• Ақпарат
  • 19 Наурыз, 2009

Жолайрықтағы жолдау

Елбасының соңғы Жолдауы әлі талай пікірталас пен әңгімеге арқау болатын тәрізді. Тіпті, қазірдің өзінде жолданғанына көп бола қоймаса да жалпыреспубликалық деңгейде қызу талқылануда. Отандық БАҚ-тардың әбжілдігі түсінікті болғанымен, қара бұқараның арасындағы ду-ду да олардан еш кем түсіп жатқан жоқ. Әрине, салмағы мен салдары жағынан өте маңызды мемлекеттік мұндай тарихи мәлімдеменің ескерусіз кетпейтіні бесенеден белгілі. Өйткені бүгінгідей сындарлы дағдарыстық кезеңде билік тарапынан айтылған әрбір сөз алтыннан да ардақты, күмістен де көркем бағаланады. Неге десеңіз, ондағы айтылған ойлар құр ғана айтылып қоя салмай, қалай да жүзеге асуы тиіс. Ал енді Жолдаудың тікелей өзіне келсек, онда бүгінгі Қазақстан азаматын мазалаған ең өткір де күрделі мәселелер шоғыры сөз етілген. Жиырма-отыз шақты шаңырақ қана тұратын ең кіші ауылдан бастап миллиондаған тұрғындары бар үлкен мегополастерге дейінгі аралықты қамтитын кешенді іс-шаралар тізбегі назарға ұсынылған. Қатардағы жол инспекторынан қарапайым журналистке дейін үндеу тасталды. Елдіктің жиырмасыншы белесінде белдесуімізге тура келіп тұрған нөмірі бірінші құбыжықтың аты да нақпа нақ аталып, ешқандай да бұлдырлыққа жол бермей отыр. Ол – ДАҒДАРЫС. Сондықтан да қайсыбір сарапшылар айтып жатқандай, Жолдаудың соған негізделіп құралғанына таң қалатын түк те жоқ. Сол себепті де «қазіргі әлемдік дағдарыс өткінші құбылыс» деп өз-өзімізді жұбатуға мәжбүрміз. Бірақ кім білген? Нелер келіп, нелер кетпеген дүние? Рас, дағдарыс бізге сырттан келді. Оның көздері Жолдауда айтылғандай, «елдің ішінде емес, әлемдік экономиканың сәйкессіздігінде жатыр...». Бұл қалай десек те, жолайрықтағы – Жолдау. Қайда барамыз, қайдан келеміз? Қайсы даңғыл, я соқпаққа түсеміз? Өзінің бақыт құсын іздеп шыққан ертегі қаһарманындай алдымыздан тарамдалған жолдарға қарап тосылып тұрмыз. Қайсысымен кетсек атымыздан айрыламаз, енді қайсысы «басыңды тікпей бақ қайдалап» (Әселхан Қалыбекова) тұр? Қайсысы елес болып қол бұлғаған ұлы мұратқа дін аман жеткереді? Жауап көп, сауал одан да мол. Бұлай болмасқа да шара жоқ. Жаһандық деңгейге көтерілген арда бейнемізге күмәндана қарап, әрбір іс-қимылымызды жіті бақылаған сыншы милиондаған көз тұла боймызды тінтіп барады. Осы ретте «дос сүйінсін, дұшпан күйінсін» деген бабалардан қалған бір тәмсіл еске түседі. Досты сүйіндіретін не, жауды күйіндіретін не? Тағы да сол бәз-баяғы ата-бабамыздан қалған Ескі жол мен Қасқа жолдың мәйегі, жаңа замандық бүгінгі бағттың басты ұстанымы болуға тиіс – береке-бірлік. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, «біріңді бірің тыңда сөзін тосып» формуласы. Олай болмаған жағдайда жаңа Жолдаудың жүрекжардысындай болған біртұтастық идеясы ортаға салынбас еді. Елбасымыз айтпақшы, «Барша қазақстандықтардың жұмған жұдырықтай бірлігінің арқасында біз алмайтын асу, біз жеңбейтін кедергі болмайды». Тек құдайым бізді алауыздық пен «аққу, шаян һәм шортанның» қайғылы кебінен сақтасын! Мансұр Мамырайхан

2705 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы