• Тіл
  • 15 Маусым, 2011

Ата-баба тарихын алаламайық

d0b1d0b0d182d18bd180d0bbd0b0d180Аллаға шүкір, 1991 жылы, Азаттық немесе қазіргі кейбір тіл мамандары мен тарихшылардың тілімен айтқанда, Тәуелсіздік алдық. Неге екенін қайдам, әйтеуір Азаттық деген өте киелі де, өте қасиетті сөзді айтуға әлдекімдерден қымсынатын сияқтымыз. Жалпы, біз тарихшыларымызды, тіл мамандарын (қазақ тілді саясаттанушыларды) жинап, үлкен бір кеңес өткізіп, осы Азаттық және Тәуелсіздік деген ұғымдардың аражігін ажыратып, соның қайсысы бүгінгі қоғамдық құрылысымызға сәйкес келетінін, қайсысын қолданғанымыз қолайлы екенін анықтап алсақ, артық болмас еді. Сонымен, сол Азаттық, Тәуелсіздік деген қос киеге қол жеткізгеннен кейін басқаларға ұқсап қазекемнің тарихшылары да ұлтымыздың сан ғасырлар бойы басына небір тағдыр таяқ ойнатқан жә­не Құлдырау мен Өрлеу дәуірлерін зерделеп, таразылап, бүгінгі ұрпаққа ұсына бастады. Міне, осы жерде тарихшыларымыз ауыл-ауылдан шыққан кейбір шежірешісымақтардың ешқандай дәлел-дәйексіз сөздеріне еріп, небір тарихи бұрмалаушылықтарға жол беріп алғанын қазір көзіміз көріп отыр. Бұл шежірешілер бұрын қайда болғаны да белгісіз және олардың әлдеқашан жойылып кеткен жоңғар деген елмен соғыста ерлік көрсеткен ата-бабаларын айтуға ешкім тыйым салған жоқ-тын. Иә, жоңғар мемлекетін 18-ғасырдың қақ ортасында Қытай үрім-бұтағымен тып-типыл ғып жойып жіберді. Ал біздің шежіреші, тарихшылардың мектеп оқулықтарына, жоғары оқу орындарына арнап жазған еңбектерін оқып, ресми мерекелердегі айтылып жатқан сөздерді тыңдап отырсаң, қазақтың ықылым замани тарихында тек жоңғар деген бір ғана жауы болыпты. Ол өз алдына бір әңгіме. Ал біз­дің өз тарихымызға шорқақтығымыз дап-дардай азаматтарымыздың лебізінен де көрініп қалып отырады. Және сол оқулықтарды оқып, әлгі ресми мерекелерде айтылып жатқан небір өртке тиген дауылдай өлеңдер мен сапырмай сөздерді тыңдап отырсаң, қалың қазақты Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай деген үш батыр аман алып қалған екен деу әбден мүмкін. Қазір кіп-кішкентай сәбилерімізден бастап, ата сақалы аузына шыққандардың айтары – сол. Бұл бір жағынан біздің әлі де болса ата-баба тарихын не дұрыс білмейтіндігіміздің, не кейбіреулердің әлдебір тайпаның, әлдебір рудың немесе жүздің мерейін үстем етпек болған ұсақтығы екені ап-анық. Ал қазіргі Қызылорда маңынан бастап, әрі қарай сонау Еділ мен Жайықтың арғы бетіндегі ұлан-байтақ Батыс өңірінің қазақтары орыс отар­шыларына қарсы 300 жылдан астам талай-талай қанды шайқастар жүргізгені туралы бір ауыз сөз жоқ. Отаршылардың қазақ жеріне жасаған қансоқты шабуылдары, мыңдаған ауыл­дарды күлтөбелерге айналдырып, өртеп жібергені, қарақұрым малды тартып алып айдап кеткені, сол үшін сонау 1590 жылдары осы күнгі казачестволар жасақталып, олар жоспарлы түрде қазақ ауылдарына қырғын салып отырғаны туралы еш айтылмайды. Ұрпағын биік арманға жетелейтін ел ешқашан өйтпейді. Сосын кімнің дос, кімнің қас болғанын ұрпақ санасына құйып отырады. Жақында «Алаш айнасы» газетінен Ерзат Әлзақов деген азаматтың қысқаша бір пікірін оқыдық. «Шынымен де, еліміздегі бірқатар әскери оқу орындарын ұлттық батырларымыз Қабанбай, Наурызбай, Бөгенбай бастаған батырларымыздың есімімен атасақ, жарасып кетер еді. Бұл бастаманы ұлттық деңгейде көтеру керек. Ресей, Украина сияқты мемлекеттерде әскери жоғары оқу орындары сол мемлекетке еңбегі сіңірген батыр генералдардың атымен аталады», – дейді ол. Сөйтеді де, «қазақтың қайсар батырлары қандай да бір атақ, даңқ үшін соғысқан жоқ» дейді. («Алаш айнасы». №77 (529) 2011). Бәрекелді! Батырларды қайсар батыр, қайсар емес батыр деп екіге бөліп-ақ қаралық. Бірақ әрнәрсенің орны бар емес пе? Ерекең айтып отырған Ресей мен Украина өздерінің әскери оқу орындарына мұрағаттарда олар туралы жазба да, құрал-сайманы сияқты көрнекі де деректері, тіпті суреттері бар Кутузов, Суворов, Нахимов, Ушаков сияқты аты әлемге әйгілі қолбасшыларының атын беріп отыр. Олар ауызша аңыз-әңгімелерде ғана айтылатын Илья Муромец, Никита Добрыня, Алеша Попович, Никита Кожемяка деген сияқты батырларының есімін бүгінгі жоғары техниканы, ядролық қаруды меңгерген оқу орындарына берейік дегенін кім естіпті?! Біз бұл жерде Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай деген үш батырдың құнын түсіргелі отырған жоқпыз. Біздің айтпағымыз: қазақ тарихы туралы әңгіме бола қалғанда бар айтарымыз – Абылай қазақтың белгілі бір өңірін бірнеше жыл басқарып тұрған кезде соның қасында жүрген бір-екі батырдың атын ана жерге де, мына жерге де тыққыштай беретініміз ерсі екендігін еске салу ғана. Әсіресе, Қаракерей Қабанбай туралы анау да, мынау да поэма, дастан, прозалық шығармалар жазуды бәсекеге айналдырған сияқты. Және сол шығармалардың бірде-бірінде жазба дерек, нақты мағлұмат жоқ. Жалпылама сапырмай сөз. Ал әскери оқу орындарына Ерзат мырзаның ақылымен бұл кісілердің атын беру үшін ең болмаса бір ауыз нақты дерек болуы міндетті. Екіншіден, қазақ халқы өз тарихында ешқашан жоңғардың езгісінде болған жоқ, болса жүздеген жыл бойы орыс отаршыларының езгісінде болды. Сол жүздеген жыл бойы сол орыс патшалығының езгісіне қарсы күрескен жүздеген батырларымыздың аттары аталмай, ұрпақ санасынан ұмыттырылып барады. Ал ноғайлық Орақ, Мамай, Қарасай, Қази, Едіге, Ер Қосай, Ресейдің зорлық-зомбылығына қарсы 17 жыл күрескен әрі батыр, әрі дипломат Сырым Датұлын, Жанқожа Нұрмұхаммедұлын, Көтібар мен оның ұлы Есетті, Тама Есетті қызылға да, аққа да қарсы шығып, қазақты өз алдына ел қыламын деп еңірегені үшін бандит, қарақшы атанған ер әкелеріміз бен аталарымызды жаңағы үш батырмен неге қоса айтпаймыз. Біз бір шеті Қытаймен, Батыста Византиямен, түстікте Иранмен, Үндістанмен шектес­кен «Ұлы түрік қағанатының» ұрпағы емеспіз бе? Ендеше, Алтын Орда империясының мұрагерлері екенімізді оның қоластында болған кезден бастап қана орыс халқы үлкен мәдениетке, үлкен өркениетке бет бұрғанын айтуға неге аузымыз бармай, бет-моншағымыз үзіледі де тұрады. Біз Тоқтамыстың Мәскеуді екі рет басып алып, ту тіккенін, Рязань деген қаланың аты «резан», яғни «сүндеттелген» деген сөзден шыққанын, оның бұлай аталуына сеп болған уақиғаны, жалпы, орыстың атақты композиторлары мен Тургенев, Карамзин, Достоевский сияқты жампоз жазушылардың ататегі өзімізден басталатынын бүгінгі мектеп шәкірттеріне арналған оқулықтарда да айтып отыруымыз керек. Жалпы, біз ұлтымыздың, Отанымыздың тарихында Алтын Орда мемлекетіне кеңірек тоқталып отыруымыз керек. Әттең, өйтудің орнына бұл ұлы мемлекетіміздің атын Алматыдағы бейберекет шуылға толы бір базарға бере салдық та қоя салдық. Сол Алтын Орда мемлекетінің ең заңды мұрагерлері бүгінгі қазақтар екенін көршілес татар, өзбек, башқұрт ғалымдары да мойындап, жазып та жүр. Рас, саясатта айтылмайтын бір сәттер болады. Ал солай екен деп өз ата-бабаңның дос алдында да, дұшпан алдында да мерейі үстем, еңсесі биік тұрған замандарда өз ұрпағының санасынан мәңгі өшіріп тастау азаматтығымыз, ұлттығымызға, мемлекеттігімізге ұят нәрсе. Әңгіме тарихымызды ұрпаққа тағылымдау туралы болғаннан кейін айтпауға болмайтын бір мәселе бар. Ол – «Мың бала» тарихы. Оның қысқаша тарихы былай: 1726 жылы Әлімнің Шекті руының Жақайым атты үлкен тайпасының биі Байжанның 16 жасар баласы Сартай өзі құралпы 15-16 жасар мың баладан жасақ құрып, әкесі Байжан бидің батасын алып, Отанын қорғау үшін Бас қолбасшы Әбілхайырдың қолына келіп қосылады. Олардың әрқайсысының бұл соғыста көрсеткен ерлігінің өзі бір-бір дастан. Бұл уақиға туралы Нұрмағамбет Бөлебайұлы деген ғажап ақын «Сартай батыр» деген дастан жазып, сол үшін 1937 жылы атылып кетті. Оны өз басым редактор болып, 1996 жылы «Санат» баспасынан шығардық. Осы «Мың бала» жасағындағы 15-16-дағы бала-батырлар жасаған ерлік біз білетін ұлттардың ешбірінде жоқ. Және осы мың бала жасағындағы Жылқыбай, Жылқыаман, он екі баулы Бүкірек, Тойғожа батырлар туралы Ресей мұрағаттарында деректер сыңсып тұр. Сондағы жараланғанымды көрсе, жау марқайып кетеді деп, оқ тиген аяғын ер-тоқымға таңдырып тастап шайқаса берген Арғынбай батыр ақсақал жазушымыз Әбдіжәміл Нұрпейісовтің аталары болып келеді. Енді мына қызықты қараңыз. Қазір «Сатайфильм» деген студия «Мың бала» деген фильм түсіруде. Қарап отырсақ, мың баланың уақиғасы бұл фильмде тек аңыз ретінде көрсетілген. Және қайдан пайда бола қалғанын қайдам, мұнда да әлгі батырлар жүр. Бұл жағдаяттың бәрін біз осы фильмді түсіріп жатқан бір-екі азаматқа ескертіп, тарихты бұлайша аңызға айналдыруға болмайтынын жеріне жеткізе айттық та. Амал не, мемлекеттен кино саласына бөлінген ақшаны өйтіп-бүйтіп игерілген дүнияға жатқызу басты мақсат сияқты. Есіңізде болса, «Көшпенділер» фильмі түсіріліп жатқанда да оның осындай өкініші мол болатыны талай ескертілген-ді. Енді тарихта болған, нақты дереккөздері бар, мұрағаттарда мағлұматтары толып тұрған «мың баланың» тағдыры да дәл «Көшпенділердікіндей» болғалы тұрған сияқты. Бұл – ұлттық тарихымыздың алдында ұят, ұрпағымызды алдау әрі ұлттық деңгейде емес, өте тар, өте та­йыз ойлайтындығымыздың бір белгісі. Осындайда белгілі бір азаматымыздың баспасөзге берген сұхбатында «Қазақ әлі ұлт болып қалыптасқан жоқ» деп қатты ренжіп айтқаны еске түседі. Тағы да айтамыз, біз бұл жерде не Қаракерей Қабанбайдың, не Қанжығалы Бөген­байдың қай жерде, қай жылдары кіммен соғысқаны туралы күмәнданып, оны анықтайық деп отырған жоқпыз. Біздің айтпағымыз, қазақ деп аталатын үлкен бір ұлттың бүкіл тағдырын бүкіл тарихты жоңғар деген жойылып кеткен бір елдің ғана ара-тұра жасаған шапқыншылығымен байланыстырып, оны негізінен осы екі-үш батыр аман алып қалғандай ғып әсірелеу – басқа ата-бабаларымызға қиянат. Мырзан КЕНЖЕБАЙ

23943 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8750

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7055

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4799

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4185

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4147

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4108

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3838

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3838

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы