• Ақпарат
  • 02 Наурыз, 2012

Қыс өтіп, көктем де жетті...

d0bad0bed0bad182d0b5d0bcМіне, ел өмірінде есте қалатындай ірілі-ұсақты оқиғаларға, тосын жағдайларға толы болған Қоян жылы да аяқталып келеді. Олай дейтініміз, қазақ халқы үшін жаңа жыл мерекесі наурыздың 22-сінде, күн мен түн теңелген қасиетті мезгілде басталатыны белгілі. Сондықтан түркітілдес халықтардың, оның ішінде қазақтың ұлттық жаңа жылы – Ұлыстың ұлы күні екені даусыз. Демек, халқымыздың жыл бастауы һәм санауы бойынша Ұлу жылына енді аяқ басамыз. Дегенмен біздің айтпағымыз ол емес. Көпшілік қауымды Қоян жылындағы қытымыр қыстың ерекше­ліктері бейжай қалдырмасы анық. Ендеше, биылғы қыста болған таби­ғат құбылыстарына тоқталып өтейік. Тарих қойнауына кетіп бара жатқан қоян жылы расында табиғи ерекшелік­терімен дүйім елді дүрліктірді. Биылғы қыстың «тосын сыйларын» жалғыз біздің ел емес, күллі әлем көрді деу­ге толық негіз бар. Әуелі елімізде болған ерекшеліктерді айтып өтсек. Соңғы бес-он жыл ішінде елімізде есте қаларлықтай қыс болған жоқ еді. Алайда Қоян жылғы қыстың көпшіліктің көкейінде ұзақ сақталары анық. Биылғы қыс елімізде ерте түсті. Солтүстік өңірлерде қарашаның аяғы, желтоқсанның басынан бастап сарышұнақ аяз болып, соңы боранды күндерге, қатты суыққа ұласты. Синоптиктер қыстың беті қатты болатынын желтоқсан мен қаңтар айында қар мол жауатынын айтқан еді. Айтса, айтқандай-ақ, талайға қыңқ етпейтін Сарыарқаның адамдары осы қыстағы үскірік аяз бен үздіксіз соққан боранға әзер шыдап бақты. Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында кейбір күндері сынап бағанасы 40-42 градусқа дейін төмендеді. Осының себебінен ауыл-аймақ арасындағы қатынас үзіліп, мектептер уақытша жабылуға мәжбір болды. Ал әдетте қысы жылы бо­латын Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақ­стан облыстары да Қоян жылындағы қыстың қаһарына ілікті. Таулы аймақтарда жылдағыға қарағанда қар қалың түсіп, шыңылтыр аяз бой үйренбеген жұртты біраз әбігерге салды. Ал таяуда Алматы қаласында алты сағат бойы толассыз жауған қар­дың қалыңдығы 20 сантиметрден асқан. Ал таулы аймақта жарты метрге жуықтапты. Мұндай көрсеткіш былтырғы жылы тіркелмеген болатын. Аталған жайттар Қоян қысының өзгеше болғандығын айғақтайды. Былтырғы қыспен салыстырғанда биылғы қыстың тағы бір ерекшелігі – әрбір айдың басы және аяғында күннің суы­туы. Жұлдызшы Назарбек Қожамсейттің айтуынша, ауада озонның азаюына байланысты қыстағы күн мен түннің температурасында айырмашылық көп болған. Мәселен, солтүстікте күндіз минус 18-20 градус болса, түнде минус 38-40 градусқа дейін төмендеген. Ал оңтүстікте күндіз 10-12 градус төмен болса, сынап бағанасы түнде минус 25-27 градусқа дейін түскен. Айта берсек, «кәрі құда» қыстың әлегін көрмеген қоңырқай тірлікті қалың көпшілік кемде-кем. Ал ақпанның орта тұсында оңтүстікте аяқ асты күн жылынып, қардың күрт еруінен бірқатар ауылдарды су алды. Бір анығы, егер «Көксарай» су реттегіші болмаса, артық суды ешқайда жібере алмайтын түріміз бар. Әзірге Оңтүстік Қазақстан облы­сының тұрғындары қыс кезіндегі осы бір күн райының кенеттен жылынып кету құбылысын түсінбей әлек. Бұл да Қоян қысының бір ерекшелігі болып отыр. Табиғаттың тосын мінезі елімізде осылай көрініс тапса, кейбір Еуропа елдері осы қыстан секем алып қалған­дары ақиқат. Неге десеңіз, биылғы қыс Еуропада тулап қоя берді. Қаңтар айында толассыз жауған қар мен бет қаратпас борандарға тап болған еуропалықтар «жаһанда ауа райы жылынып барады» деп айтудан қалды. Қалың жауған қар мен ауа райының тым төмендеуі салдарынан Италия, Испания мемлекеттері­нің бірқатар аудандарында мектептер мен мемлекеттік мекемелер өз жұмысын тоқтатқан. Ал Түркия қалаларында бір тәулікте жауған қар қалыңдығы 30 сантиметрге дейін жеткен. Шығыс Еуропа елдерінде басты кеме қатынасының көзі болып табылатын Дунай өзенінің бетін мұз жапты. Иә, қыс маусымы қатты әсер еткен Батыс елдерінде температураның әдеттегіден де төмен деңгейге түскені байқалады. Еуропа бойынша жалпы 500-ден астам адам суық ауа райына шыдай алмай, қаза тапты. Сондай-ақ солтүстік Африка елдерінде де қыс қаһарына мінді. Бұрын-соңды болмаған қатты аяз салдарынан жапа шеккен тұрғындар баршылық. Елімізде және әлемде болған қыс мезгіліне қарап не айтуға болады? Бір белгілісі, биылғы қыс былтырғы қыстан өзгерек. Жоғарыда айтылған жайттар Қоян жылғы қыстың өзге жылдарға қарағанда анау айтарлықтай қатты болатынын білдірсе керек. Басқа халықтарды қайдам, бірақ қазақ үшін Қоян жылы қауіпті жыл болғаны тарихтан аян. Халқымыз Қоян жылын «жұт әкелетін апатты жыл» деп санаған. Себебі «жұт» үнемі көшпелі жұрт тарихында әрбір мүшел сайын қайталанатын Қоян жылымен сәйкес келіп отырған. Жұтты басынан өткеріп, зардабын тартқан ел көбіне басқа жылға қарағанда, Қоян жылын қатты есінде сақтаған. Тарих тілің кері бұрсақ, қазақ еліне «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманы 1723 – Қоян жылымен тұспа-тұс келген. Ал 1867-68 жылы – Жалпақ қоян жұты, 1879-80 жылы – Үлкен қоян жұты, 1891-92 жылы – Кіші қоян жұты, 1915-16 жылы Тақыр қоян жұты болған екен. Кеңес өкіметі кезінде, яғни 1962-63 жылдары да ауылдарда көп мал қырылып қалған көрінеді. Зер салып қарасақ, «Қоянның» тоң мінезі бұған дейін де талай мәрте көрінген екен. Қалай десек те, «жылдың жаманы жоқ» деп жатамыз. «Қоян жылы – қамбалы» дегендей, осы жылы егін бітік шығып, қамбамыз астыққа толы болғаны белгілі. «Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді!» – деп хәкім Абай айтқандай, ендігі кезекте Ұлу жылының жайлы болар деп үміттенеміз. Сұлтан Тайғарин

3740 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №10

10 Наурыз, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы