• Тіл
  • 15 Маусым, 2011

Тіліміздің табиғи бітім-болмысын сақтайық

d0bad0b0d0b7d0b0d0ba-d182d0b8d0bbd0b81Ғылым тілін қазақ тілінің табиғи бітім-болмысына сай қалыптастырып, дамыту керек деген ой-толғамдар, іс-тәжірибелер сонау XX ғасырдың басында қазақ тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен қолға алынған еді. Оның сол идеясын М.Дулатұлы, Х.Досмұхамедұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Қ.Қаратышқанов, Т.Шонанұлы, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, М.Әуезов сияқты көптеген Алаш арыстары қолдап, жалғастырған. Қазіргі қазақ тіл білімінде қоғамдық дамудың жаңа қағидаларына сәйкес қайта қарастырылып, зерттеліп жатқан салалардың бірі – қазақ тілінің терминдік жүйесі. Ол – әдеби тілдің функционалдық түрі болып саналатын ғылыми тілдің негізгі тілдік құралы. Қазір бізде оның қызметіне деген қажеттілік күннен-күнге ұлғайып, қазақша ғылыми терминдерді қалыптастыру өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бұл мәселе жөнінде қазақ ғалымдары­ның, тілші-лингвистердің көзқарастары әртүрлі. Біреулер жалпы кірме сөздерге балама табуды көздесе, енді біреулері тек орыс тілінен енген сөздерді ғана қазақшалау керек, ал орыс тілі арқылы енген, бірақ арғы тегі грек, латын секілді тілдердің сөздері болып келетін ғылыми терминдерді қазақшалаудың қажеті жоқ деп санайды. Алайда олар сол сөздердің (латын-грекше) тілімізге қазақшаланып емес, орысша қалай айтылып-жазылса, түк өзгеріссіз солай енгенін қаперлеріне алмай жүр. Әрине, бұл біздің қазіргі жазуымыздың мейлінше орыстанып кетуінен болып отыр. Яғни кірме сөздерді жазып-айтуға мәжбүрлейтін қазақ тіліне тән емес дыбыс-әріптердің қазіргі әліпбиімізде қолданыста жүргендігі – оған басты себеп. Біз әлі күнге дейін едәуір қиындық тудырып жүрген қателіктердің себебімен күресудің орнына оның салдарымен күресіп, кезінде еш өзгеріссіз тілімізге еніп кеткен сан мыңдаған шетелдік терминдерге қазақша балама сөздер іздеумен айналысып, бәріміз аудармашы болып кеттік. Бұның пайдасынан басқа зияны жоқ екенін мойындаймыз. Мұның бізді дағдарысқа ұшырататы­нын да естен шығармауымыз керек. Себебі олардың барлығын шамамыз келіп, қысқа уақыттың ішінде қазақша­лап тастағанның өзінде қазіргі қоғамымыздың мүшелеріне оларды игеру де, игерту де қиын. Мәселен, қазақша баламалары табылған сол сөздердің барлығы пайдаланылған әйтеуір бір жаңа оқулық, оқу құралын нағыз маманның өзі оқыды делік, бәрібір ол кібіртіктеп, дұрыс түсініп кете алмай қиналып, жаңа сөздердің сөздігіне (егер ондай сөздік қолында бар болса) әлсін-әлсін көз жүгіртуге мәжбүр болары анық. Бұның себебі түсінікті. Әр ұлттың тіліндегі бүкіл сөз байлығы сол ұлт мүшесінің әрқайсысының санасына сәби шағынан бастап, мектептегі білімімен ұштасып, кәсіби орта және жоғары оқу орындарында жалғасып, өмір-бақи біртіндеп сіңеді. Осыдан болар, қазіргі егде ғалымдарымыздың көпшілігі жаңадан жазылған, яки қазақшаланған терминдері бар мектеп оқулығының өзін жатырқап қабылдайды. Осыны ескеріп, «ыңғайға келіп тұрған кейбір сөздерге қазақша балама іздемей-ақ, тек қазақша айтып-жазсақ қайтеді» десеңіз, үлкен қарсылыққа тап боласыз. Бұл да түсінікті. Себебі сол сөздердің орысша қалай айтылып-жазылатынына бала кезінен құлақтары да, көздері де әбден үйреніп, саналары уланып қалған оларға қазақ дыбыстарының әріптерімен жазылған сөздер ерсі көрініп тұрады. Кез келген халықтың мәдениетінің, өркениетінің деңгейін анықтайтын бас­ты белгілердің бірі – оның жазуы. Біреу пайымдар, біреу керек қылмас, әйтеуір, кеңестік сұм саясаттың әсерінен тағдыр тәлкегіне ұшырап, қиянат көрген ұлттық құндылықтарымыздың бірі тіліміз болды. Оны бүлдіріп, ұлтты аздырып-тоздыруға бағытталған жымысқы әрекет араб әліпбиінен (алфавит) латынға, латыннан орысқа (кирилл) көшуден басталған болатын. Қандай да болсын, көшіп-қону кезінде ескі жұртта талай нәрсе ұмыт қалып, кейбір дүние-мүліктер қирап-сынып, іске алғысыз күйге ұшырайтыны белгілі. Біз де еріксіз бір жазудан екіншіге көшеміз деп жүріп, тіліміздің өзіндік ерекшелігі, табиғи бітім-болмысы, асыл қасиеті болып саналатын небір заңдылығынан айырылып қалдық. Біз жазуымызды орыс әрпіне көшіріп қана қоймай, тілімізде жоқ дыбыс­тарды да әліпбиімізге енгіздік. Бұны азсынғандай, орыс тілінен еш өзгеріссіз сөздер қабылдауды асқындырып, сол уақытқа шейін қаймағы бұзылмай келген тіліміздің бүлінуінің алғышартын өзіміз жасап алдық. Мұны қазбалап айтуымыздың себебі – осы күнде кезінде қазақ мектебін бітірген, қазір екі тілде бірдей жатық та жақсы сөйлеп-жаза алатын қандастарымыздың арасынан мәселенің байыбына барып, тексеріп алмай тұрып, «орыс тілінен енген сөздер тілімізді байытып жатыр, оларға тиіспейік» деп, сынып (класс), мәтін (текст), сұраныс (спрос), тапсырыс (заказ), қойылым (представление), тәнтану (анатомия), тіршіліктану (биология), жасуша (клетка), ақуыз (белок), кәрлен (фарфор) сияқты қазақ тілінің ежелгі сөз тудыру тәсілдері арқылы жасалып, қазіргі тілімізден нық орын тепкен көптеген жаңа сөздерге, тың қолданыстарға қарсы шығушылар көбейіп кетті. Еске алатын бір жайт – жаңағыдай сөздердің көбісі ғылыми терминдер де емес. Жаңа сөздерге қарсы шығушыларға салсақ, «халықаралық термин» деген жалған желеумен шетел тілінен енген сөздерді, сол сөздердің құрамындағы жат дыбыстар мен дыбыс тіркесімдерді еш шектеусіз сол қалпында қабылдай беруіміз керек. Сөйте тұра тіліміздің өзіне жат нәрселерді (элемент) бойына сіңіріп, біртіндеп орыс тіліне сіңісіп, (ассимиляцияға ұшырап) бара жатқанын байқағымыз келмейді. Өзіміз орысша немесе шетел сөздерін жақсы айтып-жаза алатын болған соң, өзіміздің безбенімізге салып өлшеп, «бүкіл қазақ қазіргі уақытта кірме сөздерді еш мүдіріссіз, қатесіз айтып-жаза алады», «қазіргі қазаққа шетел сөздері мен сол сөздердегі бөгде тілдік дыбыстар мен дыбыс тіркесімдерін оқу, айту, жазу бүгінгі қазаққа жат емес» деп қорытынды шығарып, ақыл айтып жүрміз. Есте ұстайық: қазақ тілі сөздерінде екі дауысты дыбыс қатар келмейді; екі дауыссыз дыбыс сөз басында қатар айтылмайды; «и» мен «о» дыбыстары тіркеспейді; «о» дыбысы екінші буында айтылмайды. Әлбетте, тіліміздің бұлардан да басқа өзіндік ерекшелігі болып саналатын заңдылықтары толып жатыр. Олардың бәрін тізіп айту мақсатымыз да емес. Ал егер де нағыз қазақша тәрбие көрген біреу орысшаға тілі келмей, олардың сөзін бұзып айтса, жерден жеті қоян тапқандай қуанып, «қате айттың» деп қолма-қол түзетіп, өзіміздің білгіштігімізді, аса сауаттылығымызды дереу танытуға тырысамыз. Ана тілімізде сөздердің айтылу (орфоэпия) заңдылықтарын сақтап, өзіміз дұрыс сөйлей алмай тұрып, орысша дәл орыстардай сөйлегенімізді мақтан тұтамыз. Сөйтіп, шетел тілін сәл бұзып сөйлеудің ешқандай оғаштығы жоқ екеніне еш мән бергіміз келмейді. Мәселен, қазақтан басқа ұлттар өзге жұрттың тілін бұзып (акцентпен) сөйлейді ғой, кім оларды сынап-мінеп жатыр екен?! Тіпті осы күнге дейін «қазақтар өз атауларын былай атайды екен, біз де сөйтейік, қазақтардың елінде, жерінде тұрып, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқып-үйреніп жатырмыз ғой, ұят болар» деген бір орысты әлі күнге дейін көрген емеспіз. Керісінше, олар «Кокчетав», «Медео», «Алма-Ата», «Джамбул» «Атан (Отан)», «Аспан (Оспан)», «Алжас (Олжас)» деген секілді өзгертіп айтады. Олардікі дұрыс. Себебі өз тілдерінің дыбыстық (фонетика), құрылымдық (грамматика) жүйесінің заңдылығына салып, жазып-айтып отыр. Сондықтан оларға біз қазақшалап айтыңдар деуге еш қақымыз жоқ. Ал егер біз де орыс сөздерін «бөрене», «сіріңке», «орыс», «зауыт», «мәшіңке», «килә» (килограмм)», «кәзит» (ғазет, гәзет) дегеніміздей, қазіргі өзгеріссіз қолданылып жүрген «медицина», «стоматология», «фармацевтика», «эпидемиология» сияқты сан мыңдаған сөздерді «медыйсыйна», «ыстаматалоғыйа», «пармасептійка», «епидемалогыйа» деп қазақшалап пайдалансақ, «неге өйтесіңдер» деп бір орыстың шықпасы кәміл. Осыны ескеріп, тілімізге ендігі қабылданатын сөздердің (бұрынғыларды да) барлығын қазақша дыбысталуға жуықтатсақ, орынды болары сөзсіз. Ал бұл заңдылық орыс тілінде атам заманнан бері қолға алынып, қолданылып келді және дәстүрге айналған. Олардың кез келген орыс тілі оқулығын ашсаңыз, «басқа тілден енген сөздер орыс тілінің фонетикалық, грамматикалық заңдылығына бағынып барып қана қабылданады» делініп, айдай айқын жазылған. Міне, осы қағида-ережені бекем ұстанған олар жаңағы мысалға келтірілген сөздерді болсын, күллі латын, грек сынды тілдерден енген сөздерді болсын, бәрін – өзгертіп қабылдайды. Сенбесеңіз, қазіргі орыс тіліндегі барлық кірме сөздердің түпнұсқасына қараңыз. Мәселен, латыншасынан орысшасы тіптен өзгеше. Біз де осылай істеуіміз керек. Біздің Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлы бөгде тілдік терминдерді тілімізге ендіруге қарсы болмаған, бірақ оларды қазақшалап кіргізуді жөн көрген. Бір қызығы, оның пікірі орыстың атақты ғалымы М.В.Ломоносовтың орыс тіліне шетел сөздерін қалай қабылдау керек дегенімен үндес келеді. Орыс тілінің әлеуеті күшейген, әсіресе, ғылыми термині өте жақсы қалыптасқан. Соған олар қалай жетті? Осыған ой жіберіп, көрейікші, бәлкім, сонда көп нәрсеге көзіміз жете түсер. Мәселен, орыс тіліне енген кез келген бөгде тілдік сөздердің түпнұсқасына қарайық. Олар түпнұсқаға мүлдем сәйкес келмейді. Орыс тілінің дыбыстық, құрылымдық табиғатына негізделіп қана қабылданғаны анық аңғарылады. Біз болсақ, орысшаланған грек, латын, ағылшын, француз, неміс сөздеріне «халықаралық термин» деген жалған ат қойып, айдар тағып әлпештеп жүрміз. Иә, олардың (орыстардың) кейбір сөздерінің грек-латындық түбірге 100% сәйкес келіп қалатыны болады, бірақ бұл – орыс тілінде еуропалық бүкіл тілдердің сөздері түк өзгеріссіз қолданылып жүр дегеннің дәлелі бола алмайды. Өйткені, қалай дегенмен, орыс тілі еуропалық тілдерге қазақ тілінен гөрі бір табан жақын, табиғи бітім-болмысы ұқсас. Бейбіт Жалелұлы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Абай атындағы ҚазҰПУ «Әдебиеттану және тіл білімі» ҒЗИ-дың ғалым хатшысы

4565 рет

көрсетілді

51

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8784

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7074

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4817

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4203

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4165

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4126

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3857

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3856

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы