• Қоғам
  • 15 Ақпан, 2012

Тарихымызды қашан түгендейміз?

d0b0d182d18b-d0b0d181d0bad0b5-d180Кеңес Одағы кезінде халқымыздың арасынан шыққан тарихшылар, археологтар, этногрофтар және антропологтар аз емес. Солардың қатар­ына қазіргі аға буын ғалым-мамандар жатады. Әрине, сол заманда жазылған көп­­­теген еңбектердің, ізденістердің ком­мунистік идеологияның шырмауында бол­­ғаны рас. Сол идеологияны Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» ат­­ты еңбегінде былайша қорытындылаған: «Адамзат тарихында бұрын болып көр­ме­ген идеологиялық машина 70 жыл бойы ұлт­­­­тық рухани тіректерді күл-талқан қы­лып қиратып, оның руханиятын кесіп-пі­шіп шұнтитты да, ортақ бір қалыпқа са­лып, шегендеді» (Алматы, 2003 ж., 284 б.). Бұл шеңберден шыққан ғалымдарға «ұлтшыл» деген жала жабылды. Осы жолмен қудаланған азаматтар Қазақстанда аз болған жоқ. Оларды оқырмандардың көпшілігі біледі. Міне, осыдан соң 1957 және 1977-1980 жылдарда қазақ халқының тарихы жайында «Қазақ ССР тарихы» деген атаумен бес томдық еңбек жарық көрді. Оны қазақ тарихы деуге ауыз бармайды, себебі тарих ақтаңдақтарға белшесінен батқан. Соған қарамастан, көпшілік оқырмандар, студенттер оны әлі де пайдаланып келеді. Өйткені шынайы «Қазақ тарихы» әлі жазылған жоқ. Кеңес Одағы ыдырап, 1991 жылы егемен­дік­ке қол жеткіздік. Содан бері 20 жылдан аса уақытты еңсердік. «Осы жылдардағы қазақ тарихының жағдайы қандай» деген сұраққа жетістіктен гөрі, кемшілік тұстары көп деп жауап берер едім. Жетістіктер қатарында 70 жыл үстемдік еткен Кеңес Одағы ыдырап, 1991 жылы егеменді ел болғанымызды мақтанышпен айтамын. Бұл – қазақ халқының ғасырлар бойы жүргізген ұлт-азаттық күресінің жемісі. Егемендік – асыл да ардақты, баға жетпес қасиетті ұғым. Ол – қазақ халқының көшпенді өмірінің тірегі. Соның арқасында «Қазақ тарихына» жаңа қөзқарас пайда болып, бұрын жарық көрген тарихымызды қайта қарастырып, оны ақтаңдақтардан арылтып, қазақ халқының шынайы тарихын жазуға толық жағдай жасалды, цензура жойылды, архивтер ашылды, жала жабудың жолдары жабылды, әрбір ғалым өз пікірлерін ашық айта алатын жағдайға қол жеткізді, кадрлар дайындауға жол ашылды және тағы басқалар. Егемендікке қол жеткізген жылдарда жалпы ғылымда, оның құрамдас бір бөлігі гуманитарлық ғылымдар саласында да тарихшылар табысты еңбек етіп келеді. Олар «Қазақ тарихына» керекті жаңа жазба, археологиялық деректер тауып, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша көптеген археологиялық, этнологиялық экспедициялар, зерттеулер жүргізіп келеді. Әсіресе археологтар тарихымыздың тас, қола, темір және орта ғасыр дәуірлерінің ескерткіштерін ашуда және зерттеуде көп еңбектенуде. Жақында археологтар «Бес алтын адам» деп аталатын жәдігер тауып, отырықшы өркениеттің негізі болған көптеген қоныстар мен қалаларды ашып, сонда зерттеулер жүргізіп келеді. Жалпы алғанда, біздің тарихшылардың жинаған осындай жаңа деректері негізінде шынайы «Қазақ тарихын» қайта жазатын кезең келді. Бірақ жиналған бай деректерді ғылымға кеңінен пайдалану кейінге қалып келеді. Дегенмен тарихымыздың әр дәуіріне тікелей қатысты монографиялар мен мақалалар жарық көрді. Олардың сапалары да әртүрлі дәрежеде. Жарық көрген туындылардың авторлары өз деңгейіне сәйкес ғылыми еңбектер де жазуда. Ал олардың сүйенетін шынайы қазақ тарихы оқулықтарының сапасы сын көтермейді, олар әлі де ақтаңдақтардан арылмаған. Жарық көр­ген тарихи кітаптардың сапасына қатысты сын-пікірлер жоқтың қасы. Әрбір тарихшы өзінің шығарған еңбегінің оқырман тарапынан қандай баға алғаны туралы хабарсыз. Бізде тарихшыларымыздың көптеген жылдар бойы бас қосып, алқалы жиында пікір алмасуы болмаған. Ол тіпті жолға да қойылмаған. Мұндай кездесулер жиі болғанда ғана пікір алысу өзінің нәтижесін береді. Ғалымдардың өзара пікір алмасуы ақиқат тарихымыздың қалыптасуына игі әсерін тигізері сөзсіз. Кез келген тарихшы автономиялық жағдайда сапалы ғылыми жұмыс жаза алмайды. Бірлік, пікірлесу ғалымдарға ауадай қажет. Тек осындай жағдайда ғана ірі-ірі мәселелерді шеше алады. Міне, осылайша, біз шын мәніндегі «Қазақ тарихын» жазуға әлі кіріскен жоқпыз. Кеңес өкіметі тұсында жарық көрген бес томдық тарихымызды 1996, 1998, 2002-2010 жылдары «Қазақстан тарихы» деп тек атын өзгертіп, кейбір жерлерін аздап өңдеп, қайта басып шығардық. Ал кеңес өкіметі тұсында орын алған көптеген тарихтағы ақтаңдақтар еш өзгеріссіз, сол күйінде қалған. Жарық көрген жаңа басылымнан оқырмандар өзінің төл тарихы туралы мағлұмат алуы екі талай. Сонда «Қазақ тарихы» осы күйінде қала беруі керек пе? Оны басынан аяғына дейін қайта жазып шығу – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Осы үлкен жұмысты іске асыруда тек тарихшылар ғана емес, барлық гуманитарлық ғылым саласының өкілдері белсенді түрде кірісулері қажет. Бұл мәселе тек көпшілік ғылымдардың басқосуы арқылы ғана шешіледі. Өткен жылы ақпанның 11-і күні «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының XIII съезінде Елбасы тарих туралы былай деді: «Патриот болу – өз Отаныңды шын жүректен сүю, өзіңе және өз халқыңа сеніп, қоғамға қызмет ету. Бірақ өз тарихыңды, ана тіліңді, шығу тегіңді білмей, нағыз патриот бола алмайсың» («Егемен Қазақстан», 12 ақпан, 2011 ж.). Елбасы тілімізге, тарихымызға ерекше мән берген. Өзін қазақпын деп сезінетін әрбір азаматының төл тарихынан, тілінен хабардар болуы былай тұрсын, оларды жақсы білулері кажет. Қазақ тарихын қазақ тілінен ажыратуға болмайды. Екеуі де «егіз қозыдай», бір-бірінен ажырамас тұтастықта болып қана қазақ ұлтының негізін құрайды. Елбасының өзі бас болып қазақ тіліне барлық жағдайды жасап отыр. Міне, сондай жағдайды «Қазақ тарихына» да жасауымыз керек. Күрделі шаралар қолға алынбаса, төл тарихымыздың жағдайы мүшкіл болып қала береді. Осы тұрғыдан қарағанда, біздің тарихшылардың алдында шешуін күтіп тұрған өзекті мәселелер жеткілікті. Олардың ішінен негізгі екі мәселеге тоқталмақшымыз. 1.«Түркі өркениеті» – айтарлықтай қолға алынбай келе жатқан өзекті мәселе. Жинақ­тал­ған өте бай деректерге негіздеп, бұл мәселені кешенді зерттеуді қолға алуымыз қажет. Адам­заттың алғашқы өркениетінің негізін салған Орталық Азияның автохтондық этносы арийлер болған. Бұл тұжырымдаманы дәлелдейтін деректер жеткілікті. Барлық түркітілдес этнос­тарымен қатар қазақ тарихшылары да бас қосып, «Түркі әлемінің өркениетін» кешенді зерттеуге атсалысулары қажет деп білемін. Орталық Азия­ны мекендеген түркітілдес этнос­тар, ежелден отырықшы өркениеттің негізін салған. Олар шетінен көшпелі болмаған. Ендеше, бұрыннан қалыптасып қалған көшпенділік тұжырымға ғылыми соққы беретін уақыт жетті. Енді кейбір тарихшылар ескі әдет бойынша айтатын қазақтар «көшпелі» болған дегеннен арылу қажет. XXI ғасырдың басында түрік әлемінде бұл мәселені қолға алған Қазақстан болатын. 2010 жылы Қазақстан мен Түркия мемле­кеттерінің Президенттері Астана қала­сында бас қосып, «Түркі халықаралық академиясын» ұйымдастырды. Бұл түркітілдес халықтардың тарихын, тегін, тілін, әдебиетін, этнологиясы, антропологиясын, экономикасын, археологиясын және табиғи-географиялық орталығын кешенді зерттейтін ірі ғылыми орталыққа айналмақ. Аталған осы игі шаралар алға басып, жыл өткен сайын шешімі табылатын мәселелердің қатары көбейе беретініне сеніміміз мол. 2. Халқымыздың талабына сай, ақтаңдақ­тардан тазартылған жаңа көзқарастағы төл «Қазақ тарихын» жазу – өзекті мәселе. Тарихтың негізі салынған, бірақ оны басынан аяғына дейін түзету қажет. Шынайы тарихымыз жарық көрсе, соған бағдарланатын тарих пәнінің оқулықтары, ғылыми еңбектер жазылып, жалпы халықтың төл тарихын білуге жәрдемдесер еді. «Қазақ тарихының» қазіргі жағдайы сын көтермейтіндігіне тоқталдық. «Енді оны қалай түзетеміз» деген сұрақ туындайды. Ол үшін төл тарихымызды мектептер мен жоғары оқу орындары үшін жоғары сапаға сай етіп жазуымыз қажет. Қазіргі таңдағы «Қазақстан тарихының» оқытылу жағдайы қанағаттандырмайды. Мектептерді былай қойғанда, университеттерде тарих факультетінен басқа факультеттерде оны оқытуға бар болғаны үш кредит бөлінген (130 сағат). Бұл пән бірінші курстың екінші семестрінде оқытылып, емтихан тапсырумен бітеді. Мұндай жағдайда студенттер өзінің төл тарихынан тұрақты білім ала алмайтыны анық. «Қазақстан Республикасының ғылым туралы» заңы да жарық көрді. «Жаңа заңға негізделіп, егеменді елімізде ғылымның дамуы жаңа сатыға көтерілер» деген үміттеміз. Себебі жаңа заңға байланысты егеменді елімізде ғылым бұрын болмаған жаңа сатыға көтерілетінін министрдің өзі де ашық айтқан болатын. Ғы­лымның дамуына қажетті жаңа заң, қаражат және ұйымдастыру шараларының жасалға­нын айта кетіп, енді осы мүмкіншіліктерді пайдаланып, ғалымдардың қажырлы, жемісті еңбек етулерінің қажеттілігіне де айрықша тоқталған. Бұрын ғылымның дамуына мұндай қамқорлық жасалмаған. Баршаға мәлім, Кеңес Одағы жылдарында білім мен ғылым екіге бөлініп, білімді оқу орындарына беріп, Ғылым академиясының меншігіне айналғаны көпшіліктің есінде. Атап айту керек, жоғары оқу орындарына мемлекеттен ғылымға қаражат бөлінбейтін. Бұл жағдай осы бүгінге дейін орын алып келді. Енді, жаңа ғылыми заңға байланысты, білім мен ғылым – бірегей, ғылымның орталықтары жоғары оқу орындары болмақшы. Міне, осындай жаңа жағдайда табиғи және гуманитарлық ғылым алға өрлей қалыптасып, қалған проблемаларды ғылыми тұрғыда шешуге толық жағдай жасалып отыр. Егеменді елімізде «Қазақ тарихының» өзекті мәселелерін шешуде тарих мамандары, барлық гуманитарлық ғылымның уәкілдері «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», «Қазақ тарихының» өзекті мәселелерін шешуге қызуқанды кіріседі деген үміттеміз. Олардың арасынан төмендегі үш проблема күн тәртібіндегі мәселелер демекшіміз. Олар: «Түрік өркениеті»; шынайы «Қазақ тарихын жазу»; «Қазақ тарихының қазіргі жағдайын жақсарту». Сондықтан Қазақ тарихын оқытуға айрықша көңіл бөліп, оған бөлінетін сағат санын көбейтіп, оқытылатын мерзімін созу қажет. Ең болмаса, жоғары оқу орындарын бітірген жастар өздерінің тарихынан хабары бар азамат болып шықсын. Ол үшін қаражатты, уақытты үнемдеудің қажеті жоқ. Өзінің шыққан тегін, тарихын, тілін, әдебиетін білетін, шын мәніндегі, патриоттарды тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты талабы. Уахит ШӘЛЕКЕНОВ, профессор

3493 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы