• Тіл
  • 18 Тамыз, 2011

Тіл үйретуде тиімді тәсіл керек

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың биылғы Жолдауындағы міндеттердің бірі – қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде үйретудің тиімділігі мен сапасын көтеру. Бұл тұрғыда оқытушы ретінде біздің міндетіміз – тілді тиімді, сапалы, нәтижелі оқыту. Қазір қазақ тілі балабақшада, мектепте, жоғары оқу орындарында, мекемелер мен өндіріс орындарында жаппай оқытылады. Осы орайда «қалай оқытылуда?» деген заңды сұрақ туындайды. Осыдан 10-12 жыл бұрынғы қазақ тіліне деген көзқарас, тыңдаушы мен оқытушы, қазіргі тіл үйренушілер мен үйретушілер арасында үлкен айырмашылық бары да рас. Егер бастапқы кезеңде әліпбиден басталатын оқу құралдары қажет болса, қазір оқу құралдарына мүлде басқа талаптар қойылады. Тіл үйренуші, тыңдаушы талабына байланысты біздің алдымызға қойылатын мақсаттар да өзгеріп келеді. Қазіргі тіл үйренуге ниет білдірген тыңдаушылардың көпшілігі – мектепте оқып, грамматикалық минимумды меңгерген, жоғары оқу орындарында ресми ісқағаздарымен танысқан адамдар. Бұлардың басты кемшілігі – қазақша сөйлемейді, жақсы білетін грамматикалық нормаларды орынды қолдана алмайды. Неге? Өйткені тілді, яғни алған білімін пайдаланбайды. Әрине, сан қилы себептер табылады. «Орта жоқтан» басталып, «білмеймін» деумен аяқталады. Осы жерде Елбасының «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген тағы бір сөзі еріксіз еске түседі. Не істеу керек? Тыңдаушыларды сөйлеуге, сөйлесуге үйрету қажет, яғни қатысымдық әрекеттің екі түрін – рөлдік қатынас пен қоғамдық қатынасты – қарастырған дұрыс секілді. Ересектерге тіл үйретудің өзін­дік ерекшеліктері бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Сол ерекше­ліктердің кейбі­реулеріне тоқтала кетуді жөн көрдік. 1.Психологиялық аспекті. Оқытушы тіл үйренуге келген ересек адаммен психологиялық тұрғыдан жағымды қарым-қатынас орнатуы керек. Бұл – өте маңызды. Себебі ересек адамда бірден «дұрыс айта, жаза, аудара алмай қалар ма екенмін» деген күдік пен «қателессем маған күлер-ау» деген қорқыныш қатар пайда болады. Сондықтан оқытушы ересек тіл үйренушінің көңіл күйіне ерекше назар аудару керек деп ойлаймын. Бұл жағдай, әсіресе, ұлты қазақ азаматтарына қатысты көрінеді. Мысалы, тіл үйренуге келген тыңдаушыдан (қазақ азаматынан) «үйде қазақша сөйлейсіз бе?» деп сұрасаңыз, көбі «нет, не с кем разговаривать» деп жауап береді. Бұл жағдайда біздің басты міндетіміз асқан шыдамдылықпен түсіндіре отырып, Абай атамыз айтқандай, «үйретуден жалықпауымыз» керек. 2.Ойын арқылы тіл меңгерту – ересектерді оқытудың тағы бір ерекшелігі. Бұл – қазақ тілін қатысымдық, яғни коммуникативтік тұрғыда оқыту деген сөз. «Ойын арқылы оқыту» тек мектеп оқушылары мен студенттер үшін деген ұғым тудырмауы керек. Мұны жоғарыда айтылған психологиялық жағымды жағдай тудыру арқылы сөйлесу әрекетіне жеткізу деп түсінген дұрыс. Ойын ойнатудың әдістемелік мәні неде? Ойын – жағымды эмоция сыйлау­шы құрал. Ойын ойнату барысындағы ойламаған жерден ойынға кірісіп кетудің өзі қызығушылық тудырады. Адамның психологиялық қалпы жақсарады. Тыңдаушылардың, тіл үйренуші мен оқытушының арасында сенімділік, түсінушілік пайда болады. Достық әрі ресми қарым-қатынас дұрыс жолға қойылады. Ең бастысы – жоғарыда айтылған «көңілінде күдігі» бар тыңдаушы өз-өзіне сене бастайды. Ал тыңдаушы мен оқытушының арасында қандай байланыс болуы қажет? 1. Ресми қарым-қатынас емес, жеке тұлғалар ретінде еркін сөйлесу, тепе-тең қарым-қатынас жағдайы болу керек. 2. Олай болмаған жағдайда, сабақта психологиялық микроклимат дұрыс болмауы ықтимал. 3. Қарым-қатынас тыңдаушы қажеттілігінен туындап, шын ниетті болуы шарт. Әйтпеген жағдайда коммуникативтілік іске аспауы мүмкін. 4. Жоғарыда айтылған қарым-қатынастың үш түрі де жұмыс істеуі тиіс. Мысалы, интерактивті – бір іс-әрекет негізінде бір тыңдаушы, екінші тіл үйренушіге әсер етуі; перцептивті адамдардың бірін-бірі жеке тұлға ретінде қабылдауы; ақпараттық – бір-бірімен пікір алмасуы. Демек, тілді ойын арқылы меңгерту – орыстілді адамдарды қазақша қарым-қатынас жасап, қазақша сөйлетуге апарар бірден-бір жол болмақ. Ойын арқылы оқытудың тиімділігі туралы павлодарлық ғалымдар Ғалия Резуанова мен Владимир Шнайдер «Коммуникативті қазақ тілі: рөлдік ойын арқылы оқыту» деген оқу құралында жан-жақты талдап, көптеген мысалдар келтіреді. Ересектерге қазақ тілін оқытқанда ерекше назар аударатын тағы бір мәселе – грамматиканы оқыту жолдары. Себебі қазақ тілінің грамматикасы жеңіл дүние емес. Бірыңғай жалаң грамматиканы берсеңіз – тыңдаушы қиынсынып, тілге деген қызығушылығы төмендеуі мүмкін. Сонымен қатар жалғау-жұрнақтардың мағынасын түсінбесе, орынды пайдалана алмау қаупі де бар. Сондықтан грамматикалық материалдарды мөлшерлеп (шектей отырып) берген дұрыс сияқты. Басты назарға қазақ тілінде айтылуы қиын дыбыстарды, олар қатысқан сөздерді айтылу ережелеріне сай айта білуге, жазылу ережелеріне сай жаза білуге дағдыландыру алынады. Сондай-ақ қазақ тілінде сөздің жазылуы мен айтылуы әрдайым бірдей болмайтынын тіл үйренушілерге ескерте отырып, екінші жағынан жазуға қарап оқып (айтып, дыбыстап), оқуға (айтуға, дыбыстауға) қарап жазып қателесу қаупінен сақтандырған жөн. Яғни ауызекі сөйлеуге үйрете отырып, сауат­ты жазуға дағдыландырған дұрыс. Сол сияқты, сөз бен сөздің, сөйлем мен сөйлемнің арасын байланыстыратын жалғау түрлерін меңгерту, сөз таптарын, сөйлем түрлерін, сөздердің жасалу жолдарын, олардың қолданылу ерекшеліктерін үйрету мақсаты – әр қазақ тілі оқытушысының алдында тұруы тиіс деп ойлаймын. Полина ТАШЕВА, Павлодар облыстық «Ана тілі» орталығының оқытушысы

20913 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8982

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7181

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4922

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4307

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4273

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4231

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3963

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3961

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы