• Тұлға
  • 20 Наурыз, 2013

Ел таныған Ертай

22-наурыз біздің «Ана тілі» газетінің туған күні. 1990 жылы дәл Наурыз мерекесі күні ұлт басылымының алғашқы саны жарық көрді. Содан бері газет ұжымында елге танымал талай азаматтар қызмет істеді. Солардың бірі – журналист, жазушы, қазіргі күні «Қазақстан – ZAMAN» газетінің Бас редакторы Ертай Айғалиұлы. Ол бүгінде алпыс жастың асуына көтеріліп отыр. Біз әріптесімізді осы мерейлі жасымен құттықтап, шығармашылық табыстар тілей отырып, төменде белгілі қаламгер Сабыржан Шүкірұлының қаламдас інісі жайлы жазылған мақаласын ұсынып отырмыз. Айғалидың Ертайын мен әуелі газеттің жауап­ты хатшысы тұрғысында таныдым. Қызметі бойынша емес, кәсіби маман ретінде. Газеттің хатшылық қызметіне лайықты адам табу, тәрбиелеу, тұрақтандыру қазақ басылымдары үшін қай кезде де елеулі шаруа болып келгені мәлім. Аудандық, облыстық басылымдарда ғана емес, республикалық баспасөздердің өзінде бұл күрделі мәселе саналды. Тіпті елдің бас газеті «Егемен Қазақстанның» өзінде (арғы «Социалистік Қазақстан» тәжірибесінен бастап) редакторлардың бас қатыратын жайы осы хатшылық қызметкерлерін іріктеу болатын. Бұл жұмысқа қабілеті бар журналисті редакторлар қайдан болса да «аттай қалап», оған айрықша жағдай, еркіндік беріп, алақанға салып ұстайтын. Өйткені газеттің полиграфиялық сауатты, орфографиялық қатесіз һәм ажарлы шығуы осы хатшылық қызметкерлерінің қабілетіне, әсіресе Жауапты хатшының талантына байланысты. Иә, талантына, хатшылыққа талант, табиғи бейімділік керек. Талантсыз қолдан шыққан газет те қолапайсыз тігілген киім есепті. Газеттің безендірілуі талғамға сай келмесе, ол оқырманынан айырыла бастайды. Бұл баспасөз тәжірибесі дәлелдеп келе жатқан жағдай. Ел таныған Ертай«Ағаш көркі – жапырақ, адам көркі – шүберек» дегендей, өзіне лайықты, жарасты киініп жүрген кісілерге сүйсіне қарайсың. Алайда сол киімді киіп жүрген адамдікі санайсың да, оның қайдан, қалай шыққанында шаруамыз бола қоймайды. Ал оның өсімдік, тіршілік, талшық болып өніп, одан матаға айналып, пішіліп, тігіліп, кісі қолына тигенінше қаншама бізге беймәлім істері жатыр тасада. Мұның бізді қызықтырып, көз тартып, көңіл бөлдіретіні пішімі мен тігісі, былайша айтқанда, сәнділігі. Әлбетте, құр жылтырағы емес, кісіге жарасымы. Оны иесіне өтімді етіп алғызған да осы сипаты. Міне, газет жұмысының да сырт көзге білінбейтін, бірақ онсыз тартымды көрінбейтін, тек журналистердің өздеріне ғана мәлім сырлары бар. Газетті де ажарлап, сәндеп, келісті киіндіре білетін іскер мамандар болады. Бұлар сол редакция хатшылығындағылар. Бұлар қанша барын салып жұмыс істеп жатса да, көпке еңбектері байқалмайтын, бірақ өз орталарында айқын сезіліп отыратын, жұмыстарында мезгіл жоқ жандар. Бұларды біз құрметпен «Ген. штаб» дейміз. «Жерді Көкөгіз көтеріп тұрады» дейтін аңыздағыдай, газет редакциясын көтеріп тұратын Көкөгіз осы Хатшылық. Редакция журналистерінің бал жинаған арадай тірнектеп терген нәрлерін оқырманға көркейтіп жеткізетін осылар. Қай мақаланың қай бетке, қай тұсқа, қалай орналасуы, қандай әріппен, қандай суретпен берілуі, беттің қалай көмкерілуі, тұтастай нөмірді безендіру тәрізді істердің бәрі жиналып келіп газеттің келбетін ашып, тартымдыландыра түседі. Бұл үлкен өнер, ізденісті, тапқырлықты, ой ұшқырлығын, білімділікті, оралымдылықты керек етеді. Осынау, компьютершілер, сызбашы, фототілші, суретші, корректорлар жұмыстарын бір ізге салып, баспаханамен арадағы байланысты қалыпты ұстап, үлкен саланың қызу жұмысын іркіліссіз ұстап отыратын маман, ол Жауапты хатшы. Оны редакцияда әзіл-шыны аралас «Жау хатшы» дейді. Қысқартып айтқаннан емес, жұрттың бәрінен жұмыс талап етіп, «белсенділік» жасайтыны үшін әдейі шымши атайды. Жауапты хатшы редакцияның ішкі жұмысын ұйымдастырушысы, жұмысты жоспарлап һәм оның орындалуын талап етуші, қызметкерлерді тәртіпке шақырушы болып табылады. Бұл тұрғыда ол редакциядағы ең «жағымсыз тұлға» да болып саналады. Енді бір тұрғыда ол Бас редактор мен ұжым арасындағы үйлестіруші де. Хатшылық жұмысына бұлайша кеңірек тоқталып жатқан себебім, Ертай Айғалиұлын осы қызметте танып-білуіме байланысты ол атқарған істердің жалпы ауқымын, яғни Жауапты хатшының жауапкершілігін айқындай отырып, Ертай еңбегін бейнелеу мақсаты еді. Мен «Ана тілі» газетіне 1996 жылы қызметке келгенімде ол осы жұмыста болатын. Содан 2004 жылдарға дейін өзгеріссіз отырды. Сол сегіз жыл бойы мен оны Жауапты хатшы, «Ана тілінің» шаңырағын көтеріп тұрған Көкөгізі деп білдім. Кейін газеттің Бас редакторының орынбасарлығына көтерілді. Ол «Ана тілі» ұлт газетінің Жауапты хатшылығын оның алғашқы саны шыққан 1990 жылдың наурыз айынан бастап атқарып келген екен. Осы жылдар ішінде бұл редакцияға кімдер келіп, кімдер кетпеген. Талант та болды, тарпаң да болды. Жайсаң да болды, жалтаң да болды. Сырбаз да болды, содыр да болды. Табан тіреп, тапжылмай келген тек Ертай ғана екен. Иә, қасында егіздің сыңарындай суретші, сықақшы Төлеген Ильяшев бар. Екеуі «Қазақ әдебиеті» газетінің хатшылығынан келіпті. Содан кете кеткенше бірге болды. Он төрт жыл бойғы «Ана тілінің» макеті сол екеуінің қолтаңбасы. Төлегеннің суретшілік қиялы мен сәл мысқылы Ертайдың ұшқыр да орнықты ойымен үйлесім тауып, оқырман қолына көркейіп жетіп отырды. «Ана тілі» газетінің ұлттық басылымдар арасында алғашқы болып ұлттық танымдарға бойсалғаны мәлім. Соған орай, газеттің беттелуі мен безендірілуі де ұлттық өрнекте, айдарлар мен тақырыптар да жаттандылықтан арылып, қазақы мақамда соныланып, ерекше айшықты болып, өрнекті шығып келді. «Ана тілі» газетінің ашылуы «Қазақ тілі» қоғамының құрылуымен сабақтас болды. «Қазақ тілі» қоғамы кезінде ұлтты дүрк көтеріп, қоламта қозындай болып жатқан Қазақ рухын маздатып, үлкен серпіліс берген болса, сол дабылды қимылда «Ана тілі» газеті алғы шепте болды. Айтылмай келген, айта алмай келген тарих ақтаңдақтары, ежелгі салт-дәстүр, халық әдебиеті, ұлт тарихында айрықша орындары бар тұлғалар туралы сыр шертіліп, елдің һәм қазақ тілінің келелі мәселелері кеңінен көтерілді. Ұлт тарихының бірден-бір сорабы болып табылатын Қазақ шежіресін жинап, жариялауды да осы газет бастап, кітап етіп шығарды. Мен «Ана тілі» газетінің алғашқы бес жылы туралы бұл пікірді оның оқырманы тұрғысында айтып отырмын. Сол тұста «Социалистік Қазақстан», кейінірек «Егеменді Қазақстан» болған шағында һәм «Сұхбат» және «Позиция» деп аталған сол кездегі еліміздің жетекші басылымдарында жүріп, «Ана тілінің» еркіндігі мен бұқаралығына сүйінетінмін. Мен ғана емес, бірге жүрген қаламдастардың қайсысы болсын осындай пікірде болған. Әлбетте, газеттің сол кездегі Бас редакторы Жарылқап Бейсенбайұлының бастаушылық орны бір басқа да, сол елді ризалап, газетті іздеп жүріп оқитындай дәрежеге көтерген еңбекте оның Жауапты хатшысы Ертай Айғалиұлының да еңбегі болғаны сөзсіз. Оның еңбегі болғандығына өзім бірге жұмыс істеген сегіз жылда көзім жетті. Журналистиканың үлкен бір жауапты да қиын саласы хатшылық шеберлікте өзім білген әріптестер арасында Бекболат Әдетовті, Жұмабек Кенжалинді, Жанат Елшібекті, Басқар Битановты, Болатбек Қожанды, Қорғанбек Аманжолды осы істің нағыз таланттары деп білем. Осы санатта Ертай да бар. Әрине, кейінгі жастар арасында да бұл мамандықтың мықтылары бар да шығар, бәрібір бұлар осындай санаулы ғана. Ал Жанат пен Ертайды бұл саланың бірегейі десек болады. Ертайды қызмет, маман ретінде тануым бір басқа да, азамат өресінде білуім бір басқа. Ертайға өкпе айтып, ренішкен кісіні көрген жоқпын. Бұрынды-соңды редакцияда қызмет істеп кеткендердің қайсысымен болсын Ертай дос: үлкеніне – іні, кішісіне – аға, қатарына – құрбы, бәрімен емен-жарқын. Бәрі де оны арнайы іздеп келіп жатады. Үлкенмен де, кішімен де, құрбы-құрдаспен де тіл таба білетін жаны жұмсақ, рухы биік, мінезі кең, ойы ұшқыр азамат болымсызға сыр бермей, сыйластыққа жеңдіреді. Әрине, періште емес, періште де жақсылық пен жамандықты таразылап тұрады дейді ғой, Ертай да жайдақ су емес, талап қоя біледі. Ерекшелігі, адамдардан көбіне жақсылық көруге тырысады. Ертайдың әлдебіреуді пенделікпен жамандағанын естімедім. Рас, пікірі, көзқарасы болады, алайда ол жамандау емес, бағамдауы. Ертай – қоғамшыл азамат. Редакцияның ішкі жағдайында қандай бір шаруа болсын Ертайдың араласуынсыз бітпейтін. Мерекелерді қарсы алу, туған күн, әлдебір ренішті-күйінішті жағдайлар болып қалғанда, басы-қасында Ертай жүреді. Сауыққой, домбыра тартып, ән салады, би де билейді, бір сөзбен көңілді жігіт дер едім. Асаба да өзі, ұжымның ұйытқысы, сәні, берекесі болып жүрді. Оған риза болып кеткенімізде – «Ер Ертай, еркін Ертай, Ертай, Ертай!» деп дуылдасып қалатынбыз. Ертай – бастамашыл. Жаңа айдар ашу дейсің бе, әлде бір мәдени шара өткізу ме, әйтеуір бірдеңе ойлап тауып жап-жақсы іске айналдырады. «Ана тілі аруы» байқауын өткізуді ұсынып, бірнеше жыл қатарынан нәтижелі жүргізіп келді. Елді мекендерді, тарихи орындарды танып-білуге, түрлі мәдени жорықтар ұйымдастыруға бар ынтасымен кірісіп, айлап сапарда да болатын. Жол жүруге жалықпайды. Жолда көңілді, әңгімешіл, ілтипатты. Оқырмандар ортасында жиі болуды, әсіресе тым шалғай жерлерге баруды ұнатады. Ертайдың да танымайтыны жоқ, оны да білмейтіндер аз, кез келген жерден оның бір танысы алдынан шығады. Көпшіл, бауырмал дейтін кісің Ертайдай-ақ болар. Қаламы да ұшқыр. Көрген-білгенін, түйген ойларын ірікпей оқырман ортасына салады. Жекелеген келелі тақырыптарға арналған мақалалары сыртында көпшілік назарын аудартып, хат көп келген «Фермер клубы», «Таңғажайыптар әлемі», «Тән салауаттылығы» дегендей айдарлар мен спорт бөлімін жүйелі жүргізіп отырды. Футболға керемет жанкүйер. Сейдахмет Бердіқұловтың құрметіне өтетін журналистердің дәстүрлі доп додасына жыл сайын белсене қатысады. Өзі ғана қатысып қоймай, өзгелерді де шақырып, қолынан жетектеп жүргені. Ертай Айғалиұлы – жазушы, қаламы төселген балалар жазушысы. Оның «Жер бетінен жоғалған ауыл» және «Мен сені сағындым, әпке!» атты повестері кезінде «Жалын» журналының жабық бәйгесінде жүлделенген. Ал «Қара жапырақтар» хат-эсселері (Алматы. 2000 ж.) Ертайдың психологиялық толғаныстағы шеберлігін танытты. Қара жапырақ ұғымы бұрын-соңды қазақ әдебиетінде қолданыста болмаған таным. Ол кейінгі жылдары балалар тақырыбына бұрынғыдан да жиірек қалам тартып, жыл сайын жүлдеге ие болып келеді. Қолтаңбасы қалыптасқан журналист, газет жұмысының білгірі, икемді ұйымдастырушы Ертай Айғалиұлының «ҚАЗАҚСТАН – ZAMAN» атты халықаралық қазақ-түрік басылымының Бас редакторы болғанына да оншақты жылдың жүзі болып қалды. Бұрын басшысы жиі ауысып, қаржы тапшылығы, кадр тұрақсыздығы белең алып, тоқыраңқырап қалған басылым Ертай барғалы көлемі ұлғайып, кадрлары сапаланып, газеттің тартымдылығы, әлеуметтік мәселелерді көтеруі, қоғам өміріне белсене араласуы арқасында таралымы көбейіп, пікірімен жұртшылық санасатын беделді басылымға айналып отыр. Қаны – түрік, рухы – қазақ, ел өміріне, қазақ мүддесіне бір азаматтай қызмет етіп жүрген Серіктестіктің Бас директоры Ахмет Аляз екеуі тіл табыса отырып, газетті уақыт талабына сай, оқылатын басылым қатарына қосып отыр. Ертай мұнда да «Ана тілінің» рухын ұштастырып, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, елдің әлеуметтік, тарихи тақырыптарға қатысты келелі мәселелерін көтеруде. Ертай – журналист, Ертай – жазушы, Ертай – редактор. Ертай – қоғамдық қайраткер, Түркия мен Қазақ елі арасын рухани жалғастырушылардың алғы тобындағы отаншыл, намысты азамат. Бұл күнде қажы болған, салиқалы сөзімен жұртшылыққа қазы болған Ертай Айғалиұлы осындай ел таныған кісі. Ертай Айғалиұлы туралы осы мен айтып отырған пікірді сұрай қалсаңыз Қуаныш Жиенбай да, Төлеген Ильяшев те, Бауыржан Бабажанұлы да, Нұрлыбек Cаматұлы да, Салтанат Өтеуғалиева да, Жұмабай Құлиев те, Мақпал Жұмабай да, Бағдагүл Мұратқызы да айтар еді. Ол тек біз ғана емес, ел таныған Ертай ғой. Сабыржан ШҮКІРҰЛЫ, Республикаға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Астана

6285 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8767

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7062

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4806

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4192

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4154

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4115

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3845

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3845

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы