• Қоғам
  • 04 Наурыз, 2009

Окырман

1. Соңғы айларда «Ана тілі» газетінде жарияланған қандай мақаланы қызыға оқыдыңыз? 2. Алдағы нөмірлерде қандай тақырыптардың қаузалғанын қалайсыз? Серік ЖАУЫЛБАЙҰЛЫ, мұғалім, Батыс Қазақстан облысы: 1. «Ана тілі» қазақ тілінің жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүрген республикадағы бірден-бір басылым. Бұл газетте тілім деп тер төгіп жүрген азаматтардың ерен еңбегі де, тілді тірек етуді қажет етпейтін кейбір шала қазақтардың іс-әрекеті де сын тезінен өткізіліп отырады. Әсіресе «Сөзтаным» айдарымен беріліп тұратын дүниелердің берері мол. Мысалы, №4 санда (29.01.09) жарияланған «Үлкеннің үрейі» атты бір мақаладан-ақ тіліміздің шырайын қашырып жүрген көп нәрсені аңғаруға болады. Иә, әрбір сөзді тілімізге іліп алып, қолдана берсек, біраз жылдан кейін-ақ қазақ тілінің шұрайы кетіп, солғын тартары сөзсіз. Басылым тіл төңірегіндегі материалдармен ғана шектелмей, орын алып жатқан көптеген келеңсіздіктер мен әділетсіздік жайын да сөз етеді. Соңғы кездері газеттеріңізде «Журналист кәсібін өзгертті» айдарымен беріліп жүрген репортаж тектес жанрдағы мақалалар, әсіресе арман Әубәкірдің «Жындыханадағы жазбалар», Қанат Әбілқайырдың «Түнгі қала ұйықтамайды», «Осы ма, қазақ, өмірің?» айдарларымен берілген «Шоқындылар», «Қарға адамдар» атты мақалалары – тың дүниелер. 2. Газеттің қазіргі бағыты көңіл қуантады. Әсіресе жас тілшілердің ізденімпаздығы сезіледі. Газет осы бағытынан таймай өткір мақалалармен оқырмандарын тарта түседі деп сенемін. Ұлт басылымы болғандықтан тіл мәселесі мен қоғамдағы түйіткілдерді ашық көтерсе құба-құп. Мереке ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, мұғалім, Қызылорда қаласы: 1. Басылым сонау 90-шы жылдардағы жарық көрген кезінен бастап-ақ ел арасында үлкен беделге ие болды. Қазақ баспасөзінің ішінде «Ана тілінің» таралым деңгейі шүкіршілік жағдайда. Кейінгі бірер айда газет өз бағытын біршама өзгертті. Әрине, оң бағытқа. Тілшілер қатары да жас кадрлармен толыққан сияқты. «Ақыл – жастан» демей ме атам қазақ. Сондықтан жастардың ізденімпаздығы, өткір ойлары, тың идеялары қай оқырманды болмасын өзіне тартып отырады. Әсіресе, кейінгі сандарда өзіндік ерекшеліктермен танылып жүрген Арман Әубәкір, Қанат Әбілқайыр сынды жастарды атар едім. Олар қандай дүниені болмасын зерттеп, зерделеп оқырман қауымға ұсынады. Осындай талантты жастар топталған бұл басылымның өмірі ұзақ болары даусыз. Осы жастарға үлгі-өнеге көрсетіп отыратын газет басшылығының, әсіресе бас редактордың талғампаздығы мен ізденімпаздығы оқырманды тәнті етеді. Мысалы, өткен жылдың соңында жарияланған «Лақап аты – Ағаев», «Тағиев» сынды дүниелер тарихқа қосылған мол мұра, ұрпаққа рухани азық деп есептеймін. Сонымен қатар газет бетінде екі айға жуық мерзімде жарияланып келген Зейнолла Қабдолов ағамыз жайында жазылған Сәуле апамыздың күнделігінің де берер ұлағаты мол дүние. 2. Басылымның қазіргі бағыты көңіл қуантады. Бірақ өзім ұстаздық қызмет атқаратындықтан газет бетінен білім, ғылым жайындағы мақалаларды да көргім келеді. Білім беру саласында көптеген келеңсіздіктер мен проблемалар бар. Сонымен қатар жетістіктерден де құралақан емес. Атап айтсақ кейбір білім ордаларында ана тілі үшін тыным таппай, зыр жүгіріп жүрген әріптестеріміз кездеседі. Солардың еңбегі еленіп, ескеріліп отырса дұрыс болар еді. Тағы бір айта кетер жайт, №6 санда жарық көрген Біләл Қуаныштың «Пышағы бар сүйгенін, пышағы жоқ тигенін жейді» (12.02.09.) атты мақала мен сол санда жарияланған «Шеберлер мекені – «Шертер» атты материалдар жас ұрпаққа, әсіресе ұлттық құндылықтардан ада болып бара жатқан ұлдарымыз бен қыздарымыз үшін үлгі боларлық нәрсе екен. Алдағы сандарда осы кейіптес дүниелердің жарияланғаны оң болар еді. Рымкеш ШАЙКЕНҚЫЗЫ, зейнеткер: 1. «Ана тілін» сонау жарыққа шыққан жылдардан бастап жаздырып алып оқимын. Үйімде әлі күнге дейін алғашқы санынан бастап күні бүгінге дейінгі тігінділері тұр. «Ана тілі» ана тілімізбен қатар өзге де ұлттық құндылықтарымыздың санадан өшпеуіне зор үлес қосуда. Басылым өзім тұрып жатқан Шамалған ауылындағы Елбасының мұражайын жабдықтауда бірден-бір көмекші құрал бола білді. Газет бетінде жарық көрген тарихи дүниелер мен танымдық материалдардың жас ұрпаққа берер тағылымы мол. 2. Кейінгі кезде тарихи шығармалар мен әдеби дүниелер азайып бара жатқандай. Осының орны толса. Сонымен қатар «Ел іші – алтын бергек, асыл діңгек» айдарымен берілетін салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа қатысты мақалалар көбейе түссе. Арай НҰРҒАЛИЕВА, заңгер: 1. «Ана тілі» газетін дүңгіршектерден сатып алып, оқып тұрамын. Мұнда қазақ тіліне қатысты айтылатын өткір ойлар мен ұтымды пікірлер мені қызықтырады. Әсіресе, Мырзан Кенжебайдың әрбір мақаласынан оның қазақ деп, қазақ тілі деп соғатын жүрегінің дүрсілін естуге болатындай. Мырзан ағамыздың әр туындысы ащы шындық пен сыннан құралған. Тілдің қадірін жете білетін осындай ағаларымыздың мақалаларын оқып, күнделікті сөз қолданысымыз арқылы өзіміз де ана тіліміздің шырайын кетіріп жүргенімізді түсінемін. Мысалы, «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа болмай тұр» атты мақалада (№6, 12.02.09.) телеарналар мен баспасөз беттеріндегі қазақ тілінің жай-күйі жақсы сөз болған. Қазақ тілінің қадірін кетіріп, қалай болса солай сөйлеп жүрген тележурналистерді қатты сынға алады. Ал №5 санда жарық көрген Қанат Әбілқайырдың «Шоқындылар» зерттеу мақаласы қоғамға қара құрт болып түсіп жатқан түрлі секталар мен діни ұйымдардың құйтырқы әрекеттерін жақсы көрсете білген. 2. «Ана тілі» – республикадағы жалғыз тіл газеті. Сондықтан қазақ тілінің көсегесін көгертер дүниелерді көптеп жарияласа жөн болар еді. Қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жариялауын жариялап алсақ та әлі күнге өз дәрежесінде көрініс таппай келеді. Кейбір мекемелердің есігін қағып, табалдырығын аттағаннан-ақ орыс тілінің шырмауына шырмаласың да қаласың. Қай жерге барып қазақ тілінде ісқағаздарын толтырайын десең де баяғы ресми тіл көсе-көлденең алдыңнан шыға келеді. Міне осындай жайттар сынға алынып, жан-жақты жазылса екен. Және кейінгі кездерде газет бетінен экономика, саясат тақырыбындағы дүниелерді байқап жүрміз. Бұл оң өзгеріс. Жалпы газеттің бүгінгі бағыты көңіл қуантады.

4114 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы