• Руханият
  • 02 Наурыз, 2023

БҮГІНГІНІҢ БАТЫРЫ

1 наурыз – Алғыс айту күнінде нағыз батырлар – еңбек адамдарына алғыс айтуымыз керек сияқты. Себебі олар – бүгінгі күннің шынайы қаһармандары.
«Қазіргі уақытта көпшілік нағыз батырлардың жетіспейтінін айтады. Бірақ шын қаһармандар жұрттың назарынан тыс жерде. Олар біздің арамызда. Батырлар күн сайын зауыт станогында жұмыс істейді, қоғамдық көлік жүргізеді, ұшақ штурвалына отырады, құтқарушының қорғаныс киімін киеді, науқасқа жедел жәрдем беруге асығады, әскери техниканы меңгереді.  Олар балаларымыз бен қарт ата-аналарымыздың дастарқаны ас-ауқат толы болуы үшін ауылда таңмен таласа оянады. Біздің батырлар – өзінің жеке кәсібін бастайтын, жұмыс орындарын ашатын, қызметкерлері мен олардың отбасыларына жаңа мүмкіндіктер тудыратын кәсіпкерлер. Біздің батырлар – өзінің махаббаты мен күш-қуатын, тәжірибесі мен білімін, мүлкі мен қаражатын қоғамға риясыз ұсынатын еріктілер мен игі іс жасайтындар», деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде.
Ендеше, еңбек адамдарына сөз берейік…

СЕГІЗ ҚЫРЛЫ СЕРЖАНТ

 

Қоғамда Ұлттық ұлан жауынгерлерінің атқаратын рөлі ерекше. Темірдей тәртіпке бағынған олар күндіз-түні кірпік қақпай жауынгерлік қызметте жүреді. Әскери киім киіп, Отан үшін адал қызмет ету – үлкен жауапкершілік жүктейтін жұмыс. Взвод сержанттары Ұлттық ұлан әскерінде ең маңызды жауапты қызметті атқарады, олардың кәсібилігі мен дайындығын, тәртібі мен жауапкершілігін қалыптастырады. Кіші командалық буын мамандары қызметінің негізгі қағидаты – «Сержант – сарбазды, сержант сержантты үйретуі керек». Осы қағиданы взвод сержанты, аға сержант Ерболат Ғаббасов 15 жылдан астам уақыт бойы ұстанып келеді.

Ерболат бала кезінен әскерде қызмет етуді армандаған. 2005 жылы Ысқақ Ыбыраев ауылындағы Маркен Ахметбеков атындағы орта мектепті бітіріп, Отан алдындағы борышын өтеу үшін Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери бөліміне қабылданды. Әрі қарай Петропавл қаласындағы №6637 әскери бөліміне келісімшарт қызметкері болып жұмысқа орналасты. Қызмет барысында ол алғырлығымен, тәртіп пен жоғары жауапкершілігімен көзге түсіп, Көкшетау қаласындағы №5510 әскери бөліміне аға сержант болып тағайындалды.

Сержант Ғаббасов қоғамдық шараларға да белсене қатысып, білімі мен білігін жастармен бөлісуден жалықпайды. Былтыр 13-15 желтоқ­санда Астанадағы Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында өткен батальон құрамындағы үздік офицерлер мен сержанттарды анықтау байқауының 3-кезеңінде нұсқаушы болып, бай тәжірибесін көрсетті.

Ерболат – үздік сержант қана емес, отбасында қамқор әке, адал жар. Жұбайы Ақмаралмен бірге Әлихан, Аяна, Айғаным және Айару есімді бүлдіршіндерді тәрбиелеп отыр. Достары мен әріптестеріне де сыйлы. Олар Ерболаттың табанды, сенімді, адал және әрқашан көмекке әзір қасиеттерін жоғары бағалайды.

Аға сержант Ерболат Ғаббасов – жоғары азаматтық және әскери борышына берік адам. Оның айырмашылығы – тек әрқашан мінезінің ашықтығы, жеке құрамды басқара білу ғана емес, сонымен қатар айналасына сөзімен бірге ісімен де көмектесе алуы. Ол қай жерде қызмет етсе де, қандай лауазымда болса да, әрдайым іске деген жауапкершілігімен, әр сарбаздың тілін таба алатын жоғары ұйымдастырушылық талантымен ерекшеленеді.

Алғыс айту күнінде сержант Ерболат Ғаббасовқа және Ұлттық ұланның барлық қызметкерлеріне Отан алдындағы адал қызметі үшін алғыс білдіргіміз келеді. Отанын сүйген азамат қана елін асқар мұраттарға жетелемек. Ел тыныштығын қамтамасыз ету – отансүйгіштіктің нағыз белгісі. Отанымызды күзету үлкен абырой, асқан жауапкершіліктен тұратынын үнемі есте ұстауымыз қажет. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, ел егемендігі мәңгілік баянды болсын!

Мұратбек АРЫСТАНБАЕВ,

аға лейтенант

ҚАРАҒАНДЫ

БАТЫР ӘРІ БАТЫЛ ҚҰТҚАРУШЫ

Құтқарушы – түрлi табиғи және техногендiк апат кезінде адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін өз өмiріңді тәуекелге тігуге дайын болуды талап ететін адамгершiлікке толы, игі мамандық. Олар қиындыққа қарамастан, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетеді: лаулаған оттың ортасына кіреді, қансыраған адамды құтқарып, боранды күні қар құрсауында қалғандарға қол ұшын созады. Олар мұндай ерлікті күн сайын жасап жүрсе де, жұртқа жар салып, мақтанбайды. Солардың бірі  – «Жетісу облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары» РММ Алакөл ауданы, Ақши ауылы авариялық-құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы Асхат Рысбеков.

Асхат Рысбеков 2002 жылдан бері құтқарушы болып қызмет етіп келеді. 2014 жылдан бастап бас құтқарушы лауа­зымын атқарады. Ол жұмысына сондай жауапты, тәртіпті, берілген бұйрықты бұлжытпай орындайды. Қоғамдық өмірге де белсенді қатысады.

Құтқарушы Рысбеков осы уақытқа дейін жеке құраммен бірге азаматтардың өмірін сақтап қалуға, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көп күш салып келеді. Мысалы, 2023 жылдың 22 қаңтар күні сағат 19:50-де біздің бөлімшеге Алакөл ауданы аумағында ауа райының нашарлауына байланысты «Үшарал – Достық» тас жолының бойында автокөліктердің қар құрсауында қалғаны туралы хабарлама түсті. Шақырылған жерге Асхат Рысбековтың жетекшілігімен Алакөл ауданы Ақши ауылының құтқару жасағының құтқару бөлімшесі аттанды. Көзге түртсе көргісіз ақ түтек боран құтқару бөлімшесі мен жол қызметтерінің төтенше жағдай аймағына жылдам жетуіне мүмкіндік бермеді. Сол кезде бас құтқарушы Рысбеков өмірін қатерге тіксе де, арнайы техниканы өзі тізгіндеп, жүз шақырым жол жүріп, құтқарушыларды зардап шеккендерге жеткізіп үлгерді. Нәтижесінде, қар құрсауынан 3 техниканы шығарып, 9 адамды құтқарып қалды.

Ал 2021 жылдың 21 желтоқсанында Алакөл ауданы, Ұзынбұлақ ауылында бір көліктің суға кеткені туралы хабарлама алдық. Екі көлік әлі қатып үлгермеген, қалыңдығы 10-15 см ғана болатын мұздың үстіне шығып кетіп, салдарынан көліктердің бірі суға кеткен. Сол кезде де Асхаттың ұйымдасқан және сауатты әрекетінің арқасында 6 адам аман қалды.

Алакөл өңірінің құтқарушылары соңғы 5 жылда бас құтқарушы Рысбековтың жетекшілігімен «Үшарал – Достық» тас жолында 74 техниканы эвакуациялап, 65 адамның өмірін құтқарып қалды. Ал 2015–2022 жылдар аралығында Алакөл жағалауында шомылу маусымында суға кеткен 185 азамат құтқарылды, оның 45-і балалар еді.

Асхат Рысбековтың бұл белсенді қызметі басшылық назарынан тыс қалған жоқ. 2010 жылы Төтенше жағдайлар министрлігінің III дәрежелі «Құтқарушы» төсбелгісімен, 2015 жылы Ішкі істер министрлігінің «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетіне 20 жыл» мерекелік медалімен, 2017 жылы Ішкі істер министрлігінің «Қазақстан полициясына 25 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.

Алғыс айту күнінде бас құтқарушы Рысбеков Асхат Амангелдіұлына және барлық құтқарушыларға азаматтық және қызметтік борышын өтеуде және адамдардың өмірін сақтап қалуда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін алғыс айтамын. Ержүректік, батырлық, жанқиярлық – нағыз құтқарушыға тән қасиеттер. Ерен еңбегіңіз ең жоғары бағаға лайық. Алдағы уақытта да қызметтік борышыңызды мінсіз атқарып, ел алдындағы маңызды миссияны жалғастыра бересіздер деп сенемін. Жұмысыңызға табыс, отбасыңызға амандық тілеймін!

Марат СМАҒҰЛОВ,

Жетісу облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі Алакөл аудандық жедел құтқару жасағы құтқару бөлімшесінің бастығы

 

ҰСТАЗЫМ – ҮЛГІ ТҰТАР ТҰЛҒАМ

Адам баласының өмірінде болашаққа жол сілтеп, бағыт беретін екі ұғым болса, соның бірі – ата-ана, екіншісі – ұстаз. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «ұстаз алдын көрген» деген сөздер көңілде «ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады. Әріп танытып, өмірді танып-білуге мұрындық болып, санаңа білім сәулесін төккен адамның бейнесі көңіл төрінен орын алары анық. Ұстаз әр адамның жанына білім дәнін сеуіп, әр шәкіртін аялап, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Осы тұрғыдан алғанда мен бақытты шәкіртпін! Жоғары оқу орнында білім алудан еш қиналмай, қатарымның алды болуымның, қызыл диплоға үміткерлердің қатарынан табылуымның барлығы – ұстазым, Ақтау қаласындағы Түрлі пәндерді тереңдетіп оқытатын дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әбдіхалық Валентина Жұмабайқызының берген білімінің жемісі.

Валентина Жұмабайқызы маған тек қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп қана қойған жоқ, өмірлік ұстазым да бола білді. Мен ол кісіден жай мұғалім болуды емес, нағыз ұстаздықты үйрендім. Мені қолтығымнан демеп жүріп, түрлі жарыс­тар мен олимпиадаларға қатыстырып, бәсекеге қабілетті, тез арада дұрыс шешім қабылдай білетін, басындағы білімін тәжірибеде де қолдана алатын адам қылып қалыптастырды. Сол кісінің білім-білігіне қызығып, өзіме үлгі тұттым. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, мен де ұстазымның арқасында өзімнің өмірлік жолымды – мамандығымды адаспай таптым. Ұстазымның ізін жалғап, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығында грантта оқып жатырмын. Ең үздік студенттер қатарындамын.

Осы уақытқа дейін, 4 жыл бойы небір профессорлардан дәріс алып жүрсем де, ешбірі Валентина Жұмабайқызы секілді шәкірт жүрегіме жол таба алмады, ол кісі секілді білім бере алмады. Мен үшін Валентина апай ұстаздардың ұстазы болып қала бермек.

Алғыс айту күнінде өмірлік шамшырағым, үлгі тұтар ұстазыма шәкірттік алғысымды білдіргім келеді.

Құрметті, Валентина Жұмабайқызы! Жұ­мы­сыңызда, өміріңізде көп жетістіктерге жетіп, тек биік шыңдардан көріне беріңіз. Әлемде мұғалімге беретін қанша марапат болса да, ешқайсы сіздің еңбегіңізді ақтай алмайтыны хақ. Жұмысқа деген адалдығыңыз бен шәкіртке деген адамдығыңыз үшін рақмет! Сіздің шәкіртіңіз болғаныма мақтанамын! Ал сіз мендей шәкіртіңіз болғанына мақтануыңыз үшін барымды саламын! Сіз менің жарқын болашағыма сәулесін шашқан күнсіз! Сіз менің кумирімсіз!

Айкүміс ЫНТЫМАҚҚЫЗЫ,

Абай атындағы Қазақ ұлттық

педагогикалық универсиеті

филология факультетінің 4-курс студенті

 

ТІЛСІЗ ЖАУМЕН КҮРЕСКЕН

 

Ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші мен құтқарушы қызметі. Күн сайын табиғи апат немесе қауіпсіздік ережелерін бұзу салдарынан туындаған тілсіз жаумен бетпе-бет келетін маман иелерінің қызметі оңай емес. Кез келген сәтте өзіңе тап беруі мүмкін қызыл жалынды ауыздықтау, оның ортасынан адамды аман алып шығу – ерлікпен пара-пар жұмыс. Бұл жерде қызмет етуге көп адамның батылы жете бермейді. Ал батылы жетіп келгендер – нағыз жүрек жұтқандар. Солардың бірі – азаматтық қорғау қызметінің кіші сержанты Нұрсұлтан Баймұхамбетов.

Нұрсұлтан Баймұхамбетов 2019 жыл­дан бері өрт сөндіруші-құтқарушы қызме­тін атқарып келеді. Ол – өте жауапты, өз мін­детін бұлжытпай орындайтын және жұ­мы­сына асқан жауапкершілікпен қарайтын маман.

Мысалы, 2020 жылдың 14 маусым күні түнгі сағат 23:50-де біздің бөлімшеге қаламыздың «Болашақ» шағын ауданындағы пәтерде өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Нұрсұлтан Баймұхамбетов алғашқы жасақпен бірге дереу шақыру учаскесіне аттанды. Барса, 5-қабаттағы пәтер өртеніп жатыр екен. Сол кезде өрт сөндірушілер бірден нақты және уақытылы іске кірісіп, қызыл жалынның ішінен екі адамды аман алып шығып, жедел жәрдемге тапсырып үлгерді.

Ал 2021 жылдың 14 қаңтарында «Мүшел­той» шағын ауданындағы тұрғын үйдің 4-қабатындағы пәтер өртенгені туралы ша­­қырту алдық. Бұл кезде де оқиға орнына алғашқылардың бірі болып Нұрсұлтан Баймұхамбетов жетіп, бірден авариялық-құтқару жұмыстары мен өрт сөндіруге кірісті. Ол кезде пәтерде кәмелетке толмаған балалар болған. Баймұхамедов мұны біле салысымен басын тәуекелге тігіп, тілсіз жау жалмаған пәтерге бірінші болып кірген. Оның батыл әрекетінің арқасында балалар аман қалып, оларға медициналық көмек көрсетілді.

Ерлігі мен жастығын, өз мамандығына адалдығын ескеріп, Нұрсұлтан Мақсатұлын марапатқа ұсынуды жөн көрдім. Ол белсенді қызметі және құтқару жұмыстарына белсене қатысқаны үшін 2021 жылы Қазақстан Рес­публикасы Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Ал 2022 жылы Жетісу облысы әкімінің «Көшбасшы – 2022» жастар сыйлығының «Үздік жас батыр» аталымы бойынша жүлдегері атанды.

Алғыс айту күнінде Талдықорған қаласы №2 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөн­діруші-құтқарушысы Баймұхамбетов Нұрсұлтан Мақсатұлына және барлық өрт сөндірушілерге өз атымнан алғыс айтамын. Сіздердің қызметіңіз қаншалықты қауіпті болса, қоғамға соншалықты пайдалы әрі қымбат. Өз өмірін қауіп-қатерге тіге жүріп, өзгенің өмірін арашалап қалатын жандар қызыл жалын тұтанған сайын ерлік жасайды. Өрт сөндірушілердің арасында «Жеңдерің құрғақ болсын» деген әдемі тілек бар. Бұл – «өрт болмасын» деген сөз. Лайым солай болсын! Қызметіңізге табыс, отбасыңызға амандық тілеймін!

Шоқан НҰРТАЗИН,

Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және

авариялық-құтқару жұмыстары қызметі Талдықорған қаласы №2 өрт сөндіру бөлімінің бастығы

 

АҚ ХАЛАТТЫ АБЗАЛ ЖАН

Дәрігер болу – қоғамдағы ең жауапты мамандықтың бірі екені сөзсіз. Жарғақ құлағы жастыққа тимей еміне дауа іздеген­дерге шипалы алақанымен қол ұшын созып жатқан дәрігерлердің талпынысы дәтке қуат. Егер ол балалар дәрігері болса, қиындығы мен жауапкершілігі екі есе демек. Себебі кішкентай пациенттер қай жері ауырып тұрғанын нақты айта алмайды, инеден, меди­циналық аппараттардан қорқады. Сондықтан көбінесе балалар дәрігерінің жүрегі жұмсақ, жүзіне мейірім тұнған, қолы «жеңіл» болып келеді. Оның жарқын үлгісі – біздің Сәтпаев қаласының емханасында жұмыс істейтін балалар хирургі Ақмарал Өмірбекқызы.

Ақмарал Өмірбекқызын отыз жылдан бері танимын. Оқу бітіре салып, Жезқазғандағы көп  бейінді облыстық ауруханаға жұмысқа келгенде таныстық. Сол ауруханада жұмыс істеп жүрген кезде бір кісінің диагнозы дұрыс болмаса барлық дәрігерлер жиналып консилиум­ жасайды. Сол кезде барлық мықты деген дәрігерлердің ішінде Ақмарал Өмірбекқызы да жап-жас болса да, біліктілігін көрсетіп жүретін. Бәріміз оның жас та болса, осындай білікті маман екеніне қызыға қарайтынбыз. Сонда да ол ешқашан адамның жүзіне тік қарап, мінез көрсетпейді. Әрдайым парасаттылық пен инабаттылықтың үлгісін көрсетіп келеді. Сол жұмыс орнында бұл кісі біраз жұмыс істеген соң, Сәтбаев қаласына ауысып кетті. Ол заманның құлдырап, құлап жатқан кезі. Көптеген ауруханалар жабылып, қиыншылық болып жатқан уақыт. Сонда Ақмарал Өмірбекқызының кабинетінің алдындағы кезек таңнан қара кешке дейін үзілмейтін. Ол кезде қазіргідей әр салаға әртүрлі дәрігер ала бермейді. Бір дәрігер барлық медициналық салада істей беретін. Сонда Ақмарал Өмірбекқызы бір өзі ересек кісілерге арналған хирургтің де, балалар хирургінің де, балалар урологының, ересектер урологының да, травматологтың да жұмысын атқаратын және барлығына да үлгеретін. Әлі күнге дейін таңғаламын. Оған қоса, арасында бұл кісіні әскерге қабылдау пунктіне де жіберетін. Сонда да бір қабақ шытпайтын. Қазіргі дәрігерлерге солай жұмыс істе десе, істей алмайды. Қиындыққа төзе де алмайды.

Қазір де балалар хирургі болса да, кейбір сала мамандары кабинетінде нақты белгіленген графиктен артық уақыт отырмайтыны үшін, ара-арасында бұл кісіге басқа да науқастар көрініп кетіп жатады. Сонда да «бұл менің жұмысыма кірмейді» деп науқастың бетін қайтарған емес. Бәрін жайдары қарсы алады. Қанша асығып тұрса да, науқастың жағдайын бәрінен жоғары қояды.

Ақмарал Өмірбекқызы ұжымда өте сыйлы. Жетістіктері де өте көп. Жақында «Білікті маман иегері» деген атақ алды. Қаншама грамоталары бар. Кейде неге айтулы марапаттарға осындай мамандарды ұсынбайды екен деп те ойлаймын. Хирургия деген сала өте ауыр сала ғой.

Алғыс айту күнінде Ақмарал Өмірбек­қызына және барлық әріптесіме адал қызметі үшін алғыс айтқым келеді. Ерен еңбегіңіз бен Гиппократ антына адалдығыңыз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Сіздерге деген халықтың құрметі шексіз. Зор денсаулық, бақыт және амандық тілеймін!

Айнұр ИБРАЕВА,

Сәтпаев қалалық

емханасының медбикесі

1908 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы