• Мәдениет
  • 29 Қараша, 2012

Ахаңның сол кітабы қайда екен...

ХХ ғасырдың ұлы реформаторы Ахмет Байтұрсынұлы туралы сөз болған жерде кезінде ұстазым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Еркебай Мергенбаевтың 1988 жылдың күз айында мақта терімде жүргенімізде маған көрсеткен бір кітабы (әлде қолжазба ма) ойға жиі орала береді. Ол кітап араб жазуымен жазылған еді. Кітаптың авторы Ахмет Байтұрсынов дегені әлі есімде. Еркебай Мергенбаев – академик Мәулен Балақаевтың шәкірті. Ол кісіден мен алғаш қазақ тіл білімі терминдерінің көпшілігін Ахмет Байтұрсыновтың жасағанын естігенде таңғалған едім. Себебі бізге дәріс оқыған ағайларымыздан «қазақ тіліндегі терминдердің көбін жасаған бір-ақ адам – Ахмет Байтұрсынов» дегенді сол уақытқа дейін естімей, білмей келдік. Ағай екеуміз түні бойы отырып әңгімелестік. Кітаптың қолына қалай түскенін сұрадым. Еркебай аға кандидаттық диссертациясын қорғап, елге қайтар кезде ұстазы Мәулен Балақаев Ахаңның кітабын қолына беріп тұрып: «Мына кітап саған аманат. Біздің тіл білімінің грамматикасының негізін салушы – осы кітаптың авторы Ахмет Байтұрсынов. Ол әдебиеттанудағы терминдердің де көпшілігіне балама ойлап тауып, әдеби терминдерді қазақшалаған. Қазір бұл кісінің еңбегі туралы ашып айту түгілі, атын да атауға болмайды. Заманы келер, ақталар. Сонда осы кітапты шығарарсың. Болмаса, сенімді бір шәкіртіңе аманаттарсың. Әйтеуір кітап сыртта, сенде болсын» депті. Сөз арасында Ерекең «Осы кітапты араб әрпінен қазақшаға аудару керек, уақыты келді. Енді көп ұзамай Ахаң ақталады. Сендер бұдан былай қазақтың небір бұрын естімеген ұлы перзенттерінің есімдері мен еңбектерін білетін боласыңдар. Сен жүрген жеріңде арабша жақсы білетін молдалар болса айта жүр. Егер аударатын адам табылса, мен ақшасын беремін» деді. Бірақ сол кезде, өкінішке қарай, арабшадан қазақша аударатын сауатты молда кездеспеді. Мен ол кезде филология факультетінде студенттердің кәсіподақ комитетінің төраға­сы болатынмын. Ерекең деканымыз еді. Мақта терімі аяқталысы­мен бір күні ол мені шақырып алып, қысқы демалыста Қазақстанға сапарға шығу үшін туристік жолдама сұрауға университет проректоры Салы Садықовқа кіруімді тапсырды. Кіріп, өтінішімізді білдірдік. Ол кісі сөзімізді жерге тастамай 30 студентке тегін 10 күндік жолдама тауып берді. Біз қысқы сессияны тапсырдық та, төрт жігіт, жиырма алты қыз болып қазақтың сол кездегі әсем астанасы Алматыға Бесқаладан (Қарақалпақстан) ұшақпен келдік. Бұл – 1989 жылдың қаңтар айы болса керек. Әрине, бізді бастап барған Еркебай Мергенбаев ағайымыз еді. Сондағы көрген-білгеніміз, алған әсерімізді сөзбен айтып жеткізудің өзі қызық. Ол өз алдына бөлек әңгіме. Біздің бұл сапарымыз жәй сапар емес, тарихи мәні бар сапар болатын. Оны тағы бір реті келгенде кеңінен баяндармын. Сондағы бір күнімізді Тіл білімі инс­титутына арнадық. Бізді инс­титут директоры Әбдуәлі Қайдаров пен барлық ғалымдар, ғылыми қыз­меткерлер үлкен құрмет­пен қарсы алып, кішігірім кездесу-жи­налыс өткізді. Төрде академик Мәулен Балақаев та отырды. Еркебай аға судай ағылып сөйлегенде: «Мына жігіт сөзге шешен, білімді екен» деген жылы сөздерді де естіп қалдық. Ерекең Ахмет Байтұрсынұлының кі­табын, Тіл білімі институтының сол кездегі директоры академик Қай­даровқа біздің көз алдымызда тапсырды. Әбдуәлі Қайдаров: «Бұл біз­ге үлкен олжа болды. Ұстазың Мәулен Балақаевтың аманатын сақтап, осы күнге дейін жеткізген саған рақ­мет» деп Ерекеңнен Ахаң­ның кітабын қос қолдап алған еді. «Он-ақ бетін аудартып үлгердім» деді Ерекең кітапты аманаттап тұрып. Сонда Мәулен Балақаев қуанып әрі толқып: «Еркебайым, еркем ғой! Ең соңғы аспирантым. Еркебайдан соң аспирант қорғатқаным жоқ» деп шәкіртінің қолынан қысып, маңдайынан иіскеп сүткенжесіндей еркелетіп, бәріне таныстырып шықты. Біздің жүрегімізді қуаныш сезімі кернеді. Көп ұзамай «Қазақ әдебиеті» газетінде ­Ахмет Байтұрсынов, Шәкәрім Құдайбердиев, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатовтардың суреттерімен қоса, бір топ шығармалары жарық көрді. Ерекең университет дәлізіндегі қабырғаға сол Арыс­тарымыз туралы шыққан материалдарды іліп қойды. Бұл қазақ студент­терімен қоса қарақалпақ, өзбек ұлттарына да күтпеген тосын жаңалық болып еді. Ал енді бүгін ойлап отырсам, сол Ерекең тапсырған кітаптың кейінгі тағдыры не болды? Кітап қазір қайда? Кімнің қолында? Ол қандай кітап еді? Ішінде не жазылған? Ол жағы бізге белгісіз болып отыр. Бүгінде жұртшылыққа кеңінен мәлім Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерінің бір нұсқасы ма, әлде кезінде «біраз еңбектері жарияланбай қолжазба күйінде қалып қойған» деген замандастарының әңгімелеріне қатысты құнды қолжазбаларының бірі ме, ол жағы маған әлі күнге дейін жұмбақ. Сол кітаптың былайғы тағдырын сұрап білетін ұстазым Еркебай аға да дүниеден ерте өтіп кетті. Мүмкін сол кездесудің ішінде болған ғылыми қызметкерлердің бірі осы мақаланы оқыған соң, сол сәтті есіне түсіріп, хатпен немесе газет бетінде хабарласар деген үмітім бар. Әлімбай НАЙЗАБАЕВ, «Болашақ» колледжінің оқытушысы Тараз

3499 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7752

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6486

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4233

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3615

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3577

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3541

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3272

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3263

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы