• Қоғам
  • 26 Қаңтар, 2023

БАҚ ТУРАЛЫ ЗАҢ: КӘСІБИ МАМАНДАРДЫҢ ҰСЫНЫСЫН ЕНГІЗУ МАҢЫЗДЫ

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Масс-медиа туралы» заң жобасы мен оның тұжырымдамасын дайындады. Заң жобасы 11 тараудан, 78 баптан тұрады.  
«Жаңа заңда сөз бостандығы, пікір плюрализмі мен мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, халықтың денсаулығы мен өнегесін қалыптастыруға бағытталған қажетті шектеулер арасындағы тепе-теңдікті белгілейтін түбегейлі жаңа схеманы бекіту ұсынылады. Осы орайда, негізгі реформалар журналистердің құқықтық мәртебесін арттыруға және олар үшін құқықтық кепілдіктерді күшейтуге бағытталады», – делінген құжаттың тұжырымдамасында. 
Заң жобасы 27 қаңтарға дейін қоғам талқысына ұсынылған. Заңның қалам ұстаған азаматтарға пайдасы қандай? Артық-кем тұстары бар ма? Осы салада жұмыс істеп жүрген әріптестеріміздің пікірін білдік.

Дархан МЫҢБАЙ:

ЗАҢДА ТӘУЕЛСІЗ,

ТӘУЕЛДІ ЖУРНАЛИСТ ДЕГЕН ҰҒЫМ БОЛМАУЫ ҚАЖЕТ

– Шын мәнінде, журналистердің тек құқықтық мәртебесі емес, олардың қоғамда алатын орны анық болуы керек. Мұндай заңы жоқ елдер де бар. Бірақ біздің елдегі жағдайға қарасақ, заң қажет. Өйткені жаңа қоғамның жаңа талаптары бар. Соны ескеруіміз керек. «Масс-медиа туралы» заңда тек журналистер емес, оларға деген қоғамның қатынасы да реттелуге тиіс. Сол үшін де ол көкейкесті. Бұл заңда тәуелсіз, тәуелді журналист деген ұғым болмауы керек. Анығын айтсақ, бұлар – социалистік қоғамнан қалған түсінік. Журналист халықтың тілегін, мұң-мұқтажын жеткізіп, шындықты объективті түрде жариялап отыруға міндетті. Шын мәнінде, билік пен халыққа ықпалы болатын БАҚ өкілдеріне мемлекет  тарапынан қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Заңның ең негізгі міндеті де осыдан өрбиді. Сондықтан біз аталған заң жобасында журналистерді кең ауқымда талқылауын қалар едік. Кәсіби мамандардың пікір-ұсынысын енгізу маңызды.

 

Болатбек МҰХТАРОВ,

медиасыншы:

РЕДАКЦИЯ ҰСТАНЫМЫНА ЕРКІНДІК БЕРУ КЕРЕК

– «Масс-медиа туралы» деп аталатын заң жобасын оқып шықтым. Орысшадан қазақшаға сірестіре аударылған мәтіннен ұққанымның негізгісі – «журналистердің мәртебесін көтеру» деген лобби. Мұны медиа өкілдері өздері сұрағандай жазыпты. Бүгінде мемлекет журналистерді қамқорлыққа аламыз десе, қуанбайтын, керісінше, қауіптенетін болдық, өйткені біздің жағдайымызда саяси жүйенің тіліндегі «қамқорлық» деген сөздің мағынасы – «кіріптар қылу». Дұрыс ұқсам, порталда журналистер мен редакциялардың 10 немесе одан да көп жыл бұрынғы материалдарына қатысты шағым түсірмеу мәселесі қаралып отыр. Бұл жақсы, бірақ «журналистердің кәсіби қызметіне кедергі келтіруді қылмыс деп танымау» туралы нормаға қатысты уәжді неше оқысам да, түсінбедім. Неге ол әрекет қылмыс болмауы керек? Бір уәж – мұны қылмыс деп қарайтын норма кең қолданылмай жатқаны. Оған журналистер жауапты ма? Қылмыс емес, әкімшілік іс десек, журналиске пайдасы көбірек тие ме, я мәртебесі арта түсе ме? «Журналистер мәртебесін арттыру үшін» енгізілетін «баспасөз картасы» да медиа зәру болып отырған нәрсе емес. Бұл мемлекет органдарына ғана қажет тетік сияқты. Карта медианы дискриминациялайды, дәл осы карта журналистер қызметін шектеуге пайдаланылып кетуі мүмкін. Ақпарат ресурстарының тіркелуі, журналистердің ресми қызмет куәлігін алуы, редакциялардың іс-шараға аккредиттелуі деген процестерді медиа өзі-ақ сәтті реттеп отыр. Бұған қоса, заңда мемлекеттің медиаға ақпарат тапсырыстары үшін бөлетін қаражатын ашық жариялау қарастырылсын дедім. Журналистер құқығына қатысты ұлттық баяндама жасағанда «Әділ сөз» ұйымы жүргізетін мониторинг тәжірибесі ескерілуі керек, заңсыздықтарға тек мемлекет органдары баға бермеуі керек. Редакциялардың тақырып таңдауы мен көзқарас-ұстанымына еркіндік беру де – негізгі талаптарымның бірі.

 

Халима ТӘЖІҚҰЛ,

журналист, «Масс-медиа туралы»

заң жобасы жұмыс тобының мүшесі:

БАСПАСӨЗ КАРТАСЫН

БЕРУГЕ ТҮБЕГЕЙЛІ ҚАРСЫМЫН

– Заң жобасында ақпараттық тапсырысты гранттық қаржыландыруға кезең-кезеңімен көшіру туралы бап бар. Мемлекеттік ақпараттық тапсырысты грант арқылы қаржыландыру 2025 жылы ғана іске аса бастайды. Кезең-кезеңмен көшіру дегенде, әуелі республикалық деңгейде енгізіледі, содан кейін ғана өңірлік деңгейге көшеді. Алғашқы кезеңде айқындалатын кемшіліктерді келесі кезеңде жоюға мүмкіндік алу үшін осылай енгізу көзделген болса керек. Ал енді осы гранттық қаржыландырудың өзі тиімді ме деген сұрақ туындайды. Мұның жауабын дәл қазір бере алмаймын. Себебі сынап көрген жоқпыз.

Бірден айтайын, қаржыландырудың бұл жүйесін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұсынды. Министрлік «грант бөлу кезінде мемлекеттің қатысуын қысқартамыз, барынша ашықтықты қамтамасыз етеміз, оның ішінде гранттың іске асырылуына мониторинг жүргізу тетігін енгіземіз» деп уәде етіп отыр. Гранттарды қысқа мерзімді, орта мерзімді (бір жылға) және ұзақ мерзімді (бірнеше жылға, мысалы, тарихи сериалдарды түсіруге) бөлу тәсілі енгізіледі. Мемлекеттік тілдегі контентке басымдық беріледі деді. Мұның барлығын алдағы уақыт көрсетеді.

 Ал енді грантты бөлуге мемлекеттің қатысуы қалай қысқаратыны қызық. Себебі министрлік грантты үлестіруді операторға ұсынбақ, біздегі мәлімет бойынша, ол оператор – Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы. Бұл орталық Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жанындағы орталық саналады. Орталықтың үкіметтік емес ұйымдарға әлеуметтік жобалар грантын үлестіру тәжірибесі бар, бірақ БАҚ-қа грант үлестіру мүлдем басқа ғой. Оның үстіне, орталық БАҚ-қа грант үлестіруде қаншалықты әділ болады деген сұрақ бар. Себебі орталық басшысын министр тағайындайды. Меніңше, БАҚ үшін бөлінетін гранттарды министрліктен тәуелсіз оператор жүргізгені дұрыс болар еді.

Сұраулар бойынша жауап беру мерзімін жеті жұмыс күнінен бес жұмыс күніне дейін қысқарту ұсынылды. Бұл  – заң жобасындағы «Ресми хабарларға жатпайтын ақпаратты беру туралы сұрау салулар» деп аталатын 67-бап. Онда «Сұрау салуға жауап, егер сұрау салудың өзінде өзгеше көрсетілмесе, ол келіп түскен күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде...» делінген. Бұл ресми хабарларға жатпайтын ақпаратты сұрағанда жауап берілетін мерзім. Егер сіз сұраған ақпарат бірнеше ақпарат иеленушінің құзыретіне кіретін болса, ақпарат иеленушінің басшысы жауап беру мерзімін күнтізбелік он бес күнге дейін ұзарта алады! Көрдіңіз бе? Бес күнді көпсініп отырғанымызда, жауап-ты он бес күн ішінде дайындауға мүмкіндік беріліп отыр жауап ұсынушы тарапқа. Бұл ресми хабарға жатпайтын ақпаратқа қатысты сұрау салу болғандықтан, оны үш күнтізбелік күні ішінде, басқа тараптан қосымша ақпарат алу қажет болса, 7 күнтізбелік күнге азайтуға болады деп ойлаймын.

Ал 66-бапқа сәйкес, журналистің ресми хабарларды түсіндіру жөніндегі жазбаша сұрауына екі жұмыс күнінен кешіктірмей жауап береді. Ал егер «сіздің ресми хабарларды түсіндіріп беріңізші» деген сұрағыңыздың жауабын «қосымша зерделеуіміз керек» десе, онда жауапты күнтізбелік он бес күн ішінде беруге құқылы. Бұл қолданыстағы БАҚ туралы заңдағы норма. Өзгермеген. Біз осы норманы өзгертуді – екі жұмыс күнін бір жұмыс күніне, он бес жұмыс күнін 5-7 жұмыс күніне қысқартуды ұсынып отырмыз. Себебі ақпарат иеленуші журналист сұрағына жауапты жан-жақты толықтыру қажет деген сылтаумен жауапты он бес күнге дейін созып жібермесіне еш кепіл жоқ.

 68-бапта белгілі бір аумақта ха­лықтың тыныс-тіршілік ету жағдайы бұзылған кезде тиісті саланың уәкі­летті мемлекеттік органдары оқиға басталған кезден бастап үш сағаттан кешіктірмей, оқиға туралы ресми хабарлауға міндетті екені жазылған. Бұл да қолданыстағы норма. Осы үш сағатты 2 сағатқа өзгерту болады.

Біз ақпарат ғасырында өмір сүріп жатырмыз. Айтылған ақпарат арада сағат өтпей жатып ескіреді, мәнін жояды. Ондай ақпаратта құн қалмайды. Ендеше, ақпарат беруші тарап – мемлекеттік органдар болсын, мемлекеттік емес мекемелер болсын, ақпараттың халыққа уақытында жеткізілуін қамтамасыз етуі керек. Егер ресми, сенімді ақпарат халыққа уақытында айтылмаса, онда жалған ақпарат тарап кетіп, ел ішін дүрліктіріп жіберуі мүмкін.

Ал баспасөз картасын беруге түбегейлі қарсымын және оны жұмыс тобының кейінгі отырысында мәлім­дедім. Себебі бұл журналистерді алалайтын ұсыныс. Баспасөз картасы туралы бапты алып тастау туралы ұсыныс айтылып жатыр, сол ұсынысты қолдаймын.

Әзірлеген:

Әсел МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

901 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы