• Тұлға
  • 04 Қаңтар, 2013

Аңыз бен ақиқат

Мендеш...Біз көгілдір экраннан осы күнге дейін түспей жүрген «Кездесу орнын өзгертуге болмайды» кинофильмін әлі де көре беруден жалықпаймыз. Өйткені онда қоғамдағы тыныштықты қорғайтын құқық қорғау қызметкерлерінің өмірі, жұмысы, сондай-ақ мінез-құлықтары шынайы бейнеленеді. Әсіресе бізді сол кинодағы иі жұмсақ болса да, нағыз ер мінезді Шараповтың, өз ісіне шын берілген Жегловтың бейнелері қатты еліктіреді, сүйсінтеді. Содан болар осы фильмді көрген сайын «Шіркін, біздің қазақта да осылар секілді ержүрек, қылмыскерді құрықтауда ерекше көзге түсіп жүрген азаматтар бар ма екен? Бар болса неге олар жайлы осындай бір жақсы кино түсірілмейді?..» деген ойлар келетін. Әрине, Шарапов, Жегловтың ойдан құрастырылған жасанды жиынтық көркем бейнелер екенін, ал нағыз қаһармандар арамызда жүргенін ол кезде біз қайдан білейік...

*** Енді қарап тұрсам, біздің қазақта да ұйымдасқан қылмыстық топтармен, кәнігі қанішер қылмыскерлермен, баукеспе ұрылармен аянбай күресіп жүрген, әлгі кинодағы Шарапов пен Жегловтан титімдей де кем түспейтін нарқасқа жігіттер бар екен. Әрине, олардың қауіп-қатерге толы жұмыстары көп жағдайда ашық жария етілмейтіндіктен, былайғы жұрт қылмысты іздестіру бөлімдерінде істейтін ержүрек жігіттерді онша біле де бермейді. Оның үстіне қандықол қылмыскерлердің кердең басып, ойға алған зымиян пиғылдарын емін-еркін жүзеге асыруға жол бермейтін сондай қайсар да батыл азаматтардың өз арамызда қарапайым күн кешіп жүргеніне кейде мән бермейміз де... Мен өз заманымның Жегловтары мен Шараповтары тек киноларда болады деп ойлап, оларды алыстан іздеп жүретінмін. Сөйтсем, қатты қателесіппін. Мұндай атпал азаматтар басқа жақтан емес, тіпті өзімнің жақын маңайымнан да табылады екен. Атап айтқанда, республиканың қылмысты іздестіру саласында көп жылдар бойы қызмет атқарып, аты аңызға айналған, Қазақсан ІІМ Қылмысты іздестіру басқармасының бұрынғы бастығы, отставкадағы полковник Ғабдірахым Меңдешов маған нағашы туыс болып келетінін несін ­жасырайын. Бұл ретте жасым қырықтан асып, бес баланың анасы атансам да әлгі күнге осы нағашымды арқа тұтып, мақтаныш көретінім рас. Өйткені Ғабдірахым аға мен үшін бала күнімізде аузымыздың суы құрып айтатын әлгі Жегловтар мен Шарапов­­тардан әлдеқайда биік тұрған тұлға. Оған нағашымның жүріп өткен өмірі айқын дәлел бола алады. *** ...Өткен ғасырдың 80-ші жылдарында біздің елімізде қарулы қарақшылық шабуылдар, ұйымдасқан қылмыстық топтар, тапсырыспен кісі өлтіру, адам ұрлау секілді қылмыстық әрекеттер ілеуде бір кездесетін. Сол себептен де қоғамымызда оларды «капиталистік дүниеге тән қылмыс» деп түсіну бекем орнығып қалған болатын. Бірақ 1989 жылы Алматыда болған кас­сирлер мен таксистерді қасақана өлтіру оқиғасы бұрын-соңды мұндайды естіп көрмеген қоғамды дүр сілкіндірді. Сондық­тан ауыр қылмысты ашуға республи­каның ең үздік із кесушілері тартылды. Олардың арасында Ғабдірахым Меңдешұлы да болды. Із кесушілер алдымен барлық кілтипандар мен айғақтарды сараптай отырып, ақыры бандалық топтың біреуін құрықтады. Сол-ақ екен, шиеле­ніскен іс тарқатылып қоя берді. Бұл ретте Ғабдірахым аға банданың қолға түскен ең жас әрі бұрын сотталмаған мүшесі Александр Солуяновты ашық әңгімеге тартып, оған бар айыбын мойын­даса қылмыстық топтың басқаларымен бірге төніп тұрған ауыр жазадан арашалап қалуға тырысатынын айтып, соған көзін жеткізді. Әрине, мұндай жағдайда уәде беру өте қиын болатын. Өйткені соңғы сөзді соттың айтатыны белгілі. Және іс жүзінде солай болды да. Сот Александрға бар қылмысын өз еркімен мойын­дап, бүкіл банданы ұстап беруге кө­мек­тескеніне қарамастан ату жазасын берген-ді. Бірақ Ғ.Меңдешов қылмыскер болғанына қарамастан А.Солуяновқа берген өз уәдесіне беріктігін байқатады. Сөйтіп, үкім шыққан соң сол кездегі ҚазКСР Ішкі істер министрі, Жоғарғы Кеңес депутаты Андрей Платаевқа жолығады. Екеуі бірлесіп Жоғарғы Кеңес­ке хат жазады. Нәтижесінде, соған сәйкес халық депутаттары ату жазасын 20 жылға бас бостандығына айыруға ауыс­тыру туралы шешім шығарады. Осы орайда, кейін Ғабдірахым аға: «Сосын мен онымен Қостанай облысының бір колониясында жазасын өтеп жатқанда кездестім. Қазір ол бостандыққа шыққан, жұрт қатарлы қалыпты өмір сүруде» деп еске алады. Иә, қатыгездікпен күресіп жүріп, қайырымдылықты да ұмытпау – полковник Ғ.Меңдешовтің өмірлік басты ұстанымы болған еді... *** ...Ал мына бір жантүршігерлік оқиға кезінде тек Алматыны ғана емес, сонымен қатар бүкіл елімізді де шошытқан еді. Тіпті сол кезде ҚазМУ қалашығы аумағында алты бірдей қызды зорлап, артынан олардың бәрінің өмірін үзіп кетіп жүрген «қанішер-маньяк» Алматыда үлкен үрей туғызған еді. Осы орайда қылмыстың ашылуы – бұл сұмдық түн ішінде әрі жалғыз адамның қолымен жасалып жатқандықтан өте ауыр болды. Дегенмен де, Ғабдірахым аға бастаған топ мұндай іске әбден ысылған, нағыз кәсіби із кесушілерден тұратын еді. Олар сот-дәрігерлік сараптама орталығының анықтамасы бойынша қанішердің қаны­мен сәйкес келетін адамдар картотекасын жасау үшін мыңдаған дәрігерлік құжаттарды тексеруге мәжбүр болды. Сонымен қатар із кесушілер түрлі болжамдар мен жорамалдарды да мұқият сараптан өткізді. Ақырында бүкіл қаланы шулатқан қылмыскер қолға түсіп, ол әділ түрде ең жоғарғы үкім – ату жазасына кесілді. *** Қазір шетел фильмдерінен ұшақ­тарды немесе автобустарды басып алып, адамдарды кепілдікке алған лаңкестік оқиғаларды жиі көріп жүрміз. Бірақ полковник Ғ.Меңдешовтің мұндайды тікелей басынан өткізгенін көпшілігіміз біле де бермейміз. Әрине, ол кезде еліміз тәуелсіздігін жаңа алғандықтан, лаңкестікпен күресуде әлі тәжірибе жинай қоймаған болатын. Дегенмен де, ол қазір Қазақстан ІІМ Академиясында еліміздегі лаңкестікке қарсы алғашқы операция ретінде оқытылып жүр. Бұл оқиға 1992 жылы Қызылорда об­лысында болған еді. Ресейде жазасын өтеп жатқан бір топ қылмыскер Өзбекстанға ауыстыру кезінде пойыз­дағы арнайы вагоннан қашып шығады. Бұған сотталғандарды күзеткен солдаттар кінәлі болыпты. Олар бірнеше кәнігі қылмыскердің алдауына түсіп, вагондағы тордың есігін ашып жібереді. Сол-ақ екен, сотталғандар солдаттардың өздеріне тарпа бас салып, автоматтарын тартып алады. Сөйтіп, аудан орталығы Шиеліде «Сарыағаш» шипажайына қатынайтын қарапайым автобусты басып алып, оның ішіндегі ем алуға бара жатқан үлкендер мен балаларды кепілдікке алады. Алғашында жергілікті милиция қызметкерлерді өз күшімен ұстамақ болады. Атыс болып, милиция аға лейтенанты мен бір қылмыскер қаза табады. Және екі сотталушы қолға түседі. Бірақ автобуста әлі де қарулы екі қылмыскер мен 11 жолау­шы болғандықтан автобусты тіке шабуылмен басып алу бейбіт адамдар өміріне үлкен қауіп туғызды. Сондықтан да милиция қылмыскерлерімен келіссөз жүргізуге мәжбүр болған. Қылмыскерлер Ташкентке дейін ұшақ талап етті. Әрине, ол талапты орындамаса болмайтын еді. Міне, дәл осы кезде «Альфа» жауынгерлері мен Ғ.Меңдешов бастаған арнайы топ ұшып жетеді. Келісім бойынша қылмыскерлерге Шымкентке дейін даңғыл жол ашылады. Ал бұл кезде арнайы топ автобусты басып алудың жоспарын жасап жатқан еді. Нәтижесінде Ғабдірахым Меңдешұлы ұсынған сценарий бойынша Шымкент әуежайының ұшып-қону алаңына арнайы қар тазалайтын машина әкелінеді. Оның тасасына «Альфа» жауынгерлері жасырынып, қар тазалағыш машина автобус алдын кесе өте бергенде «Альфаның» бір жауынгері қазақша «Жатыңдар!» деп айқай салады. Кепілдікте отырғандар түгелдей қазақтар болғандықтан, олардың бәрі жата қалысады. Ал бұл сөзді түсінбеген қылмыскерлер болса тұрып қалады. Сол-ақ екен, арнайы бөлім қызметкерлері оның екеуін де атып үлгереді. Осылай, әбден ойластырылып жасалған операция небәрі үш минутқа қана созылып, барлық кепілдегілер аман-есен тірі қалады. *** Міне, осы қауіпті операцияны сәтті өткізгені үшін полковник Ғабдірахым Меңдешов Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Әрине, бұған дейін Ғабдірахым аға құқық қорғау саласындағы көп жылғы еңбектері үшін бұрынғы КСРО-ның «Қызыл Жұлдыз» орденімен және бірнеше медальдармен, сондай-ақ «КСРО ІІМ Құрметті қызметкері» атағымен марапатталған еді. Ал қазір Ғабдірахым Меңдешұлы құрметті демалыста. Соған қарамастан бұл кісі өзінің өмірден жиған мол тәжірибесін жастарға үйретуден бір жалыққан емес. Осы ретте ол, тәртіп сақшысы қайырымды, адал, батыл, шалт қимылдап, жылдам шешім қабылдай алатын адам, сондай-ақ оның табиғатында ішкі сезім интуиция, қылмыс жасаған адамды жазбай көре білу қасиеті ерекше жоғары болуы керек екен. Сол себептен де, кезінде Ғабдірахым аға «Хабар» арнасы түсірген «Тоғысқан тағдырлар» телесериалына кеңесші болып шақырылды. Өйткені соған дейін-ақ, ол «Профессия-сыщик» кітабында кәсібі туралы мол деректерді жұртқа ұсынып үлгерген болатын. Ол кітап қазір қылмыстық қайшылықтар мен шытырман оқи­ғаларды ашуда үлкен көмек құралы ретінде пайдаланылады. Сөзімізді түйіндей айтсақ, «Сулы жердің қасиеті – сағасынан, жақсы адамның қасиеті нағашыдан» демекші біздің бір жақсы қасиетіміз болса, ол осы нағашы жұртымыздан дарыған шығар деп ойлаймын. Өйткені өз қызметін мінсіз атқарған Ғабдірахым Меңдешұлы жеке өмірде де кімге болмасын өнеге бола алатындай абзал тұлға. Ұлын ұяға қондырып, қыздарын қияға ұшырған аяулы әке, немере сүйген бақытты ата. Гүлмира МЕРАЛИНА

Қолдасын Ағатайдың аруағы (Ғабдірахым Меңдешевтің 75 жылдығына opaй)

Исатай Таймановтың атын алған – Өмірге келген жерің – батыр аудан. Жасыңнан білімді һәм еңбекқор боп, Тұйғынша түлеп ұштың Атыраудан! Жарысып жылдарменен алып қашқан, Жеттің Сен 75-ке жалықпастан... Бойдағы қайрат-жігер, Сергектігің, Бабалар қаныменен қалыптасқан! Қолдаған шығар бәлкім көп тілегі, Желдіртіп 75-ке жеттің енді... Өзіңді білетін жұрт: «Әділдік пен Сақшысы адалдықтың!» деп біледі. Қасиет бойға біткен – төзім берік, Өмірдің ақ-қарасын көзің көріп. Ержеттің сыйлы ортада, беделі бар, Keй тұста өзіңменен-өзің болып! Ұнадың кімге болсын мінезіңмен, Ұл-қызың өнеге алды бір өзіңнен. Өмірде өзің қандай алғыр болсаң, Олар да өзің жүрген жүреді ізбен! Алда әлі қуанышқа кенелер күн, Сөзі бар айтып кеткен, көнелердің: Тағы да 70 жасап, қызығын көр, Болашақ немерең мен шөбереңнің! Күрестің адалдық пен Арды сынап, Артыңда небір қиын қалды сынақ. Сен соның бәрінен де аман өттің, Халықтың батасы мен Алғысын ап! Кеші не, игіліктің ертесі не? – Шығып ап жетпіс бестің желкесіне. Сексеннің сеңгірінен секіріп өт, Тағы біз той жасайық ертесіне! Шаттықтың шайқалмасын шаңырағы, Шырқалсын шабытпенен Дәуір әні... Беретін батам менің: – Қолдап жүрсін, Әр кезде Ағатайдың аруағы!

Мақсұт Неталиев

3236 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8792

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7076

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4819

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4205

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4169

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4128

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3859

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3858

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы