• Тұлға
  • 09 Мамыр, 2024

Алаштың қос арысы

Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы, Алаш зерттеушісі Жаңбыр­бай Матаев бастаған шығармашылық топ Ақтау қаласынан 160 шақырым қашықтағы Форт-Шевченкоға бет алдық. Патша заманында Форт-Александровск, Кеңес дәуірінде Форт-Шевченко атанған елді мекен бүгін Түпқараған ауданының орталығы саналады. Түпқараған ауданының әкімі Рахат Елтизаров бастаған ағайындар бізді жылы қабылдап, үстел басында Маңғыстау түбегінде үлкен тарихи орны бар ауданның тарихы, Мұстафа Шоқай мен Жалау Мыңбайұлының үлкен қайраткерлігі, ізеттік пен адамгершілікке толы қарым-қатынасы, туыстығы туралы әңгіме қозғалды.
 

1918 жылғы қаңтар айында Қоқан қаласы талқандалғаннан кейін Мұстафа Шоқай бастаған Түркістан автономиясының басшылары бас сауғалап, Орынбор қаласына келеді. Осы жылдар тұсында Алаш (Қазақ) Автономиясы жариялаған Орынбордағы ІІ Жалпықазақтық съезге қатысып, ол «Алаш орда» қозғалысының төрағасы Әлихан Бөкейханов басқарған үкіметтің мүше құрамына кіреді. Большевиктер Мұстафа Шоқайды ең басты жау санап, басына қыруар қаржы тігеді. Мұндай жағдайда тек шетелге асудан басқа амалы қалмаған Мұстафа 1918 жылдың қақаған қысында ең әуелі Торғай жеріне келіп, сосын Орал қазақтарының арасында болып, Гурьев уезінің жері арқылы Маңғыстауға жетеді.
Осы сапарымызда бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалауға, егемен ел болуымызға үлкен үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жалау Мыңбайұлы оқыған қазақ-орыс мектебінде болып, ұлт қайраткерінің өмірін баяндайтын құжаттармен, суреттермен, әр жылдары жарық көрген мақалалармен таныстық.
Аудан орталығындағы Жалау Мыңбайұлы атындағы гимназия Маңғыстау облысындағы үлгілі мектептің бірінен саналады. Білім ордасында көрнекті Мемлекет қайраткерлерінің өмірін баяндайтын шағын музей жұмыс істейді. Ұстаздар мен шәкірттер ұлтым деп еңіреп өткен тұлғаның әрбір затын, құжатын, сирек кездесетін құжаттары мен суреттерін қастерлеп, көзінің қарашығындай сақтап келеді. Мұнда Мұстафа Шоқай және Жалау Мыңбайұлының жолдастығын, сыйластығын дәлелдей түсетін құнды құжаттар да кездеседі.
Жалау Мыңбайұлы 1916 жылы Тұзшылар кәсіподағының төрағасы болады. 1917–1919 жылдар аралығында жас қайраткер Уақытша өкімет органының азық-түлік бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарды. Осы жылдары Фортта тұңғыш Қызыл рота атты жасақ құрады. Сонымен қатар Уездің Маңғыстау уезі атынан Жалау Қоқан автономиясымен болған келіссөзге делегацияны басқарып барады. Осы кезде Жалау Мыңбайұлы Қоқан республикасының басшысы Мұстафа Шоқаймен танысып, достасып кетеді.
Мектеп музейіндегі 1921 жылы Александровск фортынан Мұстафа Шоқайдың жары Марияның Бакуге қалай аттанғаны туралы құжаттар да өте құнды. Мұстафа Шоқайдың Маңғыстау түбегінен шетелге асып кетуі туралы әртүрлі болжам бар. Жергілікті жазушы Сейсен Демеубай «Жалындап өткен жас ғұмыр» атты тарихи кітабында қазақтың ертеңін әріден ойлайтын көрнекті мемлекет қайраткері Мыңбайұлы және  Үстірттің ұлтжанды азаматы Иманғазиев жол бастап, Мұстафа Шоқайды Үстірт үстіндегі Жүзадым жерінде жатқан нағашы атасы Құнанорыс Адай Айтыманның ескі бейітіне апарып, рухына Құран бағыштап, садақа бергенін жазады.
«Жалау Мыңбайұлы» қоғамдық қорының төрағасы Жеңіс Есқалиев зиялы азамат  Әділхан Аманжолов бастаған топ Форт-Шевченкода біраз аялдаған соң, қарт Каспийдің жағасында бой көтерген Ақтау қаласының көрікті орындарымен таныстық, сан-мыңдаған жылдардың тарихы мен құпиясын тереңге бүгіп жатқан Каспий теңізінің кешкі көрінісін тамашаладық. Бүкіл саналы ғұмырын қазақ халқының болашағы мен ертеңіне арнаған, сол үшін отқа да, суға да түскен көрнекті мемлекет қайраткері Жалау Мыңбаевтың еңселі ескерткішіне барып тағзым еттік, аруағына Құран бағыштадық.
Жалау Мыңбайұлы 1924 жылдың аяғында Орал губерниялық атқару комитетінің төрағалығына жоғарылатылды. Орталық Атқару комитеті мен Орталық партия комитеті 1925 жылы Бүкілқазақстандық V съезде  Жалау Мыңбайұлын Қазақстан Орталық Атқару комитетінің төрағасы етіп сайлайды. Қазақстан басшылығына келгенде Жалау небары 33 жаста еді. Ақмешіт қаласында өткен қазақ кеңес­терінің V съезінде, яғни 1925 жылғы 19 сәуірде Жалау Мыңбайұлы қол қойған құжат негізінде Қырғыз автономиялы республикасы аталып келген ел Қазақ Республикасы болып өзгертілді. Қазақ үшін туған азамат қазақ тілінің мәртебесін көтеруге, ел шекарасын нақтылауға еңбек сіңірді.
Жалаудың журналистік кәсіпке деген қызығушылығы Адай уездік ревкомын басқарып тұрған кезінде басталды деуге негіз бар. Сол кезде өлкеде газет шығаруға талпыныс жасалып, өмірге келген алғашқы баспасөз үні қолжазба түрінде шығарыла бастайды.
Жалау Мыңбайұлы қаламы ұшқыр журналист-тілші ретінде орталық органдар болған «Советская степь» және «Степная правда» басылымдарына өткір мақалалар жазып тұрды.
1926 жылғы мамыр айында елді елең еткізген «Ауыл тілі» газеті Қазақ өлкелік партия комитетінің және Қазақстан Атқару комитетінің органы ретінде жарық көре бастады. Бас редакторы – Жалау Мыңбайұлы, орынбасары – Бейімбет Майлин, әдеби хатшысы Міржақып Дулатұлы бекітіледі.
Жалау Мыңбайұлы алғыр, биік парасатты азамат болуымен қатар, тамаша әнші де еді. Ол 1923 жылы Орынбор қаласына барған бір сапарында белгілі саз зерттеушісі А.Затеевичке жолығып, өзі орындай отырып, «Ақбөкен», «Ақтан» әндерінің үшінші түрін, «Жуасқоңыр», «Қараторғай» әндерін нотаға түсірткен. Жалау Мыңбайұлы – Маңғыстау ән-күйлерін әлемдік өнер қазынасына қосуға айтарлықтай үлес қосқан зиялы азамат.
1928 жылы Жалау Мыңбайұлы Гурьев округі атқару комитеті төрағасы қызметіне ауыстырылып, Гурьев елінің тұрмыс-тіршілігін көзімен көріп, қиын-қыстау кезде халқына көмек қолын созады. Бірақ Сталин мен Голощекиннің  қол шоқпарлары қызмет істеуіне мүмкіндік бермейді. Сол кездері қазақтың маңдайы жарқыраған бірнеше азаматының үстінен Алашордашылар деген айып тағылып, тергеу жұмысы жүргізіліп жатты. Алашордашылардың жендеттері және ойдан шығарылған жалалар жабылды. Үлкен рухани соққы алған Жалаудың денсаулығы әлсіреп, ауруға шалдығады. 1929 жылы оған жалғыз ұлы Ескендірдің қазасы қосылады. Елі үшін ерінбей еңбек еткен арыстай азамат 1929 жылдың қараша айында небары 37 жасында дүниеден озады.
Жалау мен оның жұбайы Күміс Ескендір атты ұл, Алтын және Раушан есімді қыздар сүйді. Өкінішке қарай, асыл жандардың ұрпақтары өмірден ерте кетті. Ұлт қайраткері Жалау Мыңбайұлының жақын туысы Дәуіт Нұркенов Ақтау қаласында тұрады. Атақты мұнайшы-инженер бүгінде құрметті еңбек демалысында.
«Өлі риза болмай, тірі байымайды» демекші, Алаш қайраткері Жалау Мыңбайұлының ескі бейітін қайта қарайтуда Жалаудың ұрпағы, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Бердіқожа Боранбаев үлкен азаматтық танытты. Сол күні кеш болғанына қарамастан,  Шопан ата, Баян, Темір әулиелердің, Оғыланның басына зиярат етіп, Бекет атаның кесенесіне түнеп, ертелеп 60 шақырым қашықтағы Мұстафа Шоқайдың нағашысы Айтыманның кесенесіне аттанып кеттік. Мемлекет қарамағындағы Айтыманның кесенесі Маңғыстау түбегіндегі айшықты әсем салынған кесененің бірінен саналады. Үстіртке тән әсем болып келетін қазақтың қолөнер туындылары, айшықты ою-өрнектері көрініс тауып, оның сәулетін аша түседі.
Мұстафа Шоқайдың нағашы атасы Айтыман осы өңірдің бай адамдарының бірі болыпты. Ол кісінің аузы дуалы, парасатты, адал да әділ, қолы ашық, жомарт жан болғанын, Үстірттегі ағайындар осы күнге дейін жыр етіп айтады. «Жігіттің жақсы болуы нағашыдан» демекші, Мұстафа Шоқай нағашы атасын құрмет тұтқан. Басына қиын-қыстау күндер туғанда нағашы жұртына арқа сүйеп, ел ардақтысы Жалау Мыңбайұлы бастаған жақсы мен жайсаңдармен бірге келіп, Айтыман атасының рухына Құран бағыштап, садақа беруі осыны аңғартса керек. 
Арада қанша уақыт өтсе де, Түркі дүние­сінің ұлы тұлғасы – Мұстафа Шоқайдың сол сапары ел есінде, халық жадында. Осы қауіп-қатерге толы күндерде Жалау Мыңбайұлы бастаған топ 1919 жылы Мұстафа Шоқайды Красноводск арқылы Ашхабадқа аман-есен жеткізіп, Бакуге аттандырғаны туралы Мұстафа Шоқай Ташкент қаласында тұратын досы Архангельскийге 1922 жылы 12 мамырда Париж қаласынан хат жолдайды. Мұстафа Шоқайдың өз қолымен жазылған айғақтар Маңғыстауға 1918 жылғы қараша-желтоқсан айларында және 1919 жылдың көктеміне дейін болғанын дәлелдей түседі. Шоқайды теңіз арқылы шығару қауіпті болған соң, көктем шыға құрлық арқылы құпия түрде жолға жиналуына Мыңбайұлы мен Иманғазиевтің еңбегі ерен, олар үлкен ержүректік танытты.
Қалай болғанда да, Мұстафа Шоқайдың басына қара бұлт үйірілгенде, Алаштың арыс азаматы Жалау Мыңбаев бастаған Адай аға­йындардың үлкен ағайынгершілік көрсетіп, үлкен сапарға аттандырғаны тарихи шындық, тарихи ақиқат.
Қазақ көгіне күндей жарқырап көтерілген, құйрықты жұлдыздай ағып өткен Жалау Мыңбайұлы өмір сүрген аз ғұмырында соңында мәңгі өшпейтін жарқын із қалдырды. Жалындаған жас қайраткер Жалау Мыңбайұлы саналы ғұмырында қазақ ұлтының ары мен намысы бола білді, еліміздің жарқын болашағы мен ертеңі үшін күресіп, ұлт қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатұлы, Сұлтанбек Қожановтармен тығыз достық байланыста болып, елі үшін жанын пида етуден қорықпай, қызмет атқарды.
Қазақ ұлты ғана емес, бүкіл түркі дүние­сінің ертеңін ойлап, басын бәйгеге тіккен Мұстафа Шоқайды Жалау Мыңбайұлы өмір бойы қастерлеп өтті. Жұлдыздай ағып өткен қазақтың қос қыраны саналы ғұмырын қазақтың тәуелсіз ел болуына арнады, соны армандады, бірақ сол арайлы таңды көре алмай кетті. Дегенмен жанқиярлық еңбектері еш кеткен жоқ, арайлы Tәуелсіздікті ке­йінгі ұрпағы қарсы алды. Егемен ел болдық. Қазақтың аспан түстес туы Біріккен Ұлттаp Ұйымында желбіреп, Қазақстанды бүкіл әлем таныды.

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК

 

899 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №20

23 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 10631

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 5449

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 5100

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4460

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты: Әділетті қоғам құру – парызымыз

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4427

Еділхан ӘМІРҒАЛИЕВ, техника ғылымының докторы, профессор: Технологиялық өркениет заманы басталды

  • 18 Сәуір, 2024
  • 4242

Алишер Сатвалдиев, Парламент Сенатының депутаты: Алпыс күн тасыған дария, алты күннен кейін қайтады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 3015

Назипа Шанаи: Ана мектебі арқылы ұл да, қыз да дұрыс тәлім алады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 2969

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы