• Ақпарат
  • 09 Наурыз, 2023

Ұстаздық даналықпен – егіз ұғым

Қазақ даласы ұстаздан кенде емес. Сол ұстаздың алдын көрген талай студент болашаққа жолдама алып, даңғайыр дүниеге еліміздің бір кірпіші болып қаланып келеді. Ал ұстаз-ана, ұстаз-әйел туралы айтылатын жыр бөлек. 
 

«Логистика және көлік академия-сы» Президент-Ректоры Салтанат Әмірғалиева нақты ғылымдар саласында үлкен ғылыми жетістікке жеткен тұлға. Оның физика-математика саласы бойынша қорғаған ғылыми жұмысы еліміздегі математика мектебінің іргесін биіктете түскені әмбеге аян. Алматы қаласындағы Республикалық физика мектебіне бірнеше байқау негізінде оқуға түсіп, осы мектепті алтын медальмен аяқтаған Салтанат Нұрәділқызы  «сынып жетекшім, математика пәнінің мұғалімі, асыл ұстазым Фатима Жұма­­ғазықызы математика саласын таңдауыма  үлкен әсер етті», – дейді. Өзі де үлгілі, білімді, ғалымдар отбасынан түлеп ұшқан С.Әмірғалиева Қазақ мемлекеттік университетін қолданбалы математика мамандығы бойынша тәмамдап, қолына қызыл диплом алады. Мұны ерекшелеп айтып отырған себебіміз – ол уақытта ЖОО-ны қызыл дипломмен аяқтау екінің бірінің басына бұйырмаған бақ еді. Ол үздіксіз оқу мен осы саладағы ерекше қабілетіңнің ұшталуына да байланысты болатын. Оқу ордасындағы ұстаздарын үлгі тұтып, өнегесін қазір да өзгелерге айтып отыратын С.Нұрәділқызы «С.Айсағалиев, Б.Қадыкенов, Қ.Қасымов, С.Бадаев, Н.Биадилов, Б.Мұхамедиев, Н.Махметжанов, С.Молдабаев және академиктер М.Өтелбаев, М.Молдабеков, тағы да көптеген ұстаздарымнан жоғары білім мен біліктілікті, тәлім-тәрбиені үйрендім. ҚазКСР Ғылым академиясының «Математика және механика» ғылыми зерттеу институтына жолдамамен инженер қызметіне орналастым. Мұнда да ғылыми бағытымды таңдауда О.Жәутіков пен И.Байсақалов сынды жетекшілерім менің ғылыми жолымда орасан зор роль атқарды», – дейді. Жас та талантты шәкірттің болашағын дәл болжаған ұстаздары оны Киев қаласындағы Ғылым академиясының В.Глушков атындағы Кибернетика институтына ғылыми зерттеу тағлымдама мен аспиантураға жолдама береді. Мұнда ол әлемге әйгілі академик Б.Н.Пше­ничный және талантты ғалым В.В.Остапенконың ғылыми жетекшілігімен Басқару теориясының Дифференциалдық ойындар саласы бойынша ғылыми зерттеулер жүргізеді. 
Салтанат Нұрәділқызы отандық ғылым мен жоғары білімнің дамуы­на да көп үлесін қосып келеді. Түрлі оқу орындарында басшылық қызмет атқара жүріп ұйымдастыру жұмысын білім беру және ғылыми-зерттеу қызметтерімен табысты үйлестірді. 2008–2020 жылдары ҚР БҒМ ҒК гранттық қаржыландыру бағдарламалары бойынша ғылыми жобалардың жетекшісі және жауапты орындаушысы болды. 
Салтанат Нұрәділқызы Логистика және көлік академиясына басшылыққа келген жылдары қызметін тыңнан бастады, барлық білім беру бағдарламалары арнайы және институционалды аккредитациядан өтті,  құжаттарды талапқа сай қайта жасақтау, академияның басқару құрылымын оңтайландыру, республика бойынша темір жол мамандарын даярлайтын жалғыз оқу орнын сақтап қалу міндетін үлкен табандылықпен алып шықты. Басшының кәсіби шеберлігі мен көшбасшылық қа­сиеттері сынға түсетін қиын кезеңде ұжымды ортақ мақсатқа жұмыл­дыратын корпоративтік рухты оятып, бір арнаға тоғыстыра білді. 
 «Қазақстан Еуропа мен Азия-Тынық мұхит өңірі арасында орналасып, Шығыс пен Батыс, Еуропа мен Азия арасындағы геоэкономикалық көпір ретінде табиғи бәсекелестік артықшылыққа ие. Жаһандану жағ­дайында көлік-логистикалық кешен елдің экономикалық өсуінің драйверіне айналуы және әлемдік көлік инфрақұрылымына интеграциялануы тиіс. Қазақстанда көліктің барлық түрлері ұсынылған: автомобиль, теміржол, су және әуе көлігі. Барлық басты көлік артериялары Қазақстанның елді мекендерін жалғайды және ел халқы үшін өмірлік маңызы зор. Ал темір жол көлігі ерекше орын алады. Қазақстан темір жолдардың тармақталған желісіне ие. Қазақстандағы теміржол көлігінің маңызы өте зор. Жүктердің көптеген түрлері үшін темір жол көлігі баламасыз тасымалдаушы. Көлік, байланыс және логистика салаларындағы білім беру жүйесін стратегиялық дамытудың негізгі бағыттарын қарастырсақ, қазір білім беруді дамытудағы жаһандық тенденциялардың әсерінен трансформация процестері белсенді түрде жүріп жатыр. Әлемдік білім кеңістігі дамуының қазіргі жағдайында алдымызда бұрынғыдан да күрделі міндеттер тұр. Осыған сәйкес стратегиялық дамудың келесі негізгі бағыттары қарастырылады: Цифрлық құзыреттіліктерді терең оқыту және дамыту; Салалық байланыстарды нығайту. Бизнес қауымдастықтармен, кәсіптік бірлестіктермен, мемлекеттік органдармен салалық байланысты нығайта отырып, ғылым және білім салаларын біріктіре,  жұмыс берушінің қажеттіліктерін басшылыққа алу сияқты бағыттарға аса назар аударылады. Осы күні Логистика және Көлік  Академиясы еліміздің  салалық мамандарға қажеттілігін қанағаттандыруға мүмкіндік беретін білім беру ордасына, білім және еңбек кеңістігінде АЛТ мектептерді, колледждерді және Академияны қамтитын, еліміздің әртүрлі қалаларында орналасқан және білімнің барлық деңгейін – мектептен бастап, техникалық және кәсіптік білім беру, бакалавриат, магистратура, докторантураға дейін білім алуға мүмкіндік беретін ірі білім беру холдингіне айналып отыр. Сонымен қатар белгілі бір академиялық кезеңде, шет елдік серіктес университеттермен академиялық ұтқырлық бағдарламалары, қос дипломдық бағдарламалар іске асырылуда. Пәнаралық инновациялық білім беру бағдарламалары: Ақпараттық технологиялар, автоматтандыру, цифр-ландыру, робототехника және мехатроника құралдарының салалық бағдарламалармен үйлесімділігі, бір тұтастығы айта кетерлік нәтиже. Әскери кафедраның құрылуы, Диссертациялық кеңестің нәтижелі отырыстары, Институционалдық және негізгі барлық бағдарламалар бойынша арнайы аккредиттеудің; негізгі стандарттарға сәйкес Интегрирленген сапа менеджментінің болуы, ғылыми жобалардың орындалуы, алға қойған қысқа мерзімнен бастап ұзақ мерзімге дейінгі мақсаттардың іске асуы Академияның қарқынды дамуының көрсеткіштері», – дейді Логистика және көлік академиясының басшысы Салтанат Нұрәділқызы.
Иә, осы күні біршама сын айтылып, көп талап қойылатын теміржол саласы мамандарын даярлаудың қыр-сырын терең түсінген ол, жаңа білім талабы мен заман көшіне ілесу үшін әлемнің озық оқу орындарының тәжірибесін де оқу орнында ұмыт қалдырған емес. «Тәрбиесіз берілген білім – білім емес» қағидасын да қатаң ұстанған Салтанат Нұрәділқызы бұл оқу ордасында әдеби, мәдени, рухани кештер мен кездесулердің де жиі өтіп тұруына барлық жағдай жасап отыр. 
Көп балалы ана есебінде отба­сының да, білікті басшы ретінде білім ордасының да алтын қазығына ай­налған Салтанат Нұрәділқызы білім мен ғылымды, тәрбиені тең алып жүрген тұлға дер едік. Ұстаздық пен даналық –  егіз ұғым десек, сол егіз ұғым бір бойында тоғысқан жандар туралы оқырманның да көп білгені дұрыс қой деген оймен осы материалды көп­шілікке жеткізгіміз келген еді. 

Нұргүл МАУЛИНА,
экономика ғылымының 
кандидаты, профессор

299 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы