• Ақпарат
  • 22 Желтоқсан, 2012

Біз оны оңлаш деуші едік...

Өмір тәтті. Тәтті өмірдің сондай бір қимастықпен, сағына еске алғың келе беретін сәулелі сәттері болады. Арманымызды ту етіп, Алматыға әр қиырдан келген бәріміз үшін ғажап шақ – студент атанып, ғаламат қуанышқа кенелген күндеріміз еді. Иә, сонда біз еңсесі биік елу болатынбыз. Алаулаған албырт көңіліміз, жалаулатқан сезімдеріміз шексіз, діттеген биігіміз асқақ, жап-жас, жігерлі, сұлу да сыршыл жастық кезіміз-ай, шіркін!.. Күллі қуаныш, жетістіктеріміз алдан қол бұлғап шақырады. Қай-қайсысымыз да соған жетуге асықпыз. Оңлагүл Арзықұлова соның бірі болатын. Мектепте оқып жүрген кезінен жазу өнері қатты еліктірген екен. Қайта-қайта келіп, жолы болмай жүр еді. Бәрібір алған бетінен қайтпай, бірер жыл өмірдің қара қазанында қайнап, ащы мен тәттінің дәмін талғап-татып барып, мақсат тауына табан тигізген. Мені староста етіп тағайындаған топтағылардың бәрі де біраз сын-сынақты бастан өт­керіп келгендер еді. Өте ұйымшыл болдық. Ынтымағымыз жарасты. Содан да шығар, оқу мен ізденіске толы бес жылымыз бес күндей болмай өте шық­ты. Өмірдің сан тарау соқпағы әркімді әр жаққа әкетті. Оңлашымыз, бәріміз Оңлагүлді солай еркелетуші едік, Жамбыл облыстық «Еңбек Туы», қазіргі «Ақ жол» газетіне барды. Арада жылдар өткенде қарапайым еңбек адамдарының өрнекті өмірі, жарасты жанұялардың жан жадыратар тұрмысы, адамгершілік әңгімелерін әр қырынан арқау еткен мазмұнды мақала, толғақты ой-толғаныс, очерктерін жиілетті. Есімі ел­ге танылды. Өзі де жылжыған жылдар­мен бірге есейді. Дүниеге сүйкімді сәбиле­рін әкелді. Және олар бірінен кейін бірі келді. Бастарына бас қосылған сайын Оңлаштың аналық машақаты да молайды. Соның өзінде ол қаламын қолынан тастамай, оқырмандарының көңілін аулап, үлкенді-кішілі дүниелерін жазуды жадынан шығармады. Содан... иә, содан келе-келе қоғамдық жүйе өзгерді. Жүйемен бірге адамдардың өмір сүру ырғағына да өз­геріс енді. Жұртшылық жанбағыстың жайын ойлауға ауысты. Өйткені ел ердей еңбек етеді, алайда еңбекақысын ай­лап ала алмайтын бір заманға тап болды. Қайткенде де көштен қалмау керек. Міне, сол кезде Оңлагүл де жағдайға қарай жантайған тірлікке көшеді. Жолдасына лайықты сыңар болып, үзікті сыныққа жалғайды. Әйтеуір ақша табудың, ентелеп өсіп келе жатқан ұл-қыз­дарын көштен қалдырмаудың бар ама­лын жасайды. Әсте, аталарымыз өмірдің ой-қыры деп осындайды айтқан шығар... Осыдан жыл жарым шамасы бұрын курстастар арманымызды әлдилеген Алматыда басқостық. Отыз жыл жүз­деспеген аудиториялас достардың шұрқыраса табысуы қалай, шіркін!.. Баяғы елпілдеп-желкілдеген елуді түгендей алмай қамықтық. Келместің кемесі ең әуелі Қалдыбайымызды қармапты. Одан кейін ғылымға да бе­рерім көп деп ізденіс пен зерттеудің қиынына құлаш ұрған жас доктор Жұмабай мен кандидаттық дипломын енді ғана қолына ұстаған Әмірімізден айырылыппыз. Сол мұңымыздан айыға алмай жүргенде, журналистиканың туын желбіретіп, Тәуелсіздігімізге жігерлі сөзімен, айшықты ойларымен еселі үлес қосып жүрген Абдолла, Мылтықбайымыз, Сапарәлі, Болатымыз, Мәншүгіміз қапияда көз жаздырып кете барыпты... Не дерсің?.. Өмір ғой бұл... Маңдайдағы Алланың жазуынан асып қайда барарсың?.. Сөйтіп, өз-өзімізді жұбатып жүргенде, Оңлашымыз да енді қайтып жүздеспейтін, тілдес­пейтін тұңғиық бір әлемге аттанып кетіпті... Ой, жазмыш-ай десейші!.. Енді міне, еріксіз Сабырхан Асанов ағаның жырына жүгінуге мәжбүрміз. Бір қимас досынан айырылып, жүрегі жылаған сәтінде: Ей, өмір-ай, Көкіректе көп арманды маздатып, Қоясың-ау қуаныштан құлата да жаздатып. Мың-мың жылдық дүниеге келтіресің несіне, Бұл пендеңе сыйлаған соң аз уақыт – аз бақыт?! – деп жырлаған екен. Иә, Оңлаш, көзін көрген ақын ағамыздың сол өлеңін амалсыз аузымызға алдырдың ғой сен! Қайтейік, өмір шіркін осындай... ҚазМУ-дың 1981 жылы журналистика факультетін тәмамдаған түлектері атынан Талғат АЙТБАЙҰЛЫ

2440 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8041

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6651

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4396

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3780

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3747

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3705

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3438

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3430

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы