- Ақпарат
- 11 Сәуір, 2024
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: ЖАҢА БӘСЕКЕ
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,
«Ana tili»
12 сәуір – Қазақстандағы Ғылым қызметкерлері күні. Қазақ – әу бастан кез келген табыстың тек тынымсыз еңбек пен оқу арқылы келетінін жіті түсінген халық. «Ғылым таппай мақтанба...» деп, ұрпақты ғылым, білімге үндеген ұлы Абайдың даналық ұстанымы қазір де маңызын жойған жоқ. Бүгінгі өркениет өлшемі ғылым мен білімнің даму көрсеткішіне байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Осы айтулы дата – Ғылым қызметкерлері күнінің аса көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келуінің мәні зор. Перспективасы бар ғылыми зерттеулерді қолдау, ұлтымыздың зияткерлік әлеуетін арттыру – сөзсіз шешімін табуға тиісті стратегиялық міндет», – деген болатын. Президент «Ғылымды дамыту – Қазақстанның аса маңызды басымдығы болып қала беретінін» басты назарда ұстап отыр.
Жасанды интеллект қолданылмайтын сала жоқ. Адамның ақыл-ойын қажет ететін қызметтердің бәрін жасанды интеллект атқарып отыр. Десе де, мамандар оның адамзатқа қауіпті тұстары бар екенін айтады. Себебі осы күні жасанды интеллект арқылы адамдарды бақылау күшейген. Біз осы орайда «Жасанды интеллект адам өмірін қалай өзгертті?», «Адамзат үшін қаншалықты қауіпті?», «Қандай салаларда кеңінен қолданылады?», «Жасанды интеллект адамнан озып кетуі мүмкін бе?», «Болашақта адамдардың жұмыссыз қалу қаупі бар ма?», «Қазақстанда жасанды интеллект саласы қалай дамып жатыр?» деген сияқты сұрақтарға жауап іздеп көрдік.
Өмірді жеңілдетті
ҒЖБМ ҒК «Ақпараттық және есептеу технологиялары институты» РМК бас директорының орынбасары Өркен Мамырбаев жасанды интеллект деп адамның санасы сияқты әртүрлі функционалды функцияларды басқара алатын күрделі механизмді атады.
«Қазір ғылым саласы ретінде жасанды интеллекті шешетін күрделі есептер бар. Соларды шешу процесінде, мысалы, жер қойнауын зерттеу, ғарышты игеру секілді салаларды автоматтандыруға тура келді. Адам баласының қолы жетпейтін жерлерді, жүйелерді автоматтандыру, интеллектуалды жүйелерді енгізу, жасанды интеллектінің пайда болуына әкелді. Соның бірі – қарапайым ChatGPT, мысалы сіз сұрақ қоясыз – ол энциклопедия сияқты мәтінді құрап, талдау жасап, түсіндіріп береді. Сол сияқты әртүрлі, күрделі жасанды интеллекті бар, өндірісте, ғарыш саласында қолданылады. Осындай жасанды интеллектілер автоматтандырылған процесте немесе технологиямен қатар дамып отырды. Сондықтан ғылым, технологияның даму барысында жасанды интеллект те барынша дамып, жетіліп келе жатыр.
Жасанды интеллект өмірімізді барған сайын жеңілдетеді. Киім-кешек, тауар сатып алу барысында ЖИ көмегімен кез келген тауарды тауып, сатып аласыз. Күнделікті машина сату, үй сатып алу процесінде жасанды интеллект белгілі бір сомасына, параметріне байланысты сұраныстарыңызды саралап, қалауыңызды алдыңызға әкеле қояды. Соның ішінде талдау жасап бере алады. Қарапайым реферат жазуда сіз ChatGPT-ді қолдана аласыз. ЖИ кен өндірісінде қолданылады, адам түсе алмайтын тереңдікті роботтардың саналы түрде жұмыс істеп, белгілі бір минералдарды өндіріп беруі немесе химия процесінде әртүрлі химиялық реакцияларды қадағалауы мүмкін, немесе ядро өнеркәсібінде, өзіңіз білесіз, синтез жүріп жатады, жоғары температурада жұмыс атқарылуы керек болады, яғни мұнда да ЖИ көмегіне зәруміз. Яғни адамның атқаруы қиын жұмыстың көбін жасанды интеллект басқарып, өмірді барынша жеңілдетіп келе жатыр. Жеңілдеткен сайын даму, күрделі есептерді шешуге жол ашылады. Ғылыми техникамыздың қарыштап дамуына, жұмысымыздың жеңілдеуіне ЖИ осындай үлкен мүмкіндіктер беріп, ықпал етеді», – дейді Өркен Мамырбаев.
IT ғалымының айтуынша, болашақта адам қызметін толығымен роботтар атқарады деп айту қиын. Кей салада роботтар, қарапайым тілде айтсақ, мысалы, медицина саласында эксперттік жасанды интеллектілер бар. Мәселен, УДЗ, Томография сияқты аппараттар әртүрлі суреттерді алады, жасанды интеллект талдау жасап көрсетеді. «Мына жерлерде мынадай ауру бар, оған мынадай дәрі қолдансаңыз болады» деп анықтап береді.
«Бірақ сіз жасанды интеллектінің жазып берген дәрісін алып қолдана салмайсыз, одан басқа да патологиялар болуы мүмкін, басқа аурудың түрлері туындауы ықтимал, оның ұсынған дәрісі басқа аурудың асқынуына әкелсе ше? Сондықтан ЖИ қанша дамып жатса да, адам – негізгі эксперт. Әзірге әлемді толық роботтар басқарып, жұмыссыздық туындайды деу мүмкін емес. Ол роботтар күрделі есептерді шешуге ғана мүмкіндік береді. Мысалы, терең шахталарда, кен орындары мен ғарышта әртүрлі зерттеулер жүргізгенде қолданылуы мүмкін. Автомобильді жүргізуде, мысалы, сіз машина айдай алмасаңыз, робот автоматты түрде көлікті жүргізіп береді. Кейбір роботтар сізге арнайы чат құрып, ұсынады – арнайы шешімді бәрібір өзіңіз қабылдайсыз. Сондықтан адамзат жұмыссыз қалуы мүмкін деген ақпарат – қазір қауіп төндіріп тұрған ақпарат емес», – дейді Өркен Жұмажанұлы.
Білікті, білімді адам роботты басқарады
Маманның айтуынша, әрқашан білікті, білімді адам роботты басқарады. Өркениетке ілесе алмасақ, жаңа технологияларды меңгермесек, қолданбасақ, артта қаларымыз анық. Яғни жаңа технологияларды өзіміз жасауымыз керек.
«Өйткені жасанды интеллект, өзіміздің интеллектуалды жүйеміз болмаса, онда шетелдің жасанды интеллектісін қолдануымызға тура келеді. Соған ақы төлеп, басқа біреуге тәуелді боламыз. Сондықтан жасанды интеллект технологияларын өзіміздің өркениетте, елімізде қолдану керек. Яғни өзіміздің пайдамызға қарай дамытуымыз қажет. Егер біз ол жүйені дамытпасақ, онда артта қалып қоямыз және оны қуып жете алмаймыз. Өздеріңіз көріп отырсыздар, ChatGPT қазір қазақ тілінде де жауап бере алады, ойды жазып түсіреді. Оны шетелдік компаниялар әзірледі, ал біз тұтынушы ретінде қолданып отырмыз. Енді оның ақылы түрі пайда болады.
Әрине, жасанды интеллект бізбен қатар дамиды. Бірақ оны дамытып, үйретіп отыратын – адам баласы, әртүрлі ақпараттарды үйретіп, оның қатесін түзеп отырады. Оның қатесін түзей-түзей, дұрыс шешім қабылдауына мүмкіндік береді. Бірақ әрқашан оның шешімін дұрыс-бұрыс екенін көрсетіп отыратын – адамзат баласы», – дейді Өркен Мамырбаев.
Сарапшының айтуынша, Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту үшін өзімізге керек ақпараттарды электронды жүйеге енгізу керек. Мысалы, Америка осыған дейінгі өзінің есептерін электронды түрде бір жүйеге сақтап отырды. Осы мәліметтері өсіп, миллиондаған ақпарат пайда болған кезде әлгі ақпаратты суырып алу арқылы жасанды интеллектіні үйреткен. Ал содан ақпаратқа талдау жасау арқылы интеллект дамып отырды.
«Біз де бүкіл жүйені, ақпаратты электронды нұсқада сақтап, оларды жүйелі құрып отырсақ, жасанды интеллектінің өзін жасауға мүмкіндік барын, осы саланы дамыта беретінімізді түсінеміз. Арнайы серверлерімізге суперкомпьютерлер орталығын ашып, сол орталықтарда деректер сақтауымыз қажет. Ол деректерді арнайы талдау жүйелерін анықтап және оған жасанды интеллектіні орнатып, деректерді басқарып, керекті сұрақтарға жауап беретіндей жүйе құру маңызды. Ал қандай мәселелерге назар аударуымыз қажет дегенде, ең бірінші, стандарттарды анықтау, білікті мамандар даярлау, қажет құжаттармен, бағдарламалармен, техникамен қамтамасыз етуді ойластырған жөн. Арнайы институттарды дамытып, Үкімет пен нарықтағы компаниялармен байланыстыруымыз да керек», – дейді Өркен Жұмажанұлы.
Ақылды машина
Журналист, ІТ маманы Мейіржан Әуелханұлының пікірінше, ЖИ кейбір жұмыс орындарын қысқартып, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарының пайда болуына да ықпал етті. Маман, алдымен, жасанды интеллектінің қалай пайда болып, қалай жұмыс істейтінін түсіндіруге тырысты.
«Жасанды интеллект – адамның ойлау қабілетін, үйрену, шешім қабылдау және тілдік қарым-қатынасты модельдейтін компьютерлік жүйелерді жобалап, әзірлеумен айналысатын компьютер ғылымының саласы. Жасанды интеллектінің негізгі мақсаты – машиналарға «ақылды» мінез-құлық көрсетуге мүмкіндік беру, яғни оны адам сияқты ойланып, үйреніп, мәселелерді шеше алатындай етіп жасау.
Жасанды интеллектінің даму тарихы 1950 жылдардың басынан басталады. Алғашқы маңызды қадам – Алан Тьюрингтің «Ойланатын машиналар бар ма?» деген мақаласының жариялануы, онда ол адам мен машинаның ойлау қабілетін салыстыруға болатын тест (Тьюринг тесті) ұсынды. 1956 жылы Дартмут колледжінде өткен конференция ЖИ саласындағы алғашқы маңызды оқиға болып саналады және осы кезеңді ЖИ ғылым ретінде қалыптасуының бастауы деп қарастыруға болады.
ЖИ саласының дамуында бірқатар алға жылжулар мен кейбір қиындықтар болды. 1960 және 1970 жылдары пайда болған оптимизм кейін «қысқы кезеңдерге» ұласып, қаржы қоржынын кемітті, себебі көптеген амбициялы жобалар үміттенген нәтижелерге жете алмады. Дегенмен 1980 жылдардың ортасында машиналық оқыту және нейрондық желілер саласындағы жаңа жетістіктер ЖИ-дің жаңа дәуірін бастады.
1990 жылдардан бастап интернеттің дамуы және компьютерлік технологиялардың қарқынды өсуі ЖИ-ді қолданудың жаңа мүмкіндіктерін ашты. Қазір ЖИ саласындағы зерттеулер мен қолданулар түрлі салаларда, соның ішінде медицина, қаржы, өнеркәсіптік автоматтандыру, көлік және ойын-сауықта қолданылып жатыр», – дейді Мейіржан Әуелханұлы.
Маманның айтуынша, жасанды интеллект күнделікті өмірімізге терең әсер етті және адамзат дамуына зор ықпалы бар. Біріншіден, жұмыс орнында автоматизация: ЖИ негізіндегі технологиялар көп саладағы қайталанатын және жалықтыратын тапсырмаларды автоматтандыруға мүмкіндік берді. Бұл жұмыс орнын өзгертіп, адамдарға шығармашылық және стратегиялық ойлауға көбірек уақыт бөлуге жол ашты. Екіншіден, медицинадағы прогресс: ЖИ диагностика және науқастарды бағалау процесін жақсартты, сондай-ақ дәрі-дәрмектерді жасауда жаңа мүмкіндіктер есігін ашты. ЖИ негізіндегі алгоритмдер рак сияқты ауруларды анықтауда дәрігер қабілетін күшейтеді. Үшіншіден, күнделікті өмір: ЖИ күнделікті өмірімізді жеңілдететін өнімдер мен қызметтерді жетілдіруде маңызды рөл атқарады. Смартфондардан бастап үй шаруашылығындағы автоматтандырылған құралдарға дейін. ЖИ қолданбалары күнделікті тірлікті жеңілдетеді және жеке бейімделген тәжірибе ұсынады. Төртіншіден, қаржы және сауда: ЖИ негізіндегі алгоритмдер қаржы секторында, соның ішінде инвестицияларды басқаруда, фишинг алаяқтарын анықтауда және клиенттерге қызмет көрсетуде революция жасады. Бесіншіден, логистика мен өндірістік процестер: ЖИ өндірістік жоспарлау мен тасымалдауды оңтайландыруда үлкен рөл атқарады, бұл өндіріс тиімділігін арттырады және қоршаған ортаны қорғауда маңызды. Алтыншыдан, қоғамдық қауіпсіздік және болжам: ЖИ – қоғамдық қауіпсіздікте, қылмыстың алдын алуда және табиғи апаттарды болжауда маңызды құрал.
ЖИ-дің бұл өзгерістері адамзаттың өмір сүру сапасын арттыруға және күрделі мәселелерді шешуге айтарлықтай ықпал етті. Дегенмен ЖИ-дің қарқынды дамуы этикалық, құқықтық және қауіпсіздікке қатысты мәселелерді де тудырады, бұл салалардағы мамандардан осы мәселелерді шешу үшін үздіксіз жұмыс істеуді талап етеді.
Жасанды интеллект әкелетін өзгерістер
Болашақта роботтар мен жасанды интеллект жүйелерінің адамдардың жұмыс орындарын алмастыру мәселесі ғалымдар, экономистер және билік өкілдері арасында кеңінен талқыланып отыр. Бұл мәселе күрделі және бірнеше аспектілерді қамтиды:
«1. Жұмыс орындарының автоматтандырылуы. Тарихтан білетініміз, технологиялық прогресс белгілі бір салалардағы жұмыс орындарының жоғалуына әкелді, бірақ бұл сонымен қатар жаңа жұмыс орындарының пайда болуына да ықпал етті. Мысалы, аграрлық қоғамнан индустриалды қоғамға ауысу кезеңінде көптеген адам жұмыссыз қалды, бірақ соңында жаңа өнеркәсіптік жұмыс орындары пайда болды.
2. Жұмыс сипатының өзгеруі. Автоматтандыру мен ЖИ қайталанбалы және физикалық жұмыс орындарын алмастыруы мүмкін, бірақ сонымен бірге жаңа дағдылар мен білімді талап ететін жұмыс орындарын тудыруы ықтимал. Осыған байланысты, адамдарды қайта даярлау және білім беру жүйелерін жетілдіру маңызды.
3. Қоғамдық және экономикалық саясат. Жұмыссыздықтың артуына жол бермеу үшін қоғамдық және экономикалық саясат, мысалы, негізгі кіріс, жұмыс уақытын қысқарту және қайта даярлау бағдарламалары сияқты іс-шаралар қабылдануы мүмкін.
4. Шығармашылық және моральдық жұмыстар. Сарапшылар адамдардың шығармашылық, моральдық және күрделі әлеуметтік қарым-қатынас талап ететін жұмыстарда адам еңбегі мен шығармашылығы әлі де басым болатынын айтады. ЖИ мен робот техникасының осы салаларда адамды түгелдей алмастыруы екіталай.
Сонымен қатар технологиялық даму қарқыны мен оның қоғамға ықпалын реттеу үшін саясаткерлер, ғалымдар, жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасында кең көлемді диалог қажет. Болашақта технологиялық прогресс пен оның әлеуметтік-экономикалық әсері туралы болжамдар өте әртүрлі жасалуы мүмкін, бірақ бұл өзгерістерді басқару үшін кез келген жағдайға дайын болу маңызды», – дейді Мейіржан Әуелханұлы.
Оның айтуынша, жаңа технологиялық өркениеттің пайда болуы мен оның адамзаттан асып түсу мүмкіндігі – ғалымдар, философтар және технология сарапшылары талқылап жүрген күрделі мәселе. Бұл идеяның астарында жасанды интеллектінің дамуы мен оның адамдармен қарым-қатынасының болашақ сценарийлері жатыр.
«Осы сұрақтың бірнеше аспектісін қарастырайық:
Технологиялық сингуляритет
Технологиялық сингуляритет – ЖИ жетістіктерінің белгілі бір шекарасына жеткенде, машиналар өздерін жетілдіре алатын және адамдардың интеллектуалдық қабілетінен асып түсетін кезең. Бұл теория бойынша, ЖИ адамзаттың қазіргі даму деңгейінен асып түсіп, қоғамды, экономиканы және мәдениетті түбегейлі өзгерте алады.
ЖИ және адамның қарым-қатынасы
Жасанды интеллектінің адам өмірінде үлкен рөл атқаруы адамдар мен машиналар арасындағы шекараларды бұлыңғыр етеді. ЖИ-дің дамуы адамзатқа үлкен мүмкіндіктер ұсынғанымен, бірқатар қауіптерді де тудырады, оның ішінде жұмыс орындарының жоғалуы, бақылау жүйелерінің күшейтілуі және әлеуметтік теңсіздіктің артуы.
Адамдардың рөлі
Технологиялардың дамуы адамдарға тәуелділікті арттыра түседі, бірақ сонымен бірге адамдардың шығармашылық пен инновация жасаудағы рөлін де арттырады. Технологиялық дамудың бағытын адамдар анықтайды және бұл процесте этикалық, қоғамдық және экономикалық сұрақтарды шешу маңызды», – дейді Мейіржан Әуелханұлы.
Отандық жобалар
Қазақстанда жасанды интеллект және технологиялық инновация салаларында бірнеше қызықты әрі сәтті жобалар іске асқан. Бұл жобалар әртүрлі салаларда, соның ішінде медицина, білім беру, қаржы және өнеркәсіпті автоматтандыру сияқты салаларда адамдардың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Осы орайда IT маманы Мейіржан Әуелханұлы кейбір қазақстандық жобаларды атап өтті:
«Nommi – Қазақстандық стартап, Wi-Fi роутерлерін әзірлеуге маманданған. Бұл роутерлер әлемнің кез келген жерінде интернетке қосылу мүмкіндігін ұсынады. Nommi жобасы арқылы адамдар сапарда жүргенде де, жұмыс істегенде де өздерінің құрылғыларын интернетке қоса алады.
Clockster – Жұмыс уақытын бақылауға арналған ЖИ негізіндегі платформа. Clockster компанияларға қызметкерлерінің жұмыс уақытын басқаруға көмектеседі, бұл, өз кезегінде, жұмыс үрдісін жетілдіріп, өнімділікті арттырады.
BI Group – Қазақстанның құрылыс секторында жасанды интеллект пен технологияларды қолдану бойынша жетекші компаниялардың бірі. Олар құрылыс процестерін автоматтандыру және тиімділігін арттыру үшін ЖИ технологияларын пайдаланады.
SmartSatu – E-commerce саласындағы стартап, ол логистика және тасымалдау процестерін оптимизациялау үшін жасанды интеллектіні қолданады. Бұл жоба өнімдерді жылдам әрі тиімді жеткізуге көмектеседі.
Enbek – Қазақстанның жұмыспен қамту порталы, ол жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты жеңілдету үшін ЖИ элементтерін қолданады. Бұл платформада жұмыс іздеу және талап етілетін дағдыларға сәйкес жұмыс орындарын табу процесі оңтайланған.
Бұл жобалар – Қазақстандағы инновация мен жасанды интеллект саласындағы кейбір сәтті қадамдар бар екеніне дәлел. Олар Қазақстанды технологиялық дамудың жаңа кезеңіне бастап, жергілікті және халықаралық деңгейде танымалдыққа ие болып келеді», – дейді Мейіржан Әуелханұлы.
Осы орайда сарапшы Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту үшін кешенді және жүйелі жоспар мен тәсілдер қажет екенін, мұндай даму стратегиясы технологиялық инновацияларды ынталандыруға, білім беру жүйесін жаңғыртуға және қолданбалы зерттеулер мен әзірлемелерге инвестициялауды қамтуға тиіс екенін айта келе, мына бағыттарға назар аудару қажет деп атап көрсетті:
«Білім беру және дайындық
Білім беру жүйесін жетілдіру. ЖИ және байланысты салалар бойынша мамандарды даярлау үшін университеттер мен колледждерде тиісті бағдарламаларды құру немесе кеңейту.
Үздіксіз оқыту және қайта даярлау. Қазіргі мамандар үшін ЖИ технологиялары бойынша қосымша оқыту курстарын ұсыну.
Зерттеу және әзірлеу
Ғылыми-зерттеу жұмысын ынталандыру. Қазақстандағы зерттеу институттары мен университеттерді ЖИ саласындағы қолданбалы және негізгі зерттеулерге инвестициялау.
Стартаптар мен инновациялық кәсіпорындарды қолдау. Технологиялық кәсіпкерлікті дамыту және ЖИ саласындағы стартаптар үшін қолайлы бизнес орта құру.
Қоғамдық-саяси орта
Заңнамалық базаны жетілдіру. ЖИ технологияларын қолдануға қатысты заңнамалық және этикалық нормаларды әзірлеу.
Халықаралық ынтымақтастық. ЖИ саласындағы халықаралық тәжірибе алмасу және әріптестікті дамыту.
Технологиялық инфрақұрылым
Қолжетімді және тұрақты инфрақұрылымды құру. Жоғары жылдамдықты интернет желісі мен компьютерлік ресурстарды дамыту.
Деректерді басқару және қорғау. Жеке деректерді қорғау және ашық деректерді пайдалануды жақсарту.
Әлеуметтік сана
ЖИ-дің әлеуметтік және экономикалық әсері туралы ағарту. Халық арасында ЖИ технологияларының пайдасы мен ықтимал қауіптері туралы сананы қалыптастыру.
Этикалық және қоғамдық талқылау. ЖИ технологияларының дамуы мен қолданылуына қатысты этикалық мәселелерді талқылау», – дейді Мейіржан Әуелханұлы.
Маман ЖИ саласындағы прогреске жету үшін жүйелі әрі кешенді көзқарас қажет, ол ғылыми зерттеулерді, технологиялық инновацияларды және әлеуметтік дайындықты қамтуға тиіс деген пікірін ортаға салды.
1499 рет
көрсетілді0
пікір