• Тұлға
  • 17 Қаңтар, 2013

Ары таза азамат

kadyrbay1999 жылдың ақпан айында менің алғашқы «Жауқазын жырым – жастығым» атты жыр жинағымның тұсаукесер кешінде Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, тарихшы, Ырғыз өңірі жөнінде бірнеше кітаптары жарық көрген, марқұм Қапаз Еламанов ағамыздың «Журналистер, сіздерге айтар бір өкпе-назым қанша жыл қоян-қолтық араласып, бірге жұмыс жасасаңыздар да бір-біріңізді онша білмейсіздер, зерттемейсіздер» деп айтқаны есімде қалыпты. …Пәтердегі телефон тұтқасын көтергенімде ар жағынан «әй, бала» деп аңқылдай жөнелген байырғы әріптесім, журналист ағамыз Кәдірбай Бекмағамбетов екенін аңғарғанда жоғарыдағы Қапекең айтқан сөз бірден ойыма оралды. Иә, шындығында бір-біріміз жөнінде онша мағлұмат та білмейді екенбіз. Мысалы, мен осы ағамыздың Ақтөбенің Байғанин ауданынан, оның Бұлақтыкөл деген жерінен екенін жақсы білемін, ал әрі қарай… Кешегі кеңес дәуірінде еңбек жолын баспасөзден бастаған әріптес ағалардың газет шығарудағы көрген қиындықтары мен бейнеттерін осы саланың қазіргідей мықтап дамыған кезеңінде тәптіштеп еске алудың да, былай қарағанда, қисыны жоқ сияқты. Бірақ тарихты ұмыту әбестік болар деп ойлаймын. Қорғасыннан құйылған жіңішке қаріптер қалыпқа салыну үшін белінен кендір жіппен буылатын. Соншама еңбекпен құрастырылған газет беті кейде абайсызда сол жіптер үзіліп кетіп, шашылып қалып, біраз әуреге түсіретін. Оған жиі тоқтап қалатын электр стансасын қосыңыз. Мұндай сәтте газеттердің оқырмандар қолына апталап тимей жатқанына ең алдымен журналистер қатты қапаланатын. Осынау қызығы мен қиындығы бастан асқан 50-ші жылдарда өзі қалаған мамандығынан айнымай, тапжылмастан еңбек еткен журналис­тер сапында әріптес ағамыз КСРО және Қазақстан Республикасының Журналистер одағының 1959 жылдан бергі мүшесі Кәдірбай Бекмағамбетов те болған еді. Ол туралы кейінгі толқын інілері: «Кәдекең аймақ баспасөзін дамыту ісіне өзінің қаламгерлік дарынымен зор үлес қосқан тұлға, жүрер жолы айқын, ары таза азамат» деп жазған-ды. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында университеттің журналистика факультетін бітіріп келіп, облыстық «Ақтөбе» газетінің ауылшаруашылығы бөлімінде бір бөлмеде қатар отырып, жұмыс істеген осы Кәдірбай ағамыз биылғы жылдың ақпан айында сексен үшке толады. Облыс журналистикасының қарт сарбаздарының бірі Кәдекеңнің біз сияқты ізін басып келе жатқан әріптестеріне де айтары мол. Оны төмендегі шағын сұхбаттан анық аңғаруға болады. – Қадірлі Кәдірбай аға, біздерге журналистік қиын жол бұйырыпты ғой. Сірә, сіздің осы салаға бекер-ақ келген екенмін деп түңілген кезіңіз болған жоқ па? – Орыстың бір ғұламасы: «Егер еңбекті таңдап алуда сіздің жолыңыз болса және осы жолда өміріңізді сарп етсеңіз, онда сіз бақытты болғаныңыз» деген екен. Мен қазақ баспасөзінде жарты ғасырға жуық қызмет етіппін. Өкінбеймін. Аудандық газет, меншікті тілші деген мектептерден өтіп, өлкелік, облыстық газеттерде табан аудармастан қырық жылдан астам жұмыс атқардым. Газеттің ең күрделі саласы – ауылшаруашылығы бөлімін басқардым. Ол кездерде аптасына бес рет шығатын газеттің әр нөміріне материалдар дайындап, қатысып отыру да оңай шаруа емес. – Сіз еңбек еткен кезде газет облыстық партия комитетінің органы болғандықтан белгілі бір қалыптан шығып, қаламды еркін сілтеу қиынырақ еді. Әйтсе де «сын шын болсын, шын сын болсын!» деген ұранмен облыс журналистері аянып қалмады. Ақты ақ, қараны қара деп көрсетті. Тілшілердің абыройы да аспандап тұрды. Осы тұста талай басшылар, қосшылар қызыл билетпен қоштасты. Газетке шыққан сын материалдардың ықпалы күшті болатын. Қазіргідей жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін нарық заманында үзеңгілестеріңіз иісі бұрқыраған, сүрленген жылқы етін аңсамай ма, сіздің баяғыда жазған «Құлынның еті тәтті ғой...» деген фельетоныңызды әлі күнге дейін жыр қылып айтып отырады... – Ол кезде журналистер «Бір хаттың ізімен» айдарымен жортуылдап, колхоз, совхоздарда орын алған кемшіліктерді түйреп жазуға еш қаймықпайтын. Әсіресе әріптесім Зейнолла Құлжанов фельетон жанрына өте шебер еді. Сонау Ойыл, Байғанин, Ырғыз, Шалқар сияқты шет аудандардың өзінен Зекеңді редакцияға іздеп келушілерде толас болмайтын. Байғанин, Темір аудандары бойынша меншікті тілшіміз Ибадулла Сұлтанов та фельетон жанрында қаламы жүйрік журналистердің бірі еді. Арамыздан ерте кетті. Ал енді сен айтып отырған фельетонға келсем, бір кеңшарда әкім-қаралар жаңа туған құлындарды есепке алмай, жасырып қалып, күз түсе олардың жалы мен жаясын сорып жеп, қызылға тояттаған қырандай мәз болып жүрген ғой. Бұл «әдет» жылдан-жылға ауыса берген. Бастықсымақтардың күнделікті қам-қарекетін көріп отырып, әбден ашынған ауыл адамдары газетке хат жазады. Есімі облыс, республика емес, одаққа мәлім сол кездегі редакторымыз Нұрқайыр Телеуов осы жайттың анық-қанығын тексеріп, жазу үшін тілші қарындасымызды шалғай ауданға іссапарға жібереді. Өзі пысық әрі жазғыш әріптесіміз кеңшарға бара салысымен салт атқа мініп алып, жылқы үйірлерін санауға шығады ғой. Бірақ әккі болып қалған мал мамандары бір үйірді екі рет санатып, қарындасты әжуаға айналдырып, өздері жасаған қылмыстарын құмға сіңген судай етіп, көрсетеді ғой. Содан Нұрекең «Кәдеке, мұнда бір гәп бар. Өзіңіз барып келсеңіз қайтеді?» деді. Тартып кеттім. Содан тексере келе, бір жылдың өзінде 27 құлынның есепке алынбай үйірде жүргенін, күзде қазанға түсетінін анықтап, әлгі аталмыш фельетон жазылды. Оған ешкім дау айта алмады. – Сіздің басты тақырыбыңыз қарапайым еңбек адамы. Олар туралы қалам тербеу үшін әр тұлғаның психо­логиясын, өз ісіне деген адалды­ғын, адамгершілік тұрпатын беру – мақаланың бір қыры ғана. Оны әріп­тестеріне сенімді етіп көрсету үшін өзі секілді ол жұмыс істейтін саланы да білу шарт шығар? – Мақтанғаным емес, әріптестерім Кәдекең қай сала маманы болмасын сол саланың білгіріндей жосылтып жүре береді дейді. Шынында, менің уақытымның көбісі тиісті салалар бойынша әдебиеттерді көбірек оқуға кетеді. Мал бағудың «тоқсан толғауы» туралы айтып отырған ауыл адамының аузына қарап бас шұлғып, үнсіз тыңдай бермей, сөзінің дұрыс- бұрыстығына да өзіңнің көзің жету керек қой. Көрсеткіштердегі сандардың анық-қанығын білу үшін есеп-қисаптан хабарың болсын. Ол кездің бір үрдісі – өзің жазғанды айтасың, автордың атынан материал жазу міндетті болатын. Сарғайған газет тігінділерін ақтара қалсам, басшының, жұмыс­шы-механизатордың, шопан­ның, жылқышының атынан ұйым­дастырған бірнеше көлемді материалдарым көзге оттай басылады. – «Бір атым насыбайға бола» налып қалатын қазақпыз ғой. Қай жерде де ұжым басшысының қолдауы немесе қорлауы қаламға да үлкен әсерін тигізеді. Осы ретте сіз көп жылғы журналистік қызметіңізде қанша редактормен істес болдыңыз? – Газет басшысы қара қылды қақ жарған әділ болуы хақ. Ал «қолда барда қоныштан басамын, лауазымымды пайдаланып, өткеннің есесін қайтарамын, өш аламын» деп, баспасөзді жеке мүддесіне жаратуға әбден қарсымын. Өкінішке қарай, сонау 90-шы жылдардың ортасында ондай мақалалар көрініс тапты да. Жақсыны-жаманды қалың бұқара екшейді ғой, ақыры өздері ақымақ болды да қалды. Мен бір ретте «редактор-дирижер» деп айтқанмын. Газеттегі ұзақ жылғы қызметімде бізге Құбаш Қожамұратов, Смағұл Мұқашев, Уара Нұрсейітов (өлкелік газет редакторы), Нұрқайыр Телеуов және Қуаныш Тектіғұлов сияқты бес редактор басшылық жасады. Олардың әрқайсысының заман ағымына қарай басқару стильдері де, журналистік қарым-қабілеттері де әртүрлі еді. Бірақ олардың барлығына тән бір ғана нәрсе – ұжымды ортақ мақсатқа жұмылдыруда өзіндік «дирижерлік» таланттарын танытулары болды. Мен үшін олардың қай-қайсысы да өмірді, тіпті жеке адамдардың психологиясын аса жетік білетін жайсаң жандар еді. Мен сондай сауатты да, білікті, адамгершілігі мол әріптестеріммен еңбек еткен жылдарымды өмірімнің ең бір бақытты кезеңі деп санаймын. – Кешегі баспасөз бен бүгінгінің ара­сында қаншалықты айырмашылық бар деп ойлайсыз? – Мен екі ғасырдың куәсімін. Газетке елу жылға жуық уақытымды сарп еттім. Кешегі баспасөздің қиындығы жөнінде аз да болса жастарға хабардар болсын деп әңгіме арасында айтып өттім ғой. Ал қазіргі журналис­терге ойлануға, қалаған тақырыбын зерттеп жазуға мүмкіндік мол. Бүгінде алқалы басқосуларда БАҚ өкілдерінің қолынан сандық диктофон, фотоаппарат, бейнекамераны жиі көреміз. Әрине, оған таңдануға болмайды. Мұндай қазіргі заманауи техникалардың бәрі журналистердің қолын ұзартады, жұмысын жеңілдетеді, уақыт тапшылығын болдырмайды. Қазір көлік мәселесі де шешілген. Әлі есімде, Мәскеуге жоғары партия мектебіне білім жетілдіру курсына барғанымызда аймақ журналистерінің мұқтажына байланысты «Прогресс» газетіне мақала жазғанмын. Әріптестерім – жан-жақтан келген тыңдаушылар дүр етіп қолдады. Ол кезде өзің білесің, біздің құралымыз қойын дәптер мен сиясы тез кеуіп қалатын қалам ғана еді. Қазір Қазақстанда баспасөз бос­тандығы бар. Кім нені, қалай жазам десе де еркі. Бірақ менің тәжірибелі журналист-ардагер ретінде айтарым – қандай жанрда жазсаң да өз елің­нің тағдырына алаң бола жүріп қалам сілтегенің дұрыс. Жетістіктерді көріп, сүйініп, кемшілікке төзбестік білдіру керек. Қазіргі заманда қай газет-журналдарды алсаңыз да фельетон секілді керемет жанр жоғалып кетті. «Қатығы» жоқ дүниелер жарық көретін болды. Біз жемқорлық деп, кінәлілер ұсталды, тиісті жазасын алды деп көпіртіп жазамыз. Осымен тәмам. Меніңше, жемқордың психологиясын, түсінік-түйсігін ашатын, ашкөзділігі мен дүниеқоңыздылығын бейнелеп фельетон жазу керек. Оқырман сонда ғана ондайлардан жиіркенеді. Мұндай сәтте жемқордың өзі де адам ғой, өз бейнесін көріп, рухани тебіреніске түсер еді. – Әңгімеңізге рақмет! Сағындық НИЯНҚҰЛОВ АҚТӨБЕ

4031 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9470

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7497

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5243

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4623

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4586

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4543

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4281

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4275

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы