• Ақпарат
  • 11 Сәуір, 2024

Айыртау ақынға құрмет көрсетті

Айыртау аудандық Мәдениет үйін­де белгілі ақын, жазушы, Ресей Жазушылар одағының «Василий Шукшин» Алтын медалінің иегері Есенгелді Сүйіновтің «Көркейе бер, туған жерім!» атты шығармашылық кеші өтті. Кешке аудандық әкімдік қызметкерлері, аудандық мәслихаттың депутаттары, аудандық ардагерлер кеңесінің, аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері, зиялы қауым, мәдениет мекемелері, БАҚ өкілдері қатысты.


Шығармашылық кеште Карасевка ауылынан келген ақын Нұржәмила Әлібекова арнау өлеңін оқыды.  Қарасай ауылының имамы Орақ Нашарбаев  кеш иесі туралы жылы лебізін білдірді.
– Есенгелді мектепте оқып жүргеннен өлең жазып, көзге түсті. Жаңа жылды қарсы алуға арналған салтанатта, 7-сынып оқушысы болса да, жақсы өлең шығарып, байқау жеңімпазы атанғаны есімізде қалыпты. Сонда оған сыйлыққа кітап  берілген еді. Сол кезде кітаптан артық сыйлық жоқ сияқты көрінетін. Енді араға ұзақ жылдар салып, кешегі сары бала кемелденген шағында елге танымал ақын болып, ортамызда отыр. Бұған бәріміз қуанып отырмыз», – деді Орақ ақсақал.  
Айыртау ауданының әкімі Ерболат Бекшенов жұртшылық Есенгелді Сүйіновті ауданның қадірлі тумасы ретінде мақтан ететінін айта келе,  ақынға құттықтау хатын табыс етті. Онда былай делінген: «Құрметті Есенгелді Сүйінұлы! Ұзақ жылғы шығармашылық қызметіңіз барысында көптеген шәкірт  пен жас ұрпақты тәрбиелеуге ықпал етіп жатырсыз. Сіздің мәні терең өлеңдеріңіз адамдарды ізгілікке, үлкен мұрат-мақсаттарға жетелейді. Иіріміне тарта жөнелетін әңгімелеріңіз жатық тілімен, бөлек сипатымен дараланады. Бүкіл ғұмырыңызды халқыңыздың жарқын болашағына арнаған тұлғасыз. Жұртымыз сізді ұлтжанды, туған елінің абзал азаматы ретінде жақсы біледі әрі қадірлейді».
Кездесуде Есенгелді Сүйіновтің әртүрлі тақырыптағы сыршыл өлеңдері оқылды, оның сөзіне жазылған әндер орындалды. Мәдениет орта мектебінің мұғалімдер квартеті «Өзіңді күтіп жүрмін» әнін нақышына келтіріп шырқады.
Кеште Есенгелді Сүйінов жиналғандар алдында Отан, Тәуелсіздік, ана тілі туралы, Айыртау, Саумалкөл туралы сиясы кеппеген өлеңдерін оқып, өз ойын ортаға салды. 
– Айыртау – ежелден ән мен жырдың өңірі. Аталған ауданда халқымыздың тұңғыш ғалымы Шоқанның ізі сайрап жатыр. Мұнда атақты Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Орынбай және басқа атақты жампоз-жайсаңдар туған. Тіпті 12 айтыс ақынының шығуы ғажап құбылыс емес пе?! Бұл тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады. Осындай киелі жерде дүниеге келіп, солардың дәстүрін жалғастырып жүргенімді орынды мақтаныш етемін. Мен өзімді сондай асыл жандардың жұрнағы, белгісі  деп санаймын, – деп толғана сыр шертті Есенгелді Сүйінов. 
Соңында ақын осындай игі іс-шараны өткізген  аудан басшыларына алғыс айтып, жерлестеріне амандық, толайым табыстар тіледі.

Еркін ҚАЛДАН
 
Солтүстік Қазақстан облысы

 

381 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы