• Ақпарат
  • 10 Ақпан, 2009

Алаштың астанасы, Қазақтың бас қаласы

Кеше Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов халықпен есепті кездесуін өткізді

Облыстардың, ірі қалалардың басшылығының 2008 жылы атқарған жұмысы жайлы есеп беру кездесулері жылдағыдай Алаштың ордасы, қазақтың бас қаласы – Астанадан басталды: кеше, яғни 4-ақпан күні таңертең Астанадағы Конгресс-Холлда қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов қала жұртшылығымен кездесіп, былтыр атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді, алда жүзеге асырылатын істердің ауқымынан хабардар етті. Төрт сағатқа созылып, жұртшылық ықыласын бір сәт те суытпаған жүздесудің соңғы бөлігі әдеттегідей сұрақ-жауапқа арналды. Залдағыларға қарата бірқатар қатысушылар айтқан сұрақ-жауапты доғару жөніндегі ұсынысты «Қырқы кетіп, қырық бірі қалды ғой» деп, қазақы мәтелмен әдемі серпіген әкім халық қойған сұрақтың ірісіне де, ұсағына да, дөкейіне де, көпейіне де түгел жауап берді. Сөйтіп биылғы жүздесу де былтыр Алматыда өткен есеп беру кездесуінен әсте кем түспеді.

Алаш астанасының ахуалы қазір экономикалық дағдарыс төрткүл дүниеге қиыншылық туғызып жатыр. Мұндай сыни өткелектің салқыны Қазақстанға да тиюі – заңдылық. Әсіресе, қазынасына кәсіпкерлік саласындағы өзгерістердің ықпалы тез аңғарылатын Астана үшін экономика машинасы алдыңғы жылдардағыдай дүрілдеп тұрмағаны анық. Дегенмен үкіметтік қамқорлық, білікті әкімшілік ұйымдастыру өгізді өлтірмеуге, арбаны сындырмауға бел бууда.

Әуелгі сөз – өнеркәсіп жайы

Астананың өнеркәсібі туралы сөз саптағанда, басым бағыт өңдеуші өнеркәсіп екеніне екпін түсірген ләзім. Себебі 2008 жылы оның күллі өнеркәсіп атаулыдағы үлесі 85 пайызға жуықтады. Ал қалғанын электр энергиясын, көгілдір отынды және суды өндіру мен бөлу міндеті толықтырды. Жоғарыда аталған кезең ішінде қаламыздың өңдеуші өнеркәсіптік мекемелері шығарған өнім мен көрсеткен қызмет ауқымы 110 50,3 миллион теңгеге бағаланды. Бұл – 2007 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, 25 пайызға кем көрсеткіш. Кемшіліктің себебі өндіруші өнеркәсіпте өнім шығару ауқымының салыстырымға алынған өлшемнің ширегіндей үлеске аздығынан орын алды. Бұл ретте 37 пайыз бейметалл минералдық өнімдерге, яғни, құрылыс материалдарына тиесілі. 2007 жылдың сәйкес кезеңіндегі шамадан 48 пайызға төмен. Көрсеткіштің күрт құлдырауына нендей жайттар ықпал еткенін санамалап беруге болады. Бұлар – құрылысқа арналған керамикалық кірпіш, бетон және бетоннан жасалынатын бұйымдар, сатуға арналған бетон шығарудың екі есеге азаюы.

Ал металлургия өнеркәсібі мен дайын металл бұйымдар өндіру ісі екі еседей артық табысқа қол жеткізді. Негізі, бұл саланы да құрылыстық мақсатқа арналған өнімдер құрайды. Есепті кезең ішінде темір-терсек бұйымдар шығаруға қатысты шаруалардың әжептәуір дөңгеленуі «Поиск» ЖШС-ның шойын құю ісінің еселеп өсуінен жүзеге асты.

Және бір әңгіме азық-түлік және машина жасауға қатысты. Саланы «машина жасау» дегенімізбен, оған көліктерді жөндеу, түрлі қызмет көрсету, техникалық тексеру секілді шаруалар енетіні түсінікті. Қала кәсіпорындары өткен жылы 17 миллиардтан аса теңгенің тамағын өндірді. Жалпы, жоғарыда аталған екі бағыт бойынша түсім 2007 жылғы көрсеткіштен әне бір алшақ кете қойған жоқ. Ал резеңке және қауырсын өнімдер шығару, баспа ісінде әжептәуір ілгерілеушілік аңғарылды. Өсімді, әсіресе, кітаптар, брошюралар, газет-журналдар және аптасына кем дегенде төрт мәрте жарық көретін басылымдар қамтамасыз етті.

Ағымдағы кезеңде Астанада 73 ірі және орта өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істейді. Олардың арасында бәсекелестікті өрістету мақсатында бірнеше талапқа сай арнайы менеджмент жүргізілуде. Бұл бас қаланы айшықтай түсуде өзіндік маңызды шара болмақ. Сондай-ақ Дүниежүзілік сауда ұйымына енген жағдайда да әлгіндей талапқа сай келудің артықшылығы бар екені белгілі.

Өткен жылдың тамызында «Apple City FOOD» ЖШС ет өңдейтін зауыты іске қосылды. Оған 31 миллион АҚШ долларына тең инвестиция тартылды. Нәтижесінде 190 жаңа қызмет орны ашылды.

Атқарылған шаралар

Астана қаласында өнеркәсіп саласын дамыту мақсатында Индустриалдық саябақ құру арқылы инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазірдің өзінде онда инвестициясының бас-аяғы 1 070 миллион АҚШ долларын құрайтын 32 жоба орналастырылған. Оларға бөлінген жер көлемі 300 гектарға татиды. Аталған жобалар толыққанды іске қосылғаннан кейін 183 миллиард теңгенің өнімін өндіретіні жоспарлануда. Сондай-ақ төрт мың жарымдай жаңа жұмыс орны ашылатыны да – көпшілік үшін қуанышты жайт. Жоғарыда аталған жобалар толығымен іске қосылғанда, 2010 жылға қарай елорда өндірісін екі еселеуге мүмкіндік тумақ.

Ағымдағы жылы машина жасау, ағаш өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру салалары бойынша төмендегідей инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ. Әуелгісі – темір-бетон бұйымдарын өндіру, құрастырумен айналысатын зауыт құрылысын бастау. Жобаны «АБК Мақсат» ЖШС іске асыруға мүдделі. Бұған тартылатын инвестиция ауқымы 15,6 миллион АҚШ долларына тең. Осынау ауқымды іс аясында 216 жұмыс орны ашылмақ. Нақты жұмыс алғашқы тоқсаннан басталуы тиіс.

Сондай-ақ «Lokomotiv leasing» ЖШС-ның локомотив құрастыру өндірісі. Мұндағы инвестиция көлемі – 125 миллион АҚШ доллары. 722 жаңа жұмыс орны. Бастапқы өнімді шығару екінші тоқсанға белгіленіп отыр. Құрылғыларды монтаждауға қатысты шаруалар жыл соңында іске асырылмақ.

Үшінші бір ауыз толтырып айтарлық жоба – «АҚ Нұр» ЖШС қолданысқа енгізбек жиһаз фабрикасы. 2,4 миллион АҚШ доллары бөлінетін бастама 76 жаңа жұмыс орнын ашуға септік етпек. Қазір мұнда әкімшілік-тұрмыстық ғимараттар мен өндірістік цехтар құрылысы тәмамдалып қалды. Алғашқы өнімдері жылдың екінші тоқсанында тұтынушыларға ұсынылуы тиіс.

Бұл ретте Астана басшылығы мекемелерді мемлекеттік даму институттары арқылы ұзақмерзімді несиелендірудің жаңаша жолдарын қарастырмақ. Сонымен қатар құрылыс материалдары, өңделген ағаш, қауырсын бұйымдар секілді өнеркәсіп өнімдерінің қолданыс аясы тар. Аталған бағыттағы түйткілдерді тарқату үшін мемлкеттік тапсырысты көбейту жайына мән берілуде.

Елорда экономикасын өрге сүйрер уағдаластық

Астана қаласы әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры және «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасы арасында өзара әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойған-ды.

Осы келісім Үкіметтің, Ұлттық банктің және қаржы ұйымдары мен қаржы нарығын бақылау және реттеу жөніндегі агенттігінің 2009-2010 жылдарға арналған экономика мен қаржылық жүйені тұрақтандыру бойынша біріккен іс-әрекеттері жоспарын жүзеге асыру шеңберінде жасалған.

Аталған құжатқа сәйкес оның аясындағы әріптестер барлық бағыт бойынша ақпарат алмасып отыруға уағдаласты. Бұл ретте банктерден стрестік активтерді сатып алу жайына мейлінше мән берілмек. Сондай-ақ қатысушылар бағдарланған жобаларды жүзеге асыру барысында туындаған сұрақтар, құжаттар мен оны рәсімдеуге қатысты мәселелерді шешуге ықпал етеді. Мәселен, жобалаушы компаниялар құру үшін тиісті нысанды қалалық инженерлік желіге қосу.

Меморандум біріккен отырыстардың нәтижесін қарауға, отандық кәсіпкерлікті дамытуға әкімшілік кедергі келтіретін жайттарды болдырмау жолында еліміздің заңнамалық актілеріне өзгерістер, толықтырулар енгізу туралы ұсыныс әзірлеуге мүмкіндік береді. Дегенмен дағдарыс жағдайында аталған келісімнің ең табысты тұсының бірі – кәсіпкерлікті дамыту орталықтарын ашуға жағдай тудыратыны болса керек: Тараптардың шағын және орта бизнеске қолдау көрсету және құрылыс нарығын тұрақтандыруға ұйытқы болуы Астана үшін аса маңызды. Себебі екі сала жергілікті жалпы өнімнің 80 пайызын қамтып отыр. 150 мыңнан астам елордалық, яғни астана жұртының 46 пайызы нәпақасын осы салалардан табуда.

Құрылыстың күретамырына қан жүгірмек

Арнайы келісімде көрсетілгеніндей, әріптестер шағын және орта бизнеспен, құрылыстағы түйткілдермен байланысты мәселелерді шешудің бірнеше жолын қарастыруда. Мәселен, тұрғын үй құрылысы нысандарын қаржыландыру жайлы уағдаластық төмендегідей механизмдерді басшылыққа алады:

– белгіленген баға бойынша баспана мәселесін екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландыру; Яғни, «белгіленген баға» әр шаршы метрге – 96 000 теңгеден. Сұрақ: Екінші деңгейлі банктер арқылы кімдер қаржыландырылады? Жауап: құрылысы аяқталған тұрғын үйлерге ие болатын жеке тұлғаларды ипотекалық несиелеуге тиісті, құрылыс нысандарын бітіру мақсатында құрылған компанияларға беріледі.

– баспана мәселесін шешуде Екінші деңгейлі банктер арқылы құрылысты еркін бағада қаржыландыру; Мұндай механизм ашық несиелеу желісімен іске асырылмақ. Ипотекалық несиелер халыққа жоғарыда аталған банктер арқылы жылдық өсімі 10,5 пайыздан аспайтын мөлшерде, мерзімінен бұрын өтеу құқығымен және бұған дейін берілген ипотекалық несиелерді жабу үшін жылдық өсімі 12,5 пайыздан аспайтын шамада үстеме қаржы алу мүмкіндігімен 15 жылға беріледі.

Енді Екінші деңгейлі банктер арқылы алуға болатын ипотеканың тәртібіне тоқталсақ:

– Құрылысты салушылар ипотекалық несиелеу заңдылығы арқылы сатып алушылардың пәтерлерінің тобын анықтайды. Олар құрылысы салынып жатқан жалпы пәтерлер жиынтығы құнының кем дегенде 30 пайызын жабуы тиіс;

– Екінші деңгейлік банктер(ЕДБ) сатып алушыларды ипотекалық несиелеу жөнінде шешім қабылдайды;

– «Самұрық-Қазынаның» ЕДБ-мен келісім арқылы тізбелік құжаттарға сәйкес ипотекалық несиелеуді әрі қарай жалғастыру үшін ЕДБ-де арнайы қор құрылады.

Шағын кәсіп шатқаяқтамайды

Жиындағы келесі бір маңызды әңгіме шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қатысты өрбіді. Шартта көрсетілгеніндей, бұл сала үшін 30 миллиард теңден кем емес сомада несиелеуге шешім қабылданды. Бұл жолмен қаржыландырудың төменгі үстемеақысы 12,5 пайыз, ең жоғары үстемесі 14 пайыз деңгейінде болмақ. Дағдарыс жағдайында мұның өзі кәсіпкерлерге қомақты көмек екені түсінікті.

Астана қаласындағы Өндірістік паркте орындалып жатқан серпінді жобаларды іске асыру да жалғасын табады. Мысалы, поликристалды кремний өндірісі зауыты мен локомотив зауытына қарастырылған қаражат – кем дегенде 45 миллиард теңге.

Әлеуметтік саладағы жағдай

2008 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында жергілікті бюджеттен бөлінетін әлеуметтік төлемдердің жалпы сомасы 1 326 052,7 мың теңгені құрады.

«Жергілікті өкілетті органдардың шешімдері бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 950 967,2 мың теңгеге әлеуметтік көмек көрсетілді.

Барлық әлеуметтік көмек ақшалай төлем ретінде берілді, олардың мөлшері жергілікті бюджеттің қаржылық мүмкіндіктерімен және мұқтаж азаматтардың санымен айқындалады. Олардың ішінде:

- 18 жасқа дейінгі балаларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы – 15 829,4 мың теңге;

- мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек – 36 183,2 мың теңге;

- тұрғын үй жәрдемақысы – 48 748,3 мың теңге;

- ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне және майданда қаза тапқан адамдардың жесірлеріне тұрғын үйлерін күтіп ұстауға 100 792,1 мың теңге.

Жыл басынан азаматтардың жекелеген санаттарын қоғамдық көлікте тегін тасымалдау жөніндегі шығындарын 667 482,0 мың теңге сомасында жартылай өтеу жүргізілді.

Семей ядролық полигоны жөніндегі бір жолғы ақшалай өтемақы тағайындауға 508 азаматтан құжаттар қабылданды.

Мүгедектерді сауықтырудың 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру шеңберінде Астана қаласының әкімдігі мүгедектерді әлеуметтік қолдау жұмысын жүргізіп отыр. Есепті кезеңде мүгедектерді әлеуметтік қолдауға 138 160,8 мың теңге жіберілді.

Жұмыспен қамтамасыз ету

2008 жылғы қаңтар-желтоқсан бойынша жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі өкілетті органға 11130 адам барған, бұл былтырғыға 2007 қарағанда 48,4 пайызға көп. Өтініш жасаған адамдардың 6449-ы, яғни 58%-ы әйелдер, 5041-і жастар. Бұл 45,3%-ды құрайды.

Қалалық жұмыспен қамту қызметінің көмегімен ағымдағы жылдың басынан бастап 8064 адам жұмыспен қамтылды. Солардың ішінде 685 адам әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандар. Оның ішінде: 21 жасқа дейінгі жастар – 685 адам, кәмелет жасқа толмаған балалары бар жалғыз басты және көп балалы ата-аналар – 22 адам, мүгедектер – 49 адам, ӘҚ қатарынан босатылған адамдар – 19 адам, ББАО – 11 адам, оралман – 12 адам.

2008 жылдың басынан кәсіптік дайындық, қайта даярлау және біліктілікті көтеруге 1015 адам жіберілді, ауыспалы контингент есебімен 1015 жұмыссыз адам оқытылды, олардың ішінде 935 адам жұмыспен қамтылды, курста оқытылып жатқандары – 38 адам. Жұмыспен қамту саясатында әлеуметтік маңызды қоғамдық жұмыстар ұйымдастыруға аса назар аударылуда. Жыл басынан қоғамдық жұмыстарға 1599 жұмыссыз адам жіберілді, олардың ішінен нақты қатысқаны 1426 адам. 103 жұмыс берушімен әр түрлі қоғамдық жұмыс ұйымдастыруға шарт жасалды, оның ішінде 80 ЖПК өз аумақтарын тазалауды және көркейту, тұрғын үй алабын жөндеуді жүзеге асыратындар.

2008 жылдың есепті кезеңінде жұмыссыз ретінде есепте тұрған азаматтар саны 1754 адамды құрады.

Кәсіптік оқытуды ұйымдастыру үшін 10 білім беру ұйымымен ынтымақтастық туралы екі жақты шарттар жасалды. Кәсіби даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру 37 әр түрлі мамандықтар бойынша өткізіледі.

Жұмыспен қамту қызметінде тиімді жәрдем вакансиялар банкінің тұрақты жаңаруы мен толықтырылуы арқылы, азаматтардың бұл ақпаратқа қол жетімділігі арқылы жүзеге асырылады.

2008 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша деректер банкінде 153 елорданың жұмыс берушілерінен 1754 бос орын тіркелді.

Оқитын жастар үшін қоғамдық жұмыстар ұйымдастыру мақсатында 53 жұмыс берушімен шарт жасалды, және де «Жастар тәжірибесін» ұйымдастыру үшін 7 шарт жасалды. Жыл басынан оқушылар мен студенттер санынан ақылы қоғамдық жұмыстарға 514 адам жіберіліп, 453 адам қатысты, «Жастар тәжірибесін» өтуге 113 адам жіберілді, қатысқаны - 109.

2009 жылға арналған міндеттер

Әлеуметтік-экономикалық дамудың 2009 жылға арналған мақсаттары мен міндеттері Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында, Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында, Астана қаласын 2030 жылға дейін тұрақты дамытудың стратегиялық жоспарында, Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2009-2011 жылдарға арналған орта мерзімді жоспарында, астана қаласында әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандырудың 2009 жылға арналған бағдарламасында белгіленген қаланы дамытудың стратегиялық мақсаттарын одан әрі іске асыруды қамтамасыз етуге бағытталған, оларға сәйкес 2009 жылға келесі міндеттер қойылды:

- Индустриалды паркті одан әрі дамыту және жалпы инвестиция мөлшері 120 млрд. теңгеден артық 30 инвестициялық жобаны іске асыру;

- мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту, жәрмеңкелер, көрмелер өткізу жолымен қалалық экономика құрылымында шағын және орта бизнестің позицияны нығайту;

- мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын әрі қарай іске асыру. Бұл Бағдармаға сәйкес 2008-2010 жылдары 1 260,8 мың ш.м. енгізу жоспарланады;

- азық-түлік өнімін өндіру саласындағы жобаларды іске асыру жолымен инфляция деңгейін 7-8 пайызға төмендету;

- ғылыми-білім беру және медициналық кластерлерді әрі қарай дамыту шеңберінде білім беру жүйесін жетілдіру, медициналық қызмет сапасын жақсарту;

- жұмыс орындарын негізсіз қысқартуды, жасырын жұмыссыздықты болдыртпау, босатылып жатқан қызметкерлерді әлеуметтік қорғау үшін бірігіп шара қолдану бөлігінде жұмыс берушілермен, кәсіподақтармен және үкіметтік емес ұйымдармен жұмысты күшейтуге бағытталған шаралар кешенін өткізу.

3417 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы