- Тұлға
- 17 Қаңтар, 2013
Өрісті өмір жолы
Туған жерден басқа жаққа қоныс аударған кез келген адам қандай ортаға тап боламын, кімдермен араласамын деп мазасызданатыны даусыз. Ақжайық өңірінен Астанаға қоныс тепкеннен бері талай жақсы адамдармен таныстым. Қонысбай Әубәкіровтей әзіліміз жарасқан құрдас таптым. Тойшыбек Иіпұлы, Балқаш Нақанұлы сияқты өнер десе ішкен асын жерге қоятын ақын, сазгер, күйшілермен араласып, тонның ішкі бауындай болып кеттік. Әр адам жазылмаған бір кітап дегендей Қонысбаймен әңгіме-дүкен құрған кезімде ол да өзім сияқты әкенің ыстық ықыласын, аялы алақанын көрмей өскен жан екен. Сұм соғыстың кесірінен әкеден ерте айырылып, әке деген сезімді сезінбей де, сезбей де өскен ұрпақпыз. Екеуміздің бұл реттегі ой-пікіріміздің бір жерден шығып жататыны сондықтан болса керек. Бұл күнде Қонысбай жетпістің жотасына шығып отыр. Замандастары оны ақкөңіл, елгезек жан, өмір сабағын саралай білген, көргені мен түйгені көп, рухани жан азығы мол, кісілікті, қарапайымдылықты өміріне серік еткен азамат ретінде бағалайды. Адамның жеке басын ардақтай біледі, жайдары көңілмен сынай біледі, ішкі сырын ашпайтын, бекер дүние шашпайтын сұңғылалығына онымен араласқалы бері айқын көзіміз жетті. Қонысбайдың бойындағы бұл қасиеттердің бәрі текті әкеден дарыған. Өйткені оның әкесі Әубәкір Дүйсенбин кезінде республика жұртшылығына белгілі қайраткер адам болған. Ол не істеген, жүріп өткен өмір жолы қандай? Бұларды әңгімелегенде Ә.Дүйсенбиннің азаматтық қырын аша түсетін өмір жолының үш кезеңіне ерекше тоқталған жөн. Ең алдымен, ол ұйымдастырушылық қабілетімен елге ерте танылған алғыр басшы. Қостанай обылысының Амангелді ауданындағы Елтай серіктестігінің меңгерушісі, Киров колхозының төрағасы қызметтерін абыроймен атқарады. Ол басқарған жылдары Киров колхозында қоғамдық мал саны төрт-бес есе өскен. Сөйтіп, шаруашылық ауданда ғана емес облысқа белгілі озаттар қатарында көрінді. Бұл деректер Әубәкірдің еңбекке жастайынан араласып, қиын-қыстау кезеңдерде жауапты қызметтер атқарғанын, халық шаруашылығын қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосқанын білдіреді. Ол тірнектеп жиғанды тиянақтап ұстай білетін, колхоздың табысын әділ бөлетін төрешілдікті емес, қарапайымдылықты жақсы көретін адам еді, – делінген замандастарының ол туралы естеліктерінің бірінде. Екіншіден, ол тұңғыш депутат. 1938 жылы 24 маусымда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бірінші өткізілген сайлауында ауылдастары Әубәкір Дүйсенбинді депутат етіп сайлайды. Бұл жерлестерінің оған деген зор сенімі еді. Ол кезде ұйымдастырушылық қабілеті жоғары кадрлар аса қажет болатын. Сондықтан ұжымшар төрағасы, депутат Әубәкір Дүйсенбин сайлаудан кейін Амангелді ауданы атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланады. Ол бұл қызметте жүргенде де сол жердегі халықтың мүддесі үшін оқу-ағарту, мәдени-тұрмыстық салалардың жұмысын жақсартуға, экономиканы өркендетуге қомақты үлес қоса білді. Осы туралы замандастарының мұражайдағы естеліктерінде айқын да нақты жазылған. Үшіншіден, ол елін жаудан қорғау жолында жанын құрбан еткен батыр жауынгер. Ол 1940 жылы өзі сұранып, Киров колхозының тізгінін қайта қолына алып, шаруашылықтың жағдайын жақсарта бастағанда сұрапыл соғыс басталып кетеді. Араға бір жыл салып, Әубәкір майданға аттанады. «Ел басына күн туып, фашист басқыншылары Отанымызға ойран салып жатқанда майданға өз еркіммен аттанып бара жатырмын. Ендігі күш-жігерімді майдан даласында жаумен шайқаста көрсетпекпін» деген Әубәкірдің жерлестерімен қоштасар сәттегі сөзін мұражайға қойылған ескі газет қиындыларынан оқуға болады. 1942 жылы Сталинград майданында кезекті бір шайқаста оққа ұшады. Міне, небәрі 36 жасында қыршын кеткен Әубәкір Дүйсенбиннің қысқаша өмірбаяны осындай. Қонысбай әкесінің өмір жолын, атқарған қызметін, жеткен жетістігін әрқашан да мақтаныш етіп, ұрпағына үлгі етіп отырады. Асыл әкенің есімі ескерусіз қалған жоқ. Қазақстан Республикасы Парламентінің ғимратында орнатылған мемориалдық ескерткіш тақтаға Әубәкір Дүйсенбиннің есімі қашалып жазылған. Амангелді ауданының орталығындағы ең үлкен көшеге оның аты берілген. Арқалық педагогикалық институтының мұражайында және облыстық өлкетану мұражайында Ә.Дүйсенбиннің құжаттары, ол туралы естеліктер көрнекі жерге қойылған. Кешегі қан майданда аяулы әке Әубәкір қыршын кеткенмен ұрпақтары үзілген жоқ. Артында қалған жалғыз ұлы мен екі қызы өсіп, ержетіп, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып келеді. Соғысқа кеткенде алты айлық қана болған Қонысбай бұл күнде әкесі жетпеген жасқа жетіп, әкесі көре алмаған қызықтарды, еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізгенін көріп, әке өнегесін жалғастырып отыр, қоғамға қосқан үлестері де аз емес. Қонысбай Челябинск ауылшаруашылығын механикаландыру және электрлендіру институтын бітіргеннен кейін, шаруашылықтарда бас инженер болғанда да, кәсіптік-техникалық училищеде қызмет еткенде де әкенің ардақты есіміне дақ түсірмей еңбек ете білді. Білімі мен тәжірибесін туған жерді түлетуге арнады. Қарапайым еңбегімен тәуелсіз еліміздің іргетасының берік қалануына өзінің лайықты үлесін қосты. Еңбегіне орай алған алғыстары мен марапаттары да аз емес. Ол 2004 жылы зейнеткерлікке шықты, Қоқаң қазір Астана қалалық «Ақ Орда» ақсақалдар қоғамдық бірлестігінің хатшысы болып істейді. Қариялардың басын қосып, түрлі шаралар өткізу, олардың туған күндерін атап өту, қарттар үйіне барып концерт қою сияқты шаралардың бел ортасында жүреді және осындай істердің бәріне ұйытқы болып жүр. Қонысбай бақытты жанұя басшысы. Жұбайы Жәукен екеуі алты баланы тәрбиелеп өсіріп, немерелер сүйіп отырған қадірменді ата мен әже. Қонысбай көк туы желбіреген тәуелсіз елімізге, соны көріп отырған бақытты ұрпаққа қызыға да, қуана да қарайды. Қонысбай «Бақыт халыққа қалтқысыз қызмет еткен адамның басына қонады» дейді. Текті жанның ұрпағы Қонысбай сияқты ақсақалдың өрісті өмір жолы жастарға үлгі. Дайыр ДОСАЕВ, ардагер журналист Астана
2960 рет
көрсетілді0
пікір