• Тарих
  • 07 Желтоқсан, 2012

Батыс Қазақстан облысы

Қамыс Самар – Жаңақала ауданының оңтүстік жағында Нарын құмына қарай орналасқан көл. Бұл атаудың құрамындағы самар компонентінің шығуы төңірегінде қа­лыптасқан бірнеше пікір бар. Е.Қойшыбаев бұл сөзді көне тілдер жұрнағы деп санайды. Ғалымның бұл пікірімен келісуге болмайды. Қалай десек те, самар сөзі жұрнақ емес, керісінше көне түркі тілдеріндегі геогра­фиялық термин болуы керек. Бұл сөздің көне түркі географиялық термині екендігін оның таралу аймағы да дәлелдейді. Ресейдің Самара қаласының атауы да осы сөз негізінде қалыптасқан. С.Аманжолов көне түркі тіліндегі самар сөзін су бассейні деп түсіндірсе, кейбір ғалымдар «астау» мағынасын білдіретін сөз негізінде қалыптасқан географиялық термин деп есептейді. «Астау» мен «су бассейнінің» беретін ұғымы бірдей. Сондықтан қамысы қалың, су құятын қойма секілді көл суретін бергендіктен Самар деп атаса керек. Қазіргі мағынасы күңгірт, көне түркі сөзі. Елек – Шыңғырлау ауданындағы өзен, Жайықтың үлкен саласы. Е.Қойшыбаевтың сөздігінде Елек гидронимі «түркі тіліндегі йел-жел тұлғасына сын есімнің -ек жұрнағын жалғау арқылы жасалған» деп көрсетіледі. Ал А.К.Матвеевтің бұл сөзді башқұрттың елік-косуля сөзінен шыққан деп түсіндіруін негізсіз деп санаймыз. Ә.Әбдірахмановтың зерттеуінде «бұл өзеннің аты Геродотта «Лик» деп берілген осы Елек (Илек) болса керек, бастапқы түбірі Илек болуы ықтимал. Түбірі – и (су деген мағынада), оған көне -лек қосымшасы жалғанып, гидронимге айналған тәрізді» деп беріледі. Түркі тілдерінде -лақ, -лек, -тақ, -тек, -дақ, -дек жұрнақтары жер-су аттарын жасауда жиі кездеседі. Мысалы, илек сөзін тастақ, құмдақ сөздерімен салыстырсақ, и дыбысы екінші буындағы е дыбысының әсерінен е-ге айналған. И – (ылғал, су) + лек (туынды сын есім жасайтын көне жұрнақ). Шалқар – Батыс Қазақстан облысын­дағы үлкен көл. Қазақстан мен шетел қонақтарының демалатын орнына айналған мемлекеттік дәрежедегі макротопоним ретінде халық арасында кеңінен қолданылатын топоним. Үлкен, кең, байтақ ұғымында қолда­нылатын Шалқар сөзінің қазақ тіліндегі мағынасы әркімге түсінікті. Басқа да тілдердегі мәліметтерге назар салсақ, Шалқар сөзі суға байланысты мағынаны береді. Тұңғыс-манчжұр тілінде Шилкар – өзен мағынасын, якут тілінде чалығыр – су шалпылы, тува тілінде – толқын, моңғол тілінде цалгиа – үлкен толқын, су сыбдыры, цалчих – жарға соғу, толқындау ұғымын береді екен. Олай болса, бұл гидронимді шалп~шалпы~шалқы – «ернеуінен асып төгілу» ұғымы негізінде пайда болған, судың тұрлі қимыл-қозғалысы мен қасиетіне байланысты туған көне атау қатарына қосуға болады. Шалқар көлінің жағалауын Х ғасырларда печенегтер мекендеген. Бұл туралы мәлімет 921-922 жылдары осы дала арқылы бұлғар­лар жеріне сапар шеккен араб саяхатшысы Ахмед ибн-Фадланның еңбегінде беріледі. «...Потом мы прибыли к печенагам. Они стояли у воды, напоминающей настоящее море. Печенеги – темные брюнеты с бритыми бородами, в противоположность гуззам (оғыз тайпасын айтып тұр - Ұ.Е.), очень бедны». Осы үзіндідегі үлкен су – Шалқар көлі. Көл сол кезеңнің өзінде Шалқар (Чалқар) деп аталғаны туралы да мәлімет бар. Белгілі өлкетанушы Жайсаң Ақбайдың Жымпиты уезінің тарихына арналған еңбегінде Шалқар атауын куман тіліндегі «чал-тас» және «қар-қала» сөздерінің тіркесінен қалыптасқан деп беріледі. Бірақ бұл жорамалмен толық келісуге болмайды. Көл орналасқан аймақта тасты рельефтің де, көне қаланың да ізі жоқ. Сондықтан атау «судың шалпылы» немесе «ернеуінен аса шалқу» ұғымдары негізінде қалыптасқан деп есептейміз. Қарасу – Жалпақтал ауданындағы өзен мен елді мекен. Бұл атау Батыс Қазақстанның басқа да жерлерінде кездеседі. Бұл атаудың құрамындағы қара сөзі судың түсіне байланыс­ты берілмеген. Түркітанушы-топонимистер бұл атау төңірегінде бір ортақ түйінге келіп отыр. Қарасу – Үлкен өзен емес, жер астынан, сай-жыралардан шығып жатқан қайнар су. «Қара» сөзін байырғы түркі тілдес халықтар «жер» мәнінде түсінген. Демек, Қарасу атауы «жер суы – грунтовая вода» деген ұғымды береді. «Ақ жайық» өңірінің топонимиясы кітабы бойынша дайындаған Ұлдай Ержанова

8075 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7729

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6472

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4218

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3601

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3562

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3527

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3257

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3248

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы