• Тіл
  • 01 Маусым, 2011

Тіл – бірлік пен үйлесімнің негізі

ХХ ғасырдың аса жауапты ша­ғында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов: «Түркі тілдес, түгел бол!» деп айтқан болатын. Түбі бір түркі халықтарын бір­лесіп даму мен өркендеуге бастаған, білімі мен күш-жігерін әлеуметтік теңдікті орнатуға жұмсаған дара тұл­ғаның осы сөзі қазіргі ХХІ ғасырда да өзектілігін жоймағаны ақиқат. Тарих тағылымынан сабақ алған тәуелсіздік жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бас­тамасымен Қазақстан тамырлас елдердің ортақ рухани құндылықтарын топтастыруға және жас ұрпақтың тарихи санасын жаңғыртуға қатысты мақсатты шараларды атқарып келеді. Түркі мәдениеті мен тарихи мұрасын бірлесіп дамытып зерделеуді көздейтін халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымына сонау 1992 жылдан Қазақ­станның белсенді қатысуы – осының дәлелі. Былтырғы түркітілдес мемлекеттер басшыларының 10-шы Саммитінде түркі мәдениетін сақтап қалуды қамтамасыз ету үшін Білім беру қорын құру, өзге де елдермен ғылым мен мәдени байланысты арттыру мақсатында университетаралық ынтымақтастықты кеңейту көзделген еді. Осының негізінде шетелдік ЖОО арқауында «Абай орталығын» ашу жұмыстары қолға алынды. Оның алғашқысы 2010 жылы 19 тамызда Ереван мемлекеттік университетінде өмірге келді. Орталық қызметінің нәти­жесінде үстіміздегі жылы 21 сәуірде «Еуразия бастамасы және армян-қазақ қатынасы» атты ха­лықаралық конференция ұйымдастырылды. Сондай-ақ осы жылы 13 мамырда «Абай орталығы» Баку мемлекеттік университетінде ашылды. Мұның бәрі – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ынта-жігерімен атқарылып жатқан шаралар. Енді мұндай орталықтар Қытай, Ресей, Беларусь, Украина, Йордания, Үндістан, Польша, Румыния университеттерінде бой көтермек. Мұнда Елбасы негізін қалаған ЕҰУ-дің оқытушы-ғалымдары іссапармен барып, қазақ тілі, тарихы және мәдениеті туралы тұрақты дәрістер жүргізіп тұрмақ. Адамзат баласын ар-ұжданнан аттап баспай, сүйіспеншілікке, ынтымаққа үндейтін, жарқын күнге жетелейтін Абай хакімнің рухын түркі дүниесіне жеткізу – түбі бір елдік парасат пен ой-пайымдардың арасын одан әрі жақындата түспек. Елбасы биыл Түркістан қала­сында зиялы қауыммен кездесуінде болашақ ұрпақ үшін Абай рухының қажеттілігін айрықша ілтипатпен, сеніммен айтты. Алқалы басқосуда Мемлекет басшысы үш міндетке назар аударды. Біріншісі – тарихты зерттеу, оны терең түсіндіру арқылы жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу. Екіншісі – ата-бабамыз аманат еткен Ислам дінінің сүннеттік парызын бойға сіңіріп, қазақ халқының иманын бекіту. Үшіншісі – Абай шығармалары арқылы Қазақстан халқын еңбексүйгіштікке, бірлік пен ынтымаққа баулу, жаман әдеттерден арылуға ықпал ету. Міне, алға тартып, бетке ұстайтын ұлттық идеологияның арқауы – осы. Ендігі кез келген ұйғарым қабылдар кезде, табан тірер дәйекті осы үштаған асыл мұраттың төңірегінен іздеуге тиіспіз. Түбі бір тарихымызға тереңірек үңі­лу, дінімізді таза қалпында сақтау – түркі өр­кениетін жаһандық дағда­рыс пен жұтылудан арашалап, төлту­ма мәдениетін өркендете түсудің ал­ғышарты. Түркі халықтарын жа­қындастыратын қасиетті ұғымның бір жүйесі – аса қиналмай түсінісуге болатын тіл және түркілік өршіл рух. Елбасы бастамасымен елорда төріне жеткізілген «Күлтегін», «Тоныкөк», «Білге қаған» ескерткіштерінің ғылыми көшірмелерінен бастап, бұйырса, кемі 150 том болып жарияланатын қазақ халық ауыз әдебиетінің жаһұттарына дейін әлемдік түркі сөзі мен түркі мәтінінің адастырмас темірқазығы болады деп сенеміз. Өйткені, даңқты ақын Мағжанның сөзімен айтқанда, қазаққа енші болып тиген қарашаңырақ – көп іске бастамашыл болуды талап етеді. Қоғамдағы өзгерістердің алдымен халықтың тілінің дамуына, тілдік қорының молаюына әсерін тигізбей қоймайтыны – табиғи заңдылық. Әсіресе, қазіргі әлемдік жаһандану дәуірінде толассыз жүріп жатқан ақпараттар ағыны нәтижесінде барлық салада қолданысқа енгізіліп жатқан сөздер мен терминдер қаншама. Соған байланысты тілдік қорымыздың да жаңаша бағыт алып келе жатқаны белгілі. Осы тұста түркітілдес халық­тардың өзара терминалмасу шарасын оңтайлы қарастырған жөн. Терминологияны дамыту мәсе­лелері 1924 жылы 12-17 маусымда сол кездегі Қазақстанның астанасы Орынборда өткен қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде сөз болғанын тарихтан жақсы білеміз. Елдес Омарұлы «Қазақша пән сөздері» деген тақы­рыпта баян­дама жасап, соның негізінде терминологияны дамыту қағидаттары бекітілді. Съезд бекіткен қағи­дат­тардың екіншісі «Қазақтың өз ті­лінен табылмаған пән сөздер басқа түркі халықтарынан ізделсін; басқа түркілер тіліндегі пән сөздер – жалпы түркі сөзі болып, жат тілдің әсерінен аман болса – ондай сөздер жатырқамай алынсын» деп белгіленді. Өз тіліміздің негізінде термин түзу мүмкіндігі болмай жатса, туыс түркі тілдерінен сөз қабылдау қажеттігін Алаш зиялылары түгел қолдады. Туыс түркі тілдерінің табиғи түбір ортақтығы – терминдер жүйесін түзудің қайнар көзі. Бұл қазақ тіліндегі ғылым әлемінің үй­лесімділігіне, тығыз қарым-қатынасына, мемлекеттік тілдің ғылым тілі ретіндегі жүйелі қол­данысына жол ашады. Осыны әуелден түсінген зиялыларымыз түркі тілдерінің терминологиясын да­мыту мәселесін 1926 жылғы 26 ақпан мен 6 наурыз аралығында Баку қаласында көптеген түркітілдес халықтардың ғалымдары қатысқан «Бірінші Бүкілодақтық түркология съезінде» қараған еді. Бүкілодақтық түркология съезі қолдаға­нымен, Кеңес дәуірінде ұлттық республикаларда терминологияны дамытудың бағыты 30-шы жылдардың ортасында басқа арнаға бұрылды. КСРО құрамына кіретін республикалардың алдына «Жалпыкеңестік терминқор» қалыптастыру мақсаты қойылды. Соған сәйкес жаңа міндеттер бел­гіленіп, терминологияны қалып­тас­тырудың А.Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялылары ұсынған қағидаттар қолданыстан алынып тасталды. Терминдерді орыс тілінен немесе орыс тілі арқылы қабылдау қағидаты белгіленгендіктен, туыстас түркі халықтары арасында термин алмасу жүзеге асырылмады. Кеңестік дәуірдегі біржақтылық дәстүрге айналып, сол кезеңнің саясатына сәйкес жасалған терминологияны қалыптастыру қағидаттары әлі де басшылыққа алынып келеді. Тәуелсіздік жария­ланғаннан кейін­гі кезеңде қазақ және түркі тіл­дерінен алмасқан «ұшақ», «егемен» сияқты бірен-саран сөздер болмаса, көршілес туысқан халықтар тілдері арасында өзара сөз, термин алмасу қарқыны арта қойған жоқ. Ал туыстық тұрғыдан бір-бірінен алшақ жатқан славян, роман-герман, үнді-еуропа тілдерінен еніп жатқан терминдер аз емес. Бұл мәселенің кейбір объективтік себептерінің де бар екендігіне қарамастан көршілес түркі халықтары арасындағы ғы­лыми ынтымақтастықтың, тіла­ралық сөз ал­масудың әлсіз екен­дігін айт­пасқа болмайды. Төл тер­миндердің қолданыс аясын кеңейту үшін туыстас тілдер ай­ма­ғында қолданылатын ортақ терминдер қорын қалыптастыру ісін түркітілдес халықтардың да қолға алатын кезі жетті. Бұл орайда А.Байтұрсынұлының Бакуде жасаған баяндамасында туыстас түркі тілдері арасында сөз алмасудың маңыздылығын түсіндіру үшін келтірген мына дәлелдері ерекше көңіл аударуды қажет етеді. Ахаң былай дейді: «1) туыстас тілдер сөздерінің көпшілігі формасы ортақ болмағанымен, түбірі ортақ. Сол себепті туыстығы жоқ тілдердің сөздеріндей емес, оларды түсіну де жеңіл, құлаққа да тосын естілмейді, айтуға да соншалықты жат болмайды; 2) түркі халықтары үнемі өзара қатынаста болған және қазір де сол қатынас сақталып отыр, сол себептен де ортақ түбірі болмаса да, бір тілдің сөздерінің көпшілігі өзге тіл өкілдеріне таныс болуы мүмкін». Ортақ терминологиялық қор құрып, туыстас тілдер арасындағы байланысты күшейту бағытында соңғы 50 жылға жуық мерзім ішінде Еуропаның герман тілді елдері мақсатты түрде жұмыс жүргізіп келеді. Австрия, Бельгия, Германия, Швейцария аумақтарында туыстас тілдер негізінде арнаулы мақсаттар тілін (LSP) қалыптастыру идеясын осы елдердің ғалымдары қолдап отыр. Олардың неміс тіліне негізделген ортақ терминдер қорын құруға бағытталған үйлесімді жұмыстары нәтижесіз емес. Араб пен Шығыс Азия елдерінде де өзара сөз алмасу үрдісі етек алып келеді. Кезінде саяси себептермен шек қойылған түркітілдес халық­тар­­дың да табиғи тілдік байланысын қайта жан­дандырудың маңызы бөлек. Ортақ терминдер қорын қа­лыптастырудың мынадай тиімді тұс­тары бар. Біріншіден, туыс түркі тілде­рінен алынған терминдер тілі­міздің морфологиялық, дыбыстық ерекшеліктеріне сай келеді немесе соған бейім тұрады. Олар тілге жатсынбай қабылданып, оңай сіңіп кете алады. Екіншіден, А.Байтұрсынұлы атап көрсеткендей, ондай терминдер айтуға, естуге және түсінуге қиындық туғызбайды. Үшіншіден, түркі халықтары арасындағы тілдік, ғылыми-мәдени байланысты, ын­ты­мақтастықты нығайтуға негіз болады. Төртіншіден, ұлт тілінде жасалған терминдердің тез тарауына, қолданыс аясының кеңеюіне мүмкіндік молаяды. Мәселен, бір түркі тілінде жасалған термин алдымен туыс түркі тілдерінің ортақ терминологиялық қорына еніп, қолданыс тауып жатса, одан кейін оның өзге тілдерге де таралып, халықаралық сипат алуына жылдамырақ жол ашылады. Мұндай жұмыстың жолға қо­йы­луы терминология мәселе­лерінің дұ­рыс шешілуімен бірге туыстас халық­тар арасын­дағы ғылыми-мәдени ынты­мақ­тастықтың нығая түсуіне де негіз болатыны белгілі. Сол себепті терминологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын халықара­лық деңгейде үйлестіру мақсатында ТҮРКСОЙ-дың басқосуында немесе түркі тілді мемлекеттердің бірлесіп өткізіп жүрген құрылтайы мен ғылыми жиын­дарда терминология мәселелерін талқыға салып отырған орынды. Жалпы, тіларалық терминологияны біріздендіру – үз­дік­сіз жүргізуді қажет ететін аса ау­қымды жұмыс. Мұндай іспен кәсіби дайындығы жоғары терминтанушы мамандар айналысқанда ғана көздеген мақсатқа қол жеткізуге болады. 2010 жылы мамырда Астанада Қазақстан Рес­публикасының Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүлдің қатысуымен Түркі академиясы ашылды. Бұл түркі әлеміндегі үлкен жаңалық, елеулі оқиға болды. Алдағы уақытта осы академия түркі халықтары ара­сындағы термин алмасу мен тер­минологияның өзге де туыстас тілдерге қатысты мәселелерін барлық түркітілдес елдермен бірлесіп шешудің ғылыми орталығына айналуы тиіс деп санаймыз. Сондықтан терминологиялық жұмыстарды халықаралық деңгейде реттеп отыратын ғылыми-үйлестіру орталығын құру, түркітілдес мемлекеттер ғалымдарының басын қосып, екі жылда бір рет халықаралық ғылыми конференция өткізуді дәстүрге айналдыруды Түркі академиясымен бірге 4 рет түркология конференциясын өткізген Қ.А.Ясауи атындағы Қазақ-түрік университеті лайықты деңгейде атқара алатын еді. Тағы бір айта кетерлік жайт, өзі­міз атын да, ғылыми еңбегін де сыйлайтын ғалымдарымыз бас-басына түркология ассоциациясы, түркология қауымдастығы, түрко­логия ғалымдарының бірлестігі деп үй ішінен үй тігіп жарысқаны да – ендігі кезде артық шаруа. Осының бәрін өз мойнына алуға тиіс Түркі академиясы еліміздегі барлық жоғары оқу орындарындағы түркітану кафе­драларының жұмысын, магистрлік және PhD бағдарламасын үйлестіру­ді қолға алғаны жөн. Сонымен қа­тар түр­кілердің термино­логия­лық-лек­сикалық қорының ортақтық деңгейін, өзіндік ерек­ше­лік­терін, терминжасам тәжірибесін анықтау мақсатында ғылыми-зерттеу жұ­мыстарын ұйымдастыруды маңызды міндет ретінде қарастырады деп үміт артамыз. Өзара термин алмасу тәжірибесін жетілдіру мен түркі тілдеріндегі ғылыми әдебиеттерді қиындықсыз оқу, бір тілден екіншісіне аударма жасау жұмыстарын жетілдіру мақсатында екі тілді (қазақша – түрікше, түрікше – қазақша) немесе көптілді (қазақша – түрікше – өзбекше, түрікше – өзбекше – қазақша, т.б.) терми­­нологиялық сөз­діктер, компью­терлік бағдар­ла­малар шығару мәселесін де қолға алу қажет. Әлемдегі терминология саласын­дағы жаңалықтардан хабардар болу, түркітілдес халықтардың өзара тер­мин алмасу үдерісін жақсарту мақ­сатында екі айда бір немесе тоқсан сайын жарық көретін халықаралық ғылыми журнал және түркі терминологиясы мәселелеріне арналған ғылыми монографиялар мен жи­нақтар басып шығару тұрақты түрде жүзеге асқаны ләзім. Бұнымен қоса, ұлттық терминологияның ғылыми-теориялық, практикалық базасын қамтамасыз ету шараларын іске асыруға баса назар аударған жөн. Еліміз тәуелсіздік алған кезден бастап, сегіз мыңнан астам жекелеген жаңа сөздер мен атаулардың, сөз тіркестерінің баламалары бекітіліпті. Оның мемлекеттік тілдегісі – 8095, орыс және халықаралық тілде қабылданып, бекітілгені – 272 термин. Басым көпшілігі қаржы (2414 термин), ақпараттық технологиялар (1159 термин) және жаратылыстану (1067 термин) салаларын қамтиды. Мемлекеттік тілде ресми іс жүр­гізу барысының жандануына орай, қоғамның түрлі ұйымдары мен мекемелерінде қазақ тілінде ресми еңбектер, хат-қағаздар жазу, хабар алысу, дәріс оқу, сөйлеу, тіл қатысу мөлшерінің артқаны белгілі. Осындай деңгейге жетудің басты себебінің бірі – бұрынғы бірқатар терминдердің тілімізге сіңісіп, қолданысқа енуі. Олардың едәуір бөлігі ғылым-білім, оқу-тәрбие, әлеуметтік-саяси салалардағы ежелгі сөздерді «жаңғырту» жолымен жасалды. Алайда соңғы жылдары тілі­міз­дің термино­логиялық жүйесін әзірлеу белсенді­лігінің күрт өсуіне қарамастан ұлттық нақыштағы терминдерді жасау кезінде қазақ тілінің ішкі ресурстары, лингвистика ғылымының жетістіктері барынша толық пайдаланылмай келеді. Қолданылып жатқан шаралар мардымсыз. Соңғы жиырма жылға жуық уақытта терминологиялық қорымызды байытқан сәтті терминдермен бірге тәжірибесіздік пен кәсіби шеберліктің жетіспеуі салдарынан туындап жатқан мәселелер аз болған жоқ. Қазіргі қазақ терминологиясында арнайы назар аударуды қажет ететін мәселенің бірі – тілімізге өзге тілдерден еніп, халықаралық терминдер деген атқа ие болып жүрген атаулар. Осы санатқа жататын атауларды аудару-аудармау, қабылдау, жазу туралы тілші-ғалымдар мен салалық мамандардың пікірлері әрқилы. Салалық терминдер мен атауларды жасауда – қазақ тілінің қалыптасқан байырғы лексикалық байлығын (кәсіби лексика, көнерген сөздер, диалектизмдер, ауызекі тіл үлгілері, т.б.) сарқа пайдалану; туыс­тас түрік тілдерінің тәжірибесін назарға алу; интернационалдық терминдердің модельдері мен терминдік атауларын қолдану, оларды қазақ тілінің фономорфологиялық ерекшеліктері мен ережелеріне сәйкес бейімдеу сияқты шаралар негізге алынады. Әйткенмен, бүгінгі қазақ терминологиясында жадымызға қон­байтын атаулардың жарыса жүруі алаңдатады. Терминдерді жаппай және жүйесіз қазақшалау етек алуда. Базалық білімі жоқ «тер­миншілер», БАҚ маңында өз тер­миндерін өзгеге таңып жүрген «терминшілер» көбейіп, ғылыми атаулар мен аудармалар бірізділіктен ауытқыды. Өздерінше кез келген ұғымға ат қойып алып эфирден айта салу, газет-журналға жаза салу – еркіндікті емес, сауатсыздықты танытатын белгі. Тіл мамандары әртүрлі салалық терминдердің (мәселен, медицина, техника, т.б.) қандай элементті, затты, үдерісті, құбылысты, белгілі бір ұғымды қалай бейнелеп тұрғанын толық және терең аңғара бермейді. Сондықтан Мемтерминком құрамына филологтармен қатар салалық ғылымдардың кемі екі тілді білетін мамандарын енгізу қажет. Өйткені өз саласының терминдерін жасаумен айналысып жүрген мамандар мен филологтар арасында ақылдаса отырып жүргізілген тиянақты ізденіс жоқ. Әрқайсысы өз бетінше жан-жаққа тартады. Ғылымды қазақша сөйлетеміз деушілердің ішінде әсіре біржақтылық, тіл тазалығын желеу еткен пуристік ұстаным да көпшілікті шатастыруда. Сонымен қатар ғылыми және қоғамдық терминдердің бір ізге түсуіне бұқаралық ақпарат құралдары да үлкен үлес қосатынын естен шығармауға тиіспіз. Кейбір өркениетті мемлекеттерде терминология саласы бойын­ша стандарттар белгілеуге үлкен мән беріледі. Сондықтан да осынау маңызды істі келешекте Мемлекеттік стандарттау және сертификациялау саласының құзырына жатқызу мәселесін де қоғам талқысына салуға болар еді. Терминология түзуде талғам­паз­дық қажет. Немқұрайдылыққа жол берілмеуі тиіс. Басты талап – қағидат (принцип) пен заңдық-ғылыми негіз бен бірізділік (норма). Бұған қатысты отандық және халықаралық тәжірибе де жоқ емес. Елбасының сөзімен айтқанда: «Ата-бабаларымыз бізге бірліктің, тұтастықтың ұлы үлгісін қалдырып кетті. Қазақстанның арғы-бергі тарихының ең ғибратты тағылымы да, міне, осында». Қорыта айтқанда, еліміз Тәуел­сіздік алған 20 жылда мемлекеттік тіл білім-ғылым, мәдениет, құқық және басқа да салаларында бәсекеге қабілетті бола алатынын дәлелдеп келеді. Елдік арнаға түскен бұл халықтық іс алдағы уақытта да жүйелі дамып, баянды кезеңдерге қадам баса алады деп есептейміз. Дархан МЫҢБАЙ, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі («Егемен Қазақстан», 31 мамыр, 2011 жыл)

3736 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8769

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7063

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4807

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4193

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4155

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4116

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3846

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3846

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы