• Қоғам
  • 02 Наурыз, 2012

Гүлнәр Сейітмағанбетова: Баламды орыс балабақшасына бергенмін...

d0b3d183d0bbd0bdd0b0d180Халық қалаулыларымен тілдесуге «қол жеткізу» – қиынның қиыны. Журналистердің жолығуы қиын, сонда қарапайым халық қайтпек? Оның жанында журналистер қауымының арасында «қатардағы депутаттарға министр Гүлшара Әбдіхалықованың қарапайымдылығы жетпейді» деген сөз бар. Ал біз хабарласқан депутаттар жұмыс кабинетіндегі телефондарын апталап, айлап мүлде көтермесе, көмекшілерінің аузынан тек «ол кісі жиналыста, пленарлық отырыста, Жолдауды елге түсіндіру жұмыстарымен жүр, жаңа шығып кеткен...» деген сылтаулардан өзге әңгіме естімейсіз. Мысалы, Мәжіліс депутаттары Ромин Мадинов, Рауан Шаекин, Айгүл Нұркина, Жамбыл Ахметбековтердің даусын естимін деп, үміттенбей-ақ қойыңыз. Ал депутат Гүлнәр Ықсанованың көмекшісі онымен мүлде тілдестіргісі жоқ, «ол кісінің сізбен сөйлесуге ешқандай уақыты жоқ» деп шорт кесті. Енді бізге олардың қалта телефондарын қоңыраулатудан басқа амал қалмады. «Ана тілінен» дегенде ыршып түспей, сөйлесуге ниет білдірген депутаттың бірі Гүлнәр Сейітмағанбетова ханым болды, оған да шүкір дедік. – Апай, сәлеметсіз бе? Отандық басылымдарды оқып отырасыз ба? – Отандық басылымдар дейсіз бе? «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Казправда», «Алаш айнасын» оқимын. «Алтын орда» деген газетті де алдырамын. «Время» газетін оқимын. Біз бәрін оқып отыруға тиістіміз. В том числе «Жас алаш» сияқты газеттерді де алдырып оқимын. Официальный мемлекеттік газеттердің бермейтін сыни ақпараттарын басқа басылымдардан біліп отырамын. Оны да халықтың бір бөлігі оқып отырған соң, онда қандай актуалды мәселелер көтеріліп жатыр, қандай ұсыныстар бар, соларды көру керек. Кейде идея аламыз. Кейін оны изучать етеміз дегендей... – Ұлттық әдет-ғұрыптарға қалай қарайсыз? – Мен енді қазақтың жанұясының қолданысындағы салт-дәстүрлердің көпшілігін білемін. Өзім Маңғыстау өлкесіндегі қазақы тәрбиедегі отбасыдан шыққан қызбын. Тіпті салт-дәстүрдің барлығын білем десем, артық айтқандық емес. Біздің жақта 14 наурыз – көрісу күні деген мереке бар. Жасы үлкен ата-әжелерімізге, елге сыйлы адамдарға барып көрісеміз. Ел болып тойлайтын Ұлыс күні бар. Мен кішкентай кезімнен барлық ұлттық ғұрыптарды көзіммен көріп өстім. Әлі күнге дейін білемін. Тем более мына киіз үйдің ішіндегі «бау», «басқұр» дегендерді өзім жасай аламын. Киіз басу, жүн түту дегендерді де білемін. Шешем «қыз бала селтеңдеп жүрмеуі тиіс» деп құрт жасатып қоятын. Құдайға шүкір, қазіргі тұрмыста осының бәріне бірдей қажеттілік туып жатпаса да, осыны үйреткені үшін ата-анама рақмет айтамын. – Өзіңіз қос тілге бірдей жетіксіз. Ұлттық құндылықтардан да бір кісідей хабардар екеніңіз байқалады. Ал өз перзенттеріңіз бұл жағынан қалай? – Менің жалғыз балам бар. Қазір тоғызыншыы сыныпта оқиды. Басында «осы орыс тілінен көрген қорлығым жетеді» деп баламды орыс садигіне бергенмін. «Үйде жүргенде қазақша сөйлеп, екі тілге бірдей жетік өсер» деген оймен. Бір-екі жылдан кейін байқасам, балам қазақша сөйлемей барады. Сосын бірінші сыныпқа қазақ мектебіне бердім. 7-сыныпқа дейін обыкновенный қазақ мектебінде оқыды. Одан кейін ер балалардың қазақ-түрік лицейіне бердім. Құдайға шүкір, қазір ұлым екі тілге де жетік. – Рақмет. Дайындаған Д.ІЗТІЛЕУ

17971 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы