• Тіл
  • 15 Маусым, 2011

Ілеспе аударма – ана тілінің жаңа тынысы

Ұлтаралық және конфессияаралық келісім аумағы деп танылған Астанамызда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің үшінші съезі өтіп жатты. Ілеспе аударма мұндай халықаралық іс-шаралардың ажырағысыз атрибут­тарының бірі болғандықтан, басқа тілдерге аударма жасайтын әріптес­терімізбен бірге қазақша-орысша аударма жасау үшін съезд жұмысына біз де тартылған едік. Үйреншікті әдетпен өз орнымызға жайғасып, іс-шараның материалдарымен танысып отырғанымызда, буддизм өкілдеріне тән киім киген бір қатысушының біздің кабиналарымызға қарай беттеп келе жатқанын байқадым. Шет жақтан бастап, қолындағы қағазын бір-бірлеп таратып келе жатқан қонақ әр кабинаның қасына тоқтап, бір жайды ежіктеп түсіндіруден жалыққан жоқ. Кезі келгенде бізге де қайталап: съезде сөйлейтін сөзінің мәтінін ағылшын және орыс тілдеріне аударып, көбейтіп әкелгенін, өзі ана тілі – моңғол тілінде сөйлейтінін, ал біздің қағаздағы аудармасын оқып, сөзіне ілесіп отыруымызды өтінді. Бұл – Моңғолия Будда университеті білім және ғылым департаментінің директоры Магсаржавын Ганхуяг еді.

«Ана тілді менше сүй...»

Съездің жұмыс тілдеріне ілеспе аударма жасайтын аудармашылардың әрқайсыcымен сөйлесіп, келісіп алған қонақ көңілі жайланған болуы керек, жүзінде әдемі жымиыс ұялап, қайта-қайта басын иіп, залдағы өз орнына қарай беттеді. Ешкімнің назарын аудармай, ешқандай дабырасыз, тіпті бұл қадамының терең мәнін пенделердің біреуі түсінсе, біреуі түсіне бермейтін қарапайым адамның өз ана тілін сүюдің үлкен үлгісін көрсеткені де көпшілікке мәлім бола қойған жоқ. Қонақтың тек ілеспе аудармашылар ғана куә болған әрекетін, Абай бабамыздың сөзін сәл өзгертіп айтсақ, «ана тіліңді сүйсең, менше сүй» деген сөздермен бейнелеуге болар еді деген ой келді. Экономикасының дамуы тұрғысынан алғанда озық елдер қатарына әлі жете қоймаған, атакәсібі, тұрмысы жағынан қазақтарға ұқсас ел өкілінің өз ана тілінің қолданылу аясын кеңейтуге деген талпынысы, моңғол тілінің үлкен жиындар тіліне айналуын көксеуден туған қадамы еріксіз сүйсіндірді. Бұдан бұрын да, кейін де, түрлі халықаралық конференцияларда ілеспе аударма жасай жүріп, мұндай оқиғаға тағы талай рет куә болғанбыз. Бұл оқиғалар тілінің көркеюі үшін ешкімге жария етпей жасалған әлгіндей қадамның әсері кейбір саясаткердің мінберге шығып ұрандата сөйлеген сөзінен әлдеқайда артық екенін ұқтырды. Мұндай жайлар қай-қайсымыз да ана тіліміздің еркін қанат жайып, оның қолданылу аясы кеңеюі үшін өз орнымызда, өз ортамызда хал-қадерімізше қызмет етуіміз керектігін еске салатындай. Аудармашыны ертіп жүру қазір ешкімге таңсық жай емес, ал делегация құрамын жасақтауда шектеу болатын жағдайда сөздің мәтінін аудартып алудың еш қиындығы жоқ. Әсіресе, біз сияқты үш тұғырлы тіл саясаты жүргізіліп отырған, оның үстіне азаматтары орыс тілі мен ағылшын тілін меңгеру жағынан қазақ тілін он орайтын елде бұл тіпті оңай шаруа екенін маман ретінде айта аламыз. Сондықтан болар, үлкен жиындарда басқа ұлт пен ұлыс өкілдерінің өз ана тілінде сөйлеудің кез келген мүмкіндігін пайдалануға қалай тырысатындықтарын көргенде, олардың өз тіліне деген сүйіспеншілігіне қызығушылық пен «шіркін-ай, біздің адамдарымыз да осылардан өнеге алып, елімізден тыс жерлерде өтетін жиындарда ана тілімізде сөйлесе ғой» деген арман қоса қабаттаса бас көтеретіні. Бірақ, өкінішке қарай, бізде рес­публи­кадан тысқары жерлер түгіл, өз еліміздің ішінде де қазақ тілінде сөйлеу мәселесі көңіл көншітерлік дәрежеде емес. Соны көріп-біліп жүргендіктен, «мұның қандай себептері бар?» деген ой бізді мазаламайтыны анық. Ойын ана тілімізде еркін жеткізе алмайтын азаматтарға өкпе жоқ делік, ал ана тілін бір адамдай-ақ мең­герген тұлғаларымыз неге қазақша сөйлеуге құлықсыз? Оның бір себебін «ауру қалса да әдет қалмайды» деп түсіндіруге болатын сияқты. Қажетті-қажетсіз жерде орысша сөйлеу – ересектерге Кеңес дәуірінде, жастарға «орыс тілін білмесең, адам болмайтын» заманды көрген ересектер арқылы бойымызға сіңіп қалған әдет. Жиынға қатысатын адамдардың дені қазақша өте жақсы сөйлейтін болған күннің өзінде баян­дама жасау, ой айту кезегі келгенде орысша сөйлей жөнелушілік соның сарқыншағы дер едік. Бұл әдеттен құтылу оңай болмасын жоғарыдағы мәтел де айғақтап тұр. Екінші бір себеп – жасалатын баяндама­ның, сөйленетін сөздің мәтінін даярлайтын көмекшілердің (мемлекеттік қызметте – аппарат қызметкерінің) орыс­тілді болуы. Баяндаманың түпнұс­қасы орыс тілінде даярланып, қазақ тіліне аударма жасауға үлгермей қалудың салдарынан өңкей қазақ бас қосып, көрші елдің мемлекеттік тілінің көсегесін көгертіп жататын жайларға талай рет куә болдық. Мұндайда сөйлеу кезегі келген шешен өз қандастарының алдында басқа елдің тілінде сөйлейтініне қысылатыны анық, сондықтан сөзінің алдында «уақытты үнемдеу үшін орысша айта­йын» деп ескерте кететіні бар. Шынтуайтына келгенде, үлкен жиын­дарда ілеспе аударма жасалатын болғандықтан, ол қазақша сөйлесе де тап орысша сөйлегендегідей ғана уақыт кетер еді. Сондықтан кейбір шешендердің қазақша сөйлемеуін қатысушылар уақытын үнемдеу немесе «отырғандардың барлығына түсінікті болу үшін» деген сөздермен бүркемелеуін – мұндай форматты жиынға бірінші рет қатысып отырған адамдар ғана сол қалпында қабылдайды. Ал қалғандар оның «ұялған тек тұрмастың» кебін киіп тұрғанын түсінеді.

Ілеспе аударма – бекзат өнердің бірі

Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңей­ту мәселесімен шұғылданып жүрген және оны тек қазақи ортаның, той-томалақтың тілі ғана емес, мемлекеттік мәні бар мәселелер қаралатын ірі жиындардың, ғылыми конференциялардың, көп тарапты кездесулердің жұмыс тілі болу деңгейіне жеткізуді көздейтін адамдарға ілеспе аударма дегеннің не екенін түсіндіріп жатудың өзі артық. Жиындарды ілеспе аудармамен қамтамасыз ете оты­рып, қазақ тілінде өткізу қажеттігі туралы Мемлекет басшысы өткен ғасырдың 90-шы жылдары-ақ айтқаны көзіқарақты оқырманның есінде болар деген ойдамыз. Одан кейін де бұл мәселеге тұлғалы азаматтар тарапынан аз назар аударылған жоқ. «Тіл мәселесі Үкіметте, министрлік­тер мен ведомстволарда ара-тұра әңгіме болудан әрі аспай тұр...», «Қаржы және банк жүйесі қазақ тілінде сөйлемейінше, мемлекеттік тілдің қолданылу аясы кеңеймейді», «Үкімет үшін экономикалық даму бағдарламасы, өмір сүру, тіршілік ету мәселелері қаншалықты маңызды болса, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мәселесі де сол деңгейде болуы тиіс» деп депутаттар Қазақстан Республикасы Премьер-министріне депутаттық сауал жолдаса, бұл ойларды одан әрі тереңдете түсетін пікірлер де баршылық: «Іс-шараларды жайлап жүзеге асыра отырып, қазақ тілінің қоғамдағы қажеттілігін арттыра беру керек. Ол үшін халықаралық деңгейдегі кездесулер, конференциялар, басқосулар тілі қазақ тілі болуына ықпал ету керек, қажет болса талап ету қажет» (филология ғылымдарының докторы Ж.Әбуов, «Полимәдениет және полилингвизм – Қазақстандағы этносаралық келісімнің және саяси тұрақтылықтың факторлары» дөңгелек үстелінде жасаған баяндамасынан). Бұл пікірлер мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге, жиындар тілі қазақ тілі болуына қол жеткізуге зиялы қауым өкілдерінің ынтасын айғақтайды. Атқарушы билік тарапынан да бұл мәселеге қолдау көрсетіліп, түрлі деңгейдегі жиындар өткізілуде. Бірақ «халықаралық деңгейдегі кездесулер, конференциялар, басқосулар тілі қазақ тілі болуының» тиімді тетігі – ілеспе аударма екендігіне тиісті дәрежеде мән берілмей, яғни сөз бен іс әлі қабыспай келеді. Мысалы, Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының халық талқысына ұсынылған бастапқы редакциясында ілеспе аудармашыларды дайындау туралы тармақша болатын. Өкінішке қарай, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге үлес қосу тұрғысынан алғанда аса ықпалды осы тәсіл – ілеспе аударма, ілеспе аудармашыларды дайындау туралы тармақша бағдарламалық құжатты талқылау сатыларында түсіп қалыпты. Бұған бағдарламаны іске асыруға қажетті шығындарды азайту үшін барды дейін десек, ілеспе аудармашыларды дайындауға соншалықты көп шығын шықпайтыны анық. Себебі ілеспе аудармашы – аудармашы сияқты бірнеше жыл оқытылатын, сондай-ақ жүздеген адамды жаппай дайындайтын мамандық емес. Әдетте ілеспе аудармашылар бастапқы мамандығы, аударма жасау дағдысы бар адамдардың ішінен іріктеліп алынып, қысқа мерзімді курстарда дайындалады. Сондай-ақ Алматы сияқты ірі мегаполис­те және түрлі жиындар көп өткізілетін Астанада әрқайсысында оншақты, облыс орталықтарында 2-3 ілеспе аудармашыдан болса жеткілікті. Сондықтан бұл тармақшаның қысқартылуына жалпы жұртшылықтың, соның ішінде бағдар­ла­маны келісу рәсімдеріне қатысқан адам­дардың бұл саладан мағлұматы аз екендігі әсер еткен болуы керек деген ой келеді. Елімізде ілеспе аударманың пайда болуы мен дамуын ұзақ жылғы зерделеуіміз мына жайларға көз жеткізгендей: мұндай аударманы өзінің ұйымдастыратын іс-шарасына терең мән беріп, оның қоғам өміріндегі белгілі бір проблемаларды шешудегі маңызын түсінетін; сонымен бірге жиынға қатысушыларға құрметпен қарап, олардың уақытын тиімді пайдалануды; жиында көтерілген мәселелердің көпшілікке түсінікті болуын; ол мәселелер бойынша барынша мол, жан-жақты ақпарат жинақталуын; айтылған мәселелер бойынша келешекте қабылданар шешімнің ортақ тұжырымдамасы түзілуін көздейтін ұйымдар, мекемелер жүзеге асырады. Сондай-ақ осы жылдары байқаған тағы бір жайды айтпай кетуге болмас: әдетте, жиындарын ілеспе аудармамен қамтамасыз ете отырып, қазақ тілінде өткізу сол іс-шараны ұйымдастырушының (бұл жерде: ұйым, мекеме басшысының) патриоттық болмысына, олардың жеке басының қазақ тілін білу-білмеуіне тікелей байланысты болатын жай жиі кездеседі. Елімізде өткізілетін жиындарға келген шетелдік қонақтар сөйленетін сөздерінің міндетті түрде қазақ тіліне аударылуына мән береді. Себебі бұл – бүкіл дүниежүзінде қабылданған әдеп нормасы. Өркениетті елдердің өкілдері үшін оны орындау – заңдылық. Бәрін бүлдіретін – өз отандастарымыз. Бұған да бірнеше жыл бойғы ілеспе аудармашылық тәжірибемізде көбіне «жиналғандардың барлығы да орыс тілін түсінеді ғой» деп қарайтын қазақстандық тараптың ыңғайына қарап аударманың шет тілінен орыс тіліне ғана жасалуына ден қойылатынына көз жеткіздік. Айталық, әлемге әйгілі «Worley Parsons» компаниясының Астанада кеңсесі ашы­луына байланысты өткізілген тұсауке­серде Ұлыбританияның Қазақстан Респуб­ликасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Пол Браммелл мырзаға сөз берілді. Ол кісінің аздап орысша сөйлейтінін білетіндіктен, аудармашылары шет жақта, бізбен бірге тұрған. Микрофонға таяған Елші біздер жақты көзімен шолып, қолын бұлғады. Өзіне қарай беттеген ағылшынша-орысша аудармашыны тоқтатып, маған жақындады да, «плиз, казакша» деді. Жоғары лауазымды тұлғаның өз сөзінің қазақшаға аударылуына мән беріп тұрғанына куә болған басқа шетелдіктер де осы жолды ұстанды. Ал өз қандастарымызға бұл жай ой сала қойған жоқ. Тағы бір мысал келтірейік. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Хатшылығының Алматыда өткен екінші оты­рысында Қытай делегациясы қазақшадан қытайшаға және керісінше аударатын қазақ қызын ерте келді. Жиынның басқа делегаттары түсінуі үшін екі күн бойы өткен жиналыста қытайлық делегаттардың сөйленген сөздерін сол қыз қазақ тіліне аударып, одан әрі ағылшын, араб тілдеріне аударатын аудармашылар үшін біз қазақ тілінен орыс тіліне ілеспе аударма жасадық. Уақыт өте сұңғыла көршілеріміз мұндағы «орыс тілін бәрі түсінеді» деген ұстанымды ұға қойған болуы керек, кейінгі жиындарға қазақ тіліне аударма жасайтын маман әкелмейтін болды. Халықаралық деңгейдегі жиындарға қатысып жүрген, жай қатысып қана қоймай, сондай жерлерде сөз сөйлеп жүргендер – ілеспе аударма тілдің қолданылу аясын кеңейтудің қуатты құралы екендігін жақсы білетінін және сол мүмкіндікті барынша пайдалануға тырысатынын атап өту парыз. Мысалы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Хатшылығының басшысы Қ.Тоқаев съезд делегаттарымен 5 тілде емін-еркін пікір алмасып отырса да, съезді және Хатшылықтың отырыс­тарын тек қазақ тілінде жүргізіп келді. НАТО-ның «Роуз-Ротт» Парламенттік ассамблеясының Астанада өткен 71-ші семинарының модераторы болған сенатор Қ.Сұлтанов та семинарға қатысушыларға ілеспе аударма жасалып жатқанын хабарлай отырып, семинарды бастан-аяқ қазақ тілінде жүргізді. Соңғы жылдары ара-тұра болса да мұндай мысалдар кездесіп қалатыны қуантады.

Тіл қолданысын кеңейтудің тиімді тәсілі

Елімізде мемлекеттік тілді дамыту, оның қолданылу аясын кеңейту үшін заңнамалық база жетіспейді деуге ауыз бармайды. Қазақ тілінің мәртебесі Конституцияда айқындалып, заңда бекіді. Ісқағаздарын жүргізуді кезең-кезеңімен қазақ тіліне көшіру туралы Президент Жарлығы шығып, салалық министрліктер мен ведомстволар соған сәйкес нормативтік-құқықтық құжаттарын қабылдады. Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленді. Бірақ құжаттар санының көптігі тілдің қолданылу аясының кеңейе түскенінің көрсеткіші бола алмайтыны және рас. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясының кеңеюі дегенді оның күнделікті тіршілікте, адамдар арасындағы қарым-қатынаста, одан қалды, қызметтік хат-хабарлар алысуда пайдаланылуын ғана емес, үлкен, мәртебелі жиындардың ана тілімізде жүргізілуін, сөз сөйлеуші шешендердің бәрі болмағанмен, басым көпшілігі қазақ тілінде сөйлеуін түсінеміз. Сонда ғана – қазақ тілі жаһанды жаңғырту жөніндегі толғақты ойлар ортаға салынатын ғылыми конференциялардың, заманауи мәселелер талқыланатын саяси саммиттердің, экономика, қаржы мәселелері қаралатын форумдардың тіліне айналған кезде ғана оның қолданылу аясы шын мәнінде кеңіді деп айтуға болады. Ал әзірше дамуының қазіргі кезеңінде, қазақ тілінің мұндай жиындар тіліне айналуының бірден-бір жолы – ілеспе аударма жасау. Аға ұрпақты былай қойғанда, біздің замандастарымыз, орта жастағы адамдар да осыдан жиырма жыл бұрын қазақ тілінде жиналыс өткізбек түгіл, өзара сөйлескеніміз үшін де ескерту естіген кезімізді ұмыта қоймаған шығар. Ілеспе аударма – кез келген жиынның қазақ тілінде жүргізілуіне, оның баяндамалардан бастап жарыссөз, пікірталас, сұрақ-жауапқа дейін еркін пайдаланылуына мүмкіндік беретін тәсіл. Кеңестік дәуірде қалыптасқан «қазақ тілі – тұрмыстық тіл» деген стереотипті жоюға көмектесіп, халықаралық деңгейдегі биік мінберлерден қазақ тілінің естілуіне жол ашатын да – осы ілеспе аударма. Ол бізге ана тіліміздің мемлекеттік тіл ретінде орнығуына берік негіз қалауға үлес қосуымен қымбат.

Камал ӘЛПЕЙІСОВА, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР Парламент Сенаты Аппараты Редакциялық-баспа бөлімі меңгерушісінің орынбасары

6013 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8781

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7071

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4815

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4201

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4163

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4124

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3854

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3854

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы