• Мәдениет
  • 22 Наурыз, 2009

Қалидың қайрағы

Өмірде өңі де, өзі де, сөзі де көркем жігіттер болады. Құдай Тағала олардың келбетін ғана көркем етпей, көкіректеріне де сәуле құйған. Дүние танымы кең, ақыл-парасаты мол, адамгершілігі асқақ, қулық-сұмдықтан ада болып келеді ондай жандар. Өз басым сондай азаматтардың қатарына Қали Сәрсенбайды жатқызған болар едім. Құңфудзы айтыпты деген бір сөз бар. «Бәкене кісі Көктің құдіретін түйсінбеген – кердең, ұлылықтың болмысын түсінбеген – дөкір, даналардың сөзін ұқпаған – тасыр, сондықтан ештеңеден қаймықпайды» депті ғой. Біз білетін Қали Сәрсенбай – осындай кердең, тасыр, дөкірлерді қаламымен түйреп келе жатқан қарымды қаламгер. Қалағаң қай тақырыпқа сөз қозғаса да, ұлтжандылық, елжандылық, мемлекетшілдік тұрғысынан келеді. Ол, ең алдымен ел абыройын бірінші орынға шығарады. Әлдекімдерге жағыну, тіпті болмаса жеке бас пайдасы үшін біреуді мақтап, жер-көкке сыйғызбай мадақтап жатқанын көрмейсіз. Жоғарыда біз айтқан қытайдың ұлы ойшылы тағы бірде: «Дегдар адам үш нәрседен қаймығады: көктің құдыретінен, ұлылардың болмысынан, даналардың сөзінен» деп кетіпті. Осы бір сөзді оқығанда біздің санамызда Қали Сәрсенбайдың бейнесі елестеді. Құңфудзы жарықтық дәл осы өсиетін Қалағаңа қаратып айтқандай әсерде болдық. Неге? Енді осыған қарай ойысайық. «Құдайдан қорықпайтыннан қорық» деген бар қазақта. Қарымды қаламгер Қали Сәрсенбай туралы осы уақытқа дейін «біреудің ала жібін аттапты» немесе «әлдебіреулерге қысастық жасапты» деген жел сөзді естіген емеспіз. Өзі қаншама уақыт таршылық көрсе де, нанын адалынан тауып жеуге тырысқан азамат. Осы орайда мына бір оқиға еске оралады. Кеңес өкіметінің тұсында, қазірде де қалаға келген қазақтардың басты мәселесі баспана болса керек. Қали Сәрсенбай да төрт баласымен Алматының төрт бұрышынан пәтер жалдаған «көшпенділердің» қатарынан екенін біз білеміз. «Алматыда мен алдын көрмеген орыс кемпір қалмады ғой. Отызға жуық пәтер ауыстырыппын» деп отыратын Қалағаңның өзі. Тәуелсіздік келгеннен кейін біздің кейіпкеріміз «Егемен Қазақстан» газетінен пәтер алады. Қаншама жыл зарығып жеткен бақыт қой. Сол сәттегі оның сезімін біз сөзбен айтып жеткізе алмаспыз. «Ақсайдағы» төрт бөлмелі үйге кіріп, мәре-сәре болып, азан-қазан көңіл-күйдің құшағында жүрген қаламгердің ойына әлден уақыттан кейін балалары түседі. Екі ұл, екі қыз жоқ. Әрі-бері іздейді. Таппайды. Аттарын атап шақырады. Келмейді. Содан іздестіре келе қараса, төрт бала үйдің түпкір бөлмесіне кіріп, бір бұрышта тып-тыныш көздері бақырайып отыр дейді. Балаларының үрпиіп отырған түрін көрген әке олардың жанына жақындап: «неге үнсіз отырсыңдар?» демей ме? Сөйтсе, үлкен қызы Мөлдір «қожайын ұрсады ғой» деп жауап беріпті. Қалағаң қазір осы сәтті күрсініп отырып еске алады. Расында да, бұл трагедия ғой. Ойын баласының қожайыннан сескеніп, именіп, ойындағысын айта алмай, әрі-беріден соң бала секілді ойнай алмауы, шынында да, қасірет емес пе. Қызының жауабын естігенде, Қалағаңның көзіне жас келіп, төрт баласын құшағына қыса беріпті. Бұл – біз білетін бір ғана оқиға. Ал осы тектес адам жүрегін ауыртар оқиғалардың Қалағаңның өмірінде көп болғанына біз бәс тіге аламыз. Енді қараңыз: өзі әупіріммен жетілген, жұрт қатарына қосылған, талай қиыншылықты басынан өткерген азамат қалайша өзгелерге қиянат жасай алады? Жоқ. Олай болуы мүмкін емес. Екінші мәселе. Құңфудзы жарықтық: «Дегдар адам ұлылардың болмысынан қаймығады» деген екен. Санамызға алғашқы келген ойды іркіп қалмайық. Республика сарайының алдында Абай ескерткіші тұр. Оны жұрттың бәрі біледі. Қайбір жылы осы Абай ескерткішінің басына қарға сарып кетіпті. Хакімнің беті сатпақ-сатпақ. Сақалы аппақ. Айғыз-айғыз беті әлеміштеніп талай уақыт тұрды. Оны байқаған жергілікті билік те, Республика сарайының әкімшілігі де болмады. Сол бір жағымсыз көріністі Қали байқайды. Сонан «Жас Алаштың» бетінде «Ұлылықтың бетін кім жуады?» деген мақала жазды. Қалам ұстаған азаматтардың барлығы Абайды меншіктейді. Бірақ Абайдың беті сатпақ-сатпақ болып тұрғанда оны ешкім сөз етпеді. Әсілі, сөз етуге жарамайтын дүние деп түсінсе керек. Ұлыларды жан-тәнімен ұлықтайтын Қали Сәрсенбай ондай бейқамдыққа барған жоқ. Жазды. Айтты. Ақыры, Абайдың бетін жуғызды. «Алматы Ақшамының» ауласынан шыққан жігітпіз ғой. Қали Сәрсенбай осы газеттің бетінде тұлғалар туралы көп толғады. Тіпті бір мақалаға «Тұлға тұлғаны алыстан таниды» деп тақырып қойғаны есімізде. Тұлғаға құрмет жасауды бір білсе, Қалағаң біледі деп кесіп айтуға толық негіз бар. Әрбір азаматтың өзі үнемі ақтарып тұратын, оқып отыратын кітабы болады. Ол кітап оның қасынан бір елі қалмайды. Қали Сәрсенбайдың үстелінде үнемі Абайдың «Қара сөздері» жатады. Кітапты қолыңызға алып қарар болсаңыз, онда асты сызылған, қара сөздерге қатысты ойлары жазылған, «қайран қара шал» деп күрсінген сөздерін оқыр едіңіз. Онан соң ол Алаш Орда қайраткерлерінің еңбектерін көп оқиды. «Алматы Ақшамында» «Біздің әкелеріміз» деген мақала шықты. Сол мақаладан Қали Сәрсенбайдың Алаш қайраткерлерін қалай ардақтайтыны, сөздері мен істерін құрмет тұтатыны тайға таңба басқандай көрініп тұр. Қысқасы, Қали Сәрсенбай – нағыз дегдар азамат. Қали Сәрсенбай тәлімі мол, көргені көп, айтар ойы келелі ұстаздардың алдын көрді. Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Әбіш Кекілбай, Нұрлан Оразалин, Баққожа Мұқай секілді бас редакторлармен жұмыс істесті. Зейнолла Қабдолов, Темірбек Қожакеев секілді ұстаздардан тәлім алды. Осы аттары аталған азаматтардың барлығы қазақтың маңдайына біткен адамдар еді. Біз тізбелеген кісілердің алдын көрген шәкірттен жаман маман да, нашар адам да шықпауға тиіс. Журналистикада «Шерханның шекпенінен шыққанбыз» деген нақыл сөз бар. Осы Қали Сәрсенбайлар – сол шекпеннен шыққан қаламгерлер. Қалағаң «Алматы Ақшамына» да кіл сайдың тасындай қыз-жігіттерді жинады. Олардың жазғандары қазір елдің аузында жүр. Ендігі сәтте «Қалидың қайрағына қайралғандар» деген нақыл сөздің тілдік қорымызға енуі мүмкін. Өйткені Думан Ашан, Әсия Бағдәулетқызы, Азамат Қасым, Мәншүк Бекбосын, Өркен Жоямергенұлы, Әйгерім Сауытбекова, Жандос Байділда, Еркебұлан Нүрекеш секілді «сен тұр, мен атайындар» Қалидың қайрағында қайралып жатыр. Ал ондай қайрақтан өткен қыз-жігіттер ұстараның жүзіндей лыпып тұратынына кәміл сенеміз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Қали Сәрсенбай – жақсы шәкірт бола білген, мықты ұстаз атанған қарымды қаламгер. P.S.Осы мақаланы оқыған адам «мына бала бұрынғы бастығын әбден мақтапты-ау, бұған не себеп?» дер. Айтайық. Қали Сәрсенбай Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамымен тұспа-тұс дүние есігін ашқан. Биыл 50-ші көктемін қарсы алып отыр. Қалағаң ердің жасы елуге келді. Осындай мерейлі күнде біз шәкірттік ілтипат білдіргенді жөн деп санап едік. Қали Сәрсенбай туралы әлі талай естеліктер айтылар, эсселер жазылар. Біз бүгін оқырманға соның бір ғана парасын айттық. Қалғаны – болашақтың еншісінде.

«Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбайға Көкірегіме мұң сарынын түнетпей, Аяздың да ызғарына дір етпей. Алматыны мейірімді деп ойлаппын, Дәл сіздегі жүректей... Жаныңызға сұлулықты сыйдырып, Арыңызға адалдықты жидырып. Алматының аспанына жіберген, Тәңір сізді сый қылып! Еңбегіңмен биіктерге өрледің, Адамдардың ара-жігін бөлмедің. Болмысыңнан ұсақтыққа ұмсынар, Пенделікті көрмедім. Қасиетті көзі сынды көненің, Өр-жанымды өгейсітпес өлеңім. Бабалардың сарқытындай сіздегі, Тектілікті көремін! Талғамыңыз талайынан биік тым, Жасын-ойды жанарыңа ұйыттың. Сіз арқылы тазалықтың тамшысын, Тағдырыма түйіппін! Динара Мәлікова, ақын

Ержан БАЙТІЛЕС

4065 рет

көрсетілді

60

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы