• Қоғам
  • 24 Қараша, 2022

ЖАҺАНДЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН СТРАТЕГИЯ

«TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығы» қоғамдық қоры Конрад Аденауэр атындағы қормен бірлесіп, Қазақстан-Қытай өзара іс-қимылының даму тарихына, қазіргі жай-күйі мен перспективаларына арналған зерттеу жүргізген еді. Авторлық ұжым құрамында Фатима Жакыпова, Тимур Шаймергенов, Дәурен Ошақбаев, Фатима Герфанова, Болат Исаев, Дмитрий Ким, Иван Зуенко, Искандер Акылбаев, Рахим Ошақбаев бар. Бұл еңбек «Қытайдың Қазақстандағы экономикалық стратегиясы мен сыртқы саясатын талдау» деп аталады.
Бұл жұмыста «Белдеу және жол» бастамасын талдауды, Қазақстан Республикасының экономикасын дамытудағы қытай инвестицияларының рөлін анықтауды, қытай жұмыс күшінің қазақстандық еңбек нарығына әсерін бағалауды, Қытайдың Қазақстандағы «жұмсақ күшінің» даму трендтерін зерттеуді қамтитын мәселелер кешені көрсетіліпті. Төменде сол материалдардан үзінді беру арқылы қазақстандық сарапшылардың көрші ел туралы зерттеуінің бір бөлігін назарларыңызға ұсынамыз. 

КОРОНАВИРУСТАН КЕЙІНГІ ӘЛЕМ

Қытайдың халықаралық деңгейде жүргізіп отырған саясатына сарапта­малық пікір бір-біріне қарама-қайшы болуы мүмкін. Атап айтқанда, Син­гапур Ұлттық Университеті жанындағы Азия институтының көр­некті ғылыми қызметкері Кишоре Махбубанидің бағалауы бойынша, коронавирус пандемиясы «АҚШ-қа бағытталған жаһанданудан көбіне Қытайға бағытталған жаһандануға көшуге қатысты басталған өзгерістерді жеделдетеді». «Asia Group» консалтингтік компаниясының жетекшісі Курт Кэмпбелл Қытай коронавирустан кейінгі әлемде көшбасшылық орынға ие болуға бел буды деп санайды. Сонымен бірге Кэмпбелл бұл жағдайда Қытай өзіне Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі АҚШ-тың аналогы ретінде, яғни басқа, зардап шеккен елдерге көмек көрсету арқылы әлемде өзінің ықпалын тарата бастаған держава ретінде қарайды деп тұжырымдайды. «COVID-19» пандемиясы жағдайында болып жатқан өзгерістерге қарамастан, Қытай жаһандық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған және Жібек жолы дәстүрлерін жандандыруға негізделген негізгі ұлттық стратегия – «Бір белдеу, бір жол» бастамасын одан әрі дамытуға мүдделі екеніне еш күмән жоқ. Жаһандық бастаманы дамытудың бастапқы нүктесі ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің 2013 жылғы 7 қыркүйекте Астана қаласында Назарбаев университетінде сөйлеген сөзі болды.

Ол «Жарқын болашақ үшін ха­лық­тар достастығын дамыту» деп бастаған баяндамасында, Қытай мен Қазақстанның орта ғасырлардағы өзара қарым-қатынасының тарихи жағдайларына сілтеме жасай отырып, тараптарды күш біріктіруге және «Жібек жолы экономикалық белдеуін» құруға шақырды. Негізгі ұсыныс – ірі ауқымды аймақтық ынтымақтастықтың тірегі болатындай «Жібек жолы» экономикалық дәлізін» құру. ҚХР Төрағасы ұсынған негізгі идеяны іске асыру мынадай бағыттарға негізделген. Біріншіден, саяси байланыстарды нығайту: келіссөздер барысында дайындалған аймақтық ынтымақтастық жоспарлары мен шаралары негізінде өзінің экономикалық дамуының стратегиялық бағыттары шеңберінде аймақ елдерінің өзара іс-қимылы. Екіншіден, Шығыс, Батыс және Оңтүстік Азияны байланыстыратын бірыңғай көлік желісін қалыптастыру. Үшіншіден, сауда-инвестициялық қызметті жеңілдету арқылы сауда байланыстарын нығайту. Төртіншіден, валюталық своп, аймақ елдерінің ұлттық валюталарында есеп айырысуды жүргізу, қаржы жүйелерінің тәуекелдерден қорғалу дәрежесін арттыру, аймақ экономикасының халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыру сияқты валюталық операциялардың нысандарына жәрдемдесу арқылы валюта ағындарын күшейту. Бесіншіден, достық байланыстарды жандандыру, өзара түсіністікті күшейту және дәстүрлі достық қатынастарын нығайту арқылы аймақ халықтарын жақындастыру. Ұлы Жібек жолын жаңғырту негізінде жаңа интеграциялық бірлестікті құру тұжырымдамасы 2013 жылдың қазан айынан дами бастады. Индонезия Парламентіне жолдаған үндеуінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин ХХІ ғасырдағы теңіз Жібек жолы тұжырымдамасын ұсынды. Әрі қарай, Си Цзиньпиннің біріккен екі идеясы жаһандық сипат алып, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы деп атала бастады.

Қазақстан мен Қытай сауда моделінің негізінде екі негізгі фактор жатыр: екі елдің саудасы шикізат тауарларын өндіруші ел (бұл энергия тасығыштарды, уранды, ауыл шаруашылығы өнімдерін сататын Қазақстан) мен өнеркәсіптік тауарларды өндіруші ел (бұл кең тұтынылатын тауарларды, жабдықтарды, техниканы сататын Қытай) арасындағы алмасуға сәйкес келеді. Қытайдан Қазақстанға тауар ағындары негізінен Қазақстанда емес, ЕАЭО елдерінің басқа нарықтарында – ең алдымен Ресейде тұтынуға арналған. Бұл ретте мұндай тауарлардың нақты үлесін қолда бар құралдар негізінде белгілеу мүмкін емес.

 

«ЖҰМСАҚ КҮШ»

Қытайдың оң имиджін қалып­тастыру қажеттіліктеріне жауап ретінде қытайлық саяси дискурста «Жұмсақ күш» тақырыбы пайда болды. Бұл тәсіл америкалық ғалым Джозеф Найдың идеяларына негізделген, ол 1990 жылы «Bound to Lead: The Changing Nature of American Power» кітабында «жұмсақ күш» терминін олардан қалаған нәтижелерге қол жеткізу үшін басқа мемлекеттердің мінез-құлқына әсер ету құралы ретінде ұсынған. Джозеф Найдың пікірінше, «елдің жұмсақ күші үш негізгі қайнар көзге берік негізделеді: оның мәдениеті (басқаларға тартымды болатын жағы), саяси құндылықтары (егер ол өзі осы құндылықтарға сәйкес өмір сүрсе және басқа елдермен қарым-қатынаста оларды басшылыққа алса) және оның сыртқы саясаты (егер басқалар оны заңды және моральдық деп санаса)». Басқа елдерге күш көрсетусіз ықпал ету идеясы ежелгі қытай дәстүрлеріне сәйкес келетіндігін атап өту керек.

Алғаш рет Қытай Ху Цзиньтаоның билікке келуімен әлемдік қауым­дастыққа әсер етудің дәстүрлі емес құралдарының рөлін байыппен қа­растыра бастады. Бұл процестің маңызды құрамдас бөлігі «Қытайдың бейбіт өрлеуі» сыртқы саяси доктринасы (2003 ж.), 2004 жылы пайда болған Бейжің консенсусы идеясы, сондай-ақ ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаоның 2005 жылы айтқан үйлесімді әлем тұжырымдамасы болды. Конфуцийлік әлеуметтік және саяси құндылықтардың, ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың, өнердің және қытай тілінің үйлесуін қытай саясаттанушылары Қытайдың «жұмсақ күшінің» маңызды құрамдас бөлігі ретінде түсінеді. Қытайдың жағдайы мен ықпалына сәйкес келетін «жұмсақ күштің» нығаюы, Қытайдың саяси және ғылыми элитасының есептеулері бойынша, экономикалық, саяси және әскери салаларда қол жеткізген жетістіктерді толықтырады. Қытайлық «жұмсақ күш» түсінігінің ерекшелігі Нанкай университетінің жаһандық проблемалар институтының директоры Пан Чжунингтің жұмысында жан-жақты талданған. Автор Қытай белсенді түрде дамытпақ боп жатқан осы саясаттың бірнеше аспектілерін бөліп көрсетеді:

– өндірістік жүйелер (эконо­ми­калық индустрия және «материалдық емес» тауарларды құру);

– білім және ғылым (білім берудің экспорты мен импорты);

– мәдениет бренд ретінде (метакультураны «таныстыру» мақсат­тарымен қолдану және тіл мен көркем мәдениеттің көмегімен Қытайдың бірегей мәдениетін тарату).

2007 жылдың қазан айында Қытай Компартиясының XVII съезінде «мәдени жұмсақ күш» саясаты елдің сыртқы саясатының жеке бағыты ретінде жарияланды. Ху Цзиньтао съезде сөйлеген сөзінде «қазіргі уақытта мәдениет мемлекеттік қуаттың жиынтығы боп келетін бәсекелестіктің маңызды элементіне айналуда, ал ел ішіндегі мәдениеттің дамуы оның халықаралық ықпалының артуымен қатар жүруі керек» деп атап өтті. 2011 жылдың қазан айында өткен 17-шақырылымдағы ҚКП ОК алтыншы пленумында «мәдени жүйе реформасын тереңдетудің, социалистік мәдениеттің дамуы мен өркендеуіне жәрдемдесудің кейбір маңызды мәселелері туралы ҚКП ОК шешімі» атты құжат қабылданды. Құжатта елдер арасындағы бәсекелестікте «жұмсақ күштің» өсіп келе жатқан маңыздылығын, сондай-ақ «мәде­ниеттің сыртқа шығу стратегиясын жүзеге асыру, қытай мәдениетінің халықаралық ықпалын арттыру, әлемге реформалардың жаңа бейнесін және Қытайдың ашықтығын көрсету» қажеттілігін атап өтті. Ежелден келе жатқан мәдени қарым-қатынас Қазақстан мен Қытайды біріктіретінін атап өткен жөн. Кеңес дәуіріне дейінгі уақытта шекаралардың шартты болуына байланысты екі елдің халықтары экономикалық және мәдени жағынан еш кедергісіз араласып тұрған. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін аяспанасты елімен қарым-қатынастың ресми кезеңі басталды. 1991 жылдан бастап білім беру, мәдени алмасу, туризм, экономикалық ынтымақтастық салаларында бірқатар келісімдерге қол қойылды. 1992 жылы «Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы арасындағы туристік алмасуды одан әрі дамыту жөніндегі келісім», сондай-ақ «ҚР мен ҚХР арасындағы мәдени ынтымақтастық туралы келісім» жасалды. 1993 жылғы 18 қазанда «1993–1994 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Мәдениет министрлігі арасындағы мәдени ынтымақтастық Жоспарына» қол қойылды. 1998 жылдың 5 шілдесінде Бейжіңде «Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі мен ҚХР дене шынықтыру және спорт істері жөніндегі Бас мемлекеттік басқармасы арасында Спорт және дене шынықтыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісім» жасалды. 2001 жылы Қытайда Қазақстан мәдениеті күндері, ал 2002 жылы Қазақстанда Қытай мәдениеті күндері өтті. Бұдан басқа, 2002 жылы Алматы қаласында Қытай ғылыми-техникалық көрмесі, Бейжіңде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің мәдениет министрліктері өкілдерінің кездесуі болды. 2004 жылы Шанхайда Алматы қаласының мәдениеті күндері өтті. Сол жылдың маусым айында Қазақстанның Ұлттық кітапханасы жанынан Қытай Мәдениет үйі ашылды. 2005 жылдың тамызында Алматыда Шанхай мәдениеті күндері ұйымдастырылды. Кинематография саласындағы ынтымақтастық 2013 жылы ҚХР астанасында қазақстандық кино апталығы өткен кезде басталды. Сол жылы қараша айында Қытайда Қазақстан мәдениетінің күндері өтті. Ынтымақтастықтың жалғасы 2018 жылы көпшілік назарына ұсынылған «Композитор» фильмі болды. Си Цзиньпин 2013 жылы Назарбаев Университетіндегі «Белдеу және жол» бастамасының бастау нүктесі есебіндегі өзінің тарихи сөзінде Қытай мен Қазақстан арасындағы дәстүрлі достықтың символы мен көрінісі болған екі елдің танымал композиторлары Сян Синхай мен Бақытжан Байқадамовтың әсерлі тарихын айтып берді. Тарих «Композитор» фильмінің сценарийіне негіз болды, киножобаның орындау-шылары – Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және қытайлық «Shineworks Media» кинокомпаниясы. Фильмдегі басты рөлдерді танымал қытайлық актерлар Ху Цзюнь, Юань Цюань, Цзюй Сюе және қазақстандық актер Берік Айтжанов сомдады.

ҚХР экс-Бас консулы Чжан Вэйдің пікірінше, қазіргі заманғы қытай жазушыларының классикалық шығармалары қазақ тіліне аударылып, Қазақстанда басылып шыққан. Алайда танымал «Меломан» кітап дүкені желісіне шолу жасағанда 10 мыңнан астам ұсынылған кітаптардың ішінен Қытай авторларының ондаған кітаптары ғана бар екенін көрсетті.

Қытай мен Қазақстанның туризм саласындағы ынтымақтастығы кеш басталды, бірақ қарқынды дамып келеді. 2017 жыл Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы болып жарияланды. 2018 жылдың қорытындысы бойынша 10,8 млн қазақстандық туристің 227 мыңы немесе 2%-ы Қытайға барған. ҚХР қазақстандық азаматтар үшін іскерлік, медициналық туризм, шопинг, сондай-ақ Хайнянь аралында демалу объектісі ретінде тартымды. Сөздің орайы келгенде айта кетер болсақ, қытайлық медициналық орталықтар Қытайдың «жұмсақ күшінің» көріністерінің бірі ретінде Қазақстанның барлық облыс орталықтарында табысты жұмыс істейді және кеңінен танымал. Қытай мен Қазақстанның 12 қаласы мен облыстары арасында бауырластық қатынастар орнатылды. Сонымен, Қазақстан астанасының бауырлас қаласы – Бейжің болса, Алматының бауырлас қаласы – ШҰАА астанасы Үрімші деп аталды, Шымкент пен мен Байин қалалары арасында да бауыр­ластық байланыстар орнатылды.

 

ИНСТИТУТТАР МЕН БІЛІМ БАЙЛАНЫСЫ

Конфуций институттары – бұл қытай тарапы мен оның шетелдік серіктестері бірлескен кәсіпорын ретінде шетелдік университет негізінде құрылған коммерциялық емес ұйым. Алайда, Конфуций институттары коммерциялық емес ұйымдармен, мысалы, ше­телдік мәдени орталықтармен ын­тымақтастық құруға мүмкіндік беретін кейбір ерекшеліктері бар. Сонымен қатар орта оқу орындарының базасында Конфуций сыныптарын құруға болады. Конфуций институттары мен сыныптарының қызметін Қытай тарапынан реттеуді қытай тілін халықаралық тарату жөніндегі кеңсе (Ханьбань) жүзеге асырады. Конфуций институттары, ең алдымен, түрлі байқаулар мен іс-шаралар арқылы Қытайдың тілі мен мәдениетін насихаттауға арналған. Олардың негізінде қытай тілі мен мәдениеті курстары ұйымдастырылды, қытай тілінен (HSK) біліктілік тестілері, Қытайға арналған ғылыми конференциялар өткізіледі. Сондай-ақ Конфуций институттары қытай тілі бойынша оқу әдебиеттерін дайындауды және басып шығаруды жүзеге асырады және Қытайда студенттік және оқытушылық тағылымдамалар, ҚХР-да оқыту бойынша консультациялар ұйымдастырады. Қазақстанда Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Қарағанды қалаларында төрт Конфуций институты жұмыс істейді. Нұр-Сұлтан қаласында Конфуций Институты Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында құрылды, ал Алматы қаласында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жанында 1999 жылы ашылған ҚазҰУ-дың қытай тілі орталығы базасында Ланьчжоу университетімен бірлесіп құрылған, Ақтөбе қаласында Конфуций институты 2010 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының базасында, Қара­ғанды қаласында Қарағанды тех­никалық университетінің базасында 2011 жылы құрылды. Конфуций институттарының жүйесі – бұл мәдени әсерді арттырудың және тілді танымал етудің тиімді механизмі. Конфуций институттарының қызметі және Қытай мемлекетінің қытай тілі мен мәдениетін танымал етудегі белсенділігі қазіргі уақытта қытай тілінің 40-тан аса елдің ұлттық білім беру жүйесіне енуіне әкелді. Конфуций институттары елдердің ең ірі және беделді жоғары оқу орындарының негізінде құрылады. Бұл фактор болашақта Қытайға құрметпен және сүйіспеншілікпен қарайтын осы мемлекеттер қоғамдарының элитасын құратын ең дарынды студенттерді тартуға мүмкіндік береді. Тиісінше, бұл Қытайға өзінің «жұмсақ күшін» жүзеге асыру үшін қосымша мүмкін­діктер береді. Сонымен қатар Конфуций институттарының қызметі арқа­сында шетелдік университеттермен жұмыс істейтін Қытай универси­теттерінің интернационалдандырудан айтарлықтай оң әсері байқалады.

Сонымен қатар бірқатар қазақ­стандық сарапшылар Конфуций институттары «жұмсақ күш» тұрғысынан жеткілікті тиімді емес деп санайды. Сонымен, осы зерттеу аясында жүргізілген сараптамалық кездесу барысында саясаттанушы Иван Зуенко келесі ойды айтты: «Қытайдың жұмсақ күшіне келетін болсақ, менің ойымша, біз ол туралы өз көзқарастарымызды біртіндеп өзгертуіміз керек, өйткені біз дәстүрлі жұмсақ күш құралдардың, мысалы, Конфуций Институтының, әрине, білім беру орталықтары сияқты лингвистикалық орталықтар ретінде жұмыс істейтінін байқаймыз. Бірақ олар «жұмсақ күш» тұрғысынан аса тиімді емес. Екінші жағынан, бізде, мысалы, «Huawei», «Meizu», «Xiaomi» және т. б. сияқты қытайлық технологиялық алыптар бар. Бізде қытай стилі бар, мысалы, заттарды сатып алу үшін QR кодтарын пайдалану, бізде «TikTok», «AliBaba» және т.б. бар. Бұл құралдар, мысалы, Конфуцийдің дәстүрлі институттарына және т.б. қарағанда тиімді жұмыс істейді. Әрине, Қытай өзінің «жұмсақ» немесе «ақылды» күшіне ие және оны өзінің сыртқы саясаты үшін біраз пайда табуға пайдаланады». Өз кезегінде, 2015–2017 жылдар аралығында Қы­тайда Шанхай, Бейжің, Далянь және Сиань университеттерінде қазірге дейін табысты жұмыс істеп тұрған төрт «Қазақстан орталығы» ашылған. Орталықтар қазақ тілін, қазақ мәдениеті мен өнерін үйренуге жәрдем көрсетеді, сондай-ақ студенттер мен оқытушыларды Қазақстанның тарихы мен қазіргі өмірі туралы хабардар етеді.

Қытай үшін серіктестерімен білім беру және мәдени байланыс орнату әрқашан өте маңызды. Сонымен, Қытай тарихындағы ең ұлы даналардың бірі Лао Цзы: «Ең жақсы байланыс – ол ешқандай зат ұстап тұра алмайтын, бірақ үзілмейтін байланыс», – деп атап өтті. Білім беру саласындағы «жұмсақ күш» жұмысының негізгі көрсеткіштерінің бірі деп академиялық ұтқырлықты атауға болады. ҚХР мен Қазақстан студенттердің сыртқы академиялық ұтқырлығы бойынша әлемдік көшбасшылар қатарында және соңғы бес жыл бойы осы көрсеткіш бойынша алғашқы «ондыққа» кіреді.

Студенттерді «экспорттаумен» қатар, «жұмсақ күштің» оң нәтижелігі үшін шетелдік студенттерді елдің ішкі жоғары оқу орындарына тарту да маңызды. Мәселен, «Study in China» компаниясының деректеріне сәйкес, 2018 жылы Қытайда 470 мыңнан астам шетелдік студент білім алған. Бұл көрсеткіш 2014 жылғы деңгейден 35%-ға артық. 2018 жылы шетелдік студенттердің 6,5%-ын (14,9 мың) қазақстандықтар құрады. Қазақстан үшін бұл айтарлықтай көрсеткіш. Мысалы, егер 2018 жылы 8 000 ресейліктің 1-і (18,4 мың студент) қытайлық жоғары оқу орындарын таңдаса, ал Қазақстан үшін бұл көрсеткіш 1 200-ден 1-ді құраған.

Қазақстан мен Қытайдың ғы­лыми-зерттеу институттары және жоғары оқу орындары арасындағы ынты­мақтастықтың жарқын мысалы Гумилев атындағы ЕҰУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Назарбаев Университеті, Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, Ақпараттық және есептеу технологиялары институтының Xinjiang Technical Institute of Physica and Chemistry, Hebei University of Technology, China University of Petroleum арасындағы ынтымақтастықтары. Ш.Ш. Уәли­ханов атындағы Тарих және этнология институты мен Шыңжаң Қоғамдық ғылымдар Академиясының Тарих институты (Үрімші қ.) арасында бірлескен ғылыми-зерттеу және білім беру қызметі жүзеге асырылды. Жалпы Қазақстан мен Қытай 20 ғасырдың 90-шы жылдарының басынан бастап, білім беру саласында айтарлықтай тығыз байланыс орнатты, олар бүгінгі күнге дейін кеңейтудің оң серпініне ие болды. Тек «COVID-19» әлемдік пандемиясы аясында қазақстандық студенттердің Қытайға кетуі ата-аналар қоғам­дастығы алаңдаушылығының өсуіне байланысты қысқарғаны сезілуі мүмкін. Сонымен бірге білім беру «жұмсақ күш» әсер ету құралы ретінде өте ұзақ мерзімді және көп еңбек­ті талап ететін құбылыс. Сондай-ақ «алдыға көз жүгірте отырып» Қа­зақстанның 2,5 мыңнан аса азаматы арасында жүргізілген сауалнаманың нәтижелері бойынша, анықталғандай Қытайды білім және мәдениет саласынан қабылдау деңгейінің төмендігін атап өткен жөн. Бұл факт қытай тарапының жұмсақ күшін әлі де тиімді қолданбауда деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді.

537 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы