• Мәдениет
  • 07 Желтоқсан, 2012

«Түсімде Алла қосқан жарым болсаң…»

Оқиғасының желісі шығыс халықтарына ортақ «Бозжігіт» дастанын қазақтармен қатар өзбек, татар, башқұрт ұлттары да өздерінің төл мұрасы деп санайды. Алайда бұл жырдың қазақ арасында кең тараған түрлі нұсқалары бар. Академик В.В.Радлов, ғалым Н.Ф.Катанов, фольклор жинаушы А.В.Васильев және басқалары «Бозжігіт» жырының көркемдігіне ерекше назар аударған. Шығармашылық жолы ұзақ жылдар назардан тыс қалған ақын Ақылбек Сабалұлы «Бозжігітті» өңдеп, 1911 жылы жариялаған.Жазушы Мұқан Иманжановтың әкесі, халық ақыны Иманжан Жылқайдаров дастанның сюжеті негізінде 1940 жылы поэма жазған. Көпшіліктің ықыласына бөленіп, небір зерделі жанның зерттеуіне айналып, санасын сілкінткен «Бозжігіт» дастанында түстің алатын орны айырықша. «Алтын айдар тұлымы бар» Бозжігіт кішкентайынан хат танып, қолынан қаламы мен кітап түспеген, көкірегі ашық, ханның жалғыз ұлы. Ол түсінде патшаның өзіндей жалғызы, айдай аруды көреді. Екеуі бір-бірімен түсінде танысады. Қыз бұған ынтызарлығын зар қылып қалдырмауын өтінеді. Түнде жылап, күндіз зар, Мен жүзіңе ынтызар. Қайда жүрсің қайран жар, Мені мұндай қылып зар… Жігіт оған бекер налымауын, сабыр қылу керектігін жеткізеді: Сабыр қылмай іс бітпес, Мезгілсіз арызың жетпес. Зарлаумен қайғың кетпес, Сабыр қылсаң керек-ті. Қыздың бірақ аптығы басылмайды, қалайда өзін іздеп табуын қалайды.Ал жігіт мұңға батып, ғашықтық дертіне шалдығады. Бақсы-балгерден ем таппай жүдеп жадайды. Ешкімге сырын айтпай жалғыз қалған жолаушыдай сезінеді. Қасындағылардың бір де бірі назарына ілінбейді. Сөйтіп, бір жыл өткенде тағы да түсінде жанарынан мөлдір жасы тамшылаған қызды көреді. Әлі де сертін сақтап, мұны жоқтап жүргенінен хабардар етеді: Хабарың жоқ, өзің жоқ, Қарайлаймын, таппаймын. Біз – жалғызды жылатып, Қайда жүрсің, ғашық жар? Әке менен шешесі Рұқсат бермес болар ма? Түсінде көрген бұл жарын, Келіп көрмес болар ма? Түс көру барысында екеуінің хабар алмасқандары ғажап. Өзі үшін қыздың өлеңіне, назына, арманына айналғанын жасырмайды: Түсімде келдің қасыма, Қайғы салдың басыма. Талпынсам да асыға, Сені қайдан табармын? Қыздың жауабы қысқа-нұсқа: Түсте бізді қосса Алла, Өңде бізді қоспай ма, Мұратың алдан тоспай ма, Жар іздесең табарсың! Жалт етіп жоғалған бейне жүрегіне салмақ салып, Бозжігіт тағы да есеңгіреп қалады. Бұ жолы сырын сенімді досына айтады. Ғажайып сурет көріп, таңғалғанын, қайғы шегіп, бір жылдан бері кетпес дертке жолыққанын, енді қызды іздеуден басқа амалы жоқтығын мойындайды. «Мен жолыңда құрбандық» деген досы ақыл қосып, екеуі жолға шығуға дайындалады. Ешкімге сездірмей азық жинап, алтын-күмістен мол алып алысқа аттанады. Небір қиындыққа душар боп, қорлық, зорлыққа ұшырайды. Үш жыл зынданда жатып, ақыры амал айла мен қашып шығады. Сал тауып дарияға түседі. Бір жағада түскенінде, алдарынан керуен көріп, бәрі Бозжігітті таниды. Хандарының жоғалған ұлын көріп қуанған керуеншілер «қалайша ата-анаңның көз жасына қалып жүрсің, неге елге қайтпайсың» дейді. Бозжігіт: Түсімде жарым мені ізде деді, Үмітті таппаспын деп үзбе деді. Сол үшін не қатерге басты тіктік, Жазғанын Жаратқанның біз көрелік, – деп алған бетінен қайтпайды. Керуеншілер «Жалғыз жүріп сабылудың» жөнсіздігін, «Бір патшаның жалғызысыз, елге қайтыңыз» деп қанша жалынғанымен, Бозжігіт қайырылмайды. «Ғашық болған жарын көрмей көңілі тынбайтынын» айтады. Қиналған керуеншілер алтын-күміс беріп, Бозжігіт тау-тас, мұхит асып, бір шаһарға жетеді.. Шаһарға кірген Бозжігітті көрген қырық қыздан патшаның ханшасы «кім болды» екен, «сүйінші, жарым болса берер едім, білуге мән-жайын кім барады» дейді: Батыр – ердей жүрісі, Патша ұлындай тұрысы… Көрген түстің дұрысы Бүгін келген болмасын. Қолдан бөрік басында, Жолдасы бар қасында, Қайғы түсіп жасында, Жар іздеуші болмасын. Бозжігіт пен Қарашаш алғаш рет бір-бірін көреді. Екі ұдай хал кешіп, бір үміт, бір күдіктің құшағында сарғайған ғашығын таныған Бозжігіт: Мына мен төрт жыл іздеп жүрген жарың, Түсінде серт айтысып көрген жарың. Мінеки келіп тұрмын алыс жолдан, Бір өзің қол жетпейтін ынтызарым. Мен сені іздеп туғанмын, Сен үшін сапар құрғанмын, Жанымды құрбан қылғанмын, – дейді. Көңілі алабұртқан Қарашаш: Шын ба екен, өтірік пе екен, сөзің сенің? Таппаймын, қайғылысың өзің сенің. Түсімде Алла қосқан жарым болсаң, Көрейік кел әйнектен, жүзің сенің! – деп жауап қатады. Әйнекке жақындаған Бозжігітті көрген қыз бетіндегі пердесін ашып ғашығын таниды. Алтын-күміс, меруерт, маржаннан шашу шашылып, хан қызының арманы орындалып, жар-жар айтылады. Құдайдың құдіретімен бе, тылсым таңғажайы дейміз бе, түрлі ендіктерді мекендеген, бір-бірін ешқашан көрмеген жандарды түс табыстырады. Түс көрумен басталған жайт тұтастай тағдыр талқыға ұласып, адам болмысының қатпар-қатпар сыры ашылады. Жауыздық, жамандық апанына құлаған жастық құштарлықтан өкініш пен күйзелістен басқа түк те қалмайды. Бір түнде ұйықтап жатып түс көреді, Алдында сұлу жақсы қыз көреді. О-дағы патшаның бір жалғызы екен, Бір жалғыз бір жалғызға кез келеді… Көреді… келеді… бірақ қанша жерден түстерінде «Алла қосқан» деп үміттенсе де қос қыршын он екі де бір гүлі ашылмай өледі… Жазмыштан озмыш жоқ дегенмен, жыр мазмұны өзекті өртейді. Түсте көрінген бейненің соңынан сағым қуғандай жанталаса жүгіріп, мақсатына енді жеттім-ау дегенде, төңірегіндегілердің қатігездігінен ғашықтар тілегінің күлі көкке ұшады. Аян арқылы жеткен арман хабардың мұншалық аянышпен аяқталғанына сену қиын. Мағира Қожахметова, жазушы, «Балбұлақ», «Дертке дауа» басылымдарының бас редакторы

3404 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7805

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6516

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4263

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3646

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3608

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3571

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3302

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3294

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы