• Тұлға
  • 07 Наурыз, 2013

Тұңғыштың жүгі ауыр

Шағын ғана ұзын зал. Соған лайықталып қойылған дөңгелек үстел. Оның екі жағында жасы мосқал тартқан ғалымдар. Төрде осы зал иесі – Туризм және спорт академиясының ректоры, ғылым докторы, профессор Қайрат Закирьянов. Оның қарсы жағы – біз отырған тұсы – ашық. Үстел басындағылардың бәрі ығай-сығай, ғылым саласында жамбас жеп, бас ұстау дәрежесіне жеткен жақсылар мен жайсаңдар. Бір ғажабы, дені жергілікті ұлт өкілдері. Соған сүйсініп, «Дене тәрбиесі мен спорт ғылымында әжептәуір-ақ бар екенбіз ғой» деп іштей масаттанасың. Бұлар – ғылыми-диссертациялық кеңестің мүшелері. Закирьянов бүгін қорғалатын докторлық диссертацияның тақырыбын айтып, ғылыми кеңесші мен оппоненттерді таныстырып, сөзді Сәуле Ілиясқызы Қасымбековаға (Адамбековаға) берді. Сәуленің ғылыми еңбегінің тақырыбы «Оқушы жас­тарда дене тәрбиесін қалыптастырудың ғылыми-педагогикалық негіздері» деп аталады. Осы жолда көп оқыды. Қаншама кітап жинап, бетін парақтады. Сәулеге қазіргі жасын бере қоймайсың. Едәуір жас көрінеді.Анығы осы. Ұзын бойлы. Сүйегінде бір шүкім артық ет жоқ – спорттық мүсін. Алла тағала бәрін үйлестіріп бере салған. Талдырмаш. Мұндай қызды қазекем «Құмырсқа бел, қыпша бел» деп өлең шығарып, әнге де қосқан. Бірақ қазақ қыздарын қанша сұлу, әдемі, көрікті десек те олардың көбі қытай, кәріс не моңғол реңдес, соларға, әйтеуір, ұқсастау болып келетіндігі белгілі. Ал Сәуле нағыз қазақ. Мен оның өңінен Абайдың Тоғжанын көргендей болам. Қолаң қара шашы да, қиылған қара қасы да, бет әлпетінің сүйек бітімі де, күлім көзі де, аққұба өңі де, моншақтай тізілген ақ маржандай тісі де сұлулық әлемін көз алдыңызға әкеледі... Мұхтар Әуезов суреттеген нағыз Тоғжан дерсің. Осында бір гәп бар сияқты. Әлемдегі мәдениеті озық ұлттардың тарихына үңілсең, олар ықылым заманда-ақ асыл нәсілді, асыл текті боп жіктелгенін байқайсың. Бұл үрдіс қайсыбір халықта қазірге дейін сақталған. Бұрын бізде де болған. «Сүйегі асыл», «Арғы аталарында пәлен деген болған» деп жатады ғой қазекем. Соңғы сөзді Сәулеге қатысты айтсам, артық болмас еді. Себебі мен оның анасын көрдім. Ағаларын танимын. Жиі кездесіп жүреміз. Ардақты ана Мәшкура апай, спорт тілімен айтқанда, 80-нен жеп-жеңіл секіріп өтіп, 90-ның шың басына аса бір ұқыптылықпен өрмелеп келеді. Өте тың. Жас кезінде өнерпаз болған. Үні қазірге дейін әрлі де нәрлі. Балалары мен немерелерінің жиын-тойын­да сызылтып ән салады. Орысша шырқауы тіпті ғажап. Ал татарша тамылжытқанда тыңдаушысы бір серпіліп қалады. Сәуленің әкесі Ілияс Адамбеков өмір бақи заңгерлік қызмет атқарған. Яғни темірдей тәртіпті үйде де, түзде де қатаң сақтаған адам. Осы екі асыл тектен осал шыға ма, сірә?! Ілияс пен Мәшкурадан тараған он баланың бәрі де көрікті, бәрі де сымбатты. Ұлдары тепсе темір үзетіндей тұлғалы, шымыр. Оқу-тоқуларында да жұрт сүйсінерлік жайттар көп. Өзге Адамбековтердің диссертация қорғауын көрмедім. Бірақ олар үшін де бұл істің өте қиын болғандығын сезінемін. Ал оның ең кішісі Сәуленің ғылымдағы қадамы оңай бола қойған жоқ. «Тар жол, тайғақ кешу» деп айтуға тұрарлық қиямет-қайым, көз майын тауысқан ауыр да азапты жолдан өтті ол. Сәуле Алматы қаласындағы №119 мектепті үздік бітірісімен дене тәрбиесі институтына түсті. Бойшаң қыз мұнда қол добымен шұғылданып, институттың құрамасына енді. Студенттер арасында өтетін респуб­ликалық жарыстарда СКИФ (дене тәрбиесі институтының командасы ол кезде осылай аталатын) талай рет жеңімпаз атанды. Сәуле І-спорттық разряд алды. Ол кезде бұл едәуір дәреже болатын. Мен білетін Адамбековтердің бәрі пысық, бәрі өжет. Сәуле де солай. Бұл да табиғи көрініс. Сол қасиет студент кезінде ұшталып, шыңдалды. Ол көптеген қоғамдық жұмысқа араласты. Факультет студенттерінің жетекшісі (старостасы), студенттік құрылыс отрядының комиссары, институттағы комсомол комитетінің мүшесі бола жүріп, өзіне тиесілі істі тиянақты атқаратындығымен көзге түсті. Оны сол кездің өзінде-ақ ғылым саласы қызықтырып, тарта берді. Студенттердің ғылыми қоғамына мүше боп, зерттеу жұмысын жүр­гізудің әліппесін ашты, ғылыми конференциялардың мінберіне көтерілді. 1978 жылы Үндістан астанасы Делиде өткен халықаралық конференцияға қатысып, Қазақ­станда студент жастардың арасында дене тәрбиесі мен спорттың қалай дамып отырғанын әңгімелеп, баян­дама жасады. Осы сапар әсер етті ме, әлде курстық, дипломдық жұмыстарына жетекшілік еткен Светлана Николаев­на Егорованың ықпалы болды ма, әйтеуір, жас шәкірт ғылыми зерттеуге ынта-ықыласы барлығын сол бір балғын да балауса шағында-ақ оқытушы-ұстаздарына таныта білді. Сәуле республикалық оқушылар сарайында, орталық әдістемелік оқу кабинетінде, олимпиадалық ізбасарлар даярлайтын ЦСКА-ның №3 спорт мектебінде, Ыбырай Алтынсарин атындағы Қазақ Білім академиясында қызмет атқарды. Соның бәрі де балалардың дене тәрбиесіне, спортқа қатысты болатын. Ол кез келген істің ішкі мәніне үңілді, бәрін ғылыми тұрғыдан бағалауға қалыптасты. Атам қазақтан сөз қалған ба!? Кез келген жағдайға қатысты даналық сөз айтып, оны ұрпақ құлағына қорғасындай құйып отырған ғой. Сондай асыл нақылдың бірі – «Ағасы бардың жағасы бар». Осында қаншама пәлсапалық түйін жатыр десеңізші! Соны жұрт терең ұғына білсе ғой. Жасы үлкеннің бәрі бірдей өзінің ағалық борышын өтей ала ма? Әй, қайдам? Тіпті бір атадан өрбігендердің үлкендері кішілеріне қараспай, қырын кетіп жатқанын да көріп жүрміз. Иә, бар болса бере алмай, жоқ болса көре алмайтындары қаншама. Әжептәуір қызмет атқаратындардың арасынан кекірейіп, шікірейіп, «Мен болдым, толдым» дегендей мінез танытып, халықаралық терминмен айтсақ, «бюрократ» болып кеткендері де табылады. Бұған керісінше, үлкені бас болып, кішісі қос болып, жұлдызы жарасып, ортақ тіл табысып, тонның ішкі бауындай, сүттей ұйып, қолда барын бөлісіп, бір-бірін демеп-жебеп жүргендер күллі әулетті ұйытады, соған тірек болады. Адамбековтер шаңырағындағы тоғыз баланың ешқайсысы да оныншының – кенже қыз Сәуленің қабағына кірбің ұялатпады. Әрбірі өз қадір-қасиетіне қарай қарым-қатынас жасап, оның ержетуіне, жоғары саналы адам боп өсуіне өзіндік ықпал етті. Бірақ солардың арасында Қайраттың орны басқа. Ол дене тәрбиесі институтын тәмамдады. Бірден осы саланың ғылымына ден қойды. Соның нәтижесінде қазір еліміздегі белгілі ғалымдардың бірі – доктор, профессор. Ол өзімен тетелес Мұратқа да ағалық ықпал етіп, оның ізденгіштік қабілетін ашты. Иә, бұларда аға-іні, аға-қарындас деген біртұтас отбасылық ұғым жақсы қалыптасқан. Алайда Сәуленің іскерлік сырын бірден көріп, оған қандас тума болмаса да, ағалық қол ұшын берген кісі педагогика ғылымдарының докторы, профессор Анатөлі Құлназаров еді. 1980 жылы Литвада мектеп оқушыларының бүкілодақтық Спартакиадасына Сәуле комсомол жетекшісі ретінде қатысып, жас түлектер арасында қыруар жұмыс жүргізді. Сондай-ақ 15 республикадан жиналған мыңдаған спортшы мен мамандарға Қазақстанды жан-жақты таныстырды. Сол тұста Әнекең Сәулеге бірінші рет үлкен және өміршеңдік ой салды – ғылымға бет бұруға ақыл-кеңес берді. Тақырып аспаннан ізделмей, қол добына қатысты етіп ойластырылды. Сөйтіп, осы спорттың жасөспірімдерге әсер ететін қалыпты және қалыпты емес ықпалын жетілдіру хақында Сәуле Қасымбекова кандидаттық диссертация қорғады. Бұл бүге-шігесін өзі толық білетін, кезінде өзі ұнатқан, көп жыл айналысып, шеберлік шыңдаған спорт туралы еді. Сол себепті де Сәуле істің практикалық жағын көбірек қамтыды. Енді, міне, араға сегіз жыл салып, екінші рет атақты ғалымдардың сараптау додасына түсіп отыр. Ғұламалардың алдында өзін ұстауы ерекше. Дене тәрбиесі мен спорттағы теориялық ілімнің жеті атасынан бергі, тіпті ықылым замандағысын да жіктеп, жіліктеп, бере алатын, білімді де білікті нарқасқалардың алдында өзін еркін ұстады. Сөзі нық. «Бұл тақырыпты көп зерттедім, сондықтан сіздерден гөрі молырақ білетін сияқтымын» дегендей өзіне-өзі сеніммен қарайтын тәрізді. Бұған да негіз бар. Сәуле бүгінге дейін 60-тан астам ғылыми еңбек жазды. Олардың біразы әдістемелік оқулықтар, монография, ұсыныстар, бағдарламалар. Бәрі де жалпы білім беретін мектептердегі дене тәрбиесін қамтиды. Тағы бір ерекшелігі, Сәуле мектеп оқушыларының дене тәрбиесіне қатысты ТМД елдерінде өтетін ғылыми-практикалық конференцияларға қатысты. Оның тақырыбы туралы хат-хабар келісімен, соған қатысуға дайындалады, барып баяндама жасайды, дискуссиялық пікір таласына түседі, өз пікір-ұсынысын ортаға салады. Шетелде өткізілетін сондай конференциялардан тағылым түйіп қайтатын жас ғалым өзімізде – Қазақстанда да талай рет атақты ғалымдардың басын қосуға мұрындық болды. Ол өткен жылы өзі қызмет атқаратын Дене тәрбиесінің ұлттық ғылыми-практикалық орталығында сондай халықаралық ғылыми-практикалық жиынды ұйымдастырып, өткізуде көп тер төкті. Басқаша айтқанда, қазір Сәуле Қасымбекованы ТМД елдеріндегі дене тәрбиесіне қатысты жоғары оқу орындарының ғалымдары мен балалар спортының мамандары жақсы біледі. Олар оның ғылыми тұжырымдамаларына үңіледі, үлгі алады, өздерінің қызмет аясында қажетіне жаратады. Докторлық диссертация қорғалып жатқан залда Сәуленің қаламынан туған ғылыми еңбектердің көрмесі ашылды. Ол ол ма, Сәуле өзінің әр пікірін осы залда қабырғаға ілінген жиырма шақты кестелік мәліметтермен де дәлелдей түсті. Оның бәрі оқушы жастардың денсаулығымен байланыстырылған. Иә, қайткенде баланың денсаулығы жақсарады? Оның ынта-ықыласының төмендеу себебі неде? Орташа, жоғары қабілет деп нені атаймыз? Баланың еңбек етуі (жаттығу мағынасында) мен көңіл-күйінің өзара қарым-қатынасы. Міне, кестедегі сандық жазулар, сызба-нұсқалар осылай тіл қатады. Есімдері елге мәлім оппоненттер мен пікірнама берушілер (рецензенттер), бейне «Осы қызды қайтсек мүдіртеміз» деп өзара уағдаласып қойғандай, сұрақты кезекпе-кезек жаудырды дерсің. Бәріне де ғылыми жағынан жүйеленіп, тұжырымдалған жауап алып жатты олар. «Қаншама баланың денсаулығын зертханалық тексеруден өткіздіңіз? Қанша спортшы дене шынықтыру жаттығуын тұрақты өткізу арқылы қайтадан қатарға қосылады?..» деген сияқты сауалдар да кей сәтте тым ащылау, құлаққа тосаң естіліп жатты. Мен де өз құқымды пайдаланып, сөз алдым. «1950 жылдан бері «Спорт» деген дарияны толарсақтан кешіп келем. Оған бергенім аз болса да, алғаным көп. Бірақ осы уақытқа дейін диссертант әңгімелеп тұрған тақырып жөнінде мол мағлұмат алып көрмеген екем. Тыңдаушы ретінде айтайын. Сәуле Ілиясқызы баяндаған тұжырымдарда ең бастысы ұлттық нәр бар. Оның үстіне, ол осы тақырыпта қазақ қыздары арасында тұңғыш рет докторлық диссертация жазып шыққан. Мұндай қыздарды «Жүрегінің түгі бар екен! Батыл да батыр екен!» дейді әдетте аузы дуалы қазекем. Осы жағын да ескеріңіздер» дедім. Диссертанттың ғылыми кеңесшісі Анатөл Құлназаров мінберге көтерілді. Ол диссертация тақырыбының жан-жақты кең ашылғанын жіктеп, жіліктеп талдады. ТМД елдерінде бұл тақырыпта жазылған еңбектердің өте аздығын тілге тиек етті. Диссертациямен Санкт-Петербургтың, Мәскеу, Қазан, Киев, Самара, Орынбор, Қорған, Ташкент, Бішкек және басқа қалалардағы дене тәрбиесі мен спорт-туризмге қатысты жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының ғұламалары танысып, қолдап, ұстамды пікір жазғанын әңгімелеп, солардың қайсыбірін оқып беріп, еңбегінен кемшілік іздемек болғандарын сыбыр-күбірін серпіп тастады. Ұстаз шәкіртінің ізденгіштік қабілетіне тоқталды. Жазған ғылыми еңбектерін атап өтіп, осының бәрін, қазақша айтқанда, ағалық ілтипатпен, ғұламалық пікірмен түйіндеп тұжырымдады Анатөл Құлназаров. Обалы не керек, дауыс беру сәтінде бәрі де бірауыздылық танытты. Бірақ ғылыми диссертацияны қорғау өз алдына, оның бекітілуін күту де оңай емес. Араға бірнеше ай түсті. Жоғары аттестациялық комиссиядан ақ бата арқалап, қуанышты хабар келді. Сәуле Ілиясқызы Қасымбекова (Адамбекова) қорғаған докторлық диссертация бекітілді. Иә, тұңғыштың жолы – соқпақ, жүгі – ауыр. *** ... Сәуле бұл күнде Дене тәрбиесі ұлттық ғылыми-практикалық орталығында Бас директордың ғылым жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарумен қатар ғылыми жұмысын жалғастыруда. Қазақ қыздары арасынан тұңғыш спортқа байланысты ғылым докторы болған Сәулені халқымыз мақтан ететіні айтпасам да ұғынықты болар. Сұлтанғали Қаратайұлы, Қазақстан спортының құрметті қайраткері, ардагер журналист

3265 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9171

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7293

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5032

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4417

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4381

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4342

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4077

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4068

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы