• Тарих
  • 22 Желтоқсан, 2012

Мысық неден пысық?

МысыкҰЛТТЫҚ ҰҒЫМДА «тышқанмен ойна­ған мысықтай» деген тұрақты тіркес бар. Өзіне күні түсіп тұрғандардың тағдырын тәркілегендерді солай сипаттайды. Бақшада қалемшелері ұйысып өскен құлпынайды сиретіп жатқанбыз. Шиқ-шиқ еткен дыбыс шықты. Бала кезімізде осындай шиқылдақ резеңке ойыншықтар болушы еді. «Балапан біткен қанаттанып кеткен маусымда бұл не шиқыл?» деп маңайға қарадық. Біздің ала мысық бір тышқанды аузына тістеп бақшаның шығар тұсына беттеп барады екен. Құс болса ара түсіп, ажыратып алар едік, қаптесер екенін көрген соң ерікті өздеріне қалдырдық. Жонындағы жүнінің жалтырауына қарағанда күзгі шөптің дәніне семірген екен, енді аңдыған ата жауының тісінде кетіп қор болыпты. Ертеректе атамыз Олжай тышқан туралы «қатыққа түсіп қор болдың, мырзам» деп келетін мысқыл өлең айтып еді. Әттең, құлаққа құйып қалмаппыз. Өлең мен естелікте еш шаруасы жоқ ала мысық тулақтай тақыр жерге барды да тышқанды тастай салды. Ана байғұс «бостандыққа шықтым-ау» деді ме тырбаңдап жүгіре жөнелді. Қайда, бойын жасырардай азғана шөптесінге ілігіп үлгермеді. Мысық ырғып барып, алдыңғы аяғымен алаңға қақпайлап әкеліп, өзі созылып жата кетті. Екі көзі шоқтай жанады, құлақтарын тігіп алған. Мына қалпында қабан аулаған жолбарыстың фотосы. Сәл-пәл есін жиған соң тұтқындағы ғаріп енді жүгіре жөнелмей ақырын қыбырлап шөбі қалың жақты бетке алды. «Қалыңға кіріп құтылдым ба» деген кезінде жауыз мысық ырғып барып, желкесінен тістеді де тура алаңының ортасына қойды. Бәрі басынан басталады. «Мысыққа ойын керек, тышқанға өлім керек» дегенді бала кезімізде сан мәрте естігенбіз. Енді байыптасақ, жатқан пәлсапа екен. Иә, бала кезіміздегі ойынның ең қызығы «Тышқан мен мысық» деп аталатын. «Тышқан» қыздан, «мысық» ұлдан болса, тіпті тамаша. Бұл ойынды ертеректе: отызыншы жылдар басында, басқа өңірде: Нарынқол мен Сүмбеде армансыз ойнағанын Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» хикаясынан оқып едік. Шын мәнінде мысық, әсіресе оның баласы өте ойынпаз. Сол қасиетімен сәбилерді алдандырса, әжелерден ұрыс естіп жатады. Ұршықпен жүн иіріп немесе жылы шұлық, кеудеше тоқып отыратын шешеміз де көресіні ­Петро деген мысықтан көретін. Бала мысық ойнаған Шарғы жіптей шатыстық, – деген Қадыр Мырза Әлидің теңеуі қапысыз дәл жазылған. Тіпті одан да көркем етіп: Түндік шетін құрықпенен түрткенде, Ақ мысықтай сәуле ойнайды күркемде, – депті Өтежан Нұрғалиев. Әлгі алпысыншы жылдар басында біздің үйде болған мысықтардың түрі мен түсі есте жоқ. Тышқан туралы атамыздың толғауымен бірге ұмыт болған. Мектепте жаттатқан: Үстінде үйдің Тұр еді мысық. Қасына келді Бір торғай ұшып, – деп басталатын әннің сөзі ғана жадымызда жүр. Өткенде қонақта отырып Сәрсен деген туысқанымыздың тілі жаңа шыққан үкідей сары қызына әдеттегідей «ал тақпақ айтшы» дедік. Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын біздің тілімізді шығарған баяғы тақпақ әлі кәдеге жарап тұр екен: Пеш түбінде мысық отыр, Аздап көзін қысып отыр. Тышқан етін жегісі кеп, Тісі оның қышып отыр. Бәрекелді! Тақпақтан тыңда, өмірден көр, бәрібір мысықтың басты тірлігі және адамдарға керегі – тышқан аулау. Ол міндетіне жауапсыз қараса басынан бақ таярын мына дерек айғақтайды. 2012 жылдың қараша айында Ларри ат­ты мұртты мырза «Ұлыбританияның басты мысығы» лауазымынан айрылып қалған. Ол Даунинг-стритке қаптап кеткен тышқанның көзін жою үшін Премьер-министрдің резиденциясына арнайы қызметке қабылданған екен. Бірақ өз міндетіне соншалық жауапсыз қарап, алты айда бір тышқан ұстаумен тынған. Күндердің күнінде маужырап жатқан мысықтың тура тұмсығының астынан жорғалап өткен тышқанды көрген Премьер-министр шарт ашуланып, Ларриді бұл ғимараттан шығарып тастап орнына басқа мысық әкелуге пәрмен еткен. Осыны естігенде ойымызға әжеміз түссін. Тышқан ауламайтын мысық болса, «мына құрғыр мамыр айында туған екен, енді мамырлап жүреді» дейтін. Мамыр айында дүниеге келген мысықтың неге тышқан ауламайтыны – табиғаттың және бір жұмбағы. Әжеміз демекші, әр жолы мысыққа сүт құйғанда жарықтық бізге: – Маңдайынан бір шертуді ұмытпаңдар, – дер еді. – Неге? – О дүниеге барғанда бұл мысық «маған жарық дүниеде ием ештеңе бермей, аш ұстаған» деп өтірік соғады. Сонда әлгі шертпек «мені не үшін шертіп еді» деп мысықты мойындатады. Әжеміздің осы сөзі де құлақтан кетпейді. Біріншіден, сонау алпысыншы жылдары қызыл тулы коммунизм дәуірінде-ақ о дүниенің бар екеніне сендірген екен. Кейін мұғалім де, комсомол да, тіпті өзімізге қатарынан орын таппаған партия да «о дүниені» жоққа шығарғылары келгенмен, олардың уағыздары әжеміздің мысыққа арнаған бір сөзіндей әсерлі болмады. Екіншіден, мысықтың мінезін қалай тап басқан жарықтық. Мүләйімсу жағынан оған теңдес жануар жоқ шығар. Мысықтың ол жақта таразы басында тұрғандарға жағымсып, мына дүние жайында жалған айтарын білген баяғының адамдары қандай?! ҰЛТТЫҚ ҰҒЫМДА «мысық сияқты мүләйімсу» деген тұрақты тіркес бар. Жағынған болып көрініп, аярланып өтірік айтатындарды солай сипаттайды. Адамзат мысықты ықылым замандарда қолға үйреткен. Оның тұқымдастарының бәрі азулы және тырнақты болып келеді. Дене тұрықтарына қарай «ірі мысықтар» мен «кіші мысықтар» деп екі бөліп қарайды. Ірілері: арыс­тан, жолбарыс, қабылан, барыс шеттерінен жыртқыш. Аттары ежелгі қазақ ұғымына сіңісіп кеткен. «Арыстандай ақырды», «жолбарыстай жойқын», «қабыландай атылды» дегендей теңеулер мен тұрақты тіркестер «Батырлар жырынан» бастап ежелгі ақындар өлеңдерінде өріп жүр. Қарт Бұқар: Қатты тамақ шайнарға, Мен пақырда тіс бар ма? Арыстан ем айбарлы, Бұл күнде қуат-күш бар ма? – деп можымайтын ба еді. Ал мынау жыраулардың ақтаңгері Ақтамбердінікі: Ор қояндай қабақты, Қиған қамыс құлақты, Сары мысықтай азулы, Саптаяқтай ерінді. Омырауы есіктей, Ойынды еті бесіктей, Табаны жалпақ тарланды Таңбалап мінер ме екенбіз?! Пай-пай, қазақтың жыраулары-ай! Таңды таңға ұрып оқысаң тамсандыра береді. «Сары мысығы» – жолбарыс.Сондағы теңеуі «жолбарыстай азулы» болып шығады. Ірі мысықтардың ішінде арыстанның қазақ даласын мекендегені туралы дерек жоқ. Бірақ аты мен заты ұлттық санадан берік орын алғанына қарағанда, қазекемнің көріп жүрген аңы. Егер көрмесе, сипатын білмесе «арыс­тан айға шауып мерт болыпты» дер ме қазақ. Арыстаныңыз қазақ ертектерінде тура Африка саваннасындағы сияқты үйір-үйірімен өріп жүр. Бұл өзі шынында, үйірмен тіршілік ететін аң. Ақтамберді айтқан «сары мысыққа» келсек, жолбарыс Сырдария мен Іле өзендерінің жағасындағы ну қамысты ежелден мекендеген. Сырдария Арал теңізіне, Іле Балқаш көліне құятындықтан, осы екі шалқар судың бойын айнала жортқан. Қазақтардың жолбарысты қалай аулағаны Мұхтар Мағауиннің «Шахан Шері» романында жан-жақты сипатталады. Одан бұрын шет жағалап «Қазақ қауымы» атты танымдық кітабында Сәбит Мұқанов жазып еді. Балқаштың соңғы жолбарысы Ұлы Отан соғысының о жақ-бұ жағында атып өлтірілген. Ол туралы Қадырдың өлеңі бар: Қай құдірет мұндайдан, Қалқан болып қорғасын. Қадалды кеп маңдайдан Қызыл шоқтай қорғасын. Екінші және төртінші тармағындағы айтылуы бірдей, бірақ мағынасы әртүрлі сөздерді қисынды ұйқастырған ақын шеберлігі өз алдына, осы өлеңді қазақ даласындағы соңғы жолбарысқа қойылған поэтикалық ескерткіш деп санаймыз! Қабылан Үстірттің жонында сақталуы неғайбыл. Ертеде Орта Азияда қолға баулып, ­падишахтар мен әмірлер жайран аулағанын талай суреттерден көргенбіз. Шығыс суретшілерінің нәзік салынатын нақыштарында оны жіптіктей етіп бейнелейді. Барыс – Алматының гербінде ме, туында ма, әйтеуір бір жерде ресми бедерленген аң. Алатаудың биігінде бірнеше жұбы бар. Рысқұлдың тауда барыспен бетпе-бет келетін сәтін Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебесінен» оқығанбыз. Осымен «ірілер» тобын түгендеп шықсақ, кіші мысықтар тобына көз салып өтелік. Оған біздің сілеусінді, американың пумасын, мәлін мен орман мысығын, ақыр аяғында үй мысығын қосқанда 28 түр кіреді. Атын кітаптардан ғана кездестірген «оцелот» дегені бар. Сілеусінді «біздің» деп бауырға тартып жатқанымыздың сыры: қой бағып жүрген жас шағымызда бірнеше рет көріп едік. Бірде қалың шілік ішінен шыға келіп, тура қарсы тоқтаған. Ат үстінде едік. Қос құлағындағы бір уыстан қара қылдары, кері бұрылғанда шолтиған құйрығы көз алдымызда қалды. Иығымыздағы шошай­ған мылтықты кезеуге батпадық. Одан бергі қырық жылда тегіс қырылып қалмай, Тарбағатай тауларында әлі жүр деседі. «Бір көрген – таныс, екі көрген – біліс, үш көрген – туыс». Мысық тұқымдастардан осылайша сілеусін бізге туыс тәрізді. Өте сирек көрінетін түрі – мәлін. Бұл қалың жүнді, бадырақ көзді, дөңгелек құлақты мысық тұқымдас 12 миллион жылдан бері тіршілік етіп келеді. Жер бетінде одан бері қаншама өзгерістер болғанмен, мәліннің сипаты өзгермепті. Оның қатар жаратылған Мартелли мысығы бұл заманға жетпеген, ғалымдар тек сүйектерін тапқан. Мәліннің аман қалғаны – адамнан аулақ өмір сүретіндігінен. Бәрібір өте аз кездеседі, Халықаралық «Қызыл кітапқа» еңгізілген. Көбінесе таулы, тасты, жартасты аймақтарды мекендейді. Израильдегі Кумран қорығына барғанда қорғалатын хайуанаттар арасынан мәліннің суретін байқадық. Мәлінді көргісі келетіндер Мәскеудегі хайуанатханаға баруына болар. Хайуанатхана демекші, кенже ұлымыз: – Зоопарктегі өмір аңдарға табиғаттағыға қарағанда қолайлы екен, – деді. – Неге? Бостандықтағыдай қайдан болсын? – Жоқ. Зоопаркте олар ұзақ өмір сүреді екен. – Рас па? – Рас. Қабылан жабайы ортада 24 жыл жасаса, зоопаркте 36 жыл өмір сүрген. Демек, ғұмыры үштен бірге ұзарған. Баламыздың не теледидардан естіген, не кітаптан оқыған дерегін мақаламыздың ортасына қосып отырмыз. Өзі жазу кезінде көргенің мен оқығаның ғана емес, естігенің мен зерделегенің де кәдеге жарап кетеді. Енді өзіміздің әлгі соқпағымызды қайта табалық. Мәскеудегілер мәлінді өсіріп, зерттеп қоймай, зоопарктің эмблемасына бедерлепті. 1975 жылдан бері 130 марғау туған. Оларды өсіретін жері – хайуанатханаға қарасты еркін орманды Волоколамск питомнигі. «Мәлінді зерттеу, сақтау және көбейту» атты ғылыми-өндірістік бағдарлама бойынша қаржы алып, жұмыс жүргізеді. Ресейдің Ібір-Сібірінде мәлінді қорғаумен шұғылданатын және бір экологиялық орталық бар. Олар тіпті қазақ даласындағы мәлінді де санаққа алмақ болыпты, бірақ нәтижесін естімедік. Тегі мысық болғанмен, мәліннің қасқырға ұқсас жері бар. Ол – ешқашан баулығанға көнбейтіні. Үй мысығы пырылдап көрпеңе кіріп жатса, мынау кісінің ізі мен иісінен қашады. Осы тұста дәйіктей кетелік, мысық әулетінің иіс сезуі иттердікіндей емес, оның есесіне көру жағынан ит тұқымдастардан өте қырағы. Күндіз түгіл түнде де солай. Алланың әділеттігіне шәк бар ма, бірінің жоғын біріне беру арқылы, түптеп келгенде тең жаратыпты. Мысықтардың «ірі» тобы да, «кіші» тобы да – шеттерінен жыртқыш. Тырнағы мен тісінің арқасында күн көреді. Басты тәсілі – жылдамдық. Жер бетіндегі рекорд мысық тұқымдастардың қанжығасында. Қабыланның тіркелген жылдамдығы сағатына 128 шақырымға тең. Мұндай жылдамдықпен кемінде жарты шақырым жүгіре алады. Омыртқасы серпімді, аяқтары ұзын және табандары үлкен жыртқыш 3 секунд ішінде сағатына 110 шақырымдық шекке жетеді. Қазіргі ең қымбат және жүрдек спорттық автокөлікті ешбір конструктор бұл нәтижеге жеткізе алар емес. Күллісі жыртқыш осы топтағылардың ішін­де адамға жақындап, оның қолына көндіккені, сондықтан ақырындап жайлы өмір, жақсы күйге жеткені – үй мысығы. ҰЛТТЫҚ ҰҒЫМДА «мысық табан» деген тұрақты тіркес бар. Белгілі бір ныса­наға яки мақсатқа басқаға байқатпай жететіндерді солай сипаттайды. Кәдімгі үй мысығы пайда болғалы тоғыз мил­­­лион жыл өтіпті. Адамға алғаш ежелгі Мысыр­да үйір болған. Қолға үйретіп қоймаған, кө­­не мысырлықтар мысыққа табынған. Күн Құдайы Ра сары мысық түрінде бейнеленген. Махаб­бат құдайы Баст мысық басты. Кейін Үндістанда сиыр қандай құрметке ие болса, одан ықылым заман бұрын Мысырда мысықтың дәурені жүрген. Храмдарда Перғауындардың қолынан тамақ ішкен. Оны өлтіргендер өлім жазасына кесілген. Геродот жазбаларын қараңыз: «Мысыр халқы мысық өлгенде қатты қайғырады. Қайғырғандықтан, екі қастарын қырып тастайды. Мысықтың өлі денесін бальзамдап, Бубастағы қасиетті үйге қояды». Мысырдан Еуропаға алғаш кемемен, жасырын жолмен әкелінген. Кемеге қалай шыдағанын кім білсін, мысықтың суды суқаны сүймейді. Жалпы алғашқы ағаш кемелердің соры тышқан мен егеуқұйрық еді. Талай кемені тықырлап тесіп, суға батырған. Сондықтан теңізшілер өздерімен бірге мысықты алыс сапарға ала шығатын. Тағы бір керек жері: мысық ауа райын болжайды. Теңізшілер дауыл тұра ма, жаңбыр жауа ма, оны мысықтың жатысы мен жүрісінен анықтауды үйренген. Не керек, сонымен мысық Еуропаның портты қалаларына әкелініп жатты. Орта ғасырларда оны тасудың қажеттігі болмай қалды. Еуропаңыздың өзі мысыққа толып кет­ті. Сосын жоқ жерден Еуропаның католик­тері оны заңнан тысқары деп жариялады. Барлық пәле мысықтан келеді деген түсінік қалыптасты. Шіркеу мен мысық арасында басталған соғыста адамдар оны отқа жақты, суға батырды. Жаңа ғимарат салса, іргетасына мысықты тірілей бітеп, құрылысты «тіл-көзден» қорғайтын сорақы үрдіс қалыптасты. Айқас соңғысының жеңілісімен тынды. Нәтижесінде сан түрлі шіркеулерге тышқан қаптады. Қаптесерлер бірден-бір ауру тасушы болғандықтан, Еуропаны сұмдық індет жайлады. Ақыры шіркеу кешірім сұрамаса да, оны қудалауды қойды. Мысықтың тышқан аулағаннан басқа пайдасын Ұлыбритания Екінші жаһандық соғыс кезінде білді. Ағылшындар аралына фашис­тер баса-көктеп кіре алмаса да дүркін-дүркін аспан арқылы бомбылап тұрғаны мәлім. Неміс ұшақтарынан сақтану үшін ағылшындар радарды ойлап тапты. Сыбыс тыңдау қосындарын орнатты. Жағалаудан 13 шақырым су бетіне төрт тұғыр салып, оған 150-300 солдат аралығында гарнизон қойды. Олар фашист ұшақтары мен сүңгуір кемелері жақындағанын хабарлап, елді бомба мен минадан сақтандыруы керек. Бірақ соншама қаржы шығарған шаралары нәтижелі болмады. Немістер Ұлыбританияны дүркін-дүркін бомбылап жатты. Осы орайда ең сенімді хабар көзі ...кәдімгі мысық болып шықты. Мысық көктен келетін қатерді алдын-ала сезеді екен. Әуе шабуылынан қорғау дабылы қағылмай жатып, үйдегі мысықтың жүні үрпиіп, мазасыз мияуласа, кешікпей жау ұшағы бомба тастайды. Кейбір ақылды мысықтар мияулап қоймай, бомбапанаға қашыпты. Халықты аман сақтаған мысықтар үшін соғыс кезінде арнайы медаль белгіленген. Оған «Біз де Отанға қызмет етеміз» деген асқақ сөйлем бедерленген. Соның бір иегері Сэлли деген мысық Лондон кеме жөндеушілерінің қасында жүрген. Қатер жақындай бастағанда ол алдымен газ тұмылдырығы тұрған тұсты, сосын бом­бапананың есігін тырмалайды. Оның артынан барлық жұмысшылар тұмылдырықтарын киіп, бомбапанаға кіретін. Сөйтіп, кеме жөндеушілер арасынан ешкім құрбан болмаған. Ал келесі хикая тіпті жон арқаңды шы­мыр­латады. Фюрердің әуе күштері аяусыз бомбылаған Портсмутта бір мысық кішкене марғауларымен үйде қамалып қалыпты. Ол өз балаларын бір-бірлеп желкесінен тістеп, терезенің желкөзіне шыққан. Оқиғаны одан әрі баяндамас бұрын ғылыми сәл шегініс жасай кетелік. Мысық пен иттің өз күшіктерін желкесінен тістеп көтергенін бала кезде талай рет көрдік. Кейін теледидардан қарасақ, арыстан мен қасқыр да, жолбарыс пен шибөрі де балаларын тура солай тасиды. Неге құйрығынан, арқасынан, аяғынан тістеп көтермейді? Беріде ғылыми журналды парақтап отырып, осы сұрақтың жауабын таптық. Аңдардың дәл желкесінде жүйке талшықтарының торабы болады екен. Тура соны қысқан кезде күшік қимыл-әрекет жасай алмайды. Соғыста қарсыласты әлсірету үшін алдымен теміржол тораптарына соққы жасамайтын ба еді?! Мынаның содан несі кем? Енді әлгі Портсмуттағы мысыққа келсек, ол марғауын тістеп желкөзге шыққан соң жақын өтетін телефон сымына ырғиды. Жіңішке сыммен құламай жүріп отырып телеграф бағанасы­на ілігеді. Одан төмен түсіп бақшадағы қора-қопсыдағы кенеп қап үстіне жетеді. Өстіп «өмір жолы» арқылы әлі көздерін ашпаған барлық марғауын тасыған. Соңғы баласын қорадағы қап үстіне тастағанда жаңағы үйге бомба түседі. Бірнеше минут бұрын мысық пен марғаулары жатқан үйдің күл-паршасы шығады. Ұлыбританияда осы оқиғаны естігенде ойымызға өзіміздің Қадыр ақын түссін. Атақты «Автопортрет» атты өлеңінде былай дейтін: Кіп-кішкентай жемістің ауырымын, Жолбарыс пен барыстың бауырымын. Маған қарап қадалған оқты көзді Жер түбінен сезеді жауырыным. Тегін емес. Өзін алдымен мысық тұқымдасқа теңеп, содан соң қатерді жер түбінен сезетінін айтуы, әй тегін емес. Өмірден озып кеткен ақынның жыр жолдарының астарында жатқан асқан білімдарлықтың жылдан-жылға тәнті ететіні – бөлек әңгіменің өзегі. Біздің айтып жатқанмыз – соғыс кезіндегі ағылшындар аралындағы мысықтың сезімталдығы. Суссекс қалашығында бір жолы әуе шабуылынан сақтану дабылы қағылғанда Тимоти деген мысық бомбапанаға бармай қалып қойыпты. Жау ұшақтары кері қайтып, иелері жер бетіне шыққанда қатты таңғалыпты. Иә, үйлері қирамаған, бәрі орнында. Тек өздері ішуге үлгермеген бар тамақты жұртта қалған Тимоти қиша сыпырып, соғып алыпты. Демек, мысық бұл жолы қатердің беті аулақ екенін алдын ала сезген. ҰЛТТЫҚ ҰҒЫМДА «Мысық тілеу» деген тұрақты тіркес бар. Сырттай жаны ашы­ғанмен, іштей сол жақсылықты тіле­мейтіндерді солай сипаттайды. Мысық та Алла жаратқан тіршілік иесі болған соң бойға біткен қасиетін өзі мен ұрпағын сақтау жолына жұмсамақ. Демек, әлгі Тимотиды айыптау артық. Рас, қолға үйретілген басқа жануарлармен, әсіресе басты қарсыласы итпен салыстырғанда, мысық тойымсыз және сұрамшақ. Оның бұл қасиетін қазақтың тағы бір айшықты ақыны Сырбай Мәуленов тап басқан. Тақырыбының өзі: «Тойымсыз мысық». Өте қызғылықты оқиғалы өлең. Тіпті табиғаты сыршыл Сырбай Мәуленов жазды дей алмайсың. Бірақ арыдағы өлеңдер жинағындағы, берідегі таңдамалысындағы күзгі жауған жапырақтай қалың жырдың ортасында жүр. Мысал өлеңде мысық қасқырға барып алдымен қойдың қан-жынын сұрайды: Білесіз біздің хал-жайды, Ақ мұртым қурап сарғайды. Майласаңыз жарайды, Қан-жынымен таңдайды. Анау-мынау емес, қасқырдан сауғаға қойдың ішек-қарын, өкпе-бауыр сынды жылы-жұмсағын сұрауға тек мысықтың дәті барарын ақын қалай білген. Бұл мүләйімнің мықтылық емес, сұрамшақ қасиетінен екені және тап басқан. Әлгінде Қадырды «мысықтанушы» ретінде бағалап едік, енді Сырбай жарықтықты да сол қатарға қоймасқа амал қайсы?! Өстіп ақындарды алқалап отырып, тағы тақырыптың табанынан шығып барамыз ба?.. Әлгі оқиғалы өлең одан әрі тіпті қызғылық­ты. Құныққан мысық одан соң жамбас, одан соң сирақ сұрайды. Ашудан қайтып алғашқы, Ұсынды қасқыр жамбасты. Тағы да сұрап бір сирақ, Мысықтың көзін қан басты. Өлеңнің аяғында қасқыр мысыққа бір қой­­­­­ды бүтін беріп құтылады. Не деген тойым­сыздық, не деген сұрамшақтық дегенбіз бастапқы әсермен. Жоқ, аздан соң байыптап отырсақ, мұ­ның түбінде басқа мән жатыр. Манағы нақ өмір­де болған Тимоти мен мына Сыр-ағаңның кейіпке­рі Тойымсызды байланыстыратын, біріктіре­тін бір қасиет бар, ол – ақылдылық. Үйге бом­ба түспейтінін сезген, ал иелерінің ол кезде дүрлі­гіп бомбапанаға кетерін білген Тимоти ары қа­рай логикалық ойлау биігіне жеткен. Осыны пай­даланып, неге тамаққа бір тоймасқа. Сырбайдың Тойымсызы да сұрай берсе қасқырдан қойдың құлағы ғана емес, тұтас еті бұйырарын ақылмен тапқан. Жаңа «лирик Сырбай неге мысал жазды?» деген ой санамызда жылт ете қалып еді. Енді есімізге түсіп отыр «Қасқыр мен мысық» деген мысал Байтұрсынұлында бар емес пе. Демек, Ахаңдардың туындылары қапасқа қамалған шақта ұлы ұстаздың рухын ұмытпау үшін Сырбай әдейі жазған-ау деп топшылаймыз. Әлбетте, Байтұрсынұлының биігіне шығара қоймаған шығар, бірақ парызынан құтылғаны даусыз. Ал Ахаңдікі – шынында, классика. Орманнан қасқыр келді елге қашып, Алақтап, не қыларын білмей сасып. Соңынан бір топ аңшы қиқу салып, Ит қосып келе жатыр шапқыласып, – деп басталады «Қасқыр мен мысық» мысалы. Сасқалақтаған қасқыр мысыққа «мені жасыршы» деп жалынады. Мысық «пәленшеге бар, түгеншеге бар» деп жөн сілтейді. Бірақ қасқыр оның ешқайсысына бара алмайды. Өйткені бірінің жабағысын, бірінің тоқтысын, енді бірінің танасын жеп кеткен. «Мен қайран, – Мысық айтты, – істеріңе! Залалдан басқа нәрсе істедің бе? Байдың көбі, жарлының жалғызы да Тиіпті тыңдап тұрсам, тістеріңе. Зараргер жұртқа тегіс болып әбден, Енді не іздеп келдің іштеріне?!» Бәрекелді, Байтұрсынұлы! Осы заманда бүлдірерін бүлдіріп алып, халықтан пана тапқысы келетін саясатшы-сымақтардың аяғын аспаннан келтірген мысалды баяғы заманда жазып кеткен көрегендігі өз алдына, білімділігін айтсаңшы. Қулығы бір басына жететін қасқыр неге есек пен иттен, тауық пен түйеден, ат пен ешкіден ақыл сұрамайды? Әлбетте, оның бәрі – алып та, шалып та жейтін азығы. Ал мысық ешқашан қасқырға жем болмаған. Сондықтан ол – жемтік емес, әріптес. Кейін «Қазақ ертектерін» ақтарып қарадық, қасқыр мен мысықтың әріптестігі туралы ертектер баршылық екен. Індетіп көрсек, даналық қайнары Ахаңнан да әріде жатыр. Осы тұста және жолдан шығалық. Ежелгі ­«ертек» сөзін «ертегі» деп өзгертіп жатқанымызға сонау 1982 жылы Ақселеу Сейдімбек қоңырау қаққан еді. «Бұрынғылар шын деген әңгімелер соңғыларға ертек болып қала берген» деп Сәкен Сейфуллинді, «Ертектің кезі өтті» деп Мұхтар Әуезовті, «Ертек айтып берді» деп Тахауи ­Ахтановты мысалға келтірген. Арадан отыз жылдан соң «ертектен» мүлде айырылып қалдық. Қош, әдетте, азды-көп ақылдың бары мен жоғы кез келген жан иесінің көзінен аңғарыла­ды. Бұл орайда мысықтың көзін көптеген халықтар «басқа әлемнің терезесіне» теңеген. Мысықтың көзі арқылы сізге басқа әлем үңіліп тұр. Ол әлемнен жақсылық келе ме, жамандық келе ме оны білмейсіз. Ал мысық біледі. Американың Провиданс қалашығында 2000-ыншы жылдары Оскар деген мысық болған. Ол қарт адамдарды асырап-сақтай­тын үйде жүретін. Марғау кезінде аштан өлгелі жатқан жерінен тауып әкелген. Қарттар өзі бағып-қаққан. Мәпелеген. Атын анау-мынау емес Оскар қойған. Осекең өсе келе қарттар үйінің қызметкерлерін қатты таңғалдырған. Ол барлық бөлмелерді аралап шығуды күнделікті әдет еткен. Сосын бір төсектің тұсына аялдап, ондағы аурудың аяғына барып жатады. Кешік­пей басқалардан бұрын сол адам өмірден өтеді. Оскардың оны қалай білетіні әлі күнге жұмбақ. Біреулер «мысық өлер адамның ағзасындағы ерекше иісті сезеді» дейді, біреулер «ондай адамның денесіндегі басқалардың көзіне байқалмайтын биохимиялық үдерісті көреді» дейді. Бірақ Оскардың көріпкелдігінің дәл жауабы жоқ. Әлбетте, мысықтың түрлі қабілеттері мен қасиеттерін тексеру тоқтаған емес. Біздің елімізде ғана бұл орайдағы ғылыми жетістік баяғы әжеміздің сөзінің деңгейінде тұр. Ал мысықтың тарихы Отаны Мысырда, ол кемемен жеткен Еуропада, өзі апаттан алып қалған Ұлыбританияда, сансыз жануарларды жер мен судағы соғысқа қалай пайдалануды жатпай-тұрмай тексерген АҚШ-та мұндай зерттеу жеткілікті. Көбі құпия шығар, біз мәлім болған біреуін айта кетелік. Американ ғалымдар осы заманғы құралдармен мысықтың ақылы қаншалықты екенін анықтаған. IQ көрсеткіші кәдімгі бір жарым жасар баланың ақылымен деңгейлес болып шығады. Егер баулып, үйрете берсе, одан да жоғарылатуға болады. Ақылы аз да болса барлығынан шығар, мысық атаулы бір жарым жасар балаға қарағанда ...өзінің дәретінің бетін жасырып қояды. Осыдан барып, қазекемнің келесі тұрақты тіркесі пайда болған. ҰЛТТЫҚ ҰҒЫМДА «мысық көмбе» деген тұрақты тіркес бар. Өз әрекетін басқа­ларға көрсетпей, жасырып істейтіндерді солай сипаттайды. Мысық бейбіт заманда адамдарды сан түрлі қатерлерден сақтаған. Әсіресе жер тітірейтін кезде. Мың-мыңдаған адамдардың өмірін жалмап, қаланы жер бетінен тып-типыл еткен Ашғабад зілзаласы алдында мынадай оқиға болыпты. Қаланың бір тұрғынын жастыққа шығып, өзіне қарап мияулаған мысығы оятыпты. Мысық соншалық қатты мияулайды және иесін жағасынан тістелейді. Күші жетсе, көтеріп кететіндей. Иесі оны бір рет лақтырып тастайды. Анау жанталаса төсекке шығып, тағы мияуласын. Ақыры иесі мысықты далаға лақтырып тастамаққа көтеріп шығады. Осы кезде жер тітіреп, әлгі үй көз алдында үйіндіге айналған. Бұл деректі белгілі натуралист Наталья Орлованың жазбаларынан оқығанбыз. Тек, сол зілзала құрбандарына арналған алып ескерткіште кішкене мысыққа орын табылмапты. Мысық Қытайдағы сұрапыл ­Сычуан жер тітіреуі тұсында Фулин қаласының тұрғындарын соншалық үрейлі мияулап оятқан. Соның арқасында бірталай отбасы далаға шығып үлгерген. Бірақ осы зілзаладан кейінгі «ақпарат құралдары жер сілкінгенде қалай әрекет етуі тиіс» деген Орталықтың нұсқауында «мысықтың мінезін қадағалау керек» деп жазылмағаны өкінішті. Келесі мысалға қараңыз. Мәскеу тұрғыны 1958 жылы ескі үйден пәтер алады. Оған Смок атты мысығымен бірге көшіп кіреді. Мысығы түні бойы қыдырыстап, таң алдында оралады екен. Ол үшін пәтер иесі терезенің желкөзін ашып қоятын. Бір түні қыдырыстан тым ерте қайтып, дереу төсекке шығып, ұйықтап жатқан иесіне қарап мияулайды. Иесі мынау терезеден шыға алмай қалған екен деп есігін ашады. Мысық болса, иесінің көрпесін тырмалап, тістелеп, есікке сүйрейді. Ақыры иесі мысыққа еріп, дәлізге шығады. Сол кезде ескі үйдің төбесі опырылып, тура төсек тұрған жерге құлайды. Осындай апаттардың жақындап қалғанын мысық қалай сезеді? Бұл сұрақ ғалымдардың басын қатырған. Әрі-бері зерттеген соң, мәселе мысықтың геомагниттік сезімталдығында деген тұжырым жасалған. Жер бетін табиғи қуат желілері шырмап жатыр. Олар тұтаса келе геомагнитті алқап құрайды. Жер тітірер, өрт тұтанар, дауыл соғар, жанартау атқылар қарсаңында әлгі геомагнитті алқап бұрынғы­дан тұтасып кетеді. Міне осы өзгерісті мысық аңғарады. Қайтіп? Мысықтың алдыңғы және артқы тірсегінде өте ұсақ темір тектес ұнтақтан құралған сақина бар. Жер бетіндегі магниттік күштің жинақталуын сол арқылы сезеді. Мысықтың сезімталдық сырын ғалыми анықтаудан бұрын-ақ білген тұлғалар бар. Айталық, Далай лама. Бұл – саясаттан басталып, мысықтың қасиетіне тірелетін күрделі тарихи факт. Біз желе-жорта сипаттап өтелік. Құрамында Қазақстан да одақтас рес­публика болған Кеңес Одағы деген алып мемлекетті Брежнев деген көсем басқарған тұста іргелес Қытаймен арадағы жағдай ушықты. Соғысты бастап жіберуге Кеңес Ода­ғы Қытайдағы халықтың көптігінен қорықса, Қытай жағы Одақтың атом қаруынан сескенген. Соның өзінде анда-мұнда қақтығысып үлгерген. Кеңес Одағы Қытайды еңсеру үшін халқы одан сәл ғана аздау Үндістанды бауырға тартады. Және Қытайдан қуғын көрген Далай ламаны қолдайды. Дін атаулының аузын аштырмайтын коммунистер көсемінің Тибет дінбасына жылы шырай танытуы – қып-қызыл саясат. Сонымен 1969 жылы Кеңес көсемі Леонид Брежнев Үндістанға барған сапарында Далай ламаны қабылдаған. Тура қазақтың «бір оқпен екі қоянды атты» дегені осы. Қоштасарда Далай лама «Сізге бір қатер бар» деп ескертіпті де, «осы сақтайды» деп қара мысық сыйлапты. Оның шикі ет жейтінін және етті тек Леонид Ильич өзі беруін ескертеді. Лама атанған осы мысық екі рет Кеңес Одағының көсемін аман алып қалған. Бірінде: жоспарланып жасалған қастандықтан, екіншісінде: кездейсоқ жол апатынан. Сол Брежнев, өмір жолын Қытай мен Кеңес Одағы арасындағы Қорғас бекетінде шекарашы болудан бастап, жоғары билікке жеткен Черненко, одан мысыққа да, басқаға да сенбей жүріп қастандыққа ұшыраған Андропов өмірден өткенде барып салқындық жібиді. Екі елдің арасынан қара мысық жүгірген күндер енді ұмыт болған. ҰЛТТЫҚ ҰҒЫМДА «араға қара мысық кірді» деген тұрақты тіркес бар. Бір-бірімен араздасып қалғандарды солай сипаттайды. Тоқсаныншы жылдар басында айтулы фельетоншы Нүри Муфтах «Қараңғы бөлмеден қара мысықты іздеу» деп мақала жазғаны есімізде. Әлем құлағына сіңісті халықаралық ұғым қазақ арасына бертінде тараған. Қапас бөлмеден самалды киіз үй анағұрлым артық заманда қазекемді тәнті етердей теңеу емес. Одан гөрі «тырнақ астынан кір іздеді», «елдің ішін ала тайдай бүлдірді» деген мәтелдер ауызға жиі түсетін. Сол бабалардың татулықты «арадан қыл өтпейді» деп сипаттап, араздықты неге «арадан қара мысық өтті» деп өлшейтіні бүгінгі ұрпаққа беймәлім. Сырын іздеп, аннан-мұннан суырпақтап көріп едік, ешбір жіптің ұштығы табылмады. Қойдық. Халықаралық ұғымда «қараңғы бөл­медегі қара мысықты іздеуден» басқа да қалыптасқан сөз тіркесі бар: «Мысықтың түсі қандай болса да бәрібір, тышқан ауласа болды». Бұл – авторы белгілі және әбден мойындалған қағида. Қытай елінің көсемі Мао Цзедунның айтқаны. Алғаш естігенде тапқырлыққа соншалық таңғалғанбыз және сол тұстағы біздің «Күміс күн сөнсе де сөнбес» көсемнің «Оқы, оқы және оқысына» қарағанда бұқараға анағұрлым ұғынықты екенін іштей мойындағанбыз. Сөзден сөзді қуалап отырып, халықаралық кеңістік пен ұғымдарға шығыппыз, мысықты күтіп-баптайтын мамандарды фелинолог дейді. Біздегі жеке үкі тағылатындар – атбегі мен құсбегі ғана. Алғашқы фелинолог Гарри­сон Уэйр деген қайраткер 1871 жылы 16 шілде­де Лондондағы Шынылы сарайда мысықтар­дың бірінші көрмесін өткізген. Сол арқылы олар­дың ауыр тағдырын жақсартуды мақсат еткен. «Мысық ұзақ ғасырлар бойы қатыгездік пен қудалауға, қорлық пен зорлыққа тап болды. Бұл көзқарасты өзгертетін кез келді» деп ұран тастаған осы кісі. Біздің Лекеңнің «барлық билік жұмысшылар мен шаруаларға берілсін» деген ұранына қарағанда қантөгіссіз, қырғынсыз орындалған. Өзіне деген көзқарас өзгерген соң, мысықтың бірталай тылсым таланты ашылған. Сол Лондонда ХХІ ғасырда мысықтар салған суреттердің аукционы ұйымдастырылды. 2012 жылы АҚШ-тың Миннеаполис қаласында бас­ты кейіпкерлері мысық болған фильмдердің бірінші жаһандық фестивалі өтті. Алты мыңнан астам адам өз фильмдерін ұсынған. Ала мысықтың қалай тышқан ұстағанын дер кезінде камераға түсірмегенімізге қатты өкіндік. Гаррисон Уэйрден беріде жүз қырық жыл өткенде Алматыдағы Балуан Шолақ сарайында Мысықтар көрмесін тамашалап отырып, бі­рінші фелинологтың ауызы уәлі екеніне тәнті бол­дық. Ал Алматыдағы көрменің репорта­жын жазу бізден кейін журналистиканың жымы­на шыққан «сары мысықтарға» сын болсын. Қайнар ОЛЖАЙ АЛМАТЫ–ЛОНДОН–АШҒАБАД– БЕЙЖИН–АЛМАТЫ

12399 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8131

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6702

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4448

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3832

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3799

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3759

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3488

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3482

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы