• Тұлға
  • 09 Мамыр, 2024

«Уақытты сататын адам бар ма?»

Ана тілінің абызы, тіл білімінің көрнекті өкілі, академик Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдардың ғалымдық бейнесін, қазақ тіл біліміне, ұйғыр тіл біліміне, түркітануға қосқан үлесін көпшілік жақсы біледі. Академикпен он бес жылдай бір бөлімде жұмыс істеген әріптесі ретінде тұлғаның кісілік, азаматтық қыры туралы айтқым келеді.

 

«Мәдени мұра» жобасының аясында қазақ әдеби тілінің сөздігін жасау жоспарланып еді. Ана тіліміздің әр сөзін жіпке тізгендей түгендеу бәрінен бұрын тіл мамандарының міндеті мен парызы болды. Сөздік авторлары өздеріне тиесілі бөлігіне қатысты материалдарды әр жерден жинап, теріп, бір-біріне желімдеп алып келетін. Біздің міндетіміз сол сөздердің шашауын шығармай, компьютерге басу еді. Өз арамызда «жаялық» деп атайтын қима қағаздар кейде газеттің екі бетін қосқандағыдай үлкен болып кететін. Оның басынан аяғына дейін шатаспай басу, рет-ретімен орналастыру да оңай шаруа емес еді. Ғылымдағы «қара жұмысқа» көміліп отырған мені академик Институт дәлізінен әрі-бері өткенде байқап, амандасып жүретін. Сол кездегі Институт директоры Көбей Хұса­й­ы­новқа өзі кіріп, мені Этнолингвистика бөліміне ауыстырып алды. «Зүбайра, бұл сөздіктің «қара жұмысы» ешқашан еленбейді, бітпейді. Одан да бөлімге кел, мен саған тақырып берейін, мүмкіндігің бар, қорғап ал», – деп ағалық қамқорлық сөзін айтқан еді. Ол кісі тек маған емес, сол кездегі жастардың барлығына қамқор болып жүретін. Ауылдан келген қара сирақ балалардың бірінің пәтер мәселесін шешіп берсе, бірінің жұмысқа тұруын қадағалап, енді бірінің ғылыми атақ алуына жәрдем бергенін сол кездегі Инстиут құрамы ұмытпаған болар. Ә.Қайдардан тақырып алып, сол кездегі сұранысқа сәйкес мақалаларымды жариялап, тақырыбыма қатысты еңбектерді қарап жүргенімде жеке басыма қатысты қайғылы жағдайға ұшырап, жұмысыма мүлде қарай алмай кеттім. Кейін диссертация­лық кеңес жабылып, әртүрлі өзгерістер болып кеткендіктен, ғылым кандидаты дәрежесін қорғай алмай қалдым. Сонда Әбекең 90 жасында: «Зүбайра, саған қорғата алмағаныма өкінемін. Саған қорғатуым керек еді... Шамаң жететін еді... Алайда сен әйелге Алланың берген негізгі миссиясын орындадың. Дүниеден өткен ұлыңның орнына осындай жасыңда ұл сүйдің. Сондықтан сенің дәрежең академиктен де жоғары», – деді. Академиктің бастаған ісін соңына дейін жеткізуі, өзгенің өміріне бейжай қарамайтыны, жауапкершілігі мені таңғалдырды. Сол бір жылы сөзі жанымды жылытқаны да жасырын емес...
Академик сексеннің сеңгіріне шыққан шағында: «Шіркін, уақытын сататын адам бар ма екен, бар болса мен ойланбай сатып алар едім. Әлі 20 кітап жазуды мақсат етіп отырмын», – деген еді... Саналы ғұмырын тіл біліміне арнаған, қаншама еңбек (500-ге тарта) жазған, қаншама шәкірт  (85-ке жуық) тәрбиелеген, ғылымның ауыр жолында барлық лауазым, атақ, дәреже баспалдағынан өткен ғалымның бұл сөзіне мен ойланып қалдым... Сол сөзінде тұрып, өмірден озған шағына дейін жиырма кітабын баспадан шығарды. 
Тағы бірде, 93 жасқа келген кезі еді, Институт қызметкерлерімен Әбекеңді туған күнімен құттықтап үйіне бардық. Әдеттегідей Шекер жеңгеміздің мол дастарқанында ағайдың ақылы мен естеліктерін тыңдап, арқа-жарқа отырдық. Бір ғасырға жуық өмір сүрсе де, сөзі түзу, ойы анық болатын. Бір кезде орнынан тұрып: «Менің жүз жасағым келеді»,  –  деді де, біраз үнсіздіктен соң: – «Бұл дүниеқоңыздық емес, мына жалған дүниені қимауым емес... Әлі де ғылымға берерім бар еді, шіркін, тағы біраз мүмкіндігім болғанда...», –  дегені есімізде.
Әбекең күнделікті уақытын қатты қадағалайтын. Әр сағатын текке өткізгісі келмейтін. «Ғалым үшін уақыт – ғылымның өлшемі» деген еді бір сөзінде. Таңның атысы, күннің батысына дейін қолынан телефонын тастамай, керек те, керек емес те ақпаратпен санасын улап жүрген қазіргі жас буын академик Әбдуәли Туғанбайұлының осы қасиетін бойына сіңірсе екен.
Әбдуәли Қайдар өте ұқыпты болатын. Қолжазбаларын ақ парақты екіге бөліп, соның алды-артын толтырып жазатын. Он алты жасынан-ақ қан майданға араласып, от пен мұздың арасында алдыңғы шепте соғысқан Әбекең әр нәрсенің  қадіріне жете білген, ысырапшылдыққа жаны қас адам еді. Суретті жақсы салатыны жазуынан көрінетін. Тап-таза, анық, әдемі жазатын. Көрген-білгенін, естігенін қағазға түртіп, жазып жүретін. Бізге де соны ескертіп отыратын еді. «Адамның жады қандай мықты болса да, күнделікті күйбең тірлікте ұмытып кететін сәттер болады. Қағазға түскен дүние ешқашан ұмытылмайды. Сондықтан жазып жүріңдер», – дейтін.
Адам ортаға білімімен емес, мінезімен сыяды. Саналы ғұмырының жарты ғасырға жуық уақытын тіл біліміне арнаған, оның қырық жылға жуық уақытын, оның 14 жылы директордың орынбасары, 16 жылы директор қызметінде өткен ғылыми-ұйымдастыру ісіне, басшылыққа арнаған Әбекеңнің дауыс көтергенін, біреумен тістесіп жүргенін көрген, естіген емеспіз. «Елу жылдан астам уақытта бір жерде ғана қызмет етіп, сол жердегі бірде-бір адаммен шай десіп көрмеппін», – деп отыратын. Осының бәрі – тұлғаның адами бейнесінің қалыптасуына, ортасына сіңуіне, құрмет пен сыйға бөленуіне әсер ететін негізгі факторлар.  
Әбекең, Әбдуәли ағай... Ақырын жүріп, анық басатын. Дауысы да жай, қоңыр үнмен шығатын, Институттың әр қызметкеріне жайлы басшы, өзінің әр шәкіртіне жанашыр ұстаз, қатарластарына сенімді серік, ұстаздарына білімді шәкірт, отбасына арқа сүйер азамат, тілі біліміне еңбегі сіңген қайраткер бола білген Әбекеңді біз осылай таныдық, осылай жақсы көрдік. 

Зүбайра САДЫРБАЕВА, 
А.Байтұрсынұлы атындағы 
Тіл білімі институтының
ғылыми қызметкері

642 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9298

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7369

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5111

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4493

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4457

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4416

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4153

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4145

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы