• Қоғам
  • 06 Наурыз, 2009

Мектептегі матриархат

Еліміздегі білім ордаларында ер мұғалімдер азайып, оқушылар тәрбиесі ақсап тұр Қазақстанның әлеуметтік жағдайы мен экономикалық деңгейін көтерудің бірден-бір жолы – жастарға білім беру жүйесін дұрыс ұйымдастыру болып табылады. Бұл тұрғыда еліміздегі мектептердің оқу-материалдық және педагогикалық потенциялы басты орынға шығады. Қазір Қазақстанның барлық аумағында ер мұғалімдерге деген сұраныс жоғарғы деңгейде. Педагогтарды дайындайтын жоғары оқу орындарында да ер балалардан гөрі қаракөз қыздарымыздың қарасы басымдау. Жігіттердің педагогикалық мамандықтарға қызыға қоймауының себебі неде? Мұғалім біліктілігін алып шыққан жас маманның өз кәсібі бойынша қызмет істемеуінің сырын қайдан іздеуіміз керек? «Мұғалімдік – жігітке тән мамандық емес» Тәрбие мен тәлімнің қара шаңырағы – жалпы білім беретін орта мектептерде педагогикалық кадрлардың жетіспеушілігінен бөлек, ер мұғалімдердің шамадан тыс азайып кетуі білім саласы басшыларын да ойландыра бастады. Нөмірі бірінші педагог, яғни Білім және ғылым министрі Жансейіт Қансейітұлы: «Ер азамат жүрген жерде темірдей тәртіп бірге жүреді. Сондықтан жалпы білім беру ордаларына ер азаматтарды көбірек тарту керек», деген-ді министрліктің кезекті бір отырысында. Егер де қалыптасқан әлемдік тәжірибеге сүйенетін болсақ, онда білім беру ісінде ер мұғалімдер мен нәзік жанды ұстаздардың үлес салмағының сақталуы – міндетті. Өкінішке қарай, соңғы кездері статистика көрсеткіші республика бойынша орта мектептерде қызмет істейтін 279 098 мұғалімнің 84-85 пайызын әйелдер құрайтынын көрсетіп отыр. Шамамен алғанда әр мектепте 2-3 ер мұғалімнен ғана жұмыс істейді. Ал жалпы жас мұғалімдер индексі 12 пайызға төмендеп кетті. Бұл – Қазақстанның мұғалімдер құрамы қартайып бара жатыр деген сөз. Мектептегі саусақпен санарлық ер мұғалімдер негізінен дене шынықтыру, еңбек, алғашқы әскери дайындық пәні бойынша сабақ береді. Тіпті, қалалық жерлерде бірде-бір ер-азамат қызмет істемейтін мектептер де бар. Оқушылардың үйде көретіні – анасы, мектепте көретіні – әйел мұғалім, бір сөзбен айтқанда балалардың өмірінде бұрынғыша тәрбие беретін ер-азаматтар қалған жоқ. «Мектеп қабырғасындағы ұл балаларымыздың сабаққа деген белсенділігінің, ынтасының жоғалып, компьютер-автомат ойындарымен әуестеніп, бұзақылық жолға түсуіне ықпал етуші факторлардың ең ірісі – ер мұғалімдердің тәрбиелік ортадан алыстап кетуі, – дейді педагогика ғылымдарының кандидаты Райхан Мұратханқызы. – Сол себепті, ұл балаларды еліктіріп, ер азамат етіп тәрбиелеп шығаратын ер мұғалімдердің санын арттырған жөн. Ұрпақ тәрбиесіне бей-жай қарай алмайтын азаматтарымызды педагогикалық жұмысқа тарту үшін олардың статусын жоғарылатып, әйел мұғалімдерден артық жалақы төлеу де қажет шығар». Психологтардың көпшілігі мектептегі ер мұғалімдердің бала тәрбиесіне оң әсер ететінін айтып жүр. Әсіресе, жоғарғы сыныптағы ұл балаларға ер мұғалімдердің темірдей тәртібі қажет-ақ. Алматы қаласы оқушыларына сауалнама жүргізген педагогтар балалардың ер мұғалімдерге көбірек еліктейтінін, солардың бойындағы жақсы қасиеттерді тез үйренетіндіктерін анықтаған. Бірақ та қазір денсаулығы жақсы, тепсе темір үзетін ер мұғалімдер жалақысы көптеу жерлерге жұмысқа тұрады. Жігіттердің педагогикалық мамандықты көп таңдамауының басты себебін мұғалімдердің тұрмыс жағдайының төмендігінен іздеген абзал. Мұңы көп мұғалімдердің жалақысына әр жылдарда үкімет болмашы теңге қосқан болады. Күнделікті тұтынатын тауар бағасының сағат санап өсіп жатқанын негізге алсақ, ұрпақ тәрбиесімен айналысып жүрген жігерлі жандардың санасын жаулаған тұрмыс тақсіреті басты орында. Сондықтан болар, бүгінгі күнде жігіттер арасында «мұғалімдік – жігітке тән мамандық емес» деген қоғамдық пікір қалыптасып үлгерген. Қағазбастылықты жалпы ер мұғалімдердің ұната қоймайтыны белгілі. Ал біздегі мектептерде басыңдағы бес тал шашты түсіретін толған қағаз толтыру, комиссия келсе құлдық ұра жүгіру, одан қалса ақша жинау, қысқасы, бітпейтін бейнет. Осының бәрі ер мұғалімдерді мектеп маңынан аулақ жүруге әкеліп соқтырады. Студент хаты Қалың қағаз қобырсып жатқан қара шабаданымды ақтарып отырып, мына бір хатты тауып алдым. Студенттің хаты. Ауылдағы апасына жазған. Педагогикалық басылымда істеп жүрген кезде қолыма түскен болуы керек. Хатты мұқияттап қайта оқып шықтым. Тым тәуір жазылған, әрі біраз жәйттың басын ашып беретін секілді. «Армысың апа! Ауыл-аймақ тегіс аман болар. Көкемнің денсаулығының дұрысталып қалғанына қатты қуандым. Мен де сіздерді сағындым. Ауылға ұялы байланыс желісін әлі орнатқан жоқ па? Өткен жолғы хатыңызды Балғыннан алдым. Оқуың бітсе, ауылға келіп менің жолымды қуып мұғалім боларсың депсіз. Апа, біздің топта алты ұл бала бар. Бірақ болашақта біз өз мамандықтарымызбен жұмыс істей қоймаспыз. Өйткені оған себеп те жетерлік. Оқуым біткесін келін түсіріп, сіздерді қуантсам деп жүрген ойым бар. Бірақ ауылда қала қоймаспын. Ауылдағы мектепте мұғалім болып істей қалған күнде де мен отбасымды 15-20 мың теңге айлықпен асырай алмаймын ғой. Өзімді қойшы, біреудің қызын аштан өлтіріп қоярмын (әрине қалжың). Мәдениеттің, өркениеттің ордасы осы Алматы болғандықтан менің бұл қаладан кеткім жоқ. Бірақ апа, көңіліңізге келмесін, сіз қанша дегенмен өмірін бала тәрбиесіне арнаған ұстазсыз ғой, қазір мұғалімдік мамандық – мақтаныш емес. «Мұғаліммін» десең елдің бәрі саған мүсіркей қарайды. Өйткені олар ұстаздардың жалақысының мардымсыз екенін жақсы біледі. Бұл жерде бір бөлмелі пәтердің өзін 35-40 мың теңгеге жалдап тұрасың. Өзіңіз де жақсы білесіз ғой, о баста педагогикалық мамандықты қалаған жоқпын, менің арманым мұнай саласында оқу еді. Ақшасы аз деп мені осында түсірдіңіздер. Енді қайтем, амал жоқ оқып жатырмын. Әйтеуір қолымызға «диплом» деп аталатын бір жапырақ қағаз керек. Ертеңгі күні елдер пәленшенің баласы институттан оқи алмай шығып кетіпті деп айтпасын деген пенделік ой да баяғы. Қазір бір компанияда күзетші болып қызмет істеп жүрмін, апа. Ақшасы тәуір. Қосымша тағы да бір кафеге сөйлесіп қойдым. Екеуін қатар алып жүрсем, ел қатарлы жан бағуға болады. Айтпақшы, апа, сізге тағы да бір қызық айтайын. Мен осы Алматы қаласындағы бір мектепте тәжірибеден өттім. Мұғалім болу үшін бойыңда талант болуы керек екен ғой. Ондай қасиет болмағасын ба, оқушылардың алдында өзімнен-өзім қысылып, берекем кетіп, аузыма сөз түспей, алдымда тұрған кітапты да дұрыстап оқи алмадым. Сонымен көп ойланып, «қой, менен ұстаз шыға қоймас» деген тұжырымға келдім». Маман пікірі Гүлжайна БӘКІР, Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Ақтам бастауыш мектебінің меңгерушісі: – «Ерлік – елдің, жүректілік – жігіттің қасиеті», - деп батыр Бауыржан Момышұлы айтпақшы, халыққа тәрбие, білім беруді алғашында ер азаматтарымыз Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы сынды даналарымыз бастамап па еді. Ел басқару мен дау-дамайда келісімге келтіретін де біздің ер азаматтарымыз болатын. Ал қазіргі таңда бұл салалармен әйел адамдар айналысып жатыр. Бала тәрбиесін алып қарасақ, үйде де, баба-бақшада да, мектепте де баланы әйел адам тәрбиелесе, біз ертеңгі ұрпақтан қандай ер азамат күтеміз? Ер жігіттеріміз жігерсіз, шыдамсыз, келте ойлайтын, сөзі майда, тірлігі шала болып барады. Мен мұны мектептеріміздегі ер мұғалімдердің сиреп кетуімен түсіндіретін едім. Ер азаматтар бір сөйлеп, сол сөз астарынан балаға деген қаталдықты да, мейірім мен өжеттілікті де, өмірге деген құштарлықты да, ұяттылық пен ар-намысты да сездіре білген. Мұндай мінез-құлық баланы оқу процесінде де асқақтатары сөзсіз. Қазіргі таңдағы қылмыстық істердің көпшілігінде мектеп жасындағы жас өспірімдер болып отыр. 450-500-ге тарта оқушысы бар орта мектептерде 9-10 ғана ер мұғалім жұмыс жасайды. Дене тәрбиесі мен алғашқы әскери дайындық, құқық пәндерінен әйел адамдар сабақ жүргізеді. «Әкемнің айтқаны балғадай, анамның айтқаны малтадай», - деген ғой ертеректе. Мектептерде қазіргі таңда қиын баламен жұмыс, наркобекет және спорт инспекторы да тағайындалып, жұмыс жасап жатыр. Бірақ бір жіберілген қателік қайта түзеле ме? «Аюға намаз үйреткен таяқ» демекші, балаға мейірімділікпен қоса қаталдық та керек. «Қамысты бос ұстасаң қолыңды кеседі». Сол себепті мектеп процесінде, яғни бала тәрбиесіне ер азаматтарымыздың қамқорлығы ауадай қажет. Ер мұғалім оқушылар үшін – зор тұлға. Ендеше ерлердің биік тұлғасын төмендетіп алмайық! Осы қалай? Ақбөпе НИЯЗҒОЖАЕВА, Алматы қаласындағы №148 мектеп-гимназиясының мұғалімі: – Ер-азамат – әр үйдің, әр шаңырақтың асыраушысы, негізгі табыскері. Ал мектепте өздеріңіз білесіздер, айлық өте аз. Мектепте мұғалім болып тапқан жалақыңызбен отбасыңды толықтай қамтамасыз ету мүмкін емес. Қазір азық-түлік те, киім-кешек те қымбат. Бұл – біріншіден. Ал екінші себебіне келер болсақ, біздің жұмысымыз шымамдылықты, төзімділікті талап етеді. Күн ұзаққа мектепте жүреміз. Қағазбен істейтін жұмыстар да жетерлік. Міне, ер мұғалімдер осыған шыдамайды. Егер де тәрбие тұрғысынан келетін болсақ, әрине, ер-азаматтардың мектептегі орыны ерекше. Маңызы зор. Бір ғана мысал, ұл балаларымыздың өзі ер мұғалімдерге қарап бой түзейді. ТҮЙІН Білім саласы басшыларының ендігі бір міндеті ер мұғалімдерді ұрпақ тәрбиесіне көптеп тарту. Ол үшін мұғалімдердің мәртебесін көтеріп, жалақыларын көбейту қажет-ақ. Балалардың бағбандарына Германиядағы жағдайды жасап бере алмасақ та адал еңбегі мен маңдай терін ескеруге әбден болады емес пе. Ер-азаматтардың білім беру ісіндегі орнын министрдің өз ауызынан естідік. Ендеше бұл мәселе де шешімін табар деп сенеміз. Тек министрдің ауызынан шыққан сөз желге ұшып кетпесе... Дархан БЕЙСЕНБЕК

3732 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы