• Cұхбаттар
  • 26 Қаңтар, 2023

БҰЛ ОСЫЛАЙ БОЛҒАН

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанболат Аупбаев «Ана тілі» газетінің 
бас редакторы Қали Сәрсенбайдың сұрақтарына жауап береді.

«КӨКТЕМ НӨМІРІ»

– Жанболат аға! Бүгінгі әңгіме-сұх­ба­тымыздың мазмұнын бір ғана тақы­рып­қа құрсақ деген ой бар. Ол 1970-1990, содан соң 2000 –2020 жылдардағы қазақ газет-журналдарына қатысты көп­шілікке белгісіз кейбір жәйттерді айтуға деген талпыныс. Ұмтылыс.

– «Жарайды», – делік. Бірақ мұның түпкі мән-мақсаты қандай? Ол неден туындап отыр өзі?

– Бұны қозғаудағы себебіміз, жоға­рыда көрсетілген кезеңдердегі ұлт баспасөзінің өмірінде болған қайта­лан­бас қадам, батыл бастамалардан аздап хабары бар кейбір әріптестеріміздің «әттеген-ай» дерлік сөздері. Айтатындары: «Ол біздің идеямыз еді. Оны мына өзіміз жасағанбыз», – деген аңғырт, ұшқары пікірлер.

– Атап айтқанда...

– Оның алғашқысы мәселен, «Ле­ниншіл жас» газетіндегі аңызға айналған «көктем нөмірі». Біздің білуімізше, бұл Кеңес өкіметінің 1926 жылдан бастап тойлауға тыйым салған Наурыз мейрамын жастар басылымының жоғарыдағы саны арқылы елге астарлы түрде насихаттаған жанама тәсіл ғой. Кейінгі кезде сол уақыттағы аға ұрпақ өкілдері «тапқырлық формуласы» деп атап кеткен осы нөмірді «иемденушілер» ара-тұра бой көрсетіп қалады. Бұл туралы не айтасыз?

– Ол нөмір туралы менің білетінім мынау. 1971 жыл. Ақпан айы. КазҰУ-дің «Виноградов 88» деген атқа ие атақты жатақханасы. Соның 52-бөлмесінде алты студент тұрамыз. Бұлар: 5-курстағы Шөмішбай Сариев, Жақау Дәуренбеков, Жоламан Бошалақов, Қуаныш Кенжеғалиев пен Сұлтанәлі Балғабаев және 2-курс студенті мен. Оқу жылының аяқталуына үш ай қалғанда, университетті сол жылы бітіретін жоғарыдағы ағаларымыздың өмірінде қуанышты сәттер басталды дейсіз. Бұл олардың осындағы студенттік кездерінен бастап, өздері жиі-жиі барып, қатысып жүрген газет-журналдардан жұмысқа орналасуға шақыру алулары еді. Мұндай бақыт алдымен Шөмішбай ағамызға бұйырып, «Қазақстан» баспасының қызметкері атанды. Содан соң Сұлтанәлі мен Жақау ағаларымыз да бірі «Білім және еңбек» журналына, екіншісі «Лениншіл жас» газетіне орналасып, бөлмедегі бәріміз мәре-сәре болдық та қалдық.

Байқаймыз, осылардың ішіндегі Жақау ағаның жұмысы тіптен ауыр сияқты. Олай дейтініміз, бұл кісі өте ерте тұрып, тез киінеді де жатақхананың Никольск базары жанындағы трамвай аялдамасына тартады. Содан күні бойы өзі жаңа ғана қызметке орналасқан «Лениншіл жастың» қым-қуыт тірлігімен жүріп, бөлмеге қас қарайғанда бір-ақ оралады. Бізбен аз-кем әңгімелескеннен кейін термос-тан құйып алған қара шайды ұрттап қойып, редакциядан өзімен еріп келген жұмысқа ден қояды. Ол – оқырман хаттарына жауап жазу, автор мақалаларын қорыту, газет макетін жасау.

Содан бір күні... Бұл ақпан айының аяғы не наурыздың басы ғой деймін. Анау-мынауға көп абыржи қоймайтын Жақау аға сол айларда қатты мазасызданып жүрді. Жұмыстан келе салысымен жоспар құруға отыру... Макеттің әлденеше нұсқасын сызу... Оған қажет хабар, мақала, өлеңдердің көлемін анықтау... Кейін белгілі болғанындай бұл «Лениншіл жастың» «көктем нөмірі» деп аталатын арнаулы шығарылымына дайындық екен. Бастама иесі – редактор Сейдахмет Бердіқұлов. Ал оны жүзеге асыруға жауап­тылар: Серік Әбдірайымов. Кәдірбек Сегізбаев, Жанат Елшібеков және Жақау Дәуренбеков. Идея мынадай. 22 наурыз күні күнделікті нөмірден өзгеше жарияланым жарық көруі керек. Ондағы материалдар еркін, жылы, табиғи болуы тиіс. Басылымның төрт бетін түгел қамтитын үлкенді-кішілі олардың бәрінің өзегіне көктем тақырыбы темірқазық болып тартылып, оларға аталмыш жыл мезгілін білдіретін күн шуағы, бүр жарған бұта, қауызын ашқан гүл, табиғаттың сол айларына қатысты халық мақал-мәтелдері өз көрінісін табуы қажет. Мақсат – осы арқылы бұрын болған, бірақ кеңестік кезеңде ұмыт қалған көктем мерекесі – Наурызды жұртшылыққа астарлы түрде жеткізіп, оны ел есіне салу.

Жарты ай бұрын айтылған тапсырманың түйіні шешілді-ау деймін, бір күні кешке жақын Жақау аға бөлмеге өте көңілді оралды. Келе сала қасына 2-курс студенті мені отырғызып алып көмектесуімді, онда не істейтінімді қысқаша түсіндіре бастады. Сондағы бірінші міндетім ағамызға қарындаш ұштап беріп отыруым керек екен. Ол кезде фломастер жоқ. Макет түрлі-түсті бояумен сызылады. Ал бұл қарындаштың жұты. Одан кейінгі айтқаны редакциядан өзі әкелген үлкен папка ішінен сұраған материалдарын тез тауып беруді қамтамасыз етуім қажет. Солардың бәрін реттеп болған ағамыз іле-шала көптен күткен ісін бастап кеп кеткені!

Қарап отырмын, алдымен бас­паханадағы стандартпен басылған макет парағы шетіне «1» деген белгі қойылды. Содан соң оның төбесіне бүкіл төрт бетті ұстап тұратын әрі нөмірдің негізгі мән-мағынасын ашып көрсететін «Армысың, армандай ару көктем!» атты сөйлем айшықтала жазылды. Ал тура жүрек тұсқа қауызын енді ашқан суреті бар «Бәйшешек» фотоэтюді орын теуіп, оның қатарына Мұқаң, Мұқағали Мақатаевтың «Ей, менің шуақ көктемім!» деген ақ жаңбырдай адуын жыры жайғасқаны да қандай жарасымды еді десеңізші! Бұдан кейінгі екінші-үшінші беттерге кезек келгенде, оған редакция қызметкерлері Сейітқазы Досымовтың «Егіздің сыңары» суреттемесі, Мағира Қожахметованың «Аққуым аспанда емес...» эссесі, Серік Әбдірайымовтың «Гүл теріп қайтар ем...» лирикалық очеркі, ақын Тұманбай Молдағалиевтің «Қайыңдар, аппақ қайыңдар!» өлеңіне шығарылған ән нотасы шағын штрихтармен әдемілеп тұрып сызылғаны әлі күнге есімде. Бұлардағы бірден көзге түсіп тұрған ерекшелік – ол сол материалдардың бәрінің бұрышында «Көктем – жыр», «Көктем – сыр», «Көктем – нұр», «Көктем – ән», «Көктем – сән», «Көктем – тірлік», «Көктем – бірлік» деген айдарлар еді. Мұның өзі нөмірдің тұтастығын сақтауға септесетін тәсіл-тін. Осы­лардың нүктесін төртінші беттегі «Нау­рыз» тақырыбымен берілген сөз-толғау түйіндегендей. Онда бұл көктем мейрамының ұлттық салт-дәстүрден тұратын халықтық мереке екені ашық жазылған. Сөйтіп: «Бұл – ұлы күн. Бұл – біздің жаңа жыл!» – деп анық айтылған. Міне, жаңалық. Ұмытылып кеткен ұлттық мерекені ұлықтау үшін бұдан артық қандай үгіт-насихат керек енді халыққа?» Мақаланың астында О.Дәулетов деген фамилия тұр. Кейін белгілі болғандай ол Орекең, Оралхан Бөкеевтің бүркеншік аты екен.

Осы арнаулы нөмір арада бір жеті өткенде жарық көріп, оқырмандарды айран-асыр қалдырды дейсіз. Көзге бірден түсер ерекшелік – 25 наурыздағы газеттің төрт бетінің төртеуі де жасыл бояумен шыққандығы. Иә, көктем десе «көктем нөмірі». Осы жыл мезгіліне тән жасыл жапырақтың түсі мен желкілдей өскен көк шөптің иісі байқалатын одан көнекөздер бір кездегі Наурыз мейрамының жаңғырығын сезді. Ал Кеңес өкіметі кезінде өмірге келген жас ұрпақ еліміздің тарихында сондай ұлық мерекенің болғанын білді. Сөз арасында газеттің осы игі идеясының өміршеңдігін де айта кеткеніміз жөн. Олай дейтініміз 1971 жылдың 25 наурызынан басталған сол жоба басылымның баспахана режіміне сай бекітілген кесте тәртібіне байланысты бірде 21, келесіде 22, одан кейін 23 наурызда үзбей шығып отырып, 19 жылдан соң егемендіктің елең-алаңындағы ақжарылқап күнге жетті. Содан соң... Иә, содан соң айтатын нәрсе бұл атақты нөмірді «Лениншіл жастың» бүкіл шығармашылық ұжымы болып бірігіп жасаған болатын. Ал енді... «Ол біздің идеямыз еді. Оны жасаған мына өзіміз», – деген жандарға келсек, ондайларға сөз шығындаудың қажеті жоқ. Бір ғана дәлелді көрсету керек. Болды. Ол – «Лениншіл жас» газетінің 1971 жылғы 25 наурызда жарық көрген «көктем нөмірі».

 

«АСТАНА. АҚОРДА.

№1508»

– Жоғарыдағыдай «адрессіз» әңгі­мелер бұрынғы Презиент резиденциясы делініп келген қазіргі Ақорда атауы төңірегінде де көп. Бұл жөнінде не айтасыз?

– Егер әңгіме тек Ақорда сөзі жөнінде болса, ол дұрыс. Жұрттың оған пікір таластырып, өз ойларын ашып айтуларына хақысы бар. Өйткені ел Алматыдағы Президент әкімшілігі орналасқан бұрынғы Орталық Комитет үйін тәуелсіздіктен кейінгі 1992–1993 жылдары-ақ резиденция демей, басқаша атауға ұсыныс жасай бастаған. Сондай жандардың бірі әріптесіміз Марат Тоқашбаев еді. Оның нақты бір көрінісін сол уақыттағы Мәкең бар, бәріміз жұмыс істейтін парламенттік «Халық кеңесі» газетінен көруге болатын. Онда ол кісі жүргізетін «ААА» аббревиатурасына ие ақпараттық топтамалар бағаны бар еді. Сол айдар астына «Ақорда – ауыл – арасы» деген анықтама жазылған оған жедел, шұғыл хабарлар ағыны беріліп жататын. Бұл жаңалық атаулы Алматыдағы Президент резиденциясынан бастап, аймақ, аудан, ауылға дейінгі жердің бәрін қамтып берілуде деген ұғым болатын.

Ал енді Ақорда сөзінің ресми түрде реңк алып, оның резиденция ұғымын алмастырған саяси тұрғыдағы шешіміне келсек, бұл мүлде басқа әңгіме. Оның хабаршысы әрі жаршысы – «Егемен Қазақстан» газеті. Содан соң... Иә, содан соң ұлт рухын көтерер ұстанымды қолға алып, дәлелдеп, жүзеге асырған сол аға басылым басшысы Сауытбек Абдрахманов. «Қалай?» – дейсіздер ғой. Айтайық.

2004 жылдың 14 желтоқсаны еді. Президенттің Баспасөз қызметіндегі жігіттерден хабар алдық. Олар елордадағы өздері отырған Орталық алаңдағы ғимараттан Есілдің сол жағасында салынып біткен үлкен резиденцияға көше бастапты. Жиылып-терілу 10 күнге созылады екен. Ал жаңа қоныстың салтанатты түрдегі ресми ашылуы 24 желтоқсанға белгіленіпті. Мұны естіген біз сол көші-қонға жауапты лауазым иелерінің бірінен сұхбат алу керек деген ұйғарымға келдік. Сөйттік те бұл ойымыздан хабардар ету үшін басылым басшысы Сәкеңе кірдік. Ол кісі жоспарымызды құптап, интервьюге Президент Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбековті лайық көріп отырғанын айтты. Содан кейін сұхбатқа редакциядан кім баратынын сұрады. «Қуат Бораш», – деп жауап бердік біз бұл сауалға.

Содан тура үш күн өткенде интервью де дайын болған. Оны қайта-қайта оқып, өңдеп-жөндеп біткен соң Сәкеңе апарып бермейміз бе?! Бір күн... Екі күн өтті. Хабар жоқ. Мазасызданып, тықырши бастадық. Өйткені, жоғарыдағы жаңалықты өзге газеттер бізден бұрын беріп қоюы мүмкін ғой. Өстіп дегбірсізденіп жүргенімізде, Сәкең өзіне шақырды-ау әйтеуір. «Сұхбатта мін жоқ. Жақсы жазылған, – деп бастады ол кісі әңгімесін. Мұндағы мені ойландырып отырған басқа мәселе. Сәт салып қараңыздаршы... Жаңа Астана. Жаңа Президент әкімшілігі үйінің ғимараты. Ондағы жаңа адамдар, жаңадан басталған жоба. Жұмыстар. Осыны пайдаланып: «Жаңалық болсын, Алматыда да, Астанада да артымыздан қалмай келе жатқан «резиденция» сөзін ел көптен бері сөз ғып жүрген «Ақорда» атауымен алмастырсақ деп едім. Осыны Махмұтқа айтқаныма үш күн болды. Басында ол бұған келіспеді. Сонда оған мен: «Қай елдің де Мемлекет басшысы қол қойған жарлық, өкім, қаулылардың астында «резиденция» сөзі жоқ. АҚШ-та мәселен «Вашингтон. Ақ үй», Ресей Федерациясында «Мәскеу. Кремль», Францияда «Париж. Елисей сарайы» деп жазылады. Ал бізге неге «Астана. Ақорда» демеске?!» – деген уәж айттым. Осыдан соң ол Президент Аппаратының басшысы және Мемлекеттік хатшымен сөйлесе келе бүгін: «Көрейік, – дегенге келді. Демек, үміт бар. Осы ұстанымнан таймайық. Егер ол жақтан біздің идеямызға жұмыс істейтіндей бір хабар, жаңалық болып жатса, маған айтып отырыңыздар. Бұған байланыс­ты барлық әлеуеттік ресурсты аянбай іске қосуымыз керек», – деді.

Осы кезде бұл әңгіменің бәрін үндемей тыңдап отырған Ерекең, Ержұман Смайыл 24 желтоқсандағы резиденцияның ашылу салтанатында зиялы қауым атынан үш адам сөйлейді екен деген хабарды естігенін айтып қалды. Сұрастыра келгенде олар Мырзатай Жолдасбеков, Әбіш Кекілбаев және Ақселеу Сейдімбеков ағаларымыз болып шығыпты. «Жақсы, – деді бұған қуанған Сәкең. – Ол кісілерге де ойластырған мәселені ашып айтамын. Түсіндіріп, сөйлеген кезде резиденция демей, Ақорда деп айтуларын өтінемін. Бұл да болса бізге сеп».

...Сонымен 24 желтоқсан да келді. Президент Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбековтің тілшіміз Қуат Борашпен арадағы сұхбаты газетке міне, сол күні шықты. Салтанатты жиналыстың ашылуына орайластырылып берілген оның шекесіндегі «Арқадағы Ақорда – Алаштың айбыны» атты тақырып көп жәйтті аңғартқандай еді. Және интервью мәтінінде резиденция сөзі қолданылмай, ол Ақорда атауымен алмастырылған болатын. Қуаныштысы, сол күнгі салтанатта мінбеге көтеріл­ген Мырзекең мен Әбекең, Ақселеу ағаларымыз да: «Бұл – еліміздің Ақордасы!» – деген сөздерді баса айтып жатты. Газеттің осы идеясына «Егемен Қазақстанның» ертесіндегі, яғни, 25 желтоқсандағы шыққан нөмірінде берілген «Астанада асқақтады Ақорда» деген тақырыппен есеп жанры түрінде жазылған шолу мақала нүкте қойды деу­ге болады. Содан не керек, естуімізше сол күні кешке Сәкеңе Махмұт хабарласып: «Екі-үш күнде Президент қол қойған жарлық не өкім арқылы қуанышты жаңалық боп қалуы мүмкін», – депті. Ал кеп күтейік. Елегіземіз. Алаңдаймыз. Жоқ. Міне, 27 желтоқсан күні «Шәріп Омаровты Чехословакияға елші етіп тағайындау жөнінде» бір жарлық келді. Бірақ өзгеріс жоқ. Мәтіннің астында баяғы «Астана. Президент резиденциясы» деген жаттанды сөйлем тұр. Одан кейін тағы бір құжат. Ол да солай. Ал 29 желтоқсан күні... Иә, сол күні кешке!.. «Оралмандардың 2005–2007 жылдарға арналған көшіп келу квотасы туралы» жарлықтың келгені... Қараймыз, ондағы мәтіннің аяқ жағында «Астана. Ақорда. №1508» деген жаңа сөз тіркесі тұр! Мұндай қуанбаспыз! Газет беттері жасалып жатқан өндірістік цехты басымызға көтере: «Бәрекелді!» – деп дуылдайық келіп. «Вашингтонда Ақ үй. Мәскеуде Кремль. Ал Астанада неге Ақорда демеске?!» – дейміз шаттанып. Жә, ойлап отырсақ ол оқиғаға да міне, 16 жыл болыпты. Мемлекеттік маңызға ие құжаттар содан бері жоғарыдағы атаумен шығып, жарияланып келеді. Ұнасымды ұйғарым. Көңілге қонымды іс. Жарасымды шешім.

«ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН» ГАЗЕТІ КӨШЕСІ, 5/13»

– Ұмытпасам, 2014 жыл болуы керек. Елордада тұратын жазушы ағамыз Табыл Құлияс «Қазақстан» телеарнасындағы әңгіме-сұхбаттар мен пікірталастарға жиі қатысып жүрді. Сондай бағдарламалардың бірінде ол кісі: «Астаналық ақсақалдар алқасының мүшелері біздер қаладағы Ломоносов көшесіне «Егемен Қазақстан» газетінің атын беруге ұсыныс жасағанымыз бар. Көп кешікпей ол әрекетіміз жүзеге асты да», – дегені есімде. Айтыңызшы, бұл өзі шын мәнінде солай болды ма? Жоқ әлде...

– Біріншіден, Астанада ақсақалдар алқасы деген қоғамдық ұйым немесе бірлестік жоқ. Қалалық әкімдіктің жанында тек ардагерлер кеңесі бар. Оны соған дейін де, одан кейін де бұрынғы әкім орынбасары Сансызбай Есілов басқарды. Егер өзі жетекшілік етіп отырған ұйымға жұртшылық өкілдері тарапынан жоғарыдағыдай қоғамдық пікір түсіп жатса, ол кісі мұны редакцияға хабарлап айтар еді ғой. Екіншіден, Табыл аға біздің газет Алматыдан Астанаға көшкен 1999 жылдан бастап редакцияға жиі келе­тін қаламгерлердің бірі-тін. Негізгі шаруасы – жазған-сызғандарын ба­сылымымыздағы «Сөз сойыл» сын-сықақ бетіне беріп, автор болу. Сонда ол кісі: «Егемен» үшін біз, аға буын өкілдері осындай бастамаға мұрын­дық болып едік», – деп ештеңе айтқан емес. Ал теледидарда неге олай деді? Түсінбеймін. Жоғарыдағы оқиға, яғни аға газетке көше атының берілуі шын мәнінде былай болған.

2009 жылы өзіміз сөз етіп отырған басылымның 90 жылдық мерекесі жақындап келе жатты. Соған байланысты қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов редакцияға ат басын бұрып, басшыларымыз Сәкең және Ерекеңмен ұзақ отырып әңгімелесіп қайтқан. Содан бастап елорда қожайыны пәрменімен біздің мекеме төңірегіндегі тротуар мен скверлердегі жұмыс қызды дейсің. Басшыларымызда да маза жоқ. Біз газет шығарамыз. Ал олар мереке қарсаңындағы үлкенді-кішілі жұмыстарды бітіруге тырысумен әуре. Атап айтқанда, бұлар: редакция жанынан салынған сегіз қабатты бас корпустың құрылысын аяқтау, қала әкімдігінен баспанасы жоқ қызметкерлерімізге үй сұрау, мерекелік шара өтетін Опера және балет театры залын жалға алу секілді ұйымдастыру жұмыстары еді. Осындай қауырт тірліктердің ара-арасында Ерекең маған: «Мен бір сағат сыртта боламын. Жоғарғы жақтан телефон шалынса, осы төңіректе жүр. Кешікпей келеді дерсің», – дейді де далаға беттейді. Осы жағдай жарты ай бойы қайталанды.

Ақыры не керек, газетіміздің 90 жылдық тойы қарсаңында бұрынғы қиқы-жиқы Ломоносов көшесі оқтай боп түзелді. «Жақсы болды!» – дедік риза көңілмен. Бас корпусымыз бітіп, қызметкерлеріміз оған көшіп кіре бас­тады. «Дұрыс-ақ!» – дейміз қуанышты сезіммен. Содан аз уақыттан соң, осы су жаңа еңселі ғимаратымыздың қабырғасында «Егемен Қазақстан» газеті көшесі, 5/13» деген жаңа атау пайда болды. «Ой, бәрекелді!» дегенбіз оған тағы да шаттанып. Бірақ бұл шешім қалай, қандай жолмен жүзеге асты? Міне, ол кезде оған ешқайсымыз онша мән бере қоймадық. Сөйтсек...

Бұл оқиға сырының ашылуына содан екі жылдан кейін редакцияға келген орыс әжейдің сөзі себеп болды. «Анна Платонова деген көршілеріңмін, – деді ол кісі. – Сіздердің мына ғимараттарыңыздың қарсы бетіндегі 31-ші барак үйде тұрамын. Келген шаруам – басшыларыңыздың бірі Ержұман Утешевичке жолығу». «Ол кісі қазір жоқ. Дәрігерге қаралуға кеткен. Түстен кейін келеді», – деп жауап бердік біз қарт анаға қысқа ғана тіл қатып. «А-а, онда жағдай былай, – деді әжей. – Осыдан үш ай бұрын Астана – Қарағанды бағытындағы үлкен жолда апат болып, сонда төрт адамның қаза тауып, бір кішкентай баланың тірі қалғанынан хабардар шығарсыздар». «Иә». «Сол қайтыс болғандардың біреуі менің туған қызым еді. Ал аман қалған сәби соның перзенті, менің жиенім-тін. Дәрігерлер балдырғанды ажалға бермейміз деп үш ай бойы арпалысты. Бірақ болмады. Кеше ол бейбақтың да өмірі үзілді. Жерлеуге зейнетақым жетпейтінін білген қалалық әкімдіктегі әлеуметтік мәселелер бөлімі 30 мың теңге ақша бөлген. Ол жер қазушылар мен көлік жалдауға кетті. Басына белгі қоятын ағаш айшыққа да қаржы қажет болғандықтан, сіздерден көмек сұрап келіп отырмын. Бұған себеп Ержұман Утешевичтің осыдан екі жыл бұрынғы сөзі. Сонда ол кісі бізден көше атын өзгертуге рұқсат сұрап, әрқайсымыздың үйімізге жеке-жеке кіріп шыққан-ды. Қоштасарда: «Бәріңіз зейнеттегі жандар екенсіздер. Қиналсаңыздар келіңіздер. Көмек қолын созуға әзірміз», – деген еді. Сол есіме түсіп келіп тұрған жайым бар».

Мына сөзді естіген соң Ерекеңе хабарласып, әжейдің өтінішін айтпаймыз ба?.. «Ой, ол рас. Сен ол кісіні бухгалтерияға ертіп апара бер. Оған дейін мен есепші Орыншаға бар жағдайды түсіндіріп, бұйрыққа кешке барғанда қол қоямын деп айтамын. Әжейді ренжітпей қайтарайық», – деді.

Содан Ерекең түстен кейін редакцияға келген соң, бұл мәселенің мән-жайын өзінен анықтап сұра­маймыз ба?.. Сөйтсек, қала әкімі Иман­ғали мерекеге деген дайындықты білу үшін редакцияға алғаш соққанында басылым басшысы Сәкең оған үш мәселе айтады. Сонда ол: «Бұлардың алғашқы екеуін орындаймыз. Ал үшіншісі өздеріңізге байланысты нәрсе», – дейді. Оның пікірінше көше атын ауыстырар алдында редакциядағылар сонда тұратын адамдарға барып түсінік жұмыстарын жүргізуі, сөйтіп келісімдерін алуы қажет екен. Мұны Сәкең Ерекеңе тапсырады. Ал ол кісі газет қызметкерлерін жинап алып, әрқайсысына тапсырма бермей ме? Бірақ бір тобы Парламент, Үкімет, министрліктердегі түрлі жиналыстардан көз ашпаған, екінші тобы баспасөзге жазылу науқанын жүргізуге жегілген олар міндеттелген шаруаны кешіктіре береді. Содан Ержұман ағамыз оны орындауға өзі кіріседі. Ол кісінің әлгі әр күн сайын: «Бір сағатқа сыртқа шығып келейін», – деп жүрген себебі сол екен. Содан 15 күн бойы көшедегі әр үйді аралап, олардың: «Қарсы емеспіз» – деп қолдарын қойған келісім қағазын әкімдікке өткізгенше тыным таппаған. Нәтижесі – басылымның 90 жылдық тойы қарсаңында аға газет атына берілген көше! Осының бәрін кейіпкеріміз үндемей істеген ғой.                   

«Егемен Қазақстан» газетіне Астанадан көше атын берудің қысқаша айтқандағы тарихы міне, осы.

– Әңгімеңізге рахмет!

2634 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы