• Ақпарат
  • 29 Қараша, 2012

«ЕХРО-2017» көрмесі: Астанаға сенім білдірді

Кешегі апта еліміз үшін ақсарбас айтып, ақ түйенің қарны жарылған айтулы сәтпен тарих беттерінде қатталды. Талай әлемдік оқиғалардың орталығына айналған Астана Парижде өткен Халықаралық Көрмелер бюросы (ХКБ) Бас ассамблеясының 152-ші сессиясында жасырын дауыс беру нәтижесінде бельгиялық Льеж қаласын басып озып, ЕХРО -2017 көрмесін өткізу бақытына ие болды. Осылайша жас қаламыз – Астананың көрме өткізуге қол жеткізуі арқылы Қазақстан әлем алдында және бір биік тұғырдан көрінді. Көрме бүкіләлемдік қоғамдастықтың және оны тамашалаушы миллиондаған адамның назарын өзіне аударатын ірі оқиға болып саналады.  Сонымен қатар ЕХРО-2017 көрмесі экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамудың жаңа үрдістерін қалыптастыру алаңы қызметін атқарады. Осынау қуанышты сәтті Францияда іссапармен жүрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел халқымен теледидар арқылы бөлісті. Бәсі биік бәсекеде Астананың жеңіп шығуы бекер емес екенін атады. Бұл ретте алдымен, елордамыздың әлемдік деңгейдегі шараны лайықты өткізе алатын орталық ретінде қалыптасқаны баршаға белгілі болғанын, екіншіден, таңдаудың біздің елдің пайдасына шешілуі мемлекетіміздің табыстары жоғары бағаланғанын білдіретінін және Еуразия өңірінде де оның даму келешегі кемел екенін айғақтай түсетінін айтып, Қазақстан халқын жеңіспен құттықтады. Елордамыз жеңімпаз қала ретінде хабарланған тарихи сәтті елордалық жас ағайын тікелей эфирден тамашалап, қолдау көрсетті. Бұл қуанышқа ел ағалары, депутаттар, белгілі қоғам қайраткерлері мен ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедте жастармен бірге куә болды. М.Құл-Мұхаммед бұл жеңісті Елбасымыздың табысы деп атады. Бұл Қазақстанның өзіне деген сенімі мен болашағына деген сенімді мойындағандық. Бұл – Астананың үлкен мүмкіндіктерін мойындау. Осының барлығы біздің еліміздің халықаралық аренадағы үлкен беделін, Елбасымыздың беделін көрсетеді, – деді Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед. Көп жылғы тарихы бар ЕХРО-2017 көрмесі техникалық және технологиялық жетістіктерді, сондай-ақ оған мүше елдердің тарихын, дәстүрі мен мәдениетін көрсету үшін өткізіледі. Осы ретте Мемлекет басшысы Парижде жүрген отандық журналистерге өткізген брифинг барысында Астананың соншама ауқымды іс-шараны өткізетін қала ретінде әлемдік танымалдыққа ие болуы Қазақстан үшін үлкен құрмет пен қуаныш екенін атады. – Бұл біздің елімізді дүниежүзі жақсы танитындығын және біздің Астанамыздың осындай ауқымды шараны өткізе алатынына сенім білдірілгендігін көрсетті. Мұндай сенімнен шығу оңай емес еді. Бұл біздің Қазақстанды дүниежүзі елдерімен терезесі тең ел ету жолында 20 жыл бойы істелген барлық жұмыстарымыздың, төккен теріміздің нәтижелі болып отырғандығын айғақтады, – деді Президент. Елбасының айтқанындай, енді Астанада жаңа құрылыс­тар салынып, инвестиция тартылады, тамаша орталық жасалады. Елімізге 100-ден астам мемлекеттің өкілдері ат басын тіреп, осы көрмеде өздерінің павильондарын құрады. – «Болашақтың энергиясы» – бүгінгі күндегі маңызды тақырып. Бұл көрме әлемдік экономика дамуының күн тәртібін анықтайды. Біз бұл міндетті шешуге тиіспіз. Бұл әдемі нысан – жаңа елордамыздың ең үздік бренді болады. Бұл – біздің мүмкіндігімізді көрсететін бүкіл Қазақстан үшін, барша қазақстандықтар үшін жақсы оқиға, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. ЕХРО-2017 көрмесін өткізуге еліміздің басты қарсыласы болған Бельгия мемлекеті «Адамдарды біріктіру» тақырыбын ұсынған еді. Алайда олардың бұл жобасы аз дауыс жинап, көрме өткізу құқығынан айырылып қалды. Керісінше, біздің еліміздің айы оңынан туды. Қазақстандағы ЕХРО-2017 халықаралық көрмесі энергияның баламалы көздеріне және «жасыл» технологияға арналады. Елорданың және оның маңындағы аймақтардың шағын және орта бизнесінің дамуы ерекше серпін алады, ең алдымен, халыққа қызмет көрсету, қонақүй бизнесі және ішкі туризм салаларының ұтары мол. Бұл шара елорданың көрме нысандары мен инфрақұрылымы құрылысына елеулі көлемде жеке инвестициялар тартуға, оларға қызмет көрсетуге, ондаған мың жұмыс орындарын құруға, ішкі туризмді дамытуға және елге шетелдік туристер ағынын ұлғайтуға, Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік ресурстарын шоғырландыруға мүмкіндік береді. Көрмелер нысандары құрылысына инвестициялар тартудан басқа күтілетін экономикалық тиімділік мынада: ЕХРО ауқымында салынатын нысандар болашақта Қазақстанды және оның астанасын ірі халықаралық көрме және ақпараттық-таныстырылымдық алаң ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Көрме әлемді қазақстандықтардың көпұлтты мәдениетімен, ежелгі тарихымен, өнерімен, дәстүрлерімен, қонақжайлылығымен таныс­тырады, әлемдік қоғамдастықтың алдында Қазақстанның туристік тартымдылығын және танымалдығын арттырады. Иә, елімізді асқар асуларға бет алған керуен десек, Астана оның адастырмас темірқазығы іспетті. Жұлдызы оңынан туған Қазақстанның бас қаласы Орталық Азия өңірі мен ТМД елдері бойынша Халықаралық көрме өтетін бірінші қала болмақ. Көрме 2017 жылы жазда үш ай бойы өтетін болады. Астанаға келушілер саны 5 млн-ға дейін жетеді деп күтілуде. EXPO-2017 көрмесіне елорданың оңтүстік-шығыс бөлігінен, Шәмші Қалдаяқов көшесі мен К-1 айналма автокөлік жолының қиылысындағы гольф-клуб маңынан жер бөлінген. Жер телімінің жалпы ауданы 113 гектар, оның 25 гектары – кешеннің өзі, ал қалған бөлігі автотұраққа, сыртқы құрылғыларға және EXPO-2017 қалашығына арналған. Осы халықаралық мамандандырылған көрмені өткізуге тартылған қаржыны қоса ескергенде жалпы 1,2 млрд. еуро жұмсамақ. Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаевтың айтуына қарағанда, халықаралық шара қарсаңында салынатын инфрақұрылымға, коммуникация мен көрме өтетін орынды даярлауға бюджеттен 250 млн. еуро бөлінбекші екен. Сосын павильондар мен қонақүйлердің және басқа да құрылыстарға 1 млрд. еуроға жуық қаржы тарту көзделіпті. Бейбітгүл Әбдіғаппарқызы

3269 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7711

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6461

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4207

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3590

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3551

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3516

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3246

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3237

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы