• Әдебиет
  • 26 Сәуір, 2009

Өз заманының жыршысы

"Ана тілі" газетіАйтбай ақынның шығармалар жинағы хақында 1961 жылдың қараша айы еді. Күздің соңғы айы Алматыда жайма шуақ болып ұзақ тұрды. Ол кезде Өмірзақ екеуміз «Социалистік Қазақстан» (бүгінгі «Егемен Қазақстан») газеті редакциясында бірге жұмыс істейміз. Университеттен таныспыз. Көңіліміз жақын. Біріміз аға, біріміз іні болып жүретінбіз. Күздің осы күндерінің бірінде Өмірзақ Оңтүстік Қазақстанға іс-сапарға алып, суыт жүріп кетіпті. Бізге ескертуге де шамасы келмепті. Хабар жеткен соң асығыс жолға шығыпты. Әкесі қайтыс болып, соған кеткенін келесі күні естідік. Алпысыншы жылдары анау айтқандай елде молшылық жоқ. Бірақ адамдардың пейілі кең. Тапқандары бөліп жеуге, біріне-бірі көмектесуге, қалтасындағы басы артық ақшасы болса, қарызға бере тұруға, өзіне қажет болып тұрса да, қиналса, достарына бере салуға дайын тұратын. Қазіргідей дүние қоңыздық атымен жоқ. Артық-кемі болса, жолдастарына қарайласуға әзір. Айлыққа қараған күн. Ол кездегі әдеби қызметкердің жалақысы 80 сом. Қаламақыны жазсаң береді. Газеттің беті ресми материалдардан босамайды. Н.С.Хрущевтың құлаш-құлаш сөздері, қала берсе, ресми жиналыстардың есебін беруден газеттің басқа материалдарды басуға мүмкіндігі аз еді. Бірақ соған қарамастан жігіттер жоқпыз, жарлымыз деп сезінбейтін. Барына базар еді. Жігіттер жиналып, досымызға ақшалай көмек көрсеткен болдық. Редакцияның қызметкерлері дастарқан мәзірін дайындап үлгерді. Дастархан үстінде Өмірзаққа деген жұбату сөздерімізді айтып, қайғысына ортақтастығымызды кезектесіп білдіріп жатырмыз. Отырыстың соңында Өмірзақтың өзі бәрімізге рахметін айтып, әкесі туралы шешіліп көп сөйлеген жоқ. «Әкем жақсы адам еді. Елге сыйлы, қадірлі еді, бүкіл ауыл болып арулап, ақырғы сапарға шығарып салды», – деді Өмірзақ. Сонда таңқаларлығы Өмірзақ: «Әкем белгілі халық ақыны еді, көзі ашық, ертеден мектеп көрген, мұсылманша да, жаңаша да білім алған кісі еді», – демеді. Кейін әкесінің шығармалар жинағы 2008 жылы жарық көргеннен кейін көп жайлардың қыр-сыры ашылды. Өмірзақтың әкесі Айтбай Белгібаев ақсақал үлкен оқыған адам, белгілі ақын екен. 1913 жылы Ташкентте тұңғыш кітабы жарық көріпті. Айтбай ақынның «Шырын-Жігер» деген дастанының Қазан төңкерісінен төрт жыл бұрын-ақ Ташкентте кітап болып шығуы көп жайды аңғартқандай. Карнактағы медресені бес жыл оқып, Бұқарадағы діни жоғары оқу орнын төрт жылда бітіріп шығып, мұсылмандықтың ілімін жете меңгереді. Арабша, парсыша жақсы білген. Айтбай ақсақал жасынан зерек, сырт сымбаты тартымды болады. Маруся деген орыс қызы ғашық болып, оны аулына алып қашып кетеді де, діні бөлек қызға үйленеді. Сонау Қазан төңкерісіне дейінгі кезде орыстан қыз алмақ түгіл, орыс көрсе шошынып, бұл кәпірлер деп үрке қашатын кезде, басқа ұлттан әйел алуының өзі оның өр мінезді, бірбеткейлігін, өзіндік ұстанымының күштілігін көрсетеді. Қоғамдық пікірден қаймықпай, өз жүрек қалауының әмірімен жүруі де ақынның өзіндік табиғатынан хабардар етеді. Дәулетті орыс отбасынан шыққан Марусяның патша әскерінің офицер ағалары «қазаққа қыз берді деген не сұмдық» деп әкесіне ренжіп, әскер жіберіп, қызды күштеп алып кетеді. Сол алғашқы махаббатына арнап «Арманды Айтбай» деген дастан жазады. Жазылу стилі Абай аударған А.Пушкиннің «Евгений Онегин» романын еске салады. Айтбай да өз дастанын жігіт пен орыс қызы Марусянің бір-біріне хат алмасуы арқылы өрбітеді. Жігіт қызға ғашық болғанын, ұлты басқа, діні басқа болғанымен өзінің қызды құлай сүйгенін өлеңмен өрбітсе, Маруся да оны сүйетінін, екеуінің махаббатына қыздың туыстары-ағалары қарсылық көрсетуін жырға қосады. Орыс қызын алғаш көргенде ақын былай суреттейді: Керме қас, жазық маңдай, пісте мұрын, Артықша табиғаттың алған нұрын. Есімді бірде жиып, бірде тандым, Көрмеп ем мұндай сұлу бұдан бұрын. Айнамкөз алма мойын, сүмбіл шашты, Көргеннен көңілім еріп, ақыл састы. Денемді от балқытып, теңіз тербеп, Күлімдеп қолын беріп амандасты. Осы жолдарды поэзия биігінен талап қоймай, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары жазылғанын ескерсек, Айтбайдың ақындық қуатының сөз саптауының ірілігіне көз жеткізуге болады. Ақынның тілі шұрайлы, адам характерін ашу мүмкіндігі мол екенін көреміз. Қарамадым дініне, Мен де бір Мәжнүн болғаным. Аспандасаң амал жоқ Жете алмай шаршап қалғаным. Бірақ ойла, замандас, Қыл үстінде табаным. Сүйемесең қолтықтап, Таусылғаны заманым. Өртке мені тастама Шолпан жұлдыз, қамарым, – дейді жігіт Марусяға. Патшалық заман екі жасты кешірмеді. Екеуін айырып тынды. «Зорлықпен тартып алды сүйгенімді, Кімге шағып жылаймын күйгенімді», – дейді ақын. Көлемді дастанды Айтбай сюжетке құрып, нағыз поэзия тілімен екі жастың махаббатын жырға қосады. Жинаққа ақынның «Нарбота», «Тазша бала – Аяз би», «Сейітқасым батыр», «Темірбек батыр» дастандары мен айтыстары, сондай-ақ бір топ өлеңдері енген. «Малшыларға», «Еңбек ері», «Атақоныс», «Қызылқұм жайылымы», «Құдық суреті», «Мырзашөлге барамыз» және басқа өлеңдерінде жасампаз еңбек дәріптеледі, ауылдың жаңаруы, мал өсіріп, егін еккен елдің бейбіт тұрмысы суреттеледі. Ақын өмірге ынтыға зер салады. Болып жатқан өзгерістерге үн қосып, соларды өмірге әкеліп жатқан қарапайым ауыл адамдарын жырға арқау етеді. Айтбай ақынды жарыққа шығару, поэзиясын насихаттау жөнінде академик Раманқұл Бердібаевтың еңбегін ерекше атап өтуге болады. Ауыз әдебиеті өкілдерін, Сыр бойы жырауларын, айтыс ақындарын зерттеудегі оның еңбегі зор. Ақынның өмір жолы басқаларға ұқсамайды, өзінше бір қызық ғұмыр. Оқуға ерте ұмтылды, үйінен қашып барып медресе есігін ашады. Одан кейін Бұқарадан мұсылманша білімнің жоғары дәрежесін тамамдайды. Қазан төңкерісінен бұрын-ақ орыстармен аралас-құраластың етек алмай тұрғанның өзінде орыс қызына үйленді. Екеуі қосылып қазақ аулында біреуі орысша, біреуі мұсылманша сауат ашуға атсалысты. Ташкенттегі мұғалімдер курсын бітіріп, жаңаша білім алды. Алған дипломында қазақтың біртуар ұлы Сұлтанбек Қожановтың қолы тұр. Бұдан соң мектептерде ұстаздық етті. Айтбай ақын тарихи тұлғалармен жиі араласты. Әубәкір Диваевпен кездесіп көп әңгімелесті. Жамбылға барып сәлем берді. Мұхтар, Сәбиттермен жүздесіп, пікірлесті. Мұның бәрі көп жайды аңғартса керек. Олармен әңгімелесу, пікір алмасу үшін біршама рухани дайындықтың керек екені белгілі. Мұндай дайындық біздің Айтбай ақында жеткілікті болды. Айтары болған соң адамдар өзара пікір алысады. Соғыс жылдарындағы оның жалынды жырлары ауыл ішінде көп тарады. Өлеңдерінен отаншылдық сезімі есіп тұрды. Соғыстан кейін аудандық ақша бөлімінде қызмет істеді, одан соң ұзақ жылдар бойы жылжымалы қызыл отауды басқарды. Бір сөзбен айтқанда әрқилы салада, әр бағытта жұмыс істеген. Бұл жұмыстарды атқара тұрып, өлең, дастандар жазды, айтыстарға қатысты, онда әлденеше рет жеңімпаз атанды. Өлеңдерін халық алдына шығып, өзі әдемі даусымен жыр ғып айтты. Айтбай ақынның жинағын оқып, өмірінен жан-жақты мағлұмат алған соң баласы Өмірзаққа: әкең сондай белгілі зиялы адам екен, ескіше де, жаңаша да білім алған екен, бұрын неге айтпағансың, әкеміз тәуір адам болған еді дегеннен басқа бізге ештеңе айтпап едің дегенімде Өмірзақ: «Заман солай еді ғой, комсомол, коммунист болдық. Дінге, ескіше оқуға Кеңес өкіметінің қалай қарағаның өзің білесің. Сондықтан да жалпақ елге жар салып қайтемін деп, ешкімге мақтанып, тіс жарған жоқ едім. Міне, тәуелсіздік келді, дінге, тілге үлкен бостандық берілді, кезі келді, енді айтып отырмыз. Жинағын да шығардық. Оқы, таныс біздің ақсақалдың кім болғанын жазғандарынан аңғарасың, сөз қадірін білетін азаматтың бірісің ғой деп, әкейдің жинағын өзіңе бердім ғой, – деді академик. Айтбай ақсақалдың шығармалар жинағы академик С.Қасқабасовтың алғы сөзімен «Паритет» баспасынан өткен жылдың аяғында жарық көріпті. Қызыға оқып шықтым. Алған әсеріміз мол. Әбдеш Қалмырзаев философия ғылымдарының докторы, профессор

3789 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы