• Тіл
  • 04 Тамыз, 2011

Ана тіліміз аударма тілі емес

Кейінгі кездері ана тілімізде естігенге ерсі, тыңдағанның құлағына түрпідей тиетін тіркестер көбейіп барады. Соның бірсыпырасын бұл жолы атап көрсетпекпін. Мәселен, бір ғана құқық қорғау саласының сөздік қорында кездесетін тіркестерді тілге тиек етуге болады. Әсіресе, теледидар мен радиодан қылмыс туралы соңғы жаңалықтарды тыңдап отырсаңыз, «қылмыскер құрықталды» дегенді жиі естисіз. О заман да бұ заман «адам құрықталды» дегенді естімеп едік. «Жылқы құрықталды» деген сөзді жалпақ қазақ біледі, ал «адам құрықталды» дегенді кім ойлап тапқанын білмей таңғалумен келеміз. Бүйте берсек, бара-бара осы сөздің орнына «ноқталанды» деген сөздің де естілуі мүмкін ғой деген ойға қалдық. Бақсақ, бұл екі балама да жануарға байланысты айтылады. Ал адамды «қамауға алынды», «тұтқындалды» немесе «ұсталды» деп атау орынды сияқты. Сондай-ақ тағы бір мысал, ол – «тұлға» сөзі­нің орынсыз қолданылып жүргені. «Қылмыс жасаған 10 тұлға жазасын алды» дегенді жиі оқимыз. Кез келген аударманы алып қараңыз, тап осы сөз алдыңыздан қаптап шығады. Бұл деген – тұлға сөзінің мән-мағынасын, қадір-қасиетін білмеу деген сөз. Қазақ халқында бұл сөз – батырларына, билеріне, көсемдер мен шешендерге, өнер адамдарына, тарихта аты қалған қоғам қайраткерлеріне ғана арнап айтылатын ардақты сөз. Ондай адамдарды «бір елге тұлға болған» деп мақтанған. Ал абыройлы азаматтарымызға таңылатын теңеуді айдаладағы қылмыскерге телу дұрыс емес. Мұндай өрескелдіктер осы ақпараттарды даярлағандардың бұл сөздің мән-мағынасын түсіне бермейтіндігі мен оларға жөн сілтеушілердің жоқтығынан жіберілуде. Тап осындай өз орнын таппай, жазу мен сөйлеу мәдениетінің тағылымдарын ескермеуден дұрыс қолданылмай тұрған сөздер мен сөз тіркестерінен көптеген құжат көз сүріндіреді. Соның бірі «адам шығыны» деген тіркес те құлаққа түрпідей тиеді. Бұл тіркестің де дұрысы – «адам өлімі», мұнда да «шығын» деген сөз көбіне мал немесе басқа да материалдық құндылықтарға қатысты айтылса керек. Оған қоса шетелден кірген кірме сөздерді өз тілімізде төл мағынасы бола тұра, аудармасыз пайдаланып, тілімізді импорттық сөздермен «байытудамыз». Осылай ресми тіл алға шығып, ана тіл «ала қойды бөле қырықтының» күйіне түсіп тұрғандықтан, ол қолданыс тілі ретіндегі беделінен айырылып, онымен жазатындар да, оқитындар да әлі күнге саусақпен санарлықтай. Сондай-ақ тілге байланысты теңсіздіктер бұқаралық ақпарат өкілдері қатысатын баспасөз мәслихаттарын өткізгенде анық білініп, сонау тоталитарлық тұсты есіңе түсіреді. Тіпті баспасөз мәслихатын қазақ оқығандары жүргізіп отырса да, олар әуелі ресми тілде жүргізіп, кейін, онда да журналистердің сұрауы бойынша, ана тілінде алдағы айтқандарын қайталауға көшеді. Ана тіліміздің аударма тіліне айналып сала бергенін көргенде жігеріміз құм болады. Осындайда өзге ұлт өкілдері ел мен жердің иесі тілінің мысын сезініп, соның нәрімен нәпақасын тауып жүргенін осындай жүздесулер мен жиындарда мойындауы қажет. Бұл – тәуелсіздіктің шарты. Қолданыстағы тілдің аясын кеңіту оны мінберден сөйлеп шығуда ғана емес, тыңдаушыларына оның тәрбиелік тағылымының жоғарылығын, оның кез келген шиеленіскен түйінді шеше білетін шешендігі мен көсемдігін жеткізе білуде. Біздің көптеген жиындарымыз бен оты­рыс­тарымыз бірқалыпты сүреңсіз, қатып қалған жауыр болған баяндамалармен өткізіледі. Сондықтан ол айналасындағыларды сел­қостығымен жалықтырып жібереді. Осындайда іскерлік жиындардың өзі әдемі әдебиленген тілмен, майталман шешендікпен ұйымдастырылатын болса, оның адам жанына түсіретін сәулесі де, тілдік аураны қалыптастыратын ортасы да өзгеше болар еді деген ой келеді. «Сөзі жетім елдің өзі жетім» дегендей, алдағы уақытта тіл мәселесіне әділеттілікпен қарамайтын болсақ, әділетті қоғам құрудың өзі неғайбыл болмас па екен деген қауіп те жоқ емес. Зияш Телеуова, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Баспасөз қызметінің үздігі, ардагер-журналист Ақтөбе

3827 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8755

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7058

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4802

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4188

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4150

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4111

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3841

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3841

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы