• Әдебиет
  • 14 Мамыр, 2009

Қосөзен өркениетінен – Қорқыт аңыздарына дейін

Жуырда өткен «Өркениеттер диалогындағы түркі әлемінің рөлі» атты халықаралық симпозиумда ғылыми тұжырымға бай сан түрлі тақырыпты арқау еткен баяндамалар талқыланған болатын. Осыған орай мәдени мұрамыздың терең тамырларына бойлап, дәуірлер сабақтастығын ұтымды дәлелдерімен ортаға салғанфилология ғылымдарының докторы, профессор Алтай Сәрсенұлы Аманжоловтың зерттеу еңбегін оқырман назарына ұсынып отырмыз.  Қосөзен өркениетінен Қорқыт аңыздарына дейін Әр халықтың өз тарихын, тілін, дүниетанымын, өнерін қайта жаңартуға ден қоюы – қазіргі қоғам дамуының сапалық жаңа бір көрінісі. Осы орайда түркі тілдес халықтардың арасына кең тараған Қорқыт баба туралы жырлар, аңыз-ертегілер жан-жақты зерттелуде. Ал академик М.О.Әуезовтің Қорқыт мұрасына философиялық, әдеби талдау жасап, берген бағасы – өз алдына бір төбе, соның ішінен мына бір тұжырымын келтіргенді жөн көрдік. «Дүние жүзінің фольклорында, әсіресе, ескі мифтік, діндік ертегі-аңыздарында осы Қорқыт сияқты өмір үшін, өлімге қарсы алысқан бірнеше ұлы бейнелер бар. Бұлардың бәрі, түбін ойлағанда, құдай бұйрығымен, ажалмен ғана алысуы емес, сол арқылы құдайдың өзімен де алысқандар деп саналады. Соның бірі грек мифінде – Прометей, осетин аңызында – Амран, үнді аңызында – Сидхарта болған болса, қазақ ескілігінде – Қорқыт болады» (Қазақ әдебиетінің тарихы, 1 том. Фольклор: – Алматы, 1948, 89-90-б.). Әлемдік рухани, мәдени бай мұрамен қазақтың ескі мифтік аңыз-ертегілерінің үндес болуы – тарихи заңдылық. Соның бірі – Қорқыт аңызының адамзат тарихындағы ең асыл мәдени мұралармен үндесуі. Ертедегі Месопотамия (Қосөзен) төңірегіндегі Шумер елі бұдан бес мың жыл бұрын-ақ адамзат тарихындағы алғашқы мемлекеттердің, Библия (Таурат) кітабындағы аңыздардың, Адам ата мен Хауа ана дәурен сүрген «ұжмағының» дүниежүзілік алғашқы жазба әдеби туындылардың мекені болғанын білеміз. Әлем әдебиетінің тұңғышы – ежелгі шумер халықтық аңыздарын өзек еткен Гильгамеш туралы эпикалық жыр. Бұл эпостың шумер, аккад тілдерінде сазбалшыққа жазылған нұсқалары (қыш кітаптар) біздің заманымызға дейінгі ІІІ-І мыңжылдықтарға жатады. Басқа халықтар арасында да бұл аңыз өте кең тараған көрінеді. Түп негізіне көз жіберсек, қазақ және түркі тілдес басқа халықтардың Қорқыт баба туралы аңыз ертегілері, жырлары ежелгі Гильгамеш эпосымен үндес, сарындас келетінін байқаймыз. Аңыз бойынша біздің заманымызға дейінгі 28-ғасырда Шүмердегі Урук қаласын билеген алып Гильгамеш түрлі ерлік істерді атқарады, Энкиду деген киік-адаммен айнымас дос болады, ол досы өлген соң, адам баласы үшін мәңгі өмір, өлместіктің құпиясын іздейді. Аңыздың өн бойынан аса бір данышпандық ойларды байқаймыз. Бұл – адамның өмір жолының шектеулі болуы, тағдырының мұң-қасіретке толы келетіндігі, дүниенің жалған екендігі, т.б. Мысалы: Өлім үрейлі де қаһарлы! Дүние-мүлік, қонысымыз мәңгілік пе? Үкім-заңымыз мәңгілік пе? Ағайын-бауырлардың ажырасуы мәңгілік пе? Тірлікте адамлардың өштесуі мәңгілік пе? Дүниеде мәңгілік болар ешнәрсе жоқ. Ұйқыдағы адам мен өлі жан бір-біріне ұқсамай ма екен, Өлімнің бір бейнесі емес пе екен! Тәңірдің жазғаны өмір не өлім, Ажалдың күні пендеге беймәлім. Екі аңызда да кездесетін біршама ұқсас сюжеттер әрі қарай жете зерттеуді қажетсінеді. Мысалы, Қорқыт та, Гильгамеш те мәңгі өмір іздейді, екеуі де ойлаған мақсаттарына жете алмайды. Қазақ аңыз-ертегілерінде Қорқытты жылан шағып, өлтіреді. Ал, Гильгамеш адамдарға мәңгі өмір сыйлау үшін қартайтпас сиқырлы шөпті алып келе жатқанда, бір жылан осы шөпті ұрлап кетеді. Содан бері жыландар терісін үнемі өзгертіп, түлеп жасара береді. Гильгамеш деген есім аккад (семит) тілінде осылай бұрмаланып айтылған, ал бұл сөздің түпкі негізі, шумеролог И.М.Дьяконов (Дьяконов А.С. Языки древней Передней Азии. – Москва, 1967) атап көрсеткендей, шумер тілінде Бильгамес Bilgames болатын, сөзбе-сөз аудармасы «Баба батыр»: Bilge «Баба, арғы ата», mes «батыр, ер». Бұдан бұрынғы еңбектерде (Аманжолов А.С. «Шумер» – тюркские соответствия и изобразительные логограммы, – «Sprache Geschichte und Kultur der Altaischen Völker», Berlin, 1974. S. 65-71)айтқанымыздай, алғашқы шумер тілінің ескерткіштерінде көне түркі тіліне тән көптеген лексикалық сәйкестіктер ұшырасады. Сондықтан Бильгамес (Гильгамеш) сөзі мен Білге қаған деген түркі қағандарының лауазымы арасындағы біраз ұқсастық ойлантады. Тілдер мен этностардың бір-бірімен қарым-қатынасы, өзара байланысы, араласы нәтижесінде сөз ауысу процесі ертеден-ақ белгілі. Міне, сондықтан алғашқы түркі тайпа тілдерінің әлдебір із-көрінісін көршілес елдер тілдеріне тигізген әсерлерінен де байқауға болады. Лексикалық сәйкестіктерге сүйене отырып, алғашқы түркілердің (прототүркілердің) бір бөлігі бұдан бес мың жыл бұрын Месопотамия (Шумерге) келген, соның нәтижесінде алғашқы шумер ескерткіштер тіліне де белгілі деңгейде әсер етті деген тұжырым жасауға болады. Лексикалық сәйкестіктер үлгілері: шумер тілінде көне түркі тілінде ДИНГИР – «тәнір, тәңірі» УД – «күн; мезгіл, кез» ДУГ – «жақсы» теңрі «аспан, Тәңір» ӨД «мезгіл, кез», туваша ӨЙ (д > й) ЫДУҚ «қасиетті, киелі», туваша ЫДЫҚ, қырғызша ЫЙЫҚ ГУД – «бұқа» ГИГ – «ауру, сырқат» У – «ұйқы» УД «сиыр; бұқа», ұйғырша, қырғызша УЙ, ir «ауру, сырқат» у «ұйқы» – Сабалақ жүн БАРАГ «ибадатхана» НИГ «зат, нәрсе» СУГ «ми батпақ (су)» САҒ «бас; басшы» барқ «құрылыс, ғимарат; ибадатхана» нең «зат, нәрсе» суғ, суб, сув «су» сағун «жасы үлкендердің лауазымы (қарлұқтарда), қырғызша саң «әмірші, хан» Шумердің өз аты аккад (семит) тілінде бұрмаланып айтылғандығын, шын аты Кенгер немесе Кеңер болғандығын атақты шумеролог А.Фалькенштейн (Falkenstein A.Das Sumerische. – Handbuch der Orientalistik» (Leiden), II, 1-2, 1959, S. 1-15) дәлелдеп көрсетті. Міне, сондықтан Орталық Қазақстандағы, Сарыарқадағы Кеңгір өзен атының Кеңгер (Шумер) жерінің атымен үндес келуі тегін емес, тілдік жақындық пен тайпалардың араласып байланысуынан пайда болды деп білеміз. Жер-су аттарының халықпен бірге жасап, алда-жалда басқа жаққа қоныс аударса, өздеріне сүйікті де үйреншікті аттарды жаңғыртқан көне дәстүрі күні бүгінге дейін сақталған.

5163 рет

көрсетілді

40

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы