• Тіл
  • 05 Шілде, 2012

Тіл бұраған терминдер

Жалпы терминдердің қазақ топырағындағы бүгінгі қалыптасу үдерісін алсақ, бұл сипат төтенше жағдайлар саласына да соқпай өтіп жатқан жоқ. Сала қызметкерлері мен ғалымдар ізденіп, «Орысша-қазақша терминологиялық анықтамалық сөздік», «Төтенше жағдайлар саласының, азаматтық қорғаныстың және әскери терминдердің орысша-қазақша түсіндірме сөздігі», «Төтенше жағдайлар жөніндегі қысқаша терминологиялық орысша-қазақша сөздік», «Селтану сөздігі» тәрізді кітаптар шығарғанымен, Мемлекеттік терминология комиссиясының сүзгісінен өтіп бекітілген, терминдерді түгелдей жіктеп, жіліктеп берген толыққанды сөздік қолға тимей тұр. Осыдан аттай екі жыл бұрын төтенше жағдайлар саласында жиі қолданылатын терминдердің бір шоғырын жинақтап, нақты айтсақ, 3860 терминді Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитетіне тапсырдық. Оның ішінде асылы да, жасығы да болуы мүмкін. Алайда осы күнге дейін хабар жоқ. Ал таяуда жарық көр­ген «Төтенше жағ­дай­лар және аза­­маттық қорғаныс энцикло­пе­дия­­­лық анықтамасы» да төтенше жағ­дайлардағы қалыптасқан сөз тіркестерін түсіндіруді, яғни анық­тама беруді ғана көздеген. Кейбір көлденең көк аттылардың осы сала бойынша шығарған жұқалы-жуанды кітаптарындағы терминдер іс барысында күнделік­ті сала тіршілігімен қабыспайтынын анық аңғартты. Оның да өзіндік себебі бар. Бі­рін­шіден, сөздің бәрі термин бо­ла алмайды. Термин ұсыну бір бас­қа да, оның қолданысқа айналуы бөлек әңгіме. Жеке тұрғанда сөздің мәнін дәл беріп тұрған термин тіркеске түсіп кеткен жағдай­да жаңағы сөлінен айрылып, жүдеп-жадайды. Әбден уақыт елегінен өткен, баршаның сұранысына жауап берген термин ғана өміршең бола алады. Оның үстіне қазақ тілінің ұшан-теңіз байлығының өзі бір терминді ой мен сөйлемнің ретіне қарай сан құбылтады. Екіншіден, төтенше жағдайлар саласының көптеген терминдері әскери және техникалық терминдер болғандықтан, қазақ тілінде құлақсіңді болмай жатқаны құпия емес. Өйткені күнделікті өмірде олардың атауы тек орыс тілінде ғана қолданысқа ие болып отырғанын жауып, жасыруға болмайды. «Термин» деген сөздің өзі латын тілінен аударғанда «шек», «шекара» дегенді білдіретінін ескерсек, ұғымдарды дәл, нақты атау үшін үлкен шеберлік қажеттілігі айқын аңғарылады. Әу баста Ахмет Байтұрсынов атап өткендей, «Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт өз тілінде жоқ деп мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей, айрылып қалуы ықтимал. Сондықтан мәдени жұрттың тіліндегі әдебиеттерін, ғылым кітаптарын қазақ тіліне аударғанда пән сөздерінің даяр­лығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек» деген еді. Ғалымның көре­гендікпен айтылған бұл пікірі бүгін де аса маңызды. Термин мен терминология туралы сөз болғанда әңгіме көп жағдайда терминдерді өзге тілдерден өзгеріссіз қабылдау, қабылдамау немесе баламаның сәтсіз, сәтті жасалғандығы туралы әңгіме төңірегінде жүреді. Сала қызметкерлерінің немесе ғалымдарының ұсынуымен терминдердің біразын Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясы бекітті. Бұл – терминдер саласындағы барлық мәселе осымен шешілді деген сөз емес, қазіргі уақытта қоғамдық өмірдің барлық салаларының қауырт дамуы нәтижесінде тілдің лексикасы күннен-күнге жаңарып, молыға түсуде екенін көз көріп, құлақ естіп отыр. Өйткені әр саланың өз термині бар. Сол терминдерді қолдану арқылы белгілі бір саланың бағыт-бағдары анықталады. Мән-мағынасы айқындалып, сол саладағы тер­минологияның одан әрі даму процесі жүйелену арқылы қалыптасады. Мұндай ғылыми ұғымдарды пайымдау жолында ұлттық терминологияның тереңнен тамыр салуына деген қажеттілік туындайды. Сол себепті, дәл қазір төтенше жағдайлар саласында терминдерді біріздендіру мәселелері де өзінің өзектілігімен ерекшеленіп отыр. Өйткені терминдік жүйе белгілі бір арнайы саланың ақпараттық тілі болып табылады. Терминологиялық ақпарат дәлдігі мен нақтылығы әр саланың төл ұғымдары жөнінде толық мәлімет беретіндігімен ерекшеленеді. Бүгінгі таңдағы ең бір күрделі мәселе терминдерді біріздендіру екені ақиқат. Себебі аудармашылар бір сөзді әркелкі аударып жүргені де жасырын емес. Тіпті Мемлекеттік терминологиялық комиссия бекіткен кейбір терминдердің түрлі мәнде қолданылып жүргенін байқаймыз. Мысалы, «авария» терминін «апат» деп бекіткен. Жалпы «авария» сөзінің мағынасы түсіндірме сөздіктерде «жұмыс, қозғалыс кезінде қандай да бір механизмнің, машинаның зақымдануы, істен шығуы» деп тү­сіндіріледі. Ал, «катастрофа» сө­зі­нің мағынасы қайғылы зардаптары бар оқиға деп келтірілген. Біз оны да «апат» немесе «жойқын апат» деп алып жүрміз. Ал іс жүзінде соңғы кезде қабылданған барлық заңнамаларда, Үкіметтің нормативтік құқықтық акті­лерінде «авария» – «авария», «ка­тастрофа» – «апат» деп жа­зылған. Кейде «бедствие» сөзі де «апат» делінеді. «Катаклизм» сөзі де сол тақылеттес. Ал Үкімет бекіткен мемлекеттік мекемелер тізбесінде біздің сала мекемелері («Өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметі») атауларының барлығында «авария» термині сол қалпында жүр. Мұның өзі терминдердің әлі бір ізге түспегендігін, уақыттың елегінен өтпегендігін көрсетеді. Осылайша төтенше жағдайлар саласында ең жиі қолданылатын терминді екіұдай пайдалану жұртты шатастырып жүргенін де жасыруға болмайды. Енді өзіміз қызмет атқарып жүрген саладағы ең басты тіркестердің бірі – «чрезвычайная ситуация» (министрлік атауы да солай), аудармасында «төтенше жағдай» баламасын пайдаланамыз. «Чрезвычайное положение» тіркесінің мемлекеттік тілдегі баламасы ретінде де жоғарыда аталған тіркесті қолданамыз. Осы екі сөз тіркесінің ара жігін қалай ажыратуға болады? Сонда «Введение режима чрезвычайного положения в зонах чрезвычайных ситуаций» сөйлемін «Төтенше жағдай аймақтарында төтенше жағдай режимін енгізу» деп аударуға тура келеді. Жағыңды ашсаң, жаңылтпашқа ұқсайды. Сонда бұған дейін «ситуацияны» «ахуал» деп бекіткеніміз қайда қалады? Өңір, аймақ, өлке, аумақ сөздері қазақ тілінде синоним ретінде қолданыла береді. Әдеби тілдегі, көркем әдебиеттегі олардың контекстік қолданысын шектеудің еш реті жоқ. Алайда осы атаулардың қазіргі кезде аударма жасау, түрлі ресми құжаттарда қолдану кезіндегі аражігі толық ажыратылды деп айту әлі ерте. Нұсқау, нұсқаулық, нұсқама, құрылым, құралым, құрама сөздерінде де осы жағдайлар кездеседі. Тревога, сигнал, сиреналар қазақ тілінде дабыл деп аударыла салады. Бірақ өмірдегі қолданыстағы мәні әр басқа. «Жизнеобеспечение» сөзі де түрлі-түрлі аударылып жүр. Бірде – «тіршілікті қамтамасыз ету», бірде «тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету», бірде «өмір тірлігін қамтамасыз ету». Күнделікті қызметтегі «учения» сөзі бірде «оқу», бірде «оқу-жаттығу», бірде «машықтану» ретінде қолданылып, бір ізге түсе алмай келеді. Өрт сөндіру қызметіне қатыс­ты «Противопожарная служба с выездной техникой» немесе «противопожарная служба без выездной техникой» тіркестерін алайық, күнделікті құжаттарды дайындау кезінде бұл тіркестер «шығу техникасымен өртке қарсы қызмет» және «шығу техникасынсыз өртке қарсы қызмет» деп аударылып жүр, дұрысы – «өртке шығу техникасы бар өртке қарсы қызмет немесе өртке шығу техникасы жоқ өртке қарсы қызмет» болуы керек деп ойлаймыз. Осындағы «шығу» сөзі де келісіп тұрған жоқ. Угроза, опасность, риск сөздері қауіп-қатер деп аударылып жүр. Үшеуінің мағынасы үш басқа. Түсіндірме сөздікке жүгінейік: риск – возможность опасности, неудачи, яғни қауіптілік, сәтсіздік мүмкіндігі. Сонда қауіптің болуы мүмкіндігі деп түсінетін болсақ, бұл жерде «тәуекел» сөзі ойға оралады. Әрі бұл терминді Мемтерминком бекіткен. Алайда күнделікті контексте тәуекел барлық жерде толыққанды термин бола алмайды. Стихийное бедствие сөздері дүлей зілзала деп аударылып жүр. Рас, зілзалаға көшкін, сел, тасқын да жатады, аумағы үлкен. Бірақ кейде «землетрясение» сөзін де зілзала деп тәржімалайтындар кездеседі. Мұнай-газ саласындағы скважина сөзі бірде ұңғы, бірде ұңғыма, ал водоем, акватория сөздері суат, су тоғандары, су айдыны, су қоймасы деп алмасып қолданыла береді. Бұлардың да аражігін ажыратқан жөн. Халықаралық қолданыстағы терминдерді сол күйінде, мемлекеттік тілге аудармай-ақ қолдануды ұстанатын пікірлер де бар. Дегенмен, қандай да болсын аударылған терминнің көңілге қонымды, тілге тез сіңісті болып кетуі аса маңызды. Осы тұрғыдан «катер» (кіші кеме), «команда» (пәрмен), «объект» (нысан) сияқты сөздерді аудармасыз қолданған да дұрыс сияқты. Термин жасау – көп iзденiстi, шеберлiктi қажет ететiн, өте күрделi жұмыс. Сала терминдерiн сол саланың ұғымдар жүйесi мен ұлттың тiлiн жетiк бiлетiн, сондай-ақ оны шебер пайдалана да алатын кәсiби мамандар жасайтын болса, оларды кәнігі ғалымдар тіл сүзгісінен өткізіп барып, бекітіп отырса, құба-құп болар еді. Оның үстіне жасалған, бекітілген терминдерді қалыптастыру да үнемі қадағалап, реттеп отыруды қажет ететін жауапты жұмыс. Бұл ретте Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлім бастығы Ж.Қуанышбекованың терминдерді біріздендіру бағытындағы елеулі еңбегін атап өткен жөн. Жалпы төтенше жағдайлар терминдерін біріздендіруді Қа­зақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінде 2010 жылы құрылған Салалық тер­ми­нология комиссиясы атқарады. Комиссия Мәдениет және ақпа­рат министрлігі Тіл комитетінің мақұлдауымен қызмет бабында пайдалану үшін «Төтенше жағдай­лар саласының қысқаша орысша-қазақша терминдер сөздігін» басып шығарды. Ол аудармамен айналысатын министрліктің құрылымдық бөлімшелері, аумақтық органдары қызметкерлеріне таратылып берілді. Сөздік мемлекеттік тілде құжат жазуда үлкен көмегін тигізуде. Салалық терминология ко­мис­сиясы биылғы жылы тө­тенше жағдайлар терминдерін қайтадан түбегейлі сұрыптаудан өткізіп, Астана қаласындағы «Bimash» ЖШС-ға 4500 сөз бен сөз тіркестерін қамтыған «СөзКөмек 4.0» қазақша-орысша-ағылшынша электрондық сөздік­ке тапсырыс берді. Бұл сөздікке енген төтенше жағдайлар терминдері қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде аударылып беріледі Қорыта айтқанда, салалық терминдерді қалыптастыру мәселесі министрлікте толық шешімін тапты деп айтуға әлі ерте. Өркендеп отырған өмірмен бірге жаңа терминдер де күн сайын пайда болуда. Төтенше жағдайлар саласындағы терминдер де «төтенше», «бөтенше» емес, өзімізше айтылатын, баршаға дәл ұғынықты болатын күн алыс емес деп ойлаймын. Ахмет КЕНДІРБЕКҰЛЫ, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Әкімшілік жұмыс департаменті басқармасының бастығы

9527 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9272

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7353

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5096

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4478

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4442

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4401

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4138

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4131

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы