұсқасы орналасқан, сағат сайын, жедел ақпараттық материал жарық көретін ақпарат айдыны. Ал әлеуметтік желілердегі газеттің электрондық нұсқасы оқырмандар қызыға оқитын, оқырманмен интерактивтік байланыс жасайтын еркін алаң. Төрткүл дүниенің қай бұрышында болсын қостанайлықтар, газеттің оқырмандары дер кезінде үндесіп, хат-хабар жазысып отырады.Бұл орайда Мұхамеджан Сералиннің ұстанымына адалдық танытып келеді. Міне, 100 жылдан асты, ел мен жердің тағдыры, ұлттың мұң-мұқтажы осы күнгі «Қостанай таңының» өзекті тақырыптары. Олардың түрі өзгергенімен мазмұны үндес.

Жанұзақ АЯЗБЕКОВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

947 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №10

10 Наурыз, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы