• Қоғам
  • 13 Сәуір, 2009

Ұлттық экономика және урбанизация

«Ат тұяғы жеткен жер бекер қалмасын» Бәйдібек бабаның өсиеті. Екі ғасырдан аса бодандық кезеңде «мың өліп-мың тірілген» қазақ ұлты, 1964-1986 жылдары Д.А.Қонаевтың басшылығымен, сол кездегі кеңестік «өнеркәсіптік және аграрлық саясатты» ұтымды пайдаланып, кіші қалалар мен колхоз-совхоздардың экономикалық жағдайын көтеру арқылы, елді-мекендерде шын мәнінде урбанизация үрдістерін жүргізіп, өсіп-өнді. Алайда жаңа заманмен бірге ілесе келген нарықтық қатынастар ол жүйенің быт-шытын шығарды. Соның нәтижесінде ауыл халқы халаға бей-берекет ағыла бастады. Жүйесіз жалған урбанизация - орға жығады Егемендік алған күннен бастап, еліміздің Өкіметі мен Үкіметі – егіншілік пен мал өнімдерін өндіруді жыл сайын интенсивті жолмен ұлғайтып, оны ұқсатудың әлемдік ең жоғарғы технологияларын Қазақ елінің әр ауданының орталығында енгізіп, қалың қазақты жұмыспен қамтып, жыл сайын арта түсетін егіншілік пен мал өнімдерін терең ұқсатылған соң ғана экспортқа шығарып, барлық аудан орталықтарын жоғары деңгейдегі инфраструктурасы бар кіші-қалаларға айналдырып, ұлан-байтақ жерді игеру үшін мемлекеттің бар мүмкіндіктерін ұлттық мүддеге дұрыс пайдаланудың орнына, қазақтың жері мен байлығына қызыққан әлемдік басым күштердің тәрбиесі мен ақылының «нәтижесінде» ұлттық-ойлау қабілетінен айырылған, бірақ білімді әрі пысық кейбір экономист-саясаткерлердің жетегінде кетіп - ауыл шаруашылығын «приватизация», «оптимизация», «легализация» сияқты ГОЛОЩЕКИННІҢ де мыйы жетпейтін науқандарды іске асыру арқылы, еліміздің ЖЕР мен СУ ресурстарын игеріп жүрген еңбекке жарамды бүкіл қазақты бес-алты қалаға жиып алып, олардың екі-үш ұрпақ болып өмір бойы тапқан – таянғанын, байырғы қала тұрғындарының қолына ұстатқызып (олардың мемлекеттен мүліктерімен қоса тегін алған автобазалары, сауда және өндіріс орындарынан тыс, бас-басына мемлекеттен тегін алған қос-қос пәтерлері мен көптеген сая – бақтары құйтырқы саясаттың арқасында қып-қызыл ақшаға айналды), оларды бір байытып тастады... Осындай жолмен байып алған, орыс-совет империясының мұрагер-көзіндей болған байырғы қала тұрғындары, елдің әр жерінен үлкенді-кішілі кәсіпкерлік ашып, арнайы ЖЕР туралы ЗАҢ қабылдатқызып, елдегі бос қалған жерлерді бірінен алып біріне сатып, алыпсатарлық пен сыбайлас жемқорлықты өрістетіп жіберді. Ұлттық экономиканың негізгі тірегі – қазақтың кең байтақ мол ЖЕРІ тауарға айналды. Енді ЖЕР саудасы тоқталмай, Елімізде басқа тауар шығаратын өндіріс орындары кеңінен дами қоймас... Жағдай мен қаражаттың жоқтығынан жерін игере алмай, күнкөріс үшін қалаға қашқан үйсіз-күйсіз, ата кәсібінен айырылған, арзанқол қазақтар – Кеңес империясының қалалық мұрагерлерінің отымен кіріп-күлімен шығып, ұлтты аздыратын жалған урбанизацияның зардабын шегуде. Нағыз урбанизация - ұлтты өсіріп, елді көркейтеді Ал дүние жүзінің дамыған елдерінің ауыл-селолары ешқандай «оптимизацияларға» ұшырамай, байырғы халқының көпшілігі ата кәсібін өзгертіп, тентіремей-ақ, ғылыми-техникалық жетістіктер негізінде өз ата қоныстары мен кәсіптерінде қалалық жағдай қалыптастыру арқылы, заманға сай - лайықты өмір сүріп келеді. Себебі, бұл елдерде жоғары механикаландырылған ауыл шаруашылығы қалыптасып, табиғи ресурстары толық игеріліп болып, қолы босаған және жері жоқ адамдар пайда болған кезде ғана үлкен қалалардың дамуы басталып, өзін-өзі ақтап өмір сүре алатын мегаполистерді қалыптастырудың жүздеген жылдарға созылған тарихи үрдісі әлі жалғасып келеді... Сондықтан Қазақ Елінің тарихи-географиялық ерекшеліктеріне сай келетін урбанизация үрдістерін жүргізе отырып, ұлттық экономикамыздың табиғи даму мүмкіндіктерін әлі толық игеру үшін: бірінші кезекте, халқымыздың бүгінгі-ертеңгі несібесін опыра жеп жатқан, көп шығынды-үлкен қалаларды ұлғайтуды тоқтатып, Елдің бар қаражаты мен мүмкіндіктерін - барлық аудан орталықтарын тікелей Үкіметке бағынышты индустриалды кіші-қалаларға айналдыруға бағыттайтын Заңдар қабылдау керек; екінші кезекте, тұрғындар саны 5 мыңнан асатын елді-мекендерге қала статусын, тұрғындар саны 1 мыңнан асатын елді-мекендерге қала типті ауыл статусын беруді және оларда осы заманға сай инфраструктуралар мен ұқсатушы кәсіпорындар салуды көздеген бас жоспарлары бекітілген, ғылыми негізі бар нағыз урбанизациялық жобаларды орындау үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдануы тиіс. Ұлттық сана дағдарысы Ел экономикасының дұрыс бағытта өркендеп дамуы – халықтың ұлттық-ойлау қабілетіне тікелей байланысты. Осы орайда айтатыным, тәуелсіздік алғалы экономикамыздың өсуіне бағыт-бағдар беретін мекемелердің басқару тұтқасын ұстаған кейбір маман-ғалымдар мен шенеуніктердің ұлттық-ойлау қабілеті өте төменгі деңгейде. Бұл пікірге, кемшіліктердің ең сорақыларынан дәлелдер келтірейін: - Әлем елдері ЖЕР және СУ ресурстары тапшылығын сезініп, қыруар қаржы бөліп, мухитты-мәңгі мұздықты-космосты-басқа планеталарды зерттеп, оларды өз игіліктеріне пайдаланудың бар мүмкіндіктерін қарастырып әлекке түсіп жатқанда, біздің өзге тілде оқып, шетелдіктерше «ойлайтын» кейбір бауырларымыз – кеше ғана ата-бабаларымыз мыңғыртып төрт түлік малын өрістеткен-ұрпағын өсірген-әлі іздері суымаған ауылдық өңірлерді – «болашағы жоқ (депрессивный) ауыл-аудан» деп шатасты; - Жердің жекеменшікке сатылуы, әлемдік басым күштерді басқа планеталардан ресурс іздеу машақатынан құтқарып, оңай олжаға кенелтті; - Өзін-өзі бағуға ЖЕР және СУ ресурстары жеткілікті, мол табиғи байлығы бар 15-ақ миллион халыққа, дәл бүгін аса қажет емес салаларға - жүздеген миллиард доллар шетелдік инвестициялар тарту арқылы, бүгінгі және болашақ ұрпағымызды ұлттық байлығынан айырды. Жаңғырған ұлттық сана талабы Мен – қоғамымыздың кез-келген саласындағы ғылыми-техникалық прогресске қарсы емеспін, бірақ – ұлттық экономикамыздың негізі, алтын қазығы – ата кәсібіміз – мал шаруашылығы мен егіншілік екенін мойындап, ауыл шаруашылығының осы салаларында, ата-бабаларымыздың ғасырлар сынағынан өткен технологияларын қолданып, экологиялық таза, әрі жоғары сапалы өнім өндіруде әлемдік ең соны техника – жабдықтарын пайдаланып, дүниежүзілік бәсекелестікке төтеп беретін ұлттық өнімдерді жаңғыртып, экспортқа шығару арқылы Елімізді көркейтіп, халқымызды өсіретін нақты урбанизация жолдарын ұсынамын: - Қазақ Елінің кез келген азаматы өз аталарының туған жерін-Ауылын мәңгілік отаным деп тануы үшін, ұрпағының ертеңгі күніне сенімді болуы үшін, қай уақытта болмасын өз ауылының экономикасына үлес қосуға мүмкіндігі болуы үшін, Жерге тек қана мемлекеттік меншік орнату арқылы әрбір елді-мекен төңірегіндегі ЖЕР және СУ ресурстары осы Ауылдың қазіргі және болашақ тұрғындарының ортақ байлығы саналып, оларды пайдалану тек қана ұзақ мерізімді жалға беру арқылы жүргізілуі тиіс; - Еліміздегі 200 аса аудан орталықтарын, сол төңіректегі елді-мекен тұрғындарының мәдени-рухани-ғылыми-технократтық мұқтаждықтарын өтейтін және олардың өндірген ауыл шаруашылық өнімдерін кешенді түрде ұқсатып, бірден экспортқа шығара алатын кіші қалаларға айналдыру үшін, ҮКІМЕТ әр ауданның қоғамдық ДАМУ ҚОРЫ-ның құрылуына ықпал етіп, оған тәжірибелі-білімді Ел ағалары жетекшілік жасап, Қорға жыл сайын ең болмаса 1(бір) млн.евро бөліп тұрса, бірер жылдан соң аудандық ДАМУ ҚОРЫ-ның бақылауымен жұмсалған қаржы бірнеше есе болып қайтып, Халықты жұмыспен қамтамасыз ету, иммиграция, демография т.б. мәселелер кешенді түрде шешілер еді; Осындай жолдармен, Еліміздің табиғи даму ресурстарын толық игеріп байыған, соның арқасында өсіп-өніп, оқып-тоқыған, Еліміздің түпкір-түпкірінде пайда болатын 200-ден аса халықтың өмір сүруіне ыңғайлы кіші-қалаларда одан әрі өз ақыл-ойын-қайратын қолдануға мүмкіндік таппай, қолы босайтын болашақ ұрпақ – сол кезде ғана үлкен қалаларға барып, бәсекеге қабілетті зерделік және өндірістік өнім шығарып, өзін-өзі ақтайтын мегаполистерді дамыту міндетін - өз еншісіне алуы керек. Болат Нәукенұлы, Ауыл шаруашылығын урбанизациялау үрдісіне 25 жыл қатысқан маман.

3952 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы