• Тұлға
  • 07 Наурыз, 2013

Құндыздың қара теңізі

Оның мағыналы ғұмыры халқының мәдениетімен тығыз байланысты. Дәлірек айтсақ, ер адам үшін сирек кездесетін Құндыз деген есімді иеленген осы азамат қазақтың әдебиеті мен өнеріне бір адамдай қызмет етіп келеді. Жоқ, ол қазіргі ұғыммен айтқанда, мүлдем басқа саланың адамы. Мамандығымен жіктер болсақ – инженер-экономист. Алайда жер басып жүрген адам баласын өз ұлтының мәдениетін бөліп алып, ол – экономист, ол – инженер, ол – дәрігер деп өгейсітуге бола ма?! Мәдениет деген ұғым, адамға қаратып айтқанда, оның рухани болмысын көрсетеді ғой. Мына кісі өте мәдениетті екен деп берілген бағадан ол адамның ішкі рухани жан дүниесінің деңгейі аңғарылса керек. Өз басым Құндыз Шамахұлымен кездес­кен сайын оның рухани бай, парасатты, яғни мәдениетті адам, нағыз зиялы жан екендігіне іштей риза болып, марқайып қаламын. Мен Құндыз Шамахұлымен ел басына күн туған, қиын-қыстау кезең – 90-шы жылдары кездестім. Еліміз тәуелсіздікке енді қол жеткізіп, егемендігін алған кездегі экономикалық-әлеуметтік қиыншылықтарды бастан кешіріп жатқан заман. Бұл өлара шақ әсіресе қазақтың мәдениет қайраткерлеріне оңай тимеді. Кешегі ел ішіндегі ең ауқатты адамдар болып есептелетін белгілі жазушылар мен атақты артис­тер, күміс көмей әншілер мен алтын саусақ суретшілер өз үкіметінен қолдау көрмей, өздерін далада қалғандай сезінді. Кеңес өкіметінің тұсындағыдай көп данамен кітап шығару жайына қалды, жазушы жалғыз табыс көзі – қаламақыдан айырылды. Газет-журналдар қаржы тапшылығынан уақытында шықпай, жабылудың аз-ақ алдында тұрды. Міне, осынау қиын-қыстау жылдары күні кешегі асқақ та тәкаппар өнер адамдары екі етектерін беліне түріп, ел кезіп мәдениетті, әдебиетті сақтап қалу қамына өздері кірісті. Шындығында бұл дұрыс шешім еді. Алла берген дарынының арқасында жинаған абырой-атақтары қазақтың көптеген ең атақты адамдарын осы қиын кезеңнен аман алып шықты. Сол беделді ағаларымыз қазақ мәдениетінің іргесі шайқалмай аман қалуына тоқсаныншы жылдары тікелей үлес қосты десем артық айтқандық болмас. Оған мынандай дәйек келтіруге болады. Тәуелсіздігін жаңа алған жас мемлекет – Қазақстан сол алғашқы күннен бастап өз экономикасы мен өндірісін нығайтуды басты назарда ұстады. Мұнай мен газдың негізгі орталығы болып есептелетін Батыс өңіріне инвесторлар тартыла бастады. Жаңа бірлескен мұнай-газ кәсіпорындары, консорциумдар ұйымдастырылып, әлемнің ең атақты мұнай-газ компаниялары Қазақстанға отау тіге бастады. Еліміздегі ең талантты, ең қабілетті мұнайшы-геологтар, инженерлер, экономистер, тағы басқа мамандық иелері – қазақтың қылшылдаған жас жігіттері шетелдік әріптестерімен бірлесіп, қазақ мемлекетінің экономикасын көтеруге жұмыла кірісті. Қазақтың бұл азаматтарының барлығы да өз елінің патриоттары болатын. Олар бала кезінен ата мен әженің ертегі-аңыздарын, шежіре-әңгімелерін тыңдап, қазақ жазушыларының шығармаларын оқып, ұлттың ән-күйлеріне құлағының құрышын қандырып өскен нағыз қазақ ұл-қыздары еді. Міне, кәсіпкер азаматтар қазақ зиялыларының басына түскен қиындықтарды терең түсінді. Қамқорлықтарын аямады. Мен білетін шындық – 90-шы жылдары жарық көрген кітаптардың 80 пайызы кәсіпкерлердің, банкирлердің, бизнесмендердің демеу­ші­лігімен жарық көрген кітаптар. Қазір ойлап отырсақ, біздің қазақтың ірі кәсіпкерлері мен бизнесмендерің, банкирлері мен сауда­гер­лерінің негізгі бөлігі өз халқының мәде­ниетіне ешқашан немқұрайды қарамаған екен. Тоқсаныншы жылдардың аяғында Қазақ­станда тұңғыш рет Әбіш Кекіл­байдың 12 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Көптомдықтың жарыққа шығуына Жақсылық Жанғазиев, Жаңабай Сүйіндіков сияқты мұнайшы жігіттер демеушілік жасады. Іле-шала ақын Қадыр Мырзалиевтің 12 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Демеушісі – «Қазақгаз» акционерлік қоғамы (Президенті Есет Әзербаев, вице-президенті Құндыз Нупов). Менің Құндызбен жаңа танысқан кезім. Қырықтың қырқасына енді иек артқан, тепсе темір үзетін қайратты шағы. Кісінің назарын бірден аударатын қасы-көзі қиылған, қыр мұрынды, бидай өңді, талдырмаш денелі, сұңғақ бойлы, сымбатты жігіт маған бірден ұнады. Ашық-жарқын мінезімен адамды бірден баурап алады. Ал, керісінше, «Қазақгаздың» сол кездегі президенті Есет Әзербаев көп сөйлемейтін, тұйық адам екен. Бірақ қазақ әдебиетін бір кісідей білетінін анда-санда бір сөз айтуымен-ақ аңғартып тастайтын сұңғыла, аса зерек адам болып шықты. Үндемей адамды байыппен тыңдап отырып, реті келгенде ескі жырды, Құран сүрелерін төгіп-төгіп жібереді... Бұл біздің де қиналып жүрген кезіміз еді. Республикалық «Жалын» журналы сол кездегі Агенттіктің құрамында бола тұра, түрлі сылтаулармен, қасақана қаржыландырылмады. Амал жоқ, демеушілер іздеуге тура келді. Сөйтіп, «Қазақгаздағы» ағайындардың алдына барғанбыз... Ол кезде Құндыздың есімі – Вячеслав болатын. Себебі Ресейдің Саратов облысындағы Майка деген кентінде дүниеге келген, Пенза облысында он жылдықты бітірген. Алғашында азан шақырып қойған есімі Құндызбай екен, бірақ құжат алар шақта орыс ағайындардың ықпалымен Вячеслав болып жазылған. Айтып-айтпай не керек, атакүлдігі туған елінде өсіп-өнген біздерге қарағанда, жат жерде туып, бөтен елмен араласып есейген қазақтардың туған еліне деген сүйіспеншілік сезімі ала бөтен ерекше ғой. Олардың отанына деген махаббаты ет жүректі елжірететін мөп-мөлдір. Және сол қалың орыстың арасында алысып-жұлысып жүріп, рухын жоғалтпай, қатарының алды болып, үлкен-кішінің бәрін білімімен, алғырлығымен, ақыл-парасатымен мойындатқан, орта мектепті алтын медальмен бітірген. Саратов политехникалық институтын 5 жыл Лениндік стипендиямен оқып, қызыл дип­ломмен тәмамдаған Вячеслав сияқты жанып тұрған жігітті орыс та кеудесінен итермей, бауырына тартатын. Слава – біздің мақтанышымыз, болашақ үлкен азаматымыз деп құрметтейтін. Жас жігітті қызықтыратын жақсы жұмыстар ұсынатын. Алайда мектеп бітіріп, әскер қатарында жүрген бозбала Вячеславтың көкейінде бір ғана асыл арман болды – қайткенде де туған жерге – Ақ Жайық өңіріне оралу. Сөйтіп, ол әскерде жүріп, Ұлы Отан соғысының ардагері, Рейхстагты алуға қатысқан әкесі Шамах пен анасы Райханға хат жазып, Қазақстанға, Оралға көшіңдер деп өтініш айтады. Ұлының ұсынысын қабыл алған Шамах Нупов жетпісінші жылдардың бас кезінде туған жерге қоныс аударады. Батыс Қазақстан облысында Вячеслав Нупов өз мамандығымен әртүрлі жұмыстар атқарды, содан кейін партия, кеңес саласында еңбек етті. 1986 жылы Алматы жоғары мектебінде оқып жүргенде облыстық партия комитетінің басшылығы Вячеславты жедел шақыртып алып, Орал қаласының аудандық өндірістік атқару комитетіне төраға етіп сайлады. Жас басшы өндірістік ауданның жұмысын дөңгелетіп әкетіп, өзінің аса іскер, жаңашыл басшы екенін көрсетті. 1989 жылы жалындаған жас жігіт Құндыз Нупов бәсекелестік жағдайында Бөрлі ауданы атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Ауданның басқалардан өзгешелігі – Қарашығанақ кен орны бар еді. Жаңа сайланған төраға Кеңес өкіметінің ыдырар шағында КСРО Газ өнеркәсібі министр­лігіне қарасты мекемелердің бірінші басшыларын шақырып, болашақта Қара­шығанақ кен орнын қалай пайдалану және ауданның әлеуметтік жағдайын жақсарту жөнінде қоғамдық конференция, ҚКСР Жоғарғы Кеңесінде ауданның мәртебесін көтеру жөнінде арнайы тың­дау ұйымдастырды. Осы әсерлі шаралардан соң және кен орны ұжымының ереуі­лінен кейін КСРО Газ өнеркәсібі министрі В.С.Черномырдиннің қатысуымен мемлекеттік «Қарашығанақ газпромы» мемлекеттік дербес заңды тұлға болып тіркелуіне рұқсат етілді. Батыс Қазақстанда Ақсай деген газ өндірушілердің әсем қаласы бар. Жетпісінші жылдары іргесі қаланған осынау әдемі шаһардың жоғары деңгейде өсіп-өркендеуіне де сол кездегі ауатком төрағасы Қ.Нуповтың қомақты үлесі бар. Кеңес өкіметінің ыдырауына азғантай уақыт қалған шақта облыс басшыларының қолдауымен Қ.Нупов одақтық ірі мекемелерді Ақсай қаласында салынуға тиіс мемлекеттік емес кәсіпорындарды: Сүт зауытының, Нан зауытының, Су қоймасының, канализация жүйесінің, мәдени-әлеуметтік нысандардың құрылысын қаржыландыруға көндірді. Осылайша Ақсай қазақтар мен шетел­дік­тер бірге өмір сүретін әсем де абат қалаға айналды. Халықпен жақын араласу Вячеславтың қазақы мінезді ұғуына, ана тілін үйренуіне, сөйтіп, қазақ мәдениетіне тереңірек үңілуіне көп көмектесті. Әйгілі 90-шы жылдары Вячеслав әдебиет өнер қайраткерлерімен жиі араласып, жақындасып, достасып кетті. Қадыр ақын, Асанәлі актер сияқты аға- достардың жан дүниесінің кіршіксіз таза әрі аса байлығына таңғалатын. Ағаларымен кездескен сайын өзінің де жан сарайы тазарып, біраз өсе түскенін сезетін. Қазақтың тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне қатысты әсерлі әңгімелерден кейін Вячеслав өзінің аты-жөнін де кәдімгі­дей ойға қалатын. Бала кезінде Құндызбай деген есіміне оқтын-оқтын оралып, алайда «бай» деген жалғауы көңілінен шықпай қиналатын. Содан Қадыр ағаның 12 томдық шығармаларын дайындау барысында балаларға арналған жырлардың арасында «Құндыз» деген өлеңге көзі түсіп, оқып шықты. Өмір бойы орысша оқыған, білім алған, жыр жаттаған адамға қазақша оқып түсіне қою оңай ма, ежектеп тұрып қайта-қайта оқиды, оқыған сайын ұнап барады: Талай канал жүргізген Мықты дейсің кім бізден! Танысалық дегенмен, Су маманы құндызбен. Біліп қойғын қулығын. Көріп жатыр мұны кім?! Су астында есігі Құрғақтағы інінің. Жарқабақтың төрінде, Басып тұрған жерінде. Бірақ оны таппайды Түлкі, Қарсақ, Бөрің де. Тығыршықтай, Бұлшықтай Тұрады олар күн шықпай. Ширек сағат жүре алар Су астында тұншықпай. Үлгі қылып ұсынар Оның ғажап ісі бар: Аузын ашпай кесетін Ернінде өткір тісі бар. Шаршамайды, Талмайды. Бір-бірінен қалмайды. Бөгет салу жағынан Алдына жан салмайды. Маған, Саған, Оған да – Зияны жоқ қоғамға. Сөйтіп, олар су бөгеп, Сүреді өмір тоғанда. Тоған – құндыз хауызы, Қауіпсіз ін ауызы. Мұз қатқан соң Тоғанның Суын аздап ағызып, Бір айласын табады, Сосын бітеп жабады. Мұз астында Ойнайтын Алаң жасап алады. Ұнатпайтын насыңды, Жалқау менен масылды. Өзі еңбеккер құндызға Иемін мен басымды! Көптен күпті болып жүрген көңіліне осы өлең қатты әсер етті. Алды да төлқұжатын Нупов Құндыз Шамахұлы деп қайта жаздырды. Бұл жаңалықты бірінші болып қолдап, есіміне құтты болсын айтып, байғазы берген де Асанәлі Әшімов ағасы еді: –Әй бала, «Құндызбайдан гөрі» «Құн­дызың» ән салып тұр, – деп күлген сонда қадірлі ағасы. Ал Қадыр аға: –Мен осы өлеңді жазғанда білгем, орыс Вячеславтың қазақ Құндыз болатынын, – деп марқайған. Бұдан екі жыл бұрын Құндыз әкесі Шамах ақсақалдың аруағына бағыштап Орал қаласындағы ағайындарды шақырып, ас берді. Осы әдемі де әсерлі басқосуда Нуповтар әулеттің ұзақ жыл мақтанышпен жүректерінде сақтап келген, өзгелерді ерекше әсерлендірген бір ғажап сырдың беті ашылды. Ұлы Отан соғысының ардагері Шамах Нупов ағамыз Рейхстагтың тас қабырғасына қолтаңбасын мәңгі өшпестей етіп, қашап тұрып жазып қалдырған азғантай, бәлкім жалғыз қазақтың өзі екен. Оны Кеңестер Одағының маршалы Жуков мемуарында құрметпен жазып, қолтаңбасы бар қабырғаның суретін жариялап кеткені сол күні баршаға белгілі болды. Мұнай-газ саласының аса ірі қайраткері, соңғы 13 жылдың көлемінде Қазақстанда газдандыру жобасының бас жобалаушысы – «КАТЭК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Құндыз Шамахұлы Нупов қазақ әдебиеті мен өнерінің сан түрлі жобаларына қомақты қаржылай көмек көрсетіп жүрген ірі меценат. Сонымен қатар ол ардагерлер қоры арқылы табиғат апатына ұшырағандарға да үнемі көмек көрсетіп отырады. 2011 жылы қазақтың ұлы ақыны Қадыр Мырза Әлі дүние салғанда да марқұмның ту­ған ұлындай бірнеше күн тікесінен-тік тұрып қызмет етіп, ақ жуып, арулап жөнел­ткен де Құндыз Шамахұлы. Соңыра «Қадыр Мырза Әлі» қайырымдылық қорының құрыл­тай­шыларының бірі және Бас демеушісі болды... Қазақтың көне сөздерінде «Құндыздың қара теңізі» деген ұғым кездеседі. Қара теңіздің жағасын ежелден қазақ тайпалары мекендегені тарихтан белгілі. Ал енді «Құндыздың қара теңізі» деген тіркес қайдан шығып тұр? Қашаған ақын былай жырлайды: ...Анық жүрген аттыға Алты күндік жер дейді Құндыздың қара теңізі... Ал Түмен ақын: ...Құрама өзен Құрсайдың Құндызға құяр сағасы... Аттылы жолға алты күн Бір айда зорға жетеді Жүкті түйе қарашы.., – деп төгеді. Бергі қазақ құндызды өзеннің сағасына тоған, бөгет салып бір тынбайтын еңбекқор аң ретінде біледі. Ал жырдағы Құндыз қара теңіздің екінші аты екенін көрсетеді. Дүниеден қыршын кеткен талантты ғалым Серікбол Қондыбай: «Құндыз атауы мифтік Кангха немесе Кангдизге сырттай ұқсас келеді. Ал Кангдиз сөзінің этимологиясы Қаңғ және диз сөздерін талдау арқылы түсіндіріледі. Диз – түркілік «жүз, дүз, тұз», яғни шалқар кеңестік, дала, жазира,тарап» дегенді білдіретін сөз, – деп тұжырады. (С.Қондыбай, Қазақ мифологиясына кіріспе. (170-171б.) «Зерде» баспасы 1999. Алматы.) Мен Құндыз атауларына қатысты әңгімелерді келтіре отырып, досым Құндыздың қазақтың осы екі ұғымына да сай келетін көрнекті тұлға екендігіне шәк келтірмеймін. Менің түсінігімде, Құндыз достың бойында еңбекқорлық та, телегей-теңіз кеңдік те бар. Дәл бүгін Құндыз Шамахұлы Нуповтың өмірінің тал түсі. Оны қадірлейтін бәріміз наурыз айының 7-ші жұлдызындағы осынау шуақты күнді ерекше көреміз. Мереке ҚҰЛКЕНОВ

3741 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9250

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7338

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5080

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4462

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4426

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4387

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4122

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4115

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы