• Ақпарат
  • 11 Сәуір, 2024

«ОТАМАЛЫ» – БӘРІМІЗДІҢ ОРТАҚ ПОРТРЕТІМІЗ

Жазушы Тобық Жармағамбетовтің алғашқы кітабы – «Нәзік бұлттар» мектеп оқушысы кезімде қолыма түскен. Теміржан мен Саяның арасындағы кінәратсыз сезімді шұқшия оқып, толқығаным есімде, әлденеге өкінгенім де жадымнан шыққан жоқ. Ол кезде әдебиет теориясы дегеннен хабарымыз аз болған соң да болар, әлде мына шығарманың соншама ықыласпен жазылғанынан ба екен – мұндағы оқиғаларды расында да болған жайлар ретінде қабылдағанымды да жасырмаймын. Қазір де, әдебиеттің архивтік дерек емес екенін білетін жасқа жеткеніме қарамастан, осылай қабылдайтын туындыларым бар. Бұл, бәлкім, жазушының қолына алған тақырыбын жете зерттеп, жеткілікті меңгергенінен шығар. 
Дегенмен Тоқаңның ең үздік шығармасы ретінде «Отамалы» атанып жүр. Оған да дауым жоқ. Солай бола тұрса да, жазушының «Екі жүрек», «Сентябрь түні», «Соңғы хат», «Ақ жауын», бертінде (2002 жылы) «Қазақ прозасы қазынасынан» сериясымен «Раритет» баспасы ұсынған «Отамалы» кітаптарының қай-қайсысындағы шығармаларын да өмірде болған оқиғалар ретінде қабылдағым келіп тұратыны бар. 

 

МҰХТАР МАҒАУИННІҢ «ТОБЫҚ ЖАРМАҒАМБЕТОВ» ДЕП АТАЛҒАН ЕСТЕЛІК ӘҢГІМЕСІ

Әйтсе де әңгімемді «Отамалыдан» бастайын. 2018 жылы қазақтың классик жазушысы Мұхтар Мағауин «Тобық Жармағамбетов» деп аталған естелік әңгіме жариялады. Содан «Отамалы» туралы айтылған мына жолдарды сүзіп алып отырмын: 
«...Ақыры, көп ұзамай, «Жұлдызда» «Отамалы» шыққаннан соң, қазақ әдебие­тіне үлкен жазушы келді деген байламға біржола бекідім. Бұл кезде менің өзім де прозаға шындап бет қойғам. Адам жас шағында қай тарапта да тұрғыластарын байқастап, алдыңғы буынды жіті қадағалап отырмақ. Басқа жоғарғы өлшемдер өз алдына, өзіңді осы, тетелес екі толқынмен салыстырасың. Мен әзірше жарияға жол аша алмай, мүлде белгісіз жүрсем де, аты шыға бастаған жазармандардың ешқайсысын өзіме теңгермес едім. Берік сенім, ішкі түйінім бойынша, осы 60-жылдардың басында менің алдымдағы, кейін үлкен атаққа шыққан жас қаламгерлер ішінде ең үздігі жалғыз қара – Тобық Жармағамбетов деп білдім...»
Бұл әңгімеде Тоқаңның жалпы шығарма­шылығы туралы біршама сөз етіледі. Әрине, Мұхтар Мағауиннің көзқарасымен. Мен солардың «Отамалыға» қатыстысын ғана алдым. Сөзінің соңғы жағына қарай кемел қаламгеріміз: 
«...Нәзік бұлттардың» алғашқы жарымы ХХ ғасырдағы қазақ прозасының таңдама беттерінің қатарында; бұл роман кейіпті хикаят, тұтастай алғанда да, ескірмейтін, кейін де оқыла беретін сапалы шығарма. Ал «Отамалы» аңыз-толғауы біздің классикалық әдебиетіміздің өзгеше бір үлгісі болып қала бермек», – деп және бір атап өтеді. 
Мен Мұхтар ағамыздың өзімен қатарлас ғұмыр кешкен аға, құрдас, інілер туралы соңғы кездері жариялап жүрген осындай естеліктерін қадағалап оқып жүремін. Және ағамыздың оларға берген бағасымен келісіп отырамын. Мұхтар ағамызда асыра мақтау жоқ, кімді болса да, әйтеуір, сылтау тауып жер-жебіріне жетіп даттау да жоқ. Кім-кімге де өз көңіліндегі лайықты бағасын береді. Дәлелімен, әрине.

«ТАУЛАР МЕН ШОҚЫЛАРДЫҢ АРАСЫНДА АЗДАҒАН ҰҚСАСТЫҚ БОЛАТЫНЫ ДА БЕЛГІЛІ»

Мұны айтып отырғаным, қазір ешкім қорқытып тұрмаса да, әлдекімдер туралы жазсақ, жылтыр сөзді, оқырманды сендіре алмайтын құрғақ мақтауды аямайтын болдық. Кезінде Қасым Аманжолов өмірден өткен соң Мәскеуден шығатын шығармаларының екі томдығына Тәкен Әлімқұлов (1955 жылы) алғы сөз жазған екен. Сонда мынадай жолдар бар: 
«...Әрине, оны классиктердің қатарына сүйреп әуре қылмаймыз. Бірақ дарынды жазушылардың творчествосының озық жақтарына тәнті болуымыз, сүйсінуіміз ләзім деп білеміз. Таулар мен шоқылардың арасында аздаған ұқсастық болатыны да белгілі. Далада әлдеқалай сарқылып қалған қақтан гөрі кішігірім көк теңізге көбірек ұқсайтыны талас туғызбайды. Қасым – Абай сияқты шалқыған теңіз бола алған жоқ. Бірақ ол қазақ сахарасындағы теңізге талпынған санаулы көлдердің бірі еді. Сондықтан оның мұрасын бек қадірлейміз, өз мұғдарына қарай әділ бағасын беруді мұрат санаймыз». 
Біз ұнатсақ та, ұнатпасақ та, бұл Тәкен ағаның өз пікірі еді. Өзімен сырлас болған аға-досы туралы жаза отырып, қара сөздің зергері өз шындығын өзі аттап өте алмағанға ұқсайды. Жо-жоқ, бұл мақалада шошындыратын ештеңе жоқ. Қайта қазір де Қасым жөнінде жазылған зерттеулердің ілгері қатарында тұра беретін сапалы мақала бұл. Өкініштісі, қазір кім туралы жазса да, жоғарыда айт­қанымыздай, пікірін өзі ойлаған қалыпта жазбау, әйтеуір, қайткенде де жұртты оқытудың қамын ойлау алғы кезекке шығып кеткенге ұқсайды.

ТӘУЕЛСІЗДІК КЕЛГЕН СОҢ КІМНІҢ КІМ ЕКЕНІН АНЫҚТАУДЫҢ МҮМКІНДІГІ ТУДЫ

Мысалы, ХІХ ғасырдың орта шенінде туып, ХХ ғасырдың басында өмірден өткен ақын Шәңгерей Бөкеев туралы біршама білетін сияқты едік. Сол білгеніміз өмірлік азық болып қала беретіндей-ді. Тәуелсіздік келген соң кімнің кім екенін анықтаудың мүмкіндігі туды. Сол шақта (1998 жылы) әдебиетші, ғалым, эссеист Мақсат Тәж-Мұрат «Шәңгерей. Жасампаздық өмірі» дейтін кітап шығарды. Шетел, орыс әдебиетшілерінің ең озық зерттеу дүниелері үлгісімен жазылған бұл кітаптан соң, мысалы, маған басқа да сол заманғы ақындар туралы жазылған дүниелерді оқу қиынға соқты. Белгілі фактілерді олай да, бұлай да сүйрелеп, бір айтқанды он рет қайталай беретін құр сөздер қанағаттандырмайтын болды. Мына кітапта Шәңгерей ақынның бүкіл өмірі фотосуреттегідей анық көрініп тұрды. Шәңгерейдің идеялық ұстанымы, өмірдің өткіншілігі туралы жазуы, ескі заманды аңсауы, торығуы тәрізді бұған дейін айып болып тағылып келген барлық тіршілік формасы, жалпы, сол кезеңнің тынысы түгелімен жаңа бір әдіснамамен ұсынылды. Мақсаттың тілінің ерекшелігі – өз алдына бөлек бір әңгіме.
Бөгде бір нәрседей көрінетін бұл пікірлерімді қосақтап отырған себебім, Тобық туралы, оның «Отамалысы» туралы жазылған дүниелерді де қағыс қалдырмай, оқуға тырысып келемін. Авторлар ренжімесін, сырттай тамсану басым, болжамдау көп. Жазушының лаборатория­сына ене алмаған соң, солай болады екен. Сөз «Отамалы» – классикалық дүние» деуді қайталаумен шектеледі. Бәлкім, алдағы уақытта «Отамалы» туралы шын мәніндегі мығым дүние жазылар. Оған дейін...

ЖАЗУШЫ-ЖУРНАЛИСТ ТӨЛЕМІС МЕҢДІҒАЛИЕВТІҢ «ҚЫЗЫЛ АЙЫ» не «ТӨРЛЕРІНЕН КӨРЛЕРІ ЖУЫҚ» САНТЬЯГО МЕН ОТАМАЛЫНЫҢ ЖАНКЕШТІ ӨМІРІ 

Тоқаңның достарының бірі өзіміз қызметтес болған жазушы-журналист, қазір зейнеткер Төлеміс Меңдіғалиев ағамыз еді. Осы Төкеңнің өмірінің ілкі тұсы (бозбалалық шаққа дейінгі кезі) туралы Тоқаң «Қызыл ай» дейтін повесть жазды. Бұл – өз алдына бөлек әңгіме. Беріде Төлеміс ағамыз Тоқаң туралы кей ойын қағазға түсірді. Сол әңгімелерінің бірінде Төкең былай деп жазады:
«...Тоқаң жүрісін баяулатып, алға бір қарап алды да: «Жүр», – деді. Өзі көшенің сол бетіне қарай бұрылды. «Не істейін деп жүр?» деген сұрақ көкейімде тұрса да, айтқанына көніп, соңынан ере бердім. Біз кітап дүкенінің алдына кеп тоқтадық.
– Төке, қалтаңда ақша бар ма? – деп сұрады ол. Өзі шалбарының қалтасына екі қолын бірдей сүңгітіп жіберіп, ақша іздеп жатыр.
Менде тиын-тебен көп болмайтын. Бола қалса темекі, міне қалсам көлікке керек болар дегендей ұсақтар жүретін. Қалтамнан арасында бірлі-жарымды жылтыраған күмісі бар, өңкей қара бақыр алып, оған көрсеткен болдым.
– Сен осы америкалық жазушы, 1954 жылы Нобель сыйлығына ие болған Эрнест Хемингуэйдің шығармаларын оқып па едің? – деп сұрады ол дүкен сөрелеріндегі кітаптарға көз жүгіртіп.
– Жоқ, – деймін мен оның не істемек ойын білмей, соңынан ере жүріп.
Ол менің жауабымды естіді ме, әлде естімеді ме – енді онымен шаруасы болмағандай, үн-түнсіз кітап сөрелерін жағалай берді. Сосын «қап, өтіп кетпесе, болар еді» деп кімге айтқаны белгісіз, өзімен-өзі сөйлеп, сатушы қыздардан әлгі жазушының кітабын сұрады. Кітап өтіп кетіпті.
– Жүр. Менде бар ол кітап. Сен оны қалайда оқып шығуың керек, – деп мені үйіне қарай бастады. Бақсам, сол күні ол маған Хемингуэйді сатып әпермек болған екен ғой...»
Ал бұл үзіндіні келтіріп отырған себебім – Тоқаңның шығармашылығын талдаушылардың сол Эрнест Хемингуэй­дің «Шал мен теңіз» повесі мен Тобық Жармағамбетовтің «Отамалы» әңгімесінің арасындағы идеялық, оқиғаны өрбітудегі ұқсастықтарды айтатыны бар. Бұған да дау айту қиын. 
Расында да, екі шығармада да басты кейіпкерлердің бір күнгі өмірі баяндалады. Және екеуінің де мазмұны – өмір үшін күрес. Сантьяго әлемінің басты ұстыны – балық. Отамалы өмірінің негізгі өзегі – қой. Бірінде оқиға теңізге тақау мекеннің тіршілігі арқылы дамиды, екіншісінде мал баққан елдің тұрмысы бейнеленеді. Бірақ екі шығармада да екі кейіпкердің еңбегі еш, тұзы сор. «Еңбек етсең – емерсің», «Еңбек бәрін де жеңбек» деген сияқты шығарып салма қисындар бұл арада жұбаныш бола алмайды. 
Жалпы, Сантьяго мен Отамалы не үшін жанкешті болып жүр? Екеуінің де бай болып барша мұратқа жетуден енді үміті жоқ. Былайша айтқанда, «төрлерінен көрлері жуық». 
Бұларды байлап ұстап тұрған нәрсе – көз ашқаннан бастап мойнына мініп алған ежелгі кәсіп. 
Сантьягоның балықтан басқа көрген-баққаны аз. Рас, бейсбол жанкүйері. Қалалық өмір салтында бұл қосымшаның орынды реті бар. 
Ал ондай спорт ойындарының қызығынан мақрұм Отамалының әуелгіден көзіне түскені – атадан қалған ақ таяқ. Әріректе біздің газеттер «атадан қалған ақ таяқтың иесі» деп дәріптейтін кәсіптің символы. Сол кәсіп неше атамыздан қалса да, бәрібір Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткізе алмай діңкеледік емес пе? «Отамалы» жазылған шақта да қой бағу қазақтардың ғана бейнеті еді. Басқа ұлт өкілдерінің арасында шопан болғандар бар шығар-ақ. Бірақ құмның арасындағы инедей ғана болымшы бірдеңе-тұғын. Ал Мәскеуге күн сайын жіберіліп тұратын вагон-вагон қой етін өндіретін қазақтың қойшылары еді. Соларға жақсы жағдай жасалса, артық кететіндей көрініп, қойшылардың қойдан да өткен көнбіс төзімділігі ұдайы мақталатын. Кезінде өзі де қой бағып көрген жас жазушы Жұмабай Шаштайұлы осының астарына үңіліп, «Қызыл қар» дейтін повесть жаза қойып еді, Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысынан бастап біршама шенеуніктер қаламгердің соңынан шоқ ала жүгірді. 
Солай болатынын білді ме, әлде саналы түйсікпен аңғарды ма, әйтеуір, Тоқаң оқиғаны да, оған араласы бар кейіпкерлерді де Октябрь революциясынан (1917 жылдан) тым әріде жатқан ежелгі кезеңге аудара салды. «Мынауың бәрібір қойшының қандай өмір сүретінін әшкерелеп отыр ғой» деп аттан салатын сауатты цензор ол кезде болмағанға ұқсайды. Оның үстіне «Отамалы» қазақ арасында әуелден қалыптасып қалған атау еді. Тоқаң тек соның шығу тарихын жазып отырған сияқты болып көрінетін.
Екі шығарманың да тағы бір ұқсастығы жалғыздық психологиясын тербетуі еді. Оқып отырсаңыз, «Отамалыда» соншама көп кейіпкер кездеспейтін сияқты. Кейіпкерлер бар, бірақ олар Отамалы қойын өріске шығара берген сәттен-ақ екінші планға ығысады. Содан бастап олардың бұған, Отамалының оларға қатысы жоқтай болып кетеді. 
Анау 1980 жылдарға дейін атжалын тартып мінген жігіттеріміз қазақ қойшыларының (сыпайылап айтқанда, шопандарының) қалай өмір сүретінін күнде көзбен көріп жүрді, сол кезден бастап-ақ «атадан қалған ақ таяқтан» жеріну басталды деуге болар. Сол кезден бастап-ақ зоотехникалық-малдәрігерлік оқу орындарының да беделі төмендей бастады. Ойын-сауық жеткілікті, қатар-құрбы шалқып жүрген ортадан аулақ күн кешу, село қалаға теңелуге жақындап қалғанын сезіп жүргендерге қайдан қол болсын. Сол сексенінші жылдардың шамасында журналистердің бірі біздің облыстық газетке атақты шопан, Социалистік Еңбек Ері Науан Досмағамбетовтің лебізін ұйымдастырып бергені бар. Сонда шопан «біздің ізбасарларымыз бола ма болашақта?» деген мағынада әңгіме қозғаған. Жо-жоқ, қой еті керек қай заманда да; ендеше, қай заманда да қойшы да болуы керек екені әркімге де белгілі емес пе. Олай болса, халқымызды аштыққа ұрындырмау үшін, мысалы, қойды бағудың, оны көбейтудің мына жаһандануға тән әдіс-тәсілдерін табуымыз қажет шығар. Бірақ бұл енді мемлекеттік мәселе.
Ал сонау жылдары мемлекеттік мәселенің шетін көрінетін тұстарын бүркемелеп жазу әдетке айналып кеткен еді. Коммунистік партия жүргізіп отырған саясатқа қарсы фактілерді ашық пайдалану, айта көрмеңіз, басыңды жұтпағанмен, барыңды сыпырып алудың себебі болуы бек мүмкін нәрсе-тұғын. Тоқаң «Отамалыны» жазғанда сіңірі шыққан кедейлікке шырмалған қойшының (жалпы, қазақ қойшыларының) баянсыз ғұмырын, тұтас қоғамдағы жоқшылық, әділетсіздік, түрлі роль атқарып жүрген адамдар санасындағы пайдакүнемдік, надандық, парықсыз­дық тәрізді дерттерді жазғысы келді ме, жоқ па – білмейміз. Ол кезде қазіргідей өз жазған шығармасына автордың өзі баяндама жазып беруі сияқ­ты үрдістер жоқ-тын. Жоғарыда есімін келтірген Төлеміс ағамыз мынадай дерек келтірген:
«...Бір күні кеңседе басталған әңгіме көшеде қайта жалғасты. Әңгіменің тууына, сірә, мен себеп болдым ғой деймін. «Тоқа, «Отамалыдағы» анау шалды (суреттеуінде Отамалы жас емес, кексе адам ғой. Бірақ мен оны Тоқаң қайтер екен деп «шал» деп айтқанмын) адам аяйтындай тым трагедияға ұшыратып жіберген екенсіз. Өліммен аяқтау обал емес пе?» – деп сұрағанмын. Ол төмен қарап келе жатқан күйі жымиып күлді. Сұрағыма бірден жауап бермеді.
– Аянышты болса, онда «Отамалы» саған ұнаған ғой?
– Ұнағанда қандай! Тек...
– Трагедиямен аяқталмайтын шығарма дүниеде жоқ деп пе едің?! Анау Шекспирді оқы, Лев Толстойды оқы... (Тоқаң дүние­жүзінің әйгілі жазушыларының есімін шұбыртып ала жөнелді), барлығында дерлік ондай трагедиямен аяқталар шығармалар баршылық. Мәселе шығарманың аяқталуында емес, рас, оның да үлкен ролі бар, тіпті кейбір шығармаларда негізгі идея аяғында шешіледі, бәрінен бұрын көтеріп тұрған жүгінде ғой, – деп қызуланып барып, әзер тоқтады».
Ал шығарманың (соның ішінде «Отамалының» да) көтеріп тұрған жүгін талдау кәсіби сыншылардың міндеті, оған, әрине, біз тәрізді қарапайым оқырмандар да өз пікірін қосып жатса, артықтық етпейтіні мәлім. Өйткені оқырмандардың да бірқатарының өмір салтының сол Сантьяго мен сол Отамалыдан асып бара жатқаны шамалы. Рас, балық аулау да, қой бағу да күнкөріс қамы. Күнкөріс қамын ойламау­ға да болмайды. Бірақ (өзімізге де бір айналып қарасақ), қандай түрі болса да, творчествомен айналысқандар шабытпен, талантпен туыстас еңбегін ілдәлда күнкөріс қамына айналдыруға тиіс емес. Ғұмыры газет алдыратындарды бір ерекше мақаласымен сүйсінте алмаған, сөйте тұра газетте пәленбай жыл қызмет еткенін бұлдайтын шала-жансар тілшінің, ғұмыры бір өлеңімен (бір әңгімесімен) кітап сатып алғандарды тәнті ете алмаған, сөйте тұра пәленбай «брошюра» шығарғанын масаттана айтатын қуыс кеуде жазарманның Сантьяго мен Отамалыдан несі артық. Артық емес, кем. 
Қысқасы, «Отамалы» – барша өмірі күнделікті нәпақа табудан аспайтын, асуы да мүмкін емес, әуелден сондай бейнет арқалап туған, сол бейнеттен өлмей құтылмайтын миллиондаған пенденің ортақ портреті.

Ертай АШЫҚБАЕВ 
ақын, Халықаралық 
«Алаш» әдеби сыйлығының 
лауреаты
Ақтөбе

723 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы