• Тұлға
  • 17 Қаңтар, 2013

Анатолий Пепенин: Қазақстан оңтайлы модельді таңдады

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты биылғы Жолдауында мемлекеттік қызметтің кадрлық құрамын іріктеу және кәсіби даярлықтың әдістемелерін енгізу мәселелеріне айрықша көңіл бөлгені белгілі. Еліміздегі әкімшілік реформаның жаңа кезеңінің негізін қалаған мемлекеттік қызметтің жаңа үлгісі жөнінде біз Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты Анатолий Пепенинмен әңгімелескен едік.

– Анатолий Сергеевич, Қазақ­стан таңдаған модель несімен ерекшеленеді? – Қазақстан мемлекеттік қызметті реформалауда әртүрлі елдердің үлгілеріне үңілді. Алайда біз өзіміздің дәстүрімізге, тәжірибемізге сай келетін оңтайлы модельді таңдадық. Өйткені бұл бағытта белгілі бір тәжірибеміз бар. Атап айтарлығы, бұл модель ең алдымен, меритократиялық принциптерге негізделген. Меритократия дегеніміз – мемлекеттік қызметте еңбегіне қарай өсуі. Бұл жерде тек адамның еңбегі ғана емес, тәжірибесі, біліктілігі де ескеріледі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әкімдермен өткізген жиын­да тағы осы мәселеге екпін түсіріп айтты. Яғни халыққа қызмет түрлерін көрсететін жерлерде тек кәсіби шебер басқарушылар, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын білікті мамандар отыруы керек. Өйткені олар халыққа қызмет істейтін адамдар. Сол халықтан жиналған салықтың ақшасына күн көретіндер. Бұған алып-қосарым жоқ. Қазақстанның таңдағаны – мансаптық модель. Мемлекеттік қызметтегі кадрларды іріктегенде жоғарыдағы принциптер ең алдымен ескеріледі. – Осы жерде «А» корпусы туралы да айта кетсеңіз. Оларды кадрлық қорға қалай іріктейді? Конкурстық іріктеудің қандай тәртібі бар? – Бұл көптен бері талқыланып келген тақырып. Бүгінгі таңда Қазақстан қолданатын мемлекеттік қызметтің моделінде екі корпус бар. Бірі – саяси қызметшілер, екіншісі – мемлекеттік қызметшілер. Соңғы жылдары саяси қызметшілердің саны шамадан тыс өсіп барады деген мәселе туындады. Егер жаңылмасам, олардың саны 3-3,5 мыңға жуықтайды. Бұл көрсеткіш ауыл және кент әкімдерін қоса алғанда... Іс жүзінде ауылдың, кенттің әкімі ешқандай саяси шешім қабылдамайды. Әкімшілік реформадағы жаңалықтың бірі – мемлекеттік қызметшілердің әкімшілік корпусына «А» корпусын енгізу. Яғни мемлекеттік қызметтің түп-тамыры үш деңгейден құралады: Саяси мемлекеттік қызметшілер, «А» басқарушылық корпусының әкімшілік қызметшілері және басқа әкімшілік қызметкерлер. Бір жағынан алғанда, бұл аралықтағы саты іспеттес. Олар саяси қызметшілердің шығарған шешімдерін сауатты, сапалы түрде жүзеге асыратын басқарушылар. Бұлардың саны да көп болмайды. Атап айтарлығы, бұл корпусқа іріктеу кезінде сол адамның атқаратын лауазымы ғана емес, білім-білігі, ақыл-парасаты, жинаған тәжірибесі есепке алынады. «А» корпусына іріктеу және оларды мансаптық жолмен жоғарылату үшін ұлттық комиссия құрылады. «А» корпусына іріктеу кадрлық қордан алынады, алайда іріктелген адамдар арнайы біліктілік талаптарына сай келуі керек. – «Мемлекеттік қызмет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған бірнеше нормалар бар. Соның бірі – мемлекеттік органның басшылығының жемқорлық жөніндегі ақпаратқа назар аударудағы жауапкершілігі. Осы жерін түсіндіріп берсеңіз? – Әрине, мұндай жауап­кершілік басшыларға қатысты. Жемқорлықтың фактісін көрген кезде кез келген адамның ойында: «Хабарлайын ба, хабарламайын ба?» деген сұрақ тұрады. Өйткені біздің менталитетіміз сондай. Тіпті қаржы полициясының «жемқорлықты хабарласаңыздар үлкен сыйақы аласыздар» дегеніне де назар аударатындар сирек. Сондықтан кез келген жағдайда жауапкершілікке тартатын шара қажет. Мұны құптаймын. Бұл жерде мемлекеттік қызметшілердің этикасы бар. Өзімнің өмір жолымнан бір мысал келтірейін. Біз кеңестік қоғамда тәрбиелендік. Бірақ сол қоғамның бір артықшылығы – еңбек адамы жемісті жұмыс істесе, қызмет сатысымен әділ өсетін. Мысалы, мен қатардағы қарапайым шеберден бастадым. Одан әрі технолог, технологиялық бюроның бастығы, комсомол комитетінің хатшысы, партия мектебіне дейін өстім. Ең бастысы, біз ішкі әдепті бірінші орынға қоятынбыз. Бұдан ешқашан айныған емеспін. Бүгінгі жастарға қарасам, әдебі сәл өзгерек. Көбірек табыс тауып, қызметінде тез өскісі келеді. Өмірдің мәні ақшада емес қой. Осы жерде ішкі әдеп керек. Сіздің сұрағыңыз да осы төркіндес. Жемқорлық туралы ақпарат алған кез келген басшы құзырлы органдарға хабарласу керек. Мұндай міндет мемлекеттік қызметшілердің этикалық кодексіне де енгізілмек. Менің ойымша, бұл өзгеріс оңды нәтиже береді. – Кейбір дамыған елдердің тәжірибесінде этика жөніндегі комиссарлар деген бар. Мұндай тәжірибені бізге енгізуге бола ма? – Бұл тақырып та әлі талқылануда. Менің ойымша, қандай да бір шарамен жемқорлыққа тыйым саламыз деу – әбестік. Тәрбие жұмыстары кешенді түрде жүргізілу керек. Тіпті адамның тәрбиесі бесіктен, балабақшадан басталады. Бала ненің жақсы, ненің жаман екенін жас кезінен бастап санасына тоқып өседі. Өз басым қазақ халқының керемет қонақжайлылығын, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетінін көзіммен көрдім. Қазақ үйіне келген қонағына ең дәмді тамағын ұсынып, астына жайлы төсегін салып, ерекше құрметпен күтеді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, Отанға құрмет бұлардың барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Біз ұлттық құндылықтарды насихаттауымыз керек. Сонда әрбір адам өзінің ар-абыройын бірінші кезекке қояды. Жемқорлыққа бармайды. Ал этика жөніндегі комиссар деген біздің табиғатымызға үйлеспейді. – Әкімшілік реформаның идео­логиялық бағытының бірі – мем­лекеттік қызметке қабыл­даудағы процедуралардың ашық­тығы, үміткерлердің бәріне бірдей жағдай туғызу. Бұған қанша уақыт­та қол жеткізе аламыз? – Әрине, оған қоғам болып атсалысуымыз қажет. Бұрын кадрларды кез келген мемлекеттің органның кадр бөлімі іріктей беретін-ді. Енді олай болмайды. Кадрларды іріктеудің жаңа жүйесі құрылады. Оның екі деңгейі бар. Біріншісі – резервке іріктеу, екіншісі – резервтен конкурс арқылы мемлекеттік органға іріктеу. Бұл біріншіден, тамыр-таныстық, туыстық деген сияқты кеселдерден арылуымызға жол ашады. Екіншіден, мемлекеттік қызметке барамын деген кез келген адамға мүмкіндіктер туады. Жоғарыдағы ойымды тағы қайталағым келеді. Бүгінгі кадрлық корпуста еңбек сатысымен өскен мемлекеттік қыз­меткерлер аз. Лауазымды бас­шылардың көбі қарапайым еңбек ұжымында, өндірісте жұмыс істеп көрмегендер. Осыған орай бір ұсынысым бар. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік мемлекеттік қызметтен дәмелілерге жұмыс тәжірибесінің болуын талап етіп қойса нұр үстіне нұр болар еді. Бұл басшылардың психологиясын өзгертеді. Қарапайым жұмысшыдан бастап өскен басшылар халықпен басқаша сөйлеседі. Екіншіден, еңбек өнімділігі, жұмысшылардың бірлігі, ұжымдағы татулықтың кепілі де осы. – Біздің қоғамда ең көбірек талқыланатын тақырыптың бірі – командалық «көш». Қандай да бір басшының жаңа жұмысқа ауысқанда бұрынғы командасын «көшіріп» әкетуі. Жаңа заңнама мұндай тәсілге тосқауыл қоя ала ма? – Командалық «көшке» тыйым салу туралы мемлекет басшысының өзі тапсырма берді. Бір кездері Елбасы барлық әкімдер мен басшыларға кадрларды іріктеу мүмкіндігін өздеріне берген. Оны керісінше түсінген кейбір басшылар өз командасын жасақтады. Қайда барса, көшіріп ала кетеді. Тіпті өзінің хатшысы мен көлік жүргізушісін де туысқандарынан таңдап алғандар бар. Бұл жерде мамандар туралы айтпай-ақ қоялық. Яғни ол басшы кіммен жұмыс істеуді тиімді көрсе соны қызметінде қалдырды. Өкінішке орай, мұндай тәсіл қоғамға да, мемлекеттік қызметке де үлкен зиянын тигізді. Менің ойымша, біз бұл дерттен толық арылуымыз керек. Жаңа заңда конкурстан тыс тағайындауларға тыйым салынатыны анық жазылған. Ауысу тәртібіндегі тағайындаулар тек сол мемлекеттік органның ішінде ғана жүзеге асырылады. Ал басқа мемлекеттік органға ауысуға тек мемлекет басшысы анықтаған жағдайда ғана мүмкіндік беріледі. – Сіз айтқандай, бұл «аурудан» жақын арада айыға аламыз ба? – Жігер мен ниет болса, әрине, айығамыз. Менің ойымша, бұған Елбасының саяси ерік-жігері толық жетеді. Олай болса, көп ұзамай бұл мәселе шешімін табады. Әрине, бұл жерде көп нәрсе жоғары жақта кадрлық саясатпен айналысатын адамдарға байланысты. Менің білуімше, аймақтардағы әкімдерді тағайындаумен Президент Әкімшілігі айналысады. Кадр жұмысының бір бөлігі Премьер-министрдің кеңсесінің құзырында. Олар бұл мәселені қалт жібермей қатаң қадағалап отыруы керек.

Сұхбаттасқан Таңатар Табынұлы

2968 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9128

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7269

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5009

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4393

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4357

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4318

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4052

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4044

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы