• Тіл
  • 31 Мамыр, 2012

ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫНЫҢ ҚАДІРІН ТҮСІРМЕЙІК

Аян НЫСАНАЛИН Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – халықтың бүкіл бітім-болмысы, қымбат асыл қазынасы. Біз жер жүзіндегі қолданылып жүрген алты мыңнан астам тілдердің арасында ойып жетпісінші орын алатын ана тілімізді қалай қастерлеп, әспеттесек те жарасады. Ата Заң мен түрлі қарар-қаулыларда көрсетілгендіктен туған тілге самарқау, салғырт қарауға болмайды. Тіл саясатын «ұзын арқан, кең тұсау» жүргізуге жол жоқ. Рас, қазір тіл төңірегінде көкейкесті мәселелер өткір қойылып келді. Құлан өз қағынан жерімейді. Қазақ тілінің де маңдайы жарқырап, күні туып келе жатқанын мойындау ғанибет. Оған әлдебір астамшылықпен, шамшылдықпен қарамау керек. Тіл төңірегіндегі түйткіл әлі біткен жоқ. Ол қалай жалғасын табатынын алда уақыт көрсетеді. Бұл бағыттағы мемлекет ұстанымы айнымалы болмауы тиіс. Алдымен онжылдықтарды қамтыған үкіметтік босаң бағдарлама не береді? Тарих пен ұлттық құндылықтарды көпе-көрнеу елемеу ешкімге де абырой әпермейді. Біздің дәуіріміздің 450 жылдары төсінде ғаламат ғұндардың, әділ көшбасшы көсемдерінің, тұлпарлары тұяғының ізі қалған ескі құрлықтан бастап, ұлы даланы басып өтіп, таулар мен баулар, шөлдер мен көлдер ортасындағы Қарақорымға барып қайтқан фламанд епископы, жиһанкез Виллем Рубрук ХІІІ ғасырдың өзінде көшпелілер өркение­тіне сүйсініп, ақтарыла сыр шертеді: «Жоғарыда айтылған жазықта бұрын қисапсыз қалалар болған... Қыпшақтар да байларға арнап пирамидалар, яғни шошақ төбелі тамдар салыпты, бұл араларда кірпіш табылмаса да, кейде мен сәнді салынған үлкен мұнараларды да, кейбір жерде кірпіш үйлерді де көрдім». Содан бері не өзгерді? Әрине, сөйлесу құралы. Байыды. Жүйеленді. Қанатын одан сайын жая түсті. Уақыт өтіп, дәуірлер алмасқан кезде алыптар тобының ірі өкілі Ғабиден Мұстафин ХХ ғасырдың аяғына таман назаланып: «бұрын ұлтшылдықпен күресіп едік, енді ұлтсыздықпен жаға­ласуға тура келеді» деген еді. Оның замандасы, тамаша сөз зергері Ғабит Мүсірепов те ақырына дейін ана тілінің жай-күйіне алаңдап, оның тазалығы мен шынайы табиғатын қорғаштап, көз қарашығындай сақтауды аманат етті. Қазақтың қос абыз қарт қаламгерлері жайдан-жай беймаза күй кешпеген екен. «Ана тілінің көкжиегі кеңейіп, қашан көсегесі көгереді?» деп алаң қылған екен. Туған тілін білмегендігі үшін сыналатын Олжас Сүлейменов: «Тап-таза тілді табу мүмкін емес. Кәріс тілінің жетпіс бес пайызын қытай сөздері, француз тілінің жиырма бес пайызын араб сөздері құрайды екен. Ал, өткен ғасырдың 70 жылдарындағы ұлы қағанаттық өркөкіректік орыс тіліне түркі сөздері араласқан дегеннің өзін кешіре алмады. Өркен жайған мәдениет – өзгелермен ұдайы, жүздеген жылдар бойы ара­ласып-құраласудың жемісі. Сөз ал­ма­су деген тіл кедейлігінің белгісі емес, бұл оның даму үстіндегі тіл екендігін көрсетеді» деп шарасыздық танытып, азаматтық жауапкершіліктен жалтарып кетеді. Бәрібір бұл тіл қайнарының бұлағы ешқашан сарқылмайды. Америка ғалымы Кристофер Бейкер басшылық жасап, Тұманды Альбиондағы Шекс­пир елі 50 мың сөз қамтитын қазақ-ағылшын сөздігін шығаруға ден қоюы аса қажеттілік туындап отырғанын көрсетеді. Осы орайда өзім байқап жүрген тіл төңірегіндегі біраз жайттарды баян­дап көрейін. «Алматы ақшамы» газеті былтыр «Қазақта адамның бет-бейнесін білдіретін 23 сөз бар» деген бір қызғылықты мақала жариялады. Әйтсе де, басылым назарынан тағы да шырай, кейіп, тұрпат, тұрық, бәден, жамал (кірмеден төл сөзімізге айналып кеткелі қашан), сұлба, рай, сұс, сықпыт, ұсқын, бітім, т.б. сияқты ұғымдар өгейсіп ескерілмей қалыпты. Ана тіліміз бай, қай тақырыпқа да қамшы салдырмайды деп масаттанатынымыз қайда? Оны қолдан өзіміз жұтатып тұқыртатындаймыз. Ақын Мұзафар Әлімбаев қорындағы бет, түр, түс, бейне, жүз, әліп, тәрізі, сыйық, пошым, рең, көрік, репет (рәпат), кескін, келбет, әлпет, сұрық, ажар, сымбат, дидар, пішім (пішін), ұсқын, нобай сөздері де орнымен пайдалана білсек аз емес. Келтіргендерге жазбагер М.Әбдіхалық өңді қосқанымен бар қазынамыздың бас-аяғы түп-түгел түгелдене қояр ма екен? Әрине, мемлекеттік тіл өзінің мәңгілік алтын тұғырына қону үшін қыруар шаруа атқарылуы тиіс әлі. Неге екенін қайдам, осы күнге дейін қазаққа қатысты құжаттар мен тарихи тұлғалардың аттары дұрыс жазылмайтыны ешкімді ойландырмайтындай. Тіпті ұлтты кемсітіп қорлайтын «киргиз», «номад», «тузем», «калбит» және осы секілді сөздерді естігенде түк болмағандай, намыстанбайтындай сыңай байқатамыз. Белгілі есімдердің ала-құла жазылып жүргендігі не себептен? Мәселен, «неге Сәтпаев, Тынышпаев, Еспаев деп жазып жүрміз?» дейтін кісі жоқ. Дұрысында Тынышбай, Сәтбай, Есбай емес пе еді? Төңкеріске дейін Алашорда арыс­тары Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулат, бертінгі абайтанушы, былтыр ғана қайтыс болған Қайым Мұ­хаметханов, «Абай» журналы мен Абай үйінің қызметкерлері Абайдың інісі Шаһкәрім есімін Шәкәрім дегені белгілі. Қалай болса да бір ізге түсіретін кез жетті. Оқырманды шатастырғаннан кім не ұтады? Оның азан шақырып қойған аты – Шаһкәрім. Соған қарамастан абай­танушылар оқырмандарды шатас­тыруды жалғастырып келеді. Мәселен, «Әбдірахман (1868-1895) – Абайдың Ділдадан туған екінші баласы... 1895 жылы 1 январь күні Алматы қаласында қайтыс болады. Абай Әбдірахманға арнап көптеген өлеңдер жазған (Ха­лықаралық Абай клубы, Жидебай, 2006 жыл) десе, «Әбдірахман (Әбіш) Өскенбаев (1869-1895) – Абайдың Діл­дадан туған баласы... Әбіш 1895 жы­лы 15 қарашада Ташкентте қайтыс болады да, сүйегі елге әкелініп, Ақмолаға жерленеді» («Абай энциклопедиясы», 1995 жыл) деп жазады. Кімдікі бұрыс, кімдікі дұрыс? Абай «Я, Құдай, бере гөр» деп сиынып, Құнанбайдың жақын інілерінің бірі Жақыптың қызынан туған «Әбсемет жиенің, Ол сенің біреуің» демейтін бе еді? Құлаққа сіңісті болған оқиғаның өңін айналдыру кімге қажет болды? М.Әуезов жазбаларының бірінде: «Әбсемет – Алматының адамы. (Нағашысы – А.Н.). Мағауия (Ағасы ауруы асқынып жатқанда Алатау аясына келгенін меңзейді – А.Н.) соның үйінде жатып, күтіміне, көмегіне қатты риза боп, Абайға хат жазған» деп кесіп айтатыны кездеседі. Сонымен, Әбдірахман қай жерде дүние салды: Алматыда ма, жоқ Ташкентте ме? Жер-жерде жаһандану үрдісі қауырт қызу жүріп жатқанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Бұл ұлттық үздік үрдістерді жылы жауып қойып, ойыңа не келсе, соны істеп, еліктеу, ырықсыздыққа жол беру деген ұғым емес. Гауһар, айдаһар, жауһар, т.б. сөздерді емлесімен дұрыс жазбауға ымырашылдықпен қарап, жарымжан жар­намалар жалықтырғандай. Алма­ты­ның тура ортасындағы «Саяхаттағы» – «күнделікті балғын азық-түлік», «Сайрандағы» – «шинылар», әр аула­дағы «жедел аяқ киім жөндеу» деген сөз тіркестері көрер көзге ерсі емес пе? «Жедел аяқ киім» дегені қалай? Осыларға «қой» дейтін қожа жоқтай. Кезінде аз уақыт жарық көріп, кейін жабылып қалған «Әдебиет айдынының» бірінші бетінде М.О.Әуезовтің суреті жүрді. Мұқаң қазақ әдебиетін дамытуға көп үлес қосса да газетке қандай қатысы барын түсінбедік. Біраз уақыт оқырмандарға «Қазақ батырлары» басылымы қызмет көрсеткенін білеміз. Қабанбай (Ерасыл) аз болғандай бас бетіне Бауыржан Момышұлы мен ұшқыш-ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің кеудемүсінін қосақтап қоятын болды. Бас сарашы марқұм Әбіқұл Ибрагимовке бұлардың еліктеуден туғаны құлаққағыс етілді. Бәрібір мұндай дерт жұққыш келеді. Бір кездері Ресейде «Полярная звезда» журналы жарыққа шыға бастап, онда 1825 жылғы жазаланған декабристердің суреттерінің сұлбасы берілді. Кейіннен бұл «Литературная газетаға» ауысып, бірінші бетінде А.Пушкин мен М.Горький бейнелері бә­дізделді. Зерделей келгенде орыс әде­биетін өркендетуге аямай атсалысқан екеуі де «Литературная газетаның» өмірге қайта келуіне азды-көпті еңбек сіңірген болып шықты. Әр нәрсенің өз орайы болмай ма? Көп жағдайда қазақтілді БАҚ-тар жеңіл хабар-ошарларға үйір. Әртүрлі басылымдар мен кітап өнім­дерінде қателер өріп жүр. Төртінші биліктегілер өз оқырмандарының биік уақыт талабына сай асқақ рухын оятып, туған ел-жұртының қамын арыдан ойлап, отаншыл, ұлтжанды етіп тәрбиелеудің орнына «автордың мақалалары редакция көзқарасын білдірмейді», «жарнама мәтініне жауап бермейді» дегендей міндет, парыз бен жауапкершіліктен құтқаратын тасқамал орнатып алғаны қынжылтады. Әсіресе, тілдегі олқылықтарға теледидардың «үлкен үлес» қосып келе жатқанын айтпай кету әбес болар еді. Оның сөздік қоры тым жұтаң. Айдарлары мен тақырыптары таяз: «Саз толғау», «Саз әлемі», «Сән әлемі», «Сағындырған әндер-ай», «Гәкку-ән», «Қосамын әнге атыңды», «Сүйікті әндер», «Ән мен әнші», «Қазақтың 100 әні», «Махаббат әні», «Махаббатқа сенемін», «Қайта оянған махаббат», «Жүрекжарды», «Қос жүректің лүпілі», «Сүйген жүрек», «Махаббат бағы», т.б. әдеби сілікпесі шығып, жауыр болған ұғымдар қалай мезі етпейді? Шарқ ұрған шығармашылық ізденіс болмаған тоқырауға ұшырататынын қолына қалам ұстағандар білмейді емес. Егер «Сағындырған әндер-айда» Біржанның «Ләйлім шырағын» Ақан серіге телісе қайтіп зығырдан қайнамайды? «31-арна» кешеге дейін «Ауа райының» арасына сызықша қойып, «Ауа-райы» деп көрсетіп келді. Ақыры сызықшаға құмар екен, «Өмір өзен», «Ән көңілдің ажарының» арасына неге тыныс белгісі тартылмайды? Кешкі «Информбюроны» қазақшаламай, осы бір айдың көлемінде алдымен оны орыс тілінде бере бастауын қалай түсінуге болады? (Әлде «50 де 50-дің» бұларға қатысы жоқ па?). Жарты ғасырдан бері не кімнің атында екенін айқындай алмай келе жатқанымыз неге ешкімді ойландырмайды? Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, әл-Фараби атындағы қазақтың ұлттық мемлекеттік университеті, Жамбыл атындағы қазақтың мемлекеттік филармониясы, Абай атындағы қазақтың мемлекеттік педагогикалық университеті, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, А.С.Пушкин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық әмбебап кітапханасы, Т.Жүргенов атындағы қазақтың өнер академиясы, Л.Гумилев атындағы Еуразия мемлекеттік университеті, Ғ.Мүсірепов атындағы қазақтың мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасы және басқалар таусылмай кете береді. Осы дұрыс па? Қашан қазақ облыс, ұлт, мемлекет, өнерді біреудің атында теліп еді? Қазақтың мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдердің Ғабит Мүсірепов атындағы театры десе жарасып тұрмай ма? Сонда қазақ та, мемлекет пен академиялық та ешкімнің атында болмайды. Балалар мен жасөспірімдер де. Орыстың ТЮЗ дегенін біз неге балалар және жасөспірімдер деп сөлекет тәржімалаймыз? Жасөспірімдер немесе жас жеткіншектер десе де жетпей ме? Ең бастысы – ана тілінің заңдылығымен дұрыс жаза да, айта да білу шарт. Сол себепті облыс, мемлекет, ұлт, академия ешқашан әлдекімнің атында бола алмайды. Тым болмай бара жатса, қисыны Қазақтың Ұлттық Мемлекеттік Әл-Фараби атындағы университеті, Қазақтың Мемлекеттік педагогикалық Абай атындағы университеті, Қазақтың Мемлекеттік Жамбыл атындағы филармониясы, Оңтүстік Қазақстан облыстық А.С.Пушкин атындағы әмбебап кітап­ханасы, Мемлекеттік Еуразиялық Л.Гу­ми­лев атындағы университеті, Алматы облыстық С.Сейфуллин атындағы әмбебап кітапхана, тағы басқалай емес пе? Бәрінен де бізге ағайынның жөнге көшкені қымбат. Қазақстан Халықтар Ассамблеясы­ның мамандары аз мерзімде ана тілін үйретеді деген мақсатпен мүлде қазақшадан мақұрым орыстың тілдер білгіші Дмитрий Петровты қолқалап шақыртыпты. Нәтижесі езуге күлкі үйіртеді. Алыстағы алпауыт Америка үндістері (О.Рериг, А.Каримуллин, Ә.Ахметов және басқа зерттеушілердің зердесінде) Алтайдағы байырғы ата-бабаларымыздан, Еуропадағы Құманиядағы қыпшақ мажарлары, Торғайдағы мадиярлардан қандық қана емес, тілдік туыстық тауып жатқанда қазақ тілінің қазіргі жағдайы сын көтермейді. Қашанға дейін құрғақ уәде, сылдыр сөзбен көкейкесті мәселені шешуді сырғытып, сырғақтата беруге болады? Тек оны дамытып, өркендетуге 2012-2014 жылдары 12,9 миллиард теңге қаржы бөлінгені көңілге шамалы үміт сәулесін жүгіртеді. Бірақ, соны жұмсаудың аяғы құмға сіңген судай болмаса деген тілек туындайды. Ниет болса ана тілін одан әрі байытудың жолдары көп. Оның түрлі-түрлі тәсілдері мен нұсқаларын іздестіргеннен ешкім ұтылмайды. Осы орайда сөзжасамға аса абай болып, сақтық жасау артықтық етпейді. Тіпті таяуда бір әріптесіммен әңгіме кезінде сіңбегер дегеніне құлағым елең ете қалды. Бақсам, легионерді сіңбегерге балама етіп алыпты. Несі бар, кей-кейде альпинисті – асқарпаз, археологты – қазбагер, солнечный зайчикті – сәулеуке, тротуарды – табанжол, финансисті – қаржыгер, богиняны – тәуірия деп алып жүрсе, одан ерсілік байқалып тұрған жоқ. Бәлкім, жаңа сөздер де бірте-бірте сіңісті болып, қалың жұртшылық айналымына түсіп кетсе ғажап емес. Қазақстан есеп-қисап (статистика) агенттігінің мәліметі бойынша, былтырғы қаңтар-ақпан айларымен салыстырғанда келгендер 8,9 пайызға азайып, кеткендер 22,8 пайызға көбейіпті. Оралғандар ішінде 196 неміс, 15 поляк, 7 еврей бар. Өз Отанын жерсінбегендер енді Қазақстанның көсегесін көгерте ме? «Неге келді, неге кетті» деп тәптіштеп сұрап жатқан ешкім жоқ. Керісінше, қазақты құшақ жая қарсы алатын өзіміздің «Нұрлы көш» қаңтарылып қалмасын дейік. Бәрін айт та, бірін айт. Біз өз болмыс-бітіміміз, табиғатымыз бен қазақы жаратылысымыз тұрғанда қан­ша тыраштанғанмен ағылшын, не қытай, түптің түбіне келгенде орыс та бола алмаймыз. Ана тілі – туа-біт­ті ауызданғанда Құдай бұйыртқан еш­қандай бұлт шалып, көлеңке түс­пейтін бастағы құт. Тілімізде қасиет пен қадіріміз шоғырланғандықтан ешкім де оны уақытша жұтатып, өмір бақи өшіре алмайды.

3701 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8752

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7056

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4800

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4186

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4148

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4109

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3839

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3839

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы