• Тіл
  • 08 Маусым, 2011

Жарнама жалына қол тигізбейді...

d185d0b0d0bcd0b8d182-d0bed0bcd0b0d180d0bed0b2Хамит ОМАРОВ, Қарағанды облысының Тілдерді дамыту басқармасының бастығы:

1. Азаттықтың таңы атқалы 20 жылдың жүзі болды. Осынау тәуелсіздігіміздің тұғыры бекіп, еліміз еңсесін көтерген тұста мемлекеттік тілдің мәртебесі үшін біраз ауқымды істердің атқарылғаны анық. Осы уақыт аралығында тіл мәселесі төңірегінде облыста жүзеге асқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз. 2. Тіл мәселесін шешуде түрлі кедергілердің де кездеспеуі мүмкін емес. Соларды атап айтсаңыз. 3. Тәуелсіздіктің торқалы тойы қарсаңында мемлекеттік тілдің мәртебесі аясында облыс көлемінде атқарылар бірқатар шаралардың жоспарымен бөліссеңіз.

1. Халқымыздың біртуар перзенті Мағжан Жұмабаев: «Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы. Ұлттың тілінің кеми бастауы – ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат ешнәрсе болмауы тиіс. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихи тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақтың сары даласы кең, тілі де бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, орамды терең тіл жоқ» деп тіл жайында терең толғанған екен кезінде. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері жүргізіліп келе жатқан тіл саясатының арқасында қазіргі таңда мемлекеттік тіл туралы оңды қоғамдық көзқарас қалыптасып отыр. Мемлекеттік тілді қоғамның барлық салаларына енгізу мақсатында мемлекеттік қызметшілерді және басқа санаттағы азаматтарды мемлекеттік тілге оқыту жұмыстары жүргізілді. Мемлекеттік және азаматтық қызметшілерді, ересектерді қазақ тіліне оқыту жөніндегі міндеттерді орындау үшін басқарма жанынан ашылған «Қарағанды облыстық тілдерді оқыту орталығы» КМҚК, Балқаш қаласында «Тілдер орталығы» мемлекеттік мекемесі, Жезқазған қаласында «Тілтану» әдістемелік оқу орталығы» мемлекеттік мекемесі орталықтары мен оған қосымша 5 оқыту курстары жұмыс істейді. Оқыту облыстық бюджеттен бөлінген қаржы негізінде жарыққа шыққан «Сарыарқа» оқу-әдістемелік кешені бойынша жүргізіледі. Қазіргі таңда «Сарыарқа» оқу-әдістемелік кешенінің І, ІІ деңгейінің электрондық оқулығы әзірленіп, облыс аумағындағы мекемелерге таратылды. Ал ІІІ деңгейінің нұсқасы әзірлену үстінде. Сонымен бірге «Сарыарқа» ОӘК-нің әдістемелік нұсқаулығы, тіл дамытуға арналған тапсырмалар мен тестілер жинағы, суретті және түсіндірмелі сөздіктер, оқытушыларға арналған әдістемелік нұсқаулық, медицина саласына арналған жұмыс дәптерлері қолданысқа берілді. Үстіміздегі жылы Тіл комитетінің тапсырысы бойын­ша «Сарыарқа» ОӘК баспадан шығарылып, республика деңгейінде таратылуда. «Сарыарқа» ОӘК Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен өткізілген «Қазақ тілінің үздік оқулығы» республикалық байқауында І орынға, Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорымен ұйымдастырылған «Қазақ тілін оқытудың ең үздік әдістемесі» республикалық байқауында ІІ орынға ие болды. Кезінде Бауыржан Момышұлы «Мен өз баласына ана тілінде әлди айтпаған анадан, немересіне қазақша ертегі айтпаған әжеден, қазақ пен қазақтың қазақша сөйлеспеуінен қорқамын» деген екен. Бүгінгі балалардың үні қай тілде? Жас ұрпаққа ана тілін үйрету мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда? Осы тұрғыдағы бүгінгі күннің басты мәселесі – балаларға ұлтымыздың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін оның сәбилік шағынан бойы­на сіңіріп, ойына ұялату, сол арқылы ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелеу жұмысын кеңінен ұйымдастыру. Міне, осындай мақсатпен облыстағы балалар үйінің тәрбиеленушілерімен “Мемлекеттік тілмен балалық шақтан – болашаққа” атты фестиваль, мектепке дейінгі мекемелердегі балаларға қазақ тілін толық меңгертіп, олардың еркін және жүйелі сөйлеу қабілетін дамыту, қазақ тілінің қолданылу аясын отбасы мен балабақшада қалыптастыру мақсатында «Отбасы және балабақша – тіл бастауы», «Тіл тірегі – балабақша» семинарлары өткізіліп келеді. Тіл саясаты облыс тұрғындарының арасында түсіністік пен қолдау тауып отыр. Мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп, өзге тілдердің дамуына жағдай жасалған. «Тіл – татулық тірегі, татулық дәнекері» демекші, облысымызда өткізілетін әртүрлі ұлт өкілдері отбасыларының өз ана тілдерінде сөйлеп, салт-дәстүрлерін, ән-жырларын насихаттау сайыстары – көптеген ұлт өкілдерінің ынтымақ пен бейбітшілікте өмір сүріп жатқанының айғағы. Абай шығармашылығын насихаттау арқылы қазақ тілі мен әдебиетіне деген ықылас-ынтаны жандандыру, қазақстандық рухани бірлікті қалыптастыру, отансүйгіштік сезімді арттыру мақсатында өзге ұлт жастары арасында «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ...» атты Абай оқуларын өткізу дәстүрге айналған. Облысымыздағы ұлттық тіл саясатының жетекші бағыттарының бірі – ономастика саласы. Адамзат қауымының ой-сана деңгейіне бірден-бір көрсеткіш бола алатын жер-су атаулары – ата-бабаларымыздың бүгінгі ұрпаққа қалдырған рухани қазынасы, баға жетпес асылы. «Тарихы жұтаң ел – жетім, рухы төмен жұрт – жетім» десек, Қарағанды облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы тарапынан соңғы жылдары ономастика саласында ауқымды іс-шаралардың жүзеге асып жатқанын баса айтқан абзал. Облыс аумағында ономастикалық жұмыстар, негізінен, елдімекендердің тарихи атауларын қайтарып беру, транскрипциясы бұрмаланған немесе қате жазылған атауларды қалпына келтіру, тарихи, саяси мазмұны ескірген, білім, мәдениет мекемелеріне жаңа атаулар беру бойынша үш бағытта жүргізілуде. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері 33 ауылдың, 24 ауылдық округтің, 3 аудан, 3 кенттің, 1 қала, 1 ғылыми-зерттеу институтының, 1 жоғары (Е.Бөкетов атындағы университет), 3 арнаулы орта оқу орнының, 23 мектептің, 4 мәдениет мекемесінің, 1 әскери бөлімшенің, 1 көркемөнер-өндірістік комбинатының атаулары өзгертіліп, 6 кенттің, 1 қала, 32 теміржол станцияларының транскрипциялары қалпына келтірілді. Бұқаралық ақпарат құралдары салаларында мемлекеттік тілді қолдау, оны дамыту жұмыстарын насихаттауда біршама жетістіктерге қол жеткізілді. Қазақ халқының салт-дәстүрімен таныстыру, мемлекеттік тілді дамыту, ұлы тұлғаларының есімдерін таныту мақсатында «Ақиық ақын Қасым Аманжолов – 100 жыл», «Аталар сөзі – ақылдың көзі», «Салтыңды білгенің – халқыңды білгенің», «Мемлекеттік тілмен балалық шақтан – болашаққа», «Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы мемлекеттік тілдің жай-күйі», «Денсаулық сақтау басқармасының құрылымдарындағы Қазақстан Рес­публикасы «Тіл туралы» Заңы 21-бабының сақталуы туралы» арнайы телехабарлар басқарманың тапсырысы бойынша әзірленіп, «Тіл – тұғырың» айдарымен ай сайын телекөрермендерге ұсынылып тұрады. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарымызды, ұмытылып бара жатқан танымдық сипаттағы салт-дәстүрлер мен атаулармен таныстыру және насихаттау мақсатында басқарма тарапынан ұйымдастырылған «Жаңғырық» интеллектуалдық-танымдық телехабары ай сайын шығарылады. Мемлекеттік тіл саясатын дамытуға бағытталған жұмыстардың барысы жөніндегі мақалалар, оның ішінде «Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің басты факторы», «Жүлделі жүйрік», «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» және т.б. мақалалар облыстық баспасөз беттерінде көптеп жарық көруде. 2. Жарнама – нарықтың қозғаушы күштерінің бірі. Жарнаманың қысқа да болса түсінікті, сауатты, салауатты берілуі оның қайтарымын міндетті түрде арттыра түседі. Қала көшелеріндегі сауатсыз рәсімделген жарнамалардың көптеп кездесетіні баршамызға белгілі. Осындай сауатсыз жарнамаларды ретке келтіру үшін басқарманың бастамашылығымен өткен жылдан бері «Көрнекі ақпарат пен жарнамаға – сауаттылық!» атты айлық жарияланып, рейд жұмыстары жүргізілуде. Айлықтың басты мақсаты – облыс аумағындағы, оның ішінде Қарағанды қаласындағы көрнекі ақпа­рат пен жарнамалардың Қазақстан Республикасы­ның «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» Заңдары­ның талаптарына сәйкестілігін тексеру, оларды ретке келтіру. Тексеру жұмыстарына жергілікті атқарушы органдардың мамандары, қоғамдық ұйымдардың мүшелері, студенттер, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері, басқа да тілек білдірген 400-ге таяу адам қатысып, 300-ден астам заңбұзушылық пен қателерді анықтады. Рейд барысында сараптама жасалып, қорытындысы облыстық «Орталық Қазақстан» және «Индустриальная Караганда» газеттерінде жарияланды. Дегенмен осы жарнаманы ретке келтіруге арналған айлық барысында біршама қиыншылықтардың кездескенін айта кеткен жөн. Мысалы, көпшіліктің назарына сауатсыз жарнамалар мен көрнекі ақпарат құралдарын ұсынатын кәсіпкерлердің Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» Заңын сақтау мақсатында жарнама иелерімен жарнамалардың қазақша мәтіндерін алдын ала басқармамен келісу жұмысы қарастырылмаған. Сонымен қоса облыстық Тілдерді дамыту басқармасының заңға қайшы рәсімделген жарнама иелеріне жіберген қателерді түзеткізу жолында еш құзырлығы жоқ. Осыған орай, заң талабына қайшы рәсімделген жарнамалық көрнекіліктерді ретке келтіру жұмысы бойынша жаңа заңнамалық талаптарды қабылдау қажеттігі орын алып отыр. Бүгінгі күні Қарағанды облысының елдіме­кендеріндегі, қалаларындағы, аудан орталық­тарындағы көше атауларының басым көпшілігі біздің ұлттық болмысымызға сай келмейді, олардың ішінде тіпті Қазақстан тарихына, туған өлкемізге қатысы жоқ атаулар өте көп. Ол – кешегі Кеңес дәуіріндегі әртүрлі тарихи жағдайларға байланысты ыңғайластырып қойылған атаулар. Мысалы, Қарағанды облысы бойынша қазақша аталған көшелер үлесі небәрі 35,6 пайызды құрайды. Тіпті Шахтинск қаласында – 5,6 пайыз, Саран қаласында – 5,2 пайыз, Осакаров ауданында – 4,1 пайыз ғана. Бұл сараптама аудан, қалалардағы көше атауларының көбісінің ел тарихына ешқандай қатысы жоқ жат атаулар екендігін, сондықтан қазіргі талаптарға сай етіп, мемлекеттік сипатымызға сәйкес түбегейлі реттеуді қажет ететінін көрсетеді. Осы қолға алған жұмыстарды, көше атауларын реттеп, қайта атау мәселесін шешуде бүгінгі қалыптасқан заңнамалық талаптар кедергі келтіреді. Көшелерді қайта атау мәселесін де, егер оған ел тарихына сол өлкенің тарихына байланысты атау берілсе, онда оны толығымен жергілікті атқарушы органдардың біржақты шешімімен қабылдау құзыретіне беру қажет, яғни көше атауын беруде тұрғындармен жиын ұйымдастырып, келісу қажеттігі жоқ. Тек көшеге адам атын беруде ғана тұрғындармен келісу мүмкіндігін қарастыру керек. Тіл саясатын жүргізуде шешімін таппай жатқан мәселелердің бірі – ересектерді оқыту жұмысына бір жүйедегі қатаң талаптың қойылмайтыны, республика бойынша бір талапқа негізделген бағдарламаның және тіл меңгермеген ересектерді оқытуда заңнамалық талаптың жоқтығы, мектеп, институт қабырғасынан шыққан болашақ мамандардың қазақ тілін білу деңгейіне қатаң талап қойылмайтыны. Сондықтан да жоғары оқу орнын бітіріп келген мамандардың мемлекеттік тілді білмеуі және ісқағаздарын жүргізе алмауы жиі ұшырасады. 3. Облысымыздың Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған кешенді жоспары аясында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жөнінде көптеген шараларды өткізу жоспарланды. Биылғы жылғы өткізілетін іс-шаралардың барлығы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған. Облыстағы балалар үйінің тәрбиеленушілерімен «Тәуелсіз ел болашағы» тақырыбында фестиваль, мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт жастары арасында «Жас­тар – тәуелсіздіктің болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел, мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілері арасында “Тіл болашағы – балабақшада” фестивалі өткізілді. Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығына орай өткізілген облыстық жас ақындар байқауының бір тапсырмасы «Ел тәуелсіздігі – тіл тәуелсіздігі» тақырыбына арналды. Өзге ұлт өкілдері арасындағы Абай оқуларының «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ...» атты дәстүрлі облыстық байқауы, өзге ұлт оқушылары арасындағы «Тіл – халық жанын танудың кілті», «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте», әр салада қызмет ететін өзге ұлт өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл – болашағым» байқауларының, үш тілді меңгерген мекеме қызметкерлері, жастар арасындағы «Тілдарын – 2011» олимпиадасының басты тақырыбына мемлекеттік тіл және тәуелсіздік­тің жиырма жылдығы арқау болады. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, оның мәртебесі мен маңыздылығын арттыру мақсатында мемлекеттік тілді насихаттау, дамыту жұмыстарына үлес қосып жүрген облыстың тіл жанашырларына қолдау көрсету үшін облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығын тағайындау және «Тәуелсіздік тірегі – мемлекеттік тіл» ғылыми-практикалық конференциясын өткізу шаралары жоспарланды.

3678 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8773

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7065

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4809

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4195

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4157

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4118

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3848

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3848

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы