• Қоғам
  • 14 Мамыр, 2009

Қағаз жүзінде «қатып» тұр...

Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағы (бастығы Қайрат Сабыр) мемлекеттік тілдің бүгінгі жәй-күйіне талдау жасап көрелік. Басқармаға 30 қалалық, 23 аудандық емдеу мекемелері қарайды. Олардың ішінде облыстық наркологиялық, психологиялық, туберкулез диспансерлері, қан және перинитальдық орталықтары, стоматологиялық емхана, №4 кеңес беру-диагностикалық емханасы, қалалық жедел жәрдем стансасы сияқты 8 емдеу мекемесінде ғана мемлекеттік тілді білмейтін қызметкерлер оқыту курстарына тартылған, іс құжаттары, көрнекі ақпараттардың басым көпшілігі қазақ тілінде. Аудармашы қызметін бұларда қазақ тілі пәнінің мұғалімі қоса атқарады. Әрине, біз аталмыш емдеу мекемелерін әріптестерінен оқ бойы алға кетті, керемет десек жаңсақтық болар еді. Аз да болса талпыныс барын ескеріп, өзгелермен салыстырмалы түрде ғана алып отырмыз. Жалпы, тиісті құжаттарда облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты 29 емдеу мекемесінде 29 аудармашы жұмыс жасайды делініп «тайға таңба басқандай» анық жазылған. Ал осы 29 аудармашының 23-і кәсіби жоғары педагогикалық білімі бар мамандар, ал алтауы қатардағы дәрігерлер немесе кадр бөлімінің қызметкерлері. Олардың қайран тілімізді қай арнаға бұрып жүргендері өздеріне ғана аян. Тексеру кезінде облыстық тілдерді дамыту басқармасының мамандарына қалалық емдеу мекемелерінде аудармашы, мұғалім штаты қарастырылмаған, ақылы қызмет көрсететін емдеу орындары ғана жарты жалақымен аудармашылар ұстап отыр деп түсіндірген. Кәсіби қызметкерлердің бұл ақпаратын жоққа шығара алмағанымызбен, іскер басшы басқаға емес, туған тіліне жаны ашыса, қосымша кіріс көздерін іздестіріп, ең болмаса бір штат ашар еді ғой. Осындай немқұрайлылық көрінісін «жабулы қазан» күйінде жатқан аудандардағы ауруханалар мен медициналық пункттерден де айна-қатесіз байқауға болады. Айталық, мемлекеттік тіл мәселесі өзге ұлт өкілдері мол қоныстанған Мәртөк, Хромтау, Қарғалы аудандарында қазіргі талапқа сай жолға қойылмаған. Тек Мәртөкте ғана ІІІ- облыстық тіл конференциясы ұйымдастырылып, ана тілін ардақтаған бір топ денсаулық сақтау қызметкерлері марапатталды. Қалған өңірлердегі дәрігерлердің барлығы мемлекеттік тілді еркін меңгерген деген желеумен аудармашы, мұғалімдердің қажеттігі жоқ деп есептелген. Ал шындығында солай ма? Бұл сауалымызға да жауап табу қиын. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мемлекеттік тілге байланысты мәселелерге атүсті қарап отыр.Олай деуге толық негіз бар. Мысалы, біз жоғарыда құрғақ цифрларды ғана келтірдік. Басқарма бастығы Қайрат Сабыр ма, әлде ҚР Премьер - Министрінің 2001 жылғы 16 қаңтардағы №И-32 тапсырмасын орындау мақсатында лауазымдық міндеттерге сәйкес мемлекеттік тілді дамыту ісі жүктелген басқарма бастығының орынбасары Самат Данияров па аудандар мен қаладағы медициналық мекемелердегі мемлекеттік тіл мәселесінің жәй-күйін біліп тұруды бір бөлімге тапсырып, үнемі қадағалап, зерттеп, сұрастырып отырса шаруа аз да болса алға жылжыр еді ғой. Айтпақшы осы арада, кезінде ұжымның кейбір құжаттарын аударған, бүгінде басқарманың мемлекеттік қызметтің сапасын бақылау бөлімінің бас маманы Роман Рахиевтың лауазымдық міндеттеріне «Қазақстан Республикасының тіл туралы» Заңының басқармада тиісінше орындалуына бақылау және қадағалау жасау мәселесі де кіреді екен. Ендеше Роман Рахиұлының үні неге осы жерде шықпай отыр? Әлде,біздер, арнайы тексеру жүргізіп, жыл сайын қателіктерін көздеріне шұқып, көрсетіп отыруға тиіспіз бе? Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мемлекеттік тілге байланысты ешқандай шара өткізбеді десек жаңсақтық болар еді. 2008 жылдың 25 ақпанында және 23 шілдесінде Ақтөбе қаласындағы облыстық, қалалық мемлекеттік және мемлекеттік емес денсаулық сақтау ұйымдарының тіл мамандары және тіл мәселесіне жауапты қызметкерлердің бастарын қосып шара ұйымдастырған. Жыл аяғына таман 23 қазанда М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясында осы оқу орнының оқытушы-профессорлар құрамымен, облыстық, қалалық, аудандық денсаулық сақтау ұйымдары басшыларының, тіл мамандарының қатысуымен «ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің денсаулық сақтау саласында мемлекеттік тілді дамытып, қолданыс аясын кеңейтуде атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы» семинар-кеңес өткізілген. Былай қарағанда өздері үшін өткен жылы мемлекеттік тіл мәселесіне байланысты ауқымды - ақ жұмыстар атқарылған сияқты, бірақ көзге көрінер ештеңе жоқ.Аталмыш семинар-кеңесте емдеу мекемелері есеп беріп, өз тәжірибелерін бөлісіп, ортаға салған. Мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосқан бір топ қызметкерлер марапатталған. Аударылуы қиын медициналық терминдердің ортақ баламалары тиісті тіл мамандарының қатысуымен қызу талқыланған. Бастама жақсы-ақ.Әрқайсысы қайыспас нарға жүк болатындай-ақ салмақты тақырыптар. Бір өкініштісі - осылардың бірде-біреуіне арнайы хаттама жасалмаған, тиісті шешім қабылданбаған, ұсыныстар сөз жүзінде ғана қалған. Тіпті соңғы 2008 жылдың 23 қазанындағы басқосудан бері де алты ай өтіп, жетінші айға аяқ басты ғой. Сол семинар – кеңестің тақырыбындағы «... алдағы міндеттер туралы» деген бір ғана бөлігін алатын болсақ, осы мерзім ішінде орындалған іс-шаралар барысы жөнінде мекемені тексерген тіл мамандарына бір ауыз тұшырлық ақпараттар ұсына алмаған. Сонда жиналып, қызыл кеңірдек болып айтысып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салған басқосуға қатысушылардың алтын уақыты, пайдалы кеңестері желге ұшқандай, зая кеткені ме? Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан басшылығынан мемлекеттік тілге қатысты ақпараттар сұрай қалсаңыз, алдыңызға бірнеше папкіні жайып салады.Ішің жылып сала береді. Шетінен қолыңызға алып, парақтай бастайсыз. Міне, мынау 2007 -2008 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары. 22 тармақтан тұратын құжатта, обалына не керек, біраз мәселелер қамтылған. Солардың ішінен мемлекеттік тілді үйрету курстарын ұйымдастыру, емдеу-профилактикалық, сауықтыру мекемелері құрылымдарының мемлекеттік тілге көшу кестесін қатаң сақтау, нормативтік-құқықтық актілердің, лауазымды тұлғалардың сөйлейтін сөздерінің, қызмет бабында пайдалануға арналған құжаттардың жобаларын мемлекеттік тілде әзірлеу, мәжілістердің, семинарлардың, кеңестердің және алқа отырыстарының мемлекеттік тілде жүргізілуін қамтамасыз ету сияқты өзекті деген, атқарылуға тиіс мәдени шаралардың ең болмаса қанша пайызы жүзеге асты, жоспар толықтай орындалмаса дәлелді себептері қайсы – соны біле алмай тексерушілер дал болды. Маңызды құжатты дайындаған бас маман Роман Рахиев екен. Жауапкершілікті сезінген қызметкер өзі көз майын тауысып, әзірлеген материалына жаны ашып, кімде-кім ең бір қажет затының бар-жоғына көз жеткізіп, белгілі бір мерзімде бақылау жасап қоятыны секілді, оның ертеңгі тағдырына алаңдаушылық білдірмеуші ме еді? Сонда біз қайран тілімізді әлі күнге дейін қажетті затымызға айналдыра алмай келеміз бе?! Әлде ол артында іздеушісі жоқ жандай жетімдік күйін кеше бере ме? Мекеме қызметкерлерінің басым бөлігі мемлекеттік тілде іс жүргізе алмауына қарамастан тіл үйрету курстарына тартылмаған. Бұл салаға жыл басында негізгі жоспарға енгізілмегендіктен қаржы бөлу мәселесі басқарма әкімшілігі тарапынан назарда ұсталмаған.Облыс орталығындағы ондай курстарға тыңдаушыларын жіберіп оқытуға тиісті мамандар уақыт жетпейтіндігін, жұмыстың көптігі сияқты сылтауларды алға тартады. Мұны туған тілді үйренуге деген енжарлық, немқұрайлылық деп бағалаған жөн. Қазір бұл басқармада аудармашы болып Ботагөз Амандықова жұмыс жасап келеді. Оның осы ұжымда үш-төрт жылдай қызмет атқарып, әріптестерін жақсы білетіндігіне қарамастан барлық бөлімнің тапсырмаларын мүлтіксіз орындап, қызметін дөңгелетіп отыр деп те батыл айту қиын. Біздің тілімізді еркін меңгерген өзге ұлт өкілдеріне неге қолдау көрсетпейміз? Неге ынталандыру шараларын ұйымдастырып, марапаттамаймыз? Оған да өзге біреудің ақылы керек пе? Әлде облыстағы медицина саласында мемлекеттік тілде сайрап тұрған қызметкерлер жоқ па? Айып болмаса, басқарма бастығы Қайрат Сабырдың өзі қол қойып, облыстық ішкі саясат департаментіне 2007 жылдың 7 ақпанында жіберген қағазындағы 29 жасқа дейінгі сегіз қызметкердің аты-жөнін тәптіштеп айтып-ақ берейік. Олардың арасында орыс та, украин да, татар да, шешен де, авар да бар. Бұл, біздер қазіргі жастар мемлекеттік тілді үйренуге онша құлықты емес деп, сәуегейлікпен айтатын пікірімізді теріске шығарып отыр. Ал қырықтан асқан немесе зейнеткерлікке жақындап жүрген өзге ұлттың аға буын өкілдері арасынан ондай адамдарды ондап, жүздеп кездестіруге болады. Амал не, бәріне де көзжұмбайлықпен қараймыз. Бөлім жұмыстарын тексергенде де ресми тілдің басым екендігіне біздің қызметкерлердің көзі айқын жетті. Мысалы, емдеу-профилактикалық жұмыстарын үйлестіру бөлімінде дайындалған құжаттардың басым бөлігі орыс тілінде. Көп жағдайда ілеспе хаттар ғана аудармашының көмегімен қазақшаға аударылып, ал негізгі материал сол күйінше ресми тілде жіберіледі. Бұны көзбояушылық демей көріңіз. Бюджеттік жоспарлау және қаржыландыруды үйлестіру бөлімінде де басқару аппаратындағы қызметкерлердің саны туралы жиынтық, айлық, жылдық есептер, түсіндірме жазбалар орыс тілінде. Тіпті кейбір бөлім бастықтары облыстық тілдерді дамыту басқармасының қызметкерлерін менсінбей, теріс қарап, сөйлескісі келмеген. Оған медицина қызметін бақылау және лицензиялау бөлімін алуға болады. Бөлім бастығы іс номенклатурасында көрсетілген құжаттарды тауып бермегені былай тұрсын, бөлім қызметкерлерінің лауазымдық міндеттеріне сәйкес дайындайтын құжаттарын көрсетуден бас тартқан. «Тіл туралы» Заңның 25-бабының ІІ тармағына сәйкес: «Орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелері ҚР Тіл туралы Заңның сақталуын бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті орган». Сондықтан тексеру тағайындау актісімен, Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Ақтөбе облысы бойынша басқармасының келісімімен келген тексерушілерге құжаттарды көрсетуден бас тарту тексеруші органның уәкілеттігіне шүбә келтіру болып саналады. Мемлекеттік сатып алу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бөлімдерінің құжаттары да орыс тілінде. Тіпті мемлекеттік қызмет сапасын бақылау бөлімінің өзінде де жеке іс парағының тізімдемесі, жеке іс парақтары, қызметтік мінездемелер, қызметтік жазбалар, сауалнамалар, міндеттемелер ресми тілде. Шығыс құжаттарының мемлекеттік тілдегі үлесі 2008 жылмен салыстырғанда 5 пайызға ғана өскен. Облыстық тілдерді дамыту басқармасына мониторинг бойынша берген мәліметте шығыс құжаттары 86 пайыз мемлекеттік тілде дайындалады делінсе, іс жүзінде ол 16 пайызға төмен. Демек, асыра көрсету орын алған. Облыстағы медициналық мекемелерге мемлекеттік тіл жөніндегі сапалы жұмыстарымен, атқарылған түрлі шараларымен, көрнекі үгіт-насихаттарымен облыстық денсаулық сақтау басқармасы үлгі-өнеге көрсете алмай келеді. Сондықтан қаладағы басқармаға бағынышты емдеу орындары да өз қам-қарекеттерімен күн кешуде. Мысалға Ақтөбе облыстық тері-венерология диспансерін алайық. Штат кестесіне сай 101 қызметкердің 67-сі, яғни 66 пайызы қазақ бола тұра, олардың ішінде мемлекеттік тілде іс жүргізе алатындары 60 немесе 32 пайыз ғана. Сондықтан да болар, мұнда басшысы да, қосшысы да «бақырайып» тұрған кемшіліктің өзін «көрмес түйені де көрмес» дегендей байқамайды. Емдеу мекемесінен күнделікті жолданып жататын қағаздарға куәландыру үшін басылатын мөрлер мен мөртабандардың «Қазақстан Республикасының Тіл туралы» Заңына сәйкестендірілмегендігін, атап айтқанда, үш мөртабанның үшеуі де орыс тілінде екенін бас дәрігер А.Сейітқалиева қол қойып отырып, қалай байқамайды? Әлде Анар Кенжеғалиқызы үшін мемлекеттік тіл онша маңызды да емес пе? Тілге байланысты құжаттарды парақтай отырып, мұнда да алғашында «О, бәрекелді, талпыныстары жаман емес қой» дегендей бір ой жылт ете түседі. Мекемеде мемлекеттік тілді және салалық басылымдарды дамытып, насихаттау үшін 2009 жылға ақылы қаржы қорынан 14500, кәсіподақтан 13000 теңге бөлінген.Қызметтік іс қағаздарының мемлекеттік тілде әзірленуіне әдістемелік көмек көрсету, өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында комиссия құрылған. Мекеме қызметкерлері қазақ тілін үйрену курсына қамтылған. Бастауыш топта 32 өзге ұлт өкілі, жалғастырушы топқа 20 ана тілін білмейтін қазақтар тартылған. Көріп отырсыздар, қағаз жүзінде қатып-ақ тұр емес пе? Бірақ, мұнда да осы құжаттарға бақылау жасап, оған қайта айналып соғу көп жағдайларда ескерусіз қалып жатады. Бұл тілге деген жанашырлықтың жоқтығын көрсетеді. Рас, біздер, бүгін жасалған жоспардың қорытындысын ертеңіне сұрап, «буынсыз жерге пышақ ұрып», кеудемсоқтыққа барып жатсақ бір жөн. «Әй, бұларыңыз қалай?» дейтін қожайындар да ондай кезде қаптап кетеді. Ал өткен 2008-ші, биылғы жылдың алғашқы тоқсанына жасалған мемлекеттік тіл жөніндегі мәдени шаралардың ішінен ең болмаса бірлі-жарым тармағының жүзеге асқанын анықтаманы қанша парақтасақ та таба алмағандықтан, басталған іс нәтижесіз қалған-ау деуге толық хақылымыз. Диспансер ұжымы өз ыңғайларына қарай «түсінікті тілмен» қоштасуға асығар емес. Өйткені қызмет бабындағы іс жүргізу қағаздары түгелдей дерлік орыс тілінде. Айталық, диспансер қызметінің кешенді жоспары, дәрігерлердің жұмыс уақыты, барлық дәрігерлердің емдеу іс-шаралары, біліктілік санаттары жөніндегі мәліметтер, мекеме қызметі бойынша ақпараттар – бәрі-бәрі ресми тілде. Ұйымдастыру-әдістемелік, аурухана, серологиялық зерттеу және бухгалтерлік есеп бөлімдері де өз қызметтерін «алаңсыз» бір тілде жүргізіп келеді. Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының Ақтөбе қалалық бөлімі туралы анықтаманың алғашқы жолдарын оқып отырғанда кәдімгідей қанаттанып, желпініп отырасың. Ұжымдағы 65 қызметкердің 62-сі қазақтар болып, олар түгелдей іс қағаздарын жүргізе алатын болса, мекеме 2007 жылы «Мемлекеттік тіл – ұлт тірегі» қалалық тіл фестивалінің «Үздік мекеме, кәсіпорын» бойынша өткізілген сайыста жеңімпаз атанса, ең бастысы іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу екі бірдей бөлім бастығына тапсырылса неге қуанбасқа? Жә, тоқтаңыз, аптықпаңыз дейсіз бе?! «Дегенмен...» деп жаңа абзацтан басталатын сөйлемдерді әрі қарай оқи бастағанда жоғарыдағыдай тым-тәуір бастамалар жалғасын таппай, сиырқұйымшақтанып, аяқталмай, ешқандай нәтижесіз қалғанын іштей сезініп, «Мұнысы қалай?» дегендей амалсыз бас шайқадық. Мекеменің 2008 жылғы 25 отырыс хаттамасы, 2009 жылғы 7 хаттаманың алтауы орыс тілінде әзірленгенін оқығанда ұжымдағы қазақ қызметкерлердің өз ана тілін 100 пайыз біледі дегенге сенгің де келмейді. Мына қызықты қараңыз: эпидемиологиялық қадағалау бөлімінде шығыс құжаттарының 54, ал санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінде 46 пайызы ғана мемлекеттік тілде әзірленген. Ұжым облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті директорының бұйрығына сәйкес 2005 жылдың 10 тамызынан бастап іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге көшкен. Бұл жерде «көшкен» деген сөз абстрактілі ұғымда ғана алынып отыр. Өйткені нақтылы іс-қимылдан гөрі әлі де ырғалып-жырғалу басым. Сол себепті ресми тілдегі қағаздардың үлес салмағы жоғары. Мысалы, өткен жылы мекемеден жіберілген шығыс құжаттарының 67 пайызы мемлекеттік тілде әзірленген болса, биылғы жылдың алғашқы екі айының қорытындысы бойынша 1252 құжаттың 887-сі немесе 69 пайызы қазақ тілінде екен. Сонда біз шыңға емес, шыңырауға қарай құлдырап барамыз ба? Медициналық терминдердің баламасы, сырқатқа қойылатын диагноздардың, құрал-жабдықтардың атауы өз тілімізге етене жақын емес, сондықтан көптеген қиындық келтіреді дегендей дәлел айтушылар да ақ халаттылардың арасында жиі ұшырасады. Біз бәрін де түсінеміз, «жоқтан бар жаса» деп отырған ешкім жоқ. Бірақ қай нәрсеге де ең алдымен ықылас, жігер, икемділік керек. Міне, облыстық денсаулық басқармасында осы жағы жетіспейді.Бұл –бір. Екіншіден, мекеме басшысы өзі жетекшілік етіп отырған ұжымның ішкі мүмкіндіктерін саралай келіп, әр қызметкердің негізгі атқаратын лауазымдық міндеттемелерімен қоса, қоғамдық жұмыстарға да қаншалықты қатысы барын(әсіресе тіл мәселесіне орай) бақылап отырғаны жөн. Сонда таразы басы теңесіп, қайран тіліміздің бойына да қуат бітіп, серпіле түсер еді. Сағындық НИЯНҚҰЛОВ Ақтөбе облысы

3522 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы