• Қоғам
  • 24 Қараша, 2022

ҰЯТ! ҮКІМЕТ НАЗАРЫНА!

КӨКШЕТАУДА «НҰХ ( Ғ.С.) КЕМЕСІ, « НҰХ (Ғ.С) САНДЫҒЫ» МЕН «НҰХ (Ғ.С) ТАҒЫ», «НҰХ (Ғ.С) КЕБІСТЕРІ ҚАЛДЫ ДЕП СӘУЕГЕЙЛІК АЙТУ ҚИСЫНСЫЗ ЕМЕС ПЕ? 

Қазақ елінің аңсарлы тәуелсіздігі өткенімізді терең зерделеп, ұмыт бола бастаған тарихымызды саралап және де өз халқымыздың асыл мұраларын кеңінен тануға жол ашқаны анық. Жер-жерде «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сай, киелі де қасиетті орындардың географиялық картасы да жасалды. Бұрын көз алдымызда көлбеп жатқан ескі қорымдар мен балбал тастарға мән бермесек, тарихшыларымыз соларды зерттей келе, енді келіп олардың өзі тұнып тұрған тарих екендігін ұғына бастадық. 

Бәрінен бұрын «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы бойынша қаншама тағылымдық еңбектер жазылып, баспа жүзін көрді. Тарихи дәлелдемесі мен нақтылы дәйектемесімен әсерлі жазылған зерттеу және танымдық еңбектер сөз жоқ рухания­тымызды байыта түскені де анық.

Алайда осыған қарамастан не себепті екендігі белгісіз, кей жағдайда туған өлкеміздің жері мен суының тарихына қатысты ешқандай дәйегі жоқ, бұрын-соңды не халық аузында айтылмаған, не ешқандай халық ауыз әдебиетінің аңыздары мен ертегілерінде кездеспейтін бос қиял әңгімеге құрылған жаңа «аңыздар» жазыла бастағанына да кезігіп жүрміз. Осындай еңбектердің көп жарық көріп отырғандығы соншалықты, кейде осы елдің барлығы тарихшы, барлығы өлкетанушы болып кеткен бе деп те ойланып қаласың.

Жуырда қолымызға Мұсатай Ғалым деген автордың «Көкшетау аңыздары» деген қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрген шағын кітапшасы түсті. Оқыдық! Оқыдық та, осы «Көкшетау аңыздарының» кейбіріне дүдәмал ойда болдық. Кітаптың алғы сөзінде:

«Жаннаты жер мен көктің сұлу Көкшенің» аса құнды, мәнді Бурабай, Жекебатыр туралы екі және сегіз жаңа аңыздар құрастырылып, суреттерімен қатар берілген. Бұл аңыздар айтушылардан, әртүрлі әдебиеттерден, ҚР ҰҒА ҒҚ ҚР, Ресей мұрағаттарынан алынды» деп тайға таңба басқандай етіп жазылғанымен, Мұсатай Ғалымның қай аңыздың нақтылы кімнен жазылып алынғандығын, егер де сол аңыздар Қазақстан мен Ресей архивтерінде бар болса, неге соларды нақтылап көрсетпегеніне таңымыз бар!

Егер де Бурабайға қатысты Мұсатай Ғалымның «Көкшетау аңыздары» кітабындағы әпсана аңыздар мұрағаттарда нақтылы бар болса, ол үлкен олжа емес пе еді деп ойладық! Бірақ өз кітабындағы аңыздар қай архивтің қай қорында, қай тігіндісінде, қай бетінде екендігін нақтылы көрсетуден Мұсатай Ғалым неге жасқанды екен?!

Көкшетаудың Бурабай, Жекебатыр, Оқжетпес, Жұмбақтас, Әулиекөл, Кенесары үңгіріне тағы өзге де тау-тастары мен жер-суларына байланысты аңыздар Мұсатай Ғалымға дейін айтылып та, жазылып та келе жатқандығы бар.

Біз бұл арада осы тау-тастарға қатысты «Көк­шетау аңыздары» кітабындағы айтылған жайларға тоқталмастан, Мұсатай Ғалымның «Нұх пайғамбар туралы аңыздар», «Нұх (ғ.с) кемесі, «Нұх (ғ.с) сандығы» мен «Нұх (ғ.с) тағы», «Нұх (ғ.с)  кебістері» сияқты бұрын-соңды еш жерде және де Кербез Көкшенің жер-су атауларына байланысты ешбір аңыз-ертегілерде айтылмаған да, естілмеген де, жазба деректерінде де кезікпеген осы «аңыздарды» қайдан алғанына қайран қалдық.

Әр қазақ баласы: «Қазығұрттың басында кеме қалған. Ол әулие болмаса неге қалған?!» деген жырдың осы бір қос шумағын жатқа білері анық. Біз әуелден Нұх Пайғамбардың кемесі еліміздің оңтүстік өңіріндегі Қазығұрт тауының биігінде қалған деп соған иланып келдік!

Бір айтарлығы сол, оңтүстік өңірдің азаматтары осы Қазығұрт тауының басына тамаша етіп, Нұх пайғамбардың (ғ.с) кеме ескерткішін де орнатып қойғандықтарын көзбен көрдік.

Ал енді келіп Мұсатай Ғалым өз кітабының 28-ші бетін «Нұх (ғ.с) кемесі» «аңызын» қасиетті кітап «Құран Кәрімнің» 14-аятымен бастайды да, соңында келіп, «Суға батып бара жатқан ұлын, адамдарды құтқарамын ба деген үмітпен Нұх (ғ.с) көпшіктегі кемені суға түсіргенде, Құдайдың құдіретімен тасқа айналдырған. Ол «Нұх (ғ.с) кемесі «Кеметас» деп аталады. «Нұх (ғ.с) кемесін» көргенде: «үлкен қауіп-қатерден аман қалдыра көр», – деп тілесе, қабыл болады, дейді аңыз айтушылар», – деп Нұх Пайғамбар кемесі жайлы ешбір ақылға сыймайтын жаңа бір «аңыз» тудырмақшы болады.

Ол, тіпті Нұх Пайғамбардың кемесі Бурабай тауларында қалды деп нақтылы айтпайды да, сөйтіп, өзі айтып, өзі жазып отырған осы өз аңызына өзінің де сенбейтіндігін аңғартып алады.

Мұсатай Ғалымның осы кітаптағы «Нұх (ғ.с) сандығы», «Нұх (ғ.с) тағы», «Нұх (ғ.с) кебістері» сияқты аңыздар да ешбір қисынға келмей­тіндігін және жүз оқып, не айтқысы келіп отырғанын түсінудің өзі қиынға соғады. Әр аңызда Нұх Пайғамбардың кім екендігін қайта­лаушылық Мұсатай Ғалымның өз ойынан шығарған Бурабайдың аңыздарын күмәнді жайға ұрындырады.

Ежелден Бурабай тарихы мен аңыздары қазақтың ұлы хандары Абылай мен Кенесары, солардың ұрпақтары төңірегінде айтылатын еді ғой. Енді келіп Бурабай аңыздарын Нұх Пайғамбарымызбен байланыстырудың, Бурабай тауларының әр тасына сол Нұх пайғамбардың «сандығы», «тағы», «кебістерін» телудің өзі ақылға сыймайтын «жаңалық».

Мұсатай Ғалымның «Нұх (ғ.с) Кебістері» дегеніне қарағанда Нұх пайғамбардың (ғ.с) бірнеше кебісі қалған ба деген ой да жылт етеді. Сонымен бірге жаңа аңыз туғызғыш Мұсатай Ғалым келер жолы Бурабайдың тағы бір тасын кемеге мінуден бас тартып, тауға барып паналамақшы болған Нұх пайғамбардың қаза болған бір баласы деп жүрмесіне кім кепіл?!

2010 жылы 29 сәуірдегі «Рейтинг» газетінде жарияланған Жандос Қалдыбектің «Нұх пай­ғамбардың кемесі жайлы түрлі аңыз әңгімелер, болжамдар бар» атты шағын ғана мақаласы басылды. Осы мақалада Қытай ғалымдарының 4 мың метр биіктіктегі Арарат тауының шыңынан кемеге ұқсайтын қалдықтарды тауып, оның осыдан 4 800 жыл бұрын жасалғанын анықтағандығы айтылады. 2006 жылы  Америка  ғалымдары да  Нұх пайғамбардың кемесін Иранның солтүстік-батысындағы Эльбрус тауынан таптық деген мәлімдеме жариялаған.  Бірақ адамзаттың бесігін іздеушілердің көпшілігі Нұх пайғамбардың кемесі Арарат тауында деген пікірді қостайтын көрінеді. Тіпті  «Арарат аномалиясы» дейтін ұғым да қалыптасқан екен. Ал қазығұрттық қазақ жазушысы Қалаубек Тұрсынқұлов «Қазығұрт» кітабында «Аңыздарға қарағанда Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауында қалған» деп жазады.

Бурабай – бір ғана қазақ баласының ғана емес, көрген жұртты тамсандырып, таңырқандыратын жалпы Адамзат үшін жаратылған табиғат мүйісі. Еліміз өз Тәуелсіздігін алған кезеңнен бастап, Бурабай курортты аймағын дамытудың және Бурабайға шынайы қамқорлық жасалудың нәтижесінде, қазір бұл аймақ Қазақстанның алыс және шағын шет елдерден туристері мен қонақтары ең көп келетін аймаққа айналды.

Ал енді сол Бурабайға қысы-жазы толассыз ағылып келіп жатқандарға Мұсатай Ғалымның «Көкшетау аңыздары» кітабындағы ойдан құрастырылған және негізсіз «аңыздарын» туристер түгілі, тіпті кез келген жан баласының құлағына естіртуге болмайды. Ұят! Әсіресе, бүгінгі күні өз туған өлкелерінің тарихын зерттеп, ізденіп жүрген жастарымыз үшін Мұсатай Ғалымның «Көкшетау аңыздары» кітабы және осындағы Нұх Пайғамбардың (ғ.с) «кемесі» мен «кебісі», «тағы» мен «сандық тасы» жайлы аңызсымақтар сол жас ұрпақтың қолына да, назарларына да түспесе екен деп ойлайсың.

Біз ендігі арада Бурабай бір ғана Ақмола мен Көкшетау өңірлерінің қасиетті де киелі жері деп қарамай, Бурабай тұтас қазақ еліне Жаратқанның берген ғажайып та, қайталанбас сыйы деп қарауымыз керек. Олай болса ендігі арада Президент Іс басқармасына қарасты «Бурабай» ұлттық табиғи паркінің құрамындағы Бурабай аймағының аңыздарын жазуды жолбике «тарихшылар» мен «өлкетанушыларға» жаздыртып қойып, қарап отыруға болмастығын алға тартамыз.

Бұл орайда Үкімет тарапынан Қазақстанның киелі де қасиетті жерлерінің ертегілері мен аңыздарын қайтадан сараптамадан өткізетін, жаңадан табылып жатқан деректерді тереңдете зерттеп, жүйелеу және соларды кітап етіп шығару жұмыстары бір қолда болғанын жөн деп ойлаймыз.

Біздегі тарих және этнография институттарының зерттеуші тарихшылары мен белгілі қаламгерлерден республикалық сараптама кеңесі құрылып, қазақ жерінің қасиетті де киелі жерлерінің ертегілері мен аңыздарын кітап етіп шығаруды тек солардың пікірлері мен ұсыныстары негізінде жүргізу қажет. Бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасын желеу етіп, кім-көрінгеннің өздерінше «аңыз» ойлап шығара берулеріне тосқауыл болар еді.

Жабал  ЕРҒАЛИЕВ,

жазушы, Қазақстанның еңбек

сіңірген қайраткері

КӨКШЕТАУ

 

810 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы