• Қоғам
  • 27 Қыркүйек, 2023

Ұстаздық қызмет - ұлы құрмет

Рүстембекова Гүлмира Әміржанқызы – Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, М. Ломоносов атындағы №5 орта мектеп - лицейінің  қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Педагогикалық еңбек өтілі – 25 жыл, педагог – зерттеуші.

          1994 жылы І. Жансүгіровтің 100 жылдық мерейтойын атап өту аясында өткен облыстық байқауда жеңімпаз атанып, Талдықорған қаласындағы                     І. Жансүгіров атындағы Талдықорған университетіне емтихансыз қабылданған. ЖОО-да  1994-1998 жылдар аралығында білім алып, ұстаз ретіндегі еңбек жолын 1998 жылы Талдықорған Заң гимназиясында бастады.  2002- 2004 жылдары №14 мектеп – гимназиясында жұмыс істеп, 2004 жылдан бастап  М. Ломоносов атындағы №5 орта мектеп-лицейінде қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етуде. Аталған білім мекемесіндегі еңбек өтілі  - 19 жыл.

          «Ұстазсыз шәкірт – тұл, шәкіртсіз ұстаз – тұл,»- деп дана Абай айтқандай,  ширек ғасырлық еңбек жолымда ең басты тұлға – шәкірттерім деп таныдым.  Ұстаз мамандығын таңдап, оқушы алдына келген соң, олардың болашақ өмірі, адам, азамат ретінде қалыптасуы  үшін  өзімді жауапты сезіндім. Әл- Фараби бабамыздың: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы,» - деген ойы менің басты ұстанымымның бірі. Сондықтан мұғалім ретінде әр шәкіртіме өз пәнім бойымша білімді терең әрі жан-жақты беруге тырысамын, бірақ әрқашан біліммен қатар әр баланың бойына ізгі қасиеттерді дарытып, ұлтжанды, намысшыл, өткенді құрметтеп, келешекке нық қарайтын азаматтарды тәрбиелеуді мақсат етемін. Олардың жалпыадамзаттық, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өсуін қамтамасыз етуді көздеймін.

           Балаларды оқытудағы өзіндік әдістемеме келсем, ең алдымен, басшылыққа алатыным – жақсы қарым-қатынас. Әр мұғалім алдындағы балаға терең білім беремін десе, ең алдымен онымен жылы қарым-қатынас орнатуы, жүрегінен орын алуы қажет. Бала өзіне деген сүйіспеншілікті сезініп, мейірімге бөленген кезде ғана ұстазына деген сенімі пайда болады, оны құрметтей бастайды. Эмоционалды жағымды қарым-қатынас орнаған кезде барып,  алдындағы ұстазынан білім алуға баланың құштарлығы ашылады.  Осындайда тиімді әдіс- тәсілдерді қолданып, оқытуды түрлендіріп отырсақ, баланың қызығушылығы да артып, жоғары  нәтижеге қол жеткізетініміз анық деп ойлаймын. 

            Ежелгі гректер даналыққа ұмтылу таңғалудан басталатынын айтқан. Сол себепті  баланы үнемі таңғалдыру арқылы қызығушылығын арттырған дұрыс. Ал, бүгінгі балаларды таңғалдыру үшін өзің де үнемі ізденісте болуың қажет.

          Жаңартылған білім мазмұнына сай бүгінгі күнде бала оқытуда сыни ойлау технологиясына жиі жүгінеміз. Оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамыту арқылы алған білімін өмірде қолдануға, қандай да бір ақпаратқа дұрыс баға беруге баулимыз. Сонымен қатар үлкен нәтижеге қол жеткізу үшін интербелсенді әдістерді қолданамын. Бұл әдісте, ең бастысы,  оқушының жауабына қарағанда мәселенi шешу процесiнің  маңызды болуы. Яғни, баланың  кез келген мәселені шешуге дағдыланғандығына қол жеткізу.                

             Интерактивтi әдiстiң мақсаты–ақпаратты жай беру ғана емес, оқушының жауапты өз бетiнше табу дағдысын меңгеруі десек,  интерактивті негізде оқу мақсаты – білу емес, үйрене бiлу. Мәселен, тіл мен әдебиет сабақтарында оқушылар  шешендік өнерін жетілдіріп жатса, көркем сөйлеуге, ойлауға машықтанса, кейіпкерлер әрекетіне, оқиғалар барысына  өзiндік бағасын беріп, қорытынды шығаруға төселсе өзара әрекеттестіктің мақсатына жеткені. Осылайша, аталған әдістер жүйесі арқылы сыни ойлау дағдыларын дамытып, өз пiкiрiне деген құқығын түйсiнулерін  арттыруға тырысамын.

          Соңғы жылдары балалардың да ересектердің де арасында кітап оқуға, көркем әдебиетке деген қызығушылық әлсіреп кеткені бәрімізге аян. Осы орайда тіл маманы ретінде  мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан «Оқуға құштар мектеп» жобасы – сәтті жобалардың бірі деп ойлаймын. Сол себептен жоба аясындаға шаралар арқылы осы бір тілсіз тәрбиешіге деген оқушылардың құштарлығын арттыруға тырысып жүрмін. Мәселен, өткен оқу жылында Республикалық «Балалар оқулары» байқауының қалалық кезеңіне 6 оқушым қатысып, 5 жүлделі орынға ие болдық.  Мұны жобаны жүзеге асырудағы жетістік деп білемін. Жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында болса, ана тіліміздің де тағдыры бүгінгі тіл мамандарының қолында. Сол себепті тілге деген шексіз сүйіспеншілікті бала бойына дарытуды осы жоба арқылы да жүзеге асыруға болары анық.

          Қорыта айтқанда, өзімнің педагогикалық тәжірибемде баланың тұлғалық болмысының қалыптасуын бәрінен де маңызды деп санаймын. Әр шәкірт алтын ұясынан түлеп ұшып шыққанда, тұлға ретінде жан-жақты қалыптасқан болса, мақсатыма жеттім деп білемін. Түлектерім ұлттық құндылықтарды бойына жинақтаған, біліммен қаруланған, бәсекеге қабілетті тұлға болса, білімін өмірде қолдана алып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

4313 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы