• Тұлға
  • 14 Наурыз, 2013

Көргені жақсы көш бастар

Белгілі заңгер, тіл жанашыры, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов туралы толғаныс Талайды табындырған, небір алыптарды тудырған Атырау өңірі қашаннан темірқанат дарындардың ыстық ұясы. Туабітті арманы мен мұратын биік ұстап, күрделі дәуірдің іргелі міндеттерін арқалап, уақыт жүгін қайыспай көтерген Алаш елінің ардақты азаматтары аз ба? Шалғайда жүрсе де елім деп еңбек еткен, бар жетістігін туған жерімен сабақтастырған перзентті өз халқы да ешқашан жатырқамасы анық. Кіндік қаны сонау Құрманғазы ауданының бір бүйірінде тамғанымен, бүкіл саналы өмірі, сындарлы да салиқалы тірлігі Атырау, Алматы, Астана қалаларымен байланысты Сәрсенбай Құрманұлы еліміздің рухани, саяси кеңістігінде біраз айшықты із қалдырып келеді. Атырау облысы, Құрманғазы ауданындағы Абай атындағы орта мектепті 1980 жылы тәмамдаған Сәрсенбай сол жылы Гурьев педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түсіп, үздік бітірді. Талантты жас мұны да місе тұтпай, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білімін жалғастырып, заңгер мамандығын алып шықты. Міне, осылай, табиғат-ананың өзіне шақтап берген ақыл-парасатының арқасында Сәрсенбай Құрманұлы өз биігіне қажыр-қайратымен сатылай көтеріліп, замандастарының арасында еңсесі биік, ой-өрісі кең, биік мәдениетімен айрықша көзге түсті. Кешегі Кеңес дәуірінде кейбір жандар лауазымды қызметке үздіксіз қолқа сала жүріп, ағайынды жүгіртіп, айла-шарғысын асырып, түлкідей бұлаңдап, бөденедей жорғалап, ант-су ішіп әрең жететін. Бүгінде қоғам қайраткері Сәрсенбайдың екінің бірінің қолы жете бермейтін лауазымдарға тек қана өзінің табан ақы, маңдай терімен, Құдай берген қабілетінің арқасында көтерілгеніне ешікім де күмән келтірмесі анық. Былайша айтқанда, Еңсегенов өмірдің сан саласында өз болмысын түбегейлі айқындап алған тұлға. Мектепте озат оқушы, оқу орнында үздік шәкірт, өткен ғасырларға терең бойлаған тарихшы, қандай іске де жанкештілікпен кірісетін заңгер, шебер ұйымдастырушылық қабілетімен дараланады. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, Сәрсенбай Құрманұлы табиғи таңдаудан қапысыз іріктеліп, қатал сыннан өтті. Осы ұлан-ғайыр шаруаны ол ер жігіттің нағыз самғар тұсы – елу жасқа дейін жасап үлгерді. «Заңы мен дәрігері жұмыс істемейтін елде өмір сүру қауіпті» деген екен бір дана. Ендеше, өз заңын құрметтеп, әспеттеген халықтың кенже қалғанын ешкім естіген жоқ. Американың бүкіл басшылығы орын тепкен Вашингтон қаласында Капитолийден биік үй салынбауы – өз заңын қастерлеуден туған үрдіс екені ақиқат. Міне, Еңсегеновтің қайраткерлік қабілеті осы Парламент Сенаты қабырғасында жарқырай көрінгенін айрықша айта кету керек. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Қазақстан ХХІ ғасырдың ортасына қарай әлемнің 30 елінің қатарында көрінетіні анық. Біздің жетістіктеріміз бен қазақстандық даму үлгісі Жаңа саяси бағыттың негізі болуға тиіс» деп атап өтті. Елімізде алдағы уақытта атқарылатын шаруалардың дені осы межені көздейді. Әрине, жүктелген міндет аса ауқымды. Әрбір Парламент Сенаты депутатының басты міндеті – өз халқына қызмет ету. Демократиялық дамудың басты талабы – пікір еркіндігі, сөз бостандығы, ел тәуелсіздігі және адам құқықтарының сақталуы екендігі белгілі. Бұндай жағдайда, әрине, қайшылықтар да орын алуы әбден мүмкін. Осы орайда, Парламенттің тікелей шаруасы – саяси кеңістікте болатын қайшылықтардың алдын алу, қоғамдық өмірдің қалыпты дамуына жағдай жасау, еліміздің стратегиялық бағытының құқықтық-заңнамалық іргетасын қалау. Парламент Сенаты жұмысы ырғағын бақылаған адам Еңсегеновтің қоғамда ерекше сілкініс туғызған ұйымдасқан қылмысқа, террористік және экстремистік ұйымдарға қарсы іс-қимыл мәселелері, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына рақымшылық жасау, тағы басқа заңнамалық актілерге белсене араласып, табандатып отырып өзгерістер мен толықтырулар енгізгенін байқар еді. Сенат депутаты Сәрсенбай Құрманұлы экономикалық даму және кәсіпкерлік комитеттің хатшысы әрі заңнамалық, құқықтық мәселелер комитетінің мүшесі ретінде мынандай көкейкесті депутаттық сауалдар көтерді: – Жергілікті жердегі (Атырау облысы бойын­ша) әлеуметтік, экологиялық шешімін табуға тиісті мәселелерді жеделдету; – Қызылқоға жеріндегі Тайсойған полигонының әскери мақсатта Ресейге ұзақ мерзімге жалға берілуін қайта қарау; – Жылдар бойы ядролық сынақ орталығы болған Азғыр өңірінің экологиялық жағдайына баса назар аудару, әлеуметтік көмекті жақсарту; – Балық шаруашылығын дамыту базасында қолданыстағы заңнаманы жетілдіру; – Жол қатынасы қиын шекаралық аймақтағы халықтың тұрмыс-тіршілігіне қолайлы жағдай туғызу; – Махамбет Өтемісұлы атындағы тарихи қорығының мән-мағынасын арттырып, ұрпаққа үлгі боларлықтай танымдық, тәрбиелік, рухани деңгейін көтеру үшін үкімет тарапынан қолдау көрсету; – Мектеп оқулығының сапасын жақсарту, т.б. Міне, осы бір ауқымды депутаттық сауалдардан-ақ халық қалаулысы Еңсегеновтің парасат-пайымы, ел мүддесі жолындағы шынайы сезімі мен сенімі анық көрініп тұрған жоқ па? Ол сондай-ақ мерзімді баспасөз беттерінде «Желтоқсан – қазақ тарихында ұлы оқиғаларды еншілеген қасиетті ай», «Тайсойған туралы шарт», «Құқықтық саланың күнгейі мен көлеңкесі», «Атыраулықтардың Алтынжарға тартуы» атты мағыналы да зерделі мақалалар жариялады. Иә, қазіргі қайраткерміз деп жүргендер­дің ішінде жеке бастың тазалығы, өре кеңдігі, халықтық мүдде, иман байлығы – Сәр­сенбайдың дәрежесіндей биік болса, заман әлдеқайда ілгері кетер еді-ау! Затында, қанында бар қасиетке дауа жоқ қой. Сәрсенбай мойын бұрғызбайтын әр алуан мемлекеттік қызметте жүрсе де, көркемөнерден қол үзбеді, әлем елдеріне сапарларында олардың озық үлгілерін, сұлу табиғатын суретке түсіріп әкеліп, туған жерін сондай абат мекенге айналдыру жолында тер төгіп жүрген азамат. Бүгінде ғасырлар қойнауында ұмыт қалып бара жатқан әдет-ғұрып, салт-сана, т.б. жәдігерліктерді жаңғыртуға атсалысып жүрген ұлт жанашыры. Қолға алған ісіне жанкештілікпен кірісетін әрі уәдеге берік Сәрсенбай халқымыздың Жұмекен Нәжімеденов, Зейнолла Серікқалиев мұраларының толық күйінде жарық көруіне, қазір баспада дайындалып жатқан Салық Зиманов туралы естеліктер кітабына демеушілер тауып, қаржылай көмектесуге қыруар еңбек сіңірді. Бір қарағанда, Сәрсенбайдың осынау рухани қызметіне ешкім алғыс айтып та жатқан жоқ. Ендеше, ұлт үшін еңбек етудің бір көрінісі осы емес пе? Табиғатынан өзін-өзі жарнамалауды сүймейтін Еңсегеновке бұл қасиет ұлтымыздың абыз ақсақалы, еліміздің заң ғылымының атасы, ұстазы Салық Зимановтан мирасқа қалғанын айтпай-ақ ұғуға болады. Иә, мамырстан тірлік, ұйыған отбасы осындай жайсаң азаматтардың маңына үйіріледі ғой. Сөз арасында айта кетейік, үлкен ұлы Айбек Л.Гумилев атындағы Еуразиялық университетін бітірген, әке жолын қуған заңгер. Қызы Лаура шетелде магистратурада оқып жатыр. Және бір қызы Мөлдір – кәсіпкер, кенжесі Әйгерім 11-сынып оқушысы. Зайыбы Майра Әділханқызының мамандығы психолог. Қалай дегенмен де, Сәрсенбай Құрманұлы мемлекет ісінде асығыс, шалт әркеттер емес, «майдан қыл суырғандай» ілкімділік қажет екенін жақсы білетін білікті қайраткер. Бұл біз білетін сенатордың өмірден ойып алынған дәл кескіндемесі екеніне дау жоқ. Бұл өмірдің ылдиы бар, төрі бар, Уа, достым, жақсылап бір көріп ал. Азамат боп бұл дүниеге келген соң, Босағада не жының бар, төрін ал! – деп, ақжарма ақын Қадыр Мырза Әлі жырлағандай, мерей жасыңда ел күтетін биіктерден көріне бер, еңбегің жана берсін замандас! Жұмабай ҚҰЛИЕВ, ақын, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері

7226 рет

көрсетілді

9

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8763

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7060

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4804

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4190

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4152

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4113

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3843

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3843

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы