• Мәдениет
  • 29 Қараша, 2012

Жүректен шығып, жүрекке жеткен...

Сексен жылдан астам тарихы бар еліміздегі байырғы оқу орындарының бірі, еліміздің білім беру саласына талай майталман мамандарды даярлауда өзіндік қалыптасқан тарихы мен дәстүрі бар Семей педагогикалық институтында түрлі тақырыптағы ғылыми-әдістемелік іс-шаралармен бірге, сан алуан мәдени шаралар да өтіп тұрады. Олай болатын жөні де бар. Өйткені болашақ ұстаздар жас ұрпаққа тек білім беріп қана қоймай, әлемді құтқаратын сұлулық пен жан байлығын тарту ететін өнерге де баулитыны шындық. Міне, осы айтылған қасиеттерді студенттер бойына сіңіруді мақсат еткен институт ректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Мақтағали Әбдімәжитұлы Бектемесовтың ұйытқы болуымен таяуда білім ордасында Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, танымал әнші-композитор Тұрсынғазы Рахимовтың шығармашылық кеші өтті.  Сахна төріне қолына әншінің жан серігі болып табылатын үкілі домбырасын ұстап, жанына өнердегі інісі Толғанбай Сембаевты ертіп шыққан Тұрсынғазы Рахимов әуелгі әңгімесін «Қара саздың қара ұлы» атанған, халық жүрегінен жалынды жырларымен орын алған ақ иық ақын Мұқағали Мақатаевпен алғаш танысқан күнді еске алудан бастады. Әншінің айтуы бойынша ағасы Ерғазының үйінде өнерге жақын жандар басқосқан жиын­да Тұрсынғазы мұзбалақ ақынды тұңғыш рет көріп, сәлемдескен екен. Ағасы Ерғазы Тұрсынғазыны Мұқағалиға «менің әнші бауырым» деп таныстырады. «Әнші» деген сөзге елең еткен Мұқағали ән айтуын өтінгенде, Тұрсынғазы Қасым Аманжоловтың бір әнін шырқап берген екен. Әнді қатты ұнатқан ақын «Інің құлын дауысты екен» деп баға беріпті. Дуалы ауыздан шыққан осы бір ауыз сөзді Тұрсынғазы өнерге жолын ашқан ақ бата деп қабылдапты. «Үш бақытым бар менің» деп ән салатын Тұрсынғазы Рахимов өзінің өнердегі үш ұстазы жайлы да естелік айтып өтті. – Әншіліктің қыр-сырын атақты Жүсекең – Жүсіпбек Елебековтан үйренсем, сахна мәдениеті мен сахна шеберлігін Есмұхан Обаев аға меңгертті, ал ән жазудағы ұстазым композитор Теміржан Базарбаев болды, – деді. Өнер адамының өте әсершіл, жаны нәзік келетіні бар ғой. Қазақтың тек ән әлемі ғана емес, жалпы өнер әлемінде алатын орны ерекше тұлғаның бірі Жәнібек Кәрменов. Құйрықты жұлдыздай қысқа өмірінде өзіндік қолтаңбасын қалдырып үлгерген Жәнібекке арнаған «Ақ бөкен» әнінің шығуы жайлы ой толғаған әнші осы әнді орындап, жүрек түкпіріндегі Жәнібекке деген сағынышын паш етті. Перзент пен әке арасындағы махаббаттың куәсіндей болған сырға толы сазды әуен көрермен көзіне жас үйірді. Міне, шын өнердің құдіреті деген осындай-ақ болар. Қазақтың маңдайына біткен санаулы ақын қыздарының ішіндегі шоқтығы биігі, отты жырларымен оқырман жүрегін жаулаған, «Мен өзгенің көзіне асқақтаған адуын, мұңсыздаймын, Ұқпайды олар көзімде тұнсын қайғым» деп өрлігін өлеңмен паш еткен Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Фариза Оңғарсынова апасының «Туған күн» атты өлеңіне жазылған әнін орындаған әнші сол әннің туу тарихына да тоқталып өтті. Кеш соңында өнер майталман­дарының білім ордасының студенттер қауымы мен ұстаздар ұжымына тамаша ән кешін сыйлап кездесуге келіп, рухани байлық сыйлағандарына ризашылық білдіру үшін сахна төріне көтерілген инс­титут ректоры, профессор Мақтағали Бектемесов өз сөзін Тұрсынғазы әндері кез келген қазақтың қуанышы мен тойының сәні екендігіне тоқталып, кеш мақсаты айтулы әншілермен жастарды жақынырақ таныстыру және болашақ ұстаздардың жан-жақты қалыптасуында өнердің алатын орнын түсіндіру екендігін атап өтті. – Сіз Мұқағали ақынмен таныс болып, ол кісінің жырларын жаттап, рухани ләззат алып өссеңіз, Мұқағали Абай шығармаларынан нәр алып, ақындықтың биік шыңына көтерілді. Осы рухани байланыс кеш барысында көрініс тапты. Мен мұны өнер сабақтастығының жақсы жалғастығы деп бағалаймын. Бүгінгі студент – ертеңгі ұстаз. Ұлт уызына жарып өскен жас өрен халқының рухани құндылықтарын қастерлейтін азамат болары сөзсіз. Сондықтан бүгінгі кеш алдағы күндерде болатын жүздесулердің бастамасы деп санап, осындай шығармашылық кештер әлі де жалғасады деп санаймын, – деген жылы лебіз білдірді. Қазақ филологиясы факультетінің деканы, филология ғылымдарының кан­дидаты Фарида Жақсыбаева танымал өнер адамдарының өз оқу орын­дарының түлектері екендігін мақтан тұтатындықтарын жеткізіп, гүл шоқтарын табыс етті. Сонымен бірге ұстаздар ұясы тек білімнің ғана емес, өнердің де ордасы санала­тындығын айта келе, Мақтағали Әбдімәжитұлының қолдауымен студенттер филармониясының құрылуы өнерлі жастарды қолдаудан туған бастама деген пікір білдірді. «Жүректен шығып, жүрекке жеткен» тамаша әндерімен жиналған қауымды бір сәт әсем әуен құшағында тербеп, әсемдік әлеміне жетелеген ән кеші жастар үшін тамаша сый болды. Қуаныш БИБЕКОВ, Семей мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушысы

3620 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7874

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6559

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4304

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3688

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3651

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3612

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3346

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3336

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы