• Қоғам
  • 01 Желтоқсан, 2022

ҚАЗПОШТА, «АНА ТІЛІ» ГАЗЕТІМ ҚАЙДА?

Мен Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Беріктас елді мекенінің тұрғынымын. Университетті филология мамандығы бойынша тәмамдаған орта мектептің қазақ тіл-әдебиеті пәнінің оқытушысымын. Кәсіптік бейімділігіме қарай әдебиеттің әр жанрында, этнография, мәдениеттану, өлкетану тақырыптары аясында анша-мұнша еңбектенген жайым бар. Әдеби ортада қара басымды ақын, жазушы, зерттеуші деп атап жатады, алайда  мен өзімді сауатты оқырман деп шанақтаймын. Өйткені мен өзімді мына өмірде кітапсыз, газет-журналсыз мүлде елестете алмаймын. 

Қазақ елінің газет-журналдарын  алғаш 1987 жылы университет қабырғасында жүргенде көрдік. Үрімжі қаласындағы мектеп кітапханасынан «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас», «Жұлдыз», «Қазақстан әйелдері», «Білім және еңбек» т.б газет-журналдарды ұрлап оқыдық. Ол елде шетел газет-журналдары ғалым, партияға адал, үкіметке сенімді адамдардың ғана оқуына рұқсат, оқушылардың оқуына мүлде тыйым салынған. Қытайда «Халық» газеті, «Шұғыла» газеті, «Қытай жас-тары» газеті, «Жұмысшылар уақыты» газеті, «Қытай ағарту» газеті деген республикалық  газеттерді көріп, қазақ тілінде республикалық бір газеттің болмауы жігерімізді жаншып, рухымызды ұматушы еді. 2006 жылы атажұртқа оралған соң, ана тіліміздегі республика мәртебесіндегі «Егемен Қазақстан», «Жас алаш», «Ана тілі», «Қазақ», «Қазақстан заман», «Жетісу», «Қазақ әдебиеті», «Атамекен» газеттерін, «Жұлдыз», «Жалын», «Өркениет», «Қазақстан әйелдері», «Шыңғысхан», «Ақиқат», «Парасат», «Аңыз адам», «Игілік», «Жамбыл» журналдарына жазылып, құдайға шүкір, еліміздің саяси-қоғамдық атмосферасынан, рухани өсуінен, ұлттық құндылығынан, заманға сай азаматтық-адамдық бітісінен, ұлттық идеологиясының қалыптасуынан үлгі-өнеге, рухани нәр, өмірге азық, ой-арманымызға алтын қазық тауып жатқанымызды жалпақ жұрттан жасыра алмаймыз.

Алайда бір өкініш, бармақ тістетер жағдайдың жағамызға жармас­­­­­­­қа­нынан қашан да құтылған емеспіз. Жат жұрт, өгей өлкеде жүргенде осы газет-журналды қатаң бақылау астында ұрлап-жырлап, мың бір механатпен көруші едік. Ал тәуелсіз қазақ елінде, қазпоштаның ақшаңды алғанша әңгімесі әдемі. Үгітін айтып, зейнетақыңнан тартып майдан қылшық суырғандай тындырады. Сонымен, әңгіме сол табан ет, маңдай термен тапқан, біріне тартсаң біріне жетпей жатқан болмашы зейнетақыдан жырымдап тартқан ақшамен жазылған газет-журналыңыздың толық қолға тиюі әңгіме. Түрікпеннің түбіндегі дүние. Жазылған газет-журналыңыз қолыңызға тимейді. Газетіңіз апталап, айлап, тіпті, кейде неше айлап ізім-ғайым жоқ болып кетеді. Журналды ай сайын, уақытылы алып оқу мүлде мүмкін емес.

Газет-журналыңыз қолыңызға тимеген соң жоқтайсыз. Ауыл поштасынан сұрастырасыз. Ауылға ауданнан, ауданға облыстан келмеген болып шығады. «Адам алмасып кеткен. Газет-журналға жазған адам осылай тізім өткізген. Барлық газет-журнал жылда кем келеді» – деп жауап береді. Қайда барсаң да берілетін жауап міне осындай жалтару, шығарып салу, өз басын амандау сипатындағы жауап аласың.

Сонымен осылай амалы құрыған бұқаралық ақпарттан мақұрым қалған оқырманның ендігі шығар жолы – газет-журналға жазылмау. Экономикалық жақтан бір зиян шегіп, өз ақшаңа жазылған газет-журналыңды өзің оқи алмай қорланып, қолыңа толық тимей оған сұрау салып елге жаман атты болып, рухани азап тартқанша, аш құлақ та тыш құлақ, газет-журналға жазылуды еріксіз тоқтатады екенсіз.

Деседе, мынау үстіміздегі ғасыр ақпарат жеткізу ерекше дамыған, ақпарат ғасыры деп аталатын заманда радио, телевидение, интернет сынды ақпарат көздері қанша дамығанымен кітап, газет-журналдың орнын олар баса алмайды. Кітап, газет-журналды архив ретінде сақтайсың; қажетті жерлерін сызып, белгі қойып қоясың; арнаулы санын, қиындыларын жинақтап аласың; кез-келген уақытта оқуыңа болады; ең маңыздысы көзіңді қорғайсың. Қазір орта мектеп бітірген жастардың көздері көрмейді. Барлығы көзілдірікпен оқиды. Жер таянған жасқа келген біз газетті көзілдіріксіз оқимыз. Мен ауыл кітапханасының үздік оқырманымын әрі өз ортамда кітап, газет-журнал оқудың жаршысымын.

2022 жылы да «Егемен Қазақстан», «Жас алаш», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Жетісу», «Атамекен» газеттеріне жазылған едім. Жыл басынан бері бұл газеттерімнен ай сайын бір-екі номерлерінің ізім-ғайым жоқ болып кеткенін есепке алмаған едім, өйткені, мұндай жағдайға етіміз үйреніп кеткен. Алайда «Қазақ әдебиеті» газетінің 24-маусым 25-номерінен 21-қазан 41-номері аралығындағы 12 саны, «Ана тілі» газетінің 30-маусым 26-номерінен 27-қазан 43-номеріне дейін 13 саны жоқ. Алматының іргесінде 92 шақырым жерде отырған маған газет-журналды қазпоштаның жеткізіп беруі мынау болғанда, қаладан алыс аудан, ауылдардың жағдайы мұнан сорақы шығар. Жоқ газеттерімізді сұрасақ, пош­ташы: «Аға, аудандық қазпоштаның газет-журнал таратушысы іссапарға кетіпті», – дейді баяғы гөй-гөйге басып.

Енді не дейін!?

Әбділ ТӘУЕКЕЛҰЛЫ

Алматы облысы,

Жамбыл ауданы,

Беріктас ауылы

1081 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы